Тентекті жендет еткен кім?

0
204

«ТӘРБИЕСІЗ БЕРІЛГЕН БІЛІМ – АДАМЗАТТЫҢ ҚАС ЖАУЫ» БОЛСА, БҰЗАҚЫ БАЛАҒА КІМ ЖАУАПТЫ? Ата-ана ма, мұғалім бе, қоғам ба?

 

Жуырда ғана Ақтөбе облысы Темір ауданы Шұбарши ауылында мектеп оқушылары төбелесіпті. Көп өтпей олардың кім екені анықталды. Бәрі 8-9-сынып оқушылары. Араларында жанжал болып, арты төбелеске ұласып, бірі оны телефон камерасына түсіріп алған.  Артынша әлеуметтік желіге тіркеп жіберген. Сөйтіп қылмыстың беті оп-оңай ашылған.

«Аталған факті негізінде Қылмыстық кодекстің 293-бабы 2-бөлігі, яғни, бұзақылық дерегі бойынша іс тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Бұл фактіні Темір аудандық полиция бөлімінің кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлары анықтады», – деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

Бұл кеше ғана болған оқиға. Ал тереңірек қаузап жіберсек, мектеп оқушыларының, әсіресе  қыз балалардың арасында болып жататын кикілжің көп. Топ-топ болып төбелесу, жақ-жақ болып айқасу оқушылар арасында «модаға» айналғандай.  Тіпті айтуға ауыз бармайтын іс-әрекеттер қаншама!  Пышақ жарақатын алғандар мен о дүниеге аттанып кеткен оқушылар бар. Не жетпейді? Әлде тәлім-тәрбие кемшін бе? Капиталистік қоғамның зардабы ма? Кінәлі кім, мұғалім бе, ата-ана ма? Әлде қоғам ба?

Оқушы балалар төбелесі түсірілген бейнежазбалардың қатары жаңбырдан соңғы саңырауқұлақтардай қаптап, күн сайын әлеуметтік желілерде көбейіп жатыр. Ұстаз деген қадірлі есімді ұлықтайтын оқушы азайды. Ұстазды құрметтейтін ағайын бәсеңдеді.  Содан келіп мектеп оқушысы мұғаліммен «соттасып» жатыр дегенді естісек, қазір селт етпейтін болып алдық. Керісінше, ұстазы оқушысын сотқа берсе де таңғалмаймыз.

Ұстазын жабылып ұрған оқушылар туралы не айтуға болады? Мұның бәрі жиі қайталанатындықтан етіміз үйреніп те кеткен секілді, қалыпты нәрсе ретінде қарайтын деңгейге жеттік. Қазіргі оқушыларға рақат! Заң да, таңдау да өз қолдарында. Не істеймін десе де еріктері.

Заманына қарай адамы дейін десек, бәрі баяғыдай. Білім беру сапасында да анау айтқандай айырмашылық жоқ. Тек жаңа технологиялардың үстемдігі байқалады. Әлем адам баласының «уысында». Бәрі ашық, бәрі айқын.  Ұялы телефон ересек адам түгілі, бесіктен белі шықпаған сәбиге де  қолжетімді.  Бәрі сонда қаптап тұр.  Ізгілік пен жауыздық көз алдыңда.  Ұятсыз  видеолар, анайы көріністер өріп жүр. Мұның бәрі бала санасына әсер етпейді деп кім айтар! Ең сорақысы әлеуметтік желілерде адамды ұрып-соғудың, өлтірудің қаншама әдіс-айласы бар!

Бұл процесті тоқтатуға ғалам қауқарсыз. Әлем жіпсіз байланып отыр. Осыдан барып, мектеп емес интернетке байланған, ұстаз емес – танымсыз дүниеге басы айналған  ұрпақ өсіп келеді. Көпке топырақ шашпайық,  алайда білімсіз мұғалімдердің де бұл жерде айыбы көп. Балаларын қараусыз қалдырған ата-аналардың да кінәсі жетерлік.

Басқа-басқа мектеп жасындағы балалардың бұзақылығы неге ушығып тұр? Бұл бүгінгі күннің ең өзекті проблемасы.   Кім кінәлі?

Көп адам «мұғалімнің қадірі қалмады» дейді. Бірақ сол мұғалімді қадірсіз қылатын кім?! «Оқушы бұзық» дейді. Оқушыны басындыратын кім?!

Бұл мәселеде екі жақтың да кінәсі бар. Екі жақ емес, тіпті үш жақтың да (ата-ана, мұғалім, оқушы). Мұғалім оқушыға өз баласындай (бөліп-жармай), оқушы мұғалімге ата-анасындай қараса ешқандай мәселе болмас еді-ау! – дейміз-дағы.

Шындығын айтайық, қазіргі балалардың көбі өркөкірек, өзімшіл. Үйдегі тәрбие солай. Мұғалімдері қатты бірдеңе айтса үйіне, ата-анасына айтып барады. Ата-ана баласының сөзін сөйлеп мұғалімге қарсы шығады.  Екі ортада бір-біріне ерегіскен екеудің  бір – біріне қадірі қайдан болсын!

Бұрындары ата-ана баласын мектепке апарғанда «еті – сенікі, сүйегі – менікі» деп ұстазға сеніп тапсыратын. Баласының оқу үлгерімі, тәртібі мен кемшіліктерін бірінші ұстазынан сұрап, қанығып отыратын. Ал қазір ше? Қазір ата-ана керісінше бірінші баласынан сұрайтын секілді. Үйден мектепке аттанарда баласының қалтасына молынан ақша салып, қолына қымбат телефон беріп, «ұстазың ұрысса айт, сазайын береміз» дегенді жиі айтады. Есіткен де боларсыз. Мұны санасына түйген бала ұстазын қалай сыйласын?

Бұзық бала неге ызақор, қоғамға неге ашулы? Мұны зерттеп жатқан кім бар? Мектепте жүрсе де, ұстаздың біліміне қанса да тәрбиенің жетімсіздігі, оқушы психологиясына әсер етуші күш екенін көп жағдайда ескере бермейміз.  Көптеген әке мен шеше балаға ақыл айтудан бұрын таяқ алып жүгіруге бейім. Ұрып-соғып жөнге салғысы келеді. Күні кеше ғана баласын таяққа жығып, қорлаған әкені бүкіл ел көрді. Одан түңілді. Бұл біздің білетініміз ғана. Білмейтініміз қаншама!

 

ЕСІРГЕН БАЛАНЫ ЕСІРКЕП ЖАТЫРМЫЗ БА?

 

Осы мақаланы жазу барысында  әлеуметтік желідегі белсенді Айгүл Орынбектің жазбасын оқып ойланып қалдық.

«Бізде бала құқығы жайлы жазсаң, еркекті немесе әйелді кінәлеу басталады, бала құқығы жайына қалады! Баланың жеке адам, оның да құқығы бар екені ешкімді ойландырмайды.

Отбасындағы зорлық-зомбылық ешқашан ашық талқыланбайды. Ашық жазсаң ешкім сенбейді, тек көз алдарына ұрып, өлтіріп жатқан видео айғақтарды салу керек! Бұлай видеоға түспей қалып жатқандары қаншама?! Біздің елде хайуандардың құқығын қорғауды тапсырыпты президент, бірінші балалардың құқығын қорғап қатырып алу керек!

Балаларды аямай жатқан қоғам, хайуандарды қайдан аясын?!

Балаларды құлдық санада, ұрып-соғып тәрбиелеудің қажеті жоқ екенін бәріміз білеміз! Көптеген отбасы баланы мемлекеттен ақша алу үшін туғандай істер жасайды!

Осының бәрі отбасылық құндылықтың жоғалғандығынан деп ойлаймын!

Отбасын асырау ер азаматтардың мойнында екенін көп адамдар ұмытқан! Жатып ішер ерлер көбейгелі қай заман?! Әйел адамды кінәлаймыз-ау, ішінде жыны бар тирандар қаншама отбасының осылай құтын қашырып отырғанын ешкім айта бермейді. Себебі қорқады».  Рас-ау!

Қоғамда ұстаздардың беделі мен қадірі түскелі қашан. Бұл шындық. (Президент Тоқаев мұғалім мәртебесін көтеруге күш салып жатыр. Бұған қуануымыз керек). Кеңес дәуірінде оқушылар ұстаздың жалт қараған түрінен қорқып, алдын кесіп өтпей, тығылып жүретін. Егер нашар баға алса, ата-анасы бірінші өздерін кінәлайтын. Қазір бәрі керісінше. Мұғалімнен жақсы киініп, қолында қымбат телефон ұстап, шіреніп тұратын оқушылар бар. Баршаға топырақ шашпаймын. Бірақ бұл ащы шындық. Қарт ұстаздарды сыйлап, тыңдаудан қалдық. Жас маман болса, басына шығып, сыйлаудан қалдық. Осындай тәрбиемен қайда барамыз? Заман ағымы ма? Әлде қазақтың салт-дәстүрі мен әдептілігінің тозғаны ма? Бұл көптің көкейіндегі сауал!

Қаншама уақыт өтсе де өзінің құндылығын, өзектілігін жоймайтын бір маңызды мәселе бар, ол жас ұрпақ тәрбиесі.

Әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың хас жауы» деп айтатыны бар емес пе? Қазіргі таңда да балабақшаларда, мектептерде, тіпті жоғары оқу орындарында тәрбиеге жете көңіл бөлінгені дұрыс. Себебі білім алдыңғы орынға шығып, тәрбие кейіндеу қалып қоятын болса, мұның арты адамның толыққанды тұлға болып қалыптасуына айтарлықтай кері әсерін тигізері хақ.

Білім – қарапайым тілмен айтқанда, белгілі бір ақпараттар жиынтығы ғана. Ол санаға сіңіп, ойда қалады. Ал тәрбие адамның күллі жан-дүниесіне әсер етеді, тұлғалық қасиеттерін қалыптастырады. Тәрбие – кең ұғым. Ол 45 минут сабақ берумен тоқтап қалмайтын, үздіксіз жүретін үдеріс.

Адамды отбасы, қоғам, қоршаған ортасы тәрбиелейді деп айтатынымыз сондықтан. Ал енді осылардың ішіндегі ең маңыздысы отбасылық тәрбие болса, келесісі бұл баланың мектепте меңгеретін тәрбиесі. Мектеп – қоғамнан тыс өмір сүре алмайтын институт. Қоғам қандай болса, мектеп те сондай.

Әлемдегі кез келген халықты алып қарасақ та ең алдымен тәлім-тәрбиеге, білімге, адамгершілікке үндейді, болашақ ұрпақтың өн бойына рухани азық сіңіруге тырысады. Өйткені тәлім-тәрбиенің, адамгершілік қасиеттердің адам өмірінде алар орны ерекше.  Демек, көп нәрсе отбасына қатысты.

Оқушылар бұзақылыққа неге әуес?  Оның да түрлі себептері бар. «Жұмысы жоқтық, тамағы тоқтық аздырар адам баласын»  деп Абай кеткен даналық бар.  Сосын нарықтық заман балалардың еркіндігін молайтты. Күн көріс үшін әке-шеше дамылсыз жұмыста. Баланы қадағалау қиын. Не істеп, не қойып жүргенін тексеруге күйбең тірлік қолбайлау. Ал ұстаздар оқушыға мектепте ғана жауаптымыз деп шығады. Міне, осы аралықта оқушының ермегі – ұялы телефон. Оның пайдасы мен зияны бірдей. Бұл да бір аурудың түріне айналды.

 

 

Техас мектебінде баланы ұруға арнаулы заң бар

Осы жерде әлеуметтік желі пайдаланушы Қасен Қисаұлының пікіріне назар аударсақ деймін. «Бүгінгінің тілімен айтқанда кешегі қараңғы, надан қазақ баласын медресеге бергенде: «Еті сенікі, сүйегі менікі» деп молдаға аманаттайды екен. Ондағы медресе мектеп, молда мұғалім. Түсінікті сөзбен айтсақ баланың бақылауын, тәртібін мұғалімнің басы бүтін басқаруына берген. Сондай адал аманаттан кешегі Алаштың қаншама әмбебап  ғұламасы өсіп шықты. «Ленин, Сталин дегендердің саяси қайраткерлігін алып тастасаң дымда қалмайтын. Ал Алаш зиялыларының саяси тұлғалығын санамағанның өзінде олар ғалымдар, яғни ғылым-білімнің биік шоқтықты шоғыры болған» дегенді естіп едім. Бұл ұстазға деген үлкен құрметтің, қатал тәртіптің жемісі еді. Біз надан санайтын кешегі қазақ ұстаз мәртебесін биік қойған.

Біз, бүгінгі заманауи қауым ұстазға сондай мүмкіндік бере алып жүрміз бе? Бүгінгі мұғалім оқушы мен ата-ананың қабағына қараған бір міскін дерсің. Қит етсе үстінен шағым түсіріп, шамасы келгендер шашын жұлып қолына беріп, тіпті түлен түрткендері сотқа сүйреп сорлатады. Билік ол тіптен ұстазды барып кел, шауып келдің қолбаласы қылып алған.

Елдегі ең үлкен мамандық иесі ретінде ұстазды көкке көтерген жапон елі қайда? Ұстазды өгей бала сияқты жалпақтатып қойған біз қайдамыз?» депті бұл азамат күйініп.

Бұдан бірнеше жыл бұрын  «қадірі» қашып тұрған мамандықтың «қадірін» арттыру үшін Астана қаласының тұрғыны, бұрынғы педагог Жасын Ермеков оқушылардың сабақ үлгерімі мен тәртібін түзеу үшін мұғалімдер тарапынан оларды жазалап отыруды заңдастыру қажеттігін айтқан еді. «Экспресс К» газетіне берген сұхбатында идея авторы баланы оқыту мен оны тәрбиелеудің мұндай әдісін АҚШ-тың Техас штатындағы мектебінен көргенін жеткізеді. Онда оқығысы келмейтін немесе бұзақылық жасаған оқушының құйрығына таяқпен ұрып жазалау әдісі бар екен. Бұған баланың әке-шешесі «қыңқ» дей алмайды – заң сондай. Жасын Ермеков оқушыларды ұрып-соғып жазалаудың елімізде жоқтығы – Қазақстанның білім беру жүйесінің кеміс тұсы деп есептейді.

Ал бұзақы баланы сыныптастарының алдында құйрығынан «шықпыртып» ұрса, бұл барлық оқушыға сабақ болады. Қылтың-сылтыңды қойып, бәрі сабақ оқуға зейін бұрады. Сонда ғана тәрбие мен білім сапасы жақсарады. Мектеп жақсы адамдарды жасап шығарады».

Бұл баяғы кеңестік жүйе қалыптастырған  молданың баланы шыбықпен ұрып оқытқаны секілді дүние. Аюға намаз үйреткен – таяқ қағидасы.  Бұл қарт ұстаздың өмірлік тәжірибесі.  Ішкі жанайқайы болар. Түсіністікпен қарау керек секілді.

Дегенмен қалайда  оқушыны ықтыратын, ата-ананы тік тұрғызатын бір заңның қажеттігі  туып тұр. Әйтпесе «Әй дейтін әже, қой дейтін қожасы жоқ» оқушылар есіріп барады.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Кәкен Қамзиннің жазуынша, кінәні білім жүйесінен, ата-анадан немесе оқушыдан емес, ұстаздың өзінен іздеу керек екен. «Ең алдымен мұғалім білімді, мәдениетті, қай жағынан алсаң да таза болуы керек. Содан соң кез келген оқытушы мықты психолог болса деймін. Құр айғай-ұйғаймен ұстаз «рөлін» ойнап жүрген адамды шәкірт көш жерден таниды» дейді ұлағатты ұстаз.

Ал бізде қалай? Мұғалім болғысы келетіндерге қойылатын талаптың жеңілдігі де мәртебелі мамандықтың қадірін төмендетіп тұрғаны жасырын емес. Баласына «тым құрығанда сабақ берерсің» дейтін талай ата-ананы көріп жүрміз. Мәселен, Финляндияда, Оңтүстік Корея мен Сингапурде мұғалім мамандығын мектеп пен университетті өте жақсы бағамен оқығандар мен әбден ысылып, тәжірибеден өткен университет түлектерін ғана алуға мүмкіндігі бар. Бұл мемлекеттердің тек білімді азаматтарды ғана жұмысқа алуының тағы бір себебі – жоғары төленетін жалақы. Арнайы мамандардың зерттеуіне сүйенсек, осы елдердегі білім сапасы бүкіл әлем бойынша көш бастап тұр.

«Интернет бұзып жатыр оқушыларды. Мектеп жасындағы балаларга телефон ұстатпау керек мектеп табалдырығында» дейтіндер бар. Бұл енді мүмкін емес нәрсе ғой.  Әрине сабақ үстінде, сабаққа дайындалу барысында, бос уақытта (онда да сағатпен межелеп) ұялы телефонды пайдалануға тоқтам салуға болар. Мүлдем тиым салу қазіргі заманда ақылға қонбайды. Ал үздіксіз пайдаланудың бала санасына зияны көп екені аз айтылып жатқан жоқ. Ол туралы ғалымдар аттандап жатыр.  Ата-ана мен ұстаздар қауымы осы жайтқа неғұрлым көп көңіл аударса деген тілек бар бізде.

Бір сөзбен айтқанда, мектеп – тәрбие мен білімнің қазыналы ордасы. Шәкірт 11 жыл уақытын мектепте өткізетін болса, тұлға тәрбиелеуде мектепке жүктелер міндет те зор болмақ. Нарық заманында адами құндылықтардың өзгеріп кеткені рас. Ғаламтордың, жаңа технологиялардың, теле-өнімдердің тез арада дамып кетуі – тәрбиенің насихаттық жағына кері әсер еткені сөзсіз. Дегенмен, тәлімді тәрбиенің орны қашанда бөлек. Оны самсаған техника ешуақытта алмастыра алмайды. Ол өнегелі де ұлағатты сөзбен, үлгі көрсетумен, бағыт-бағдар берумен, жол көрсетумен жүзеге асырылады. Жас балаға тағылымды тәрбие беріп, зердесіне жол табу ұстаз үшін де оңайға соқпасы анық. Демек, ұстаздардың да тәрбие әдістерін меңгерулеріне жан-жақты ізденістің пайдасы мол. Осы тұрғыдан келгенде ана тілінде берілетін тәрбиенің де орны бөлек, өзгеше. Өйткені онда ананың ақ сүтімен берілетін қасиет бар. Ана тілінің тұнық та мөлдір қайнарынан сусындап өскен бала ар мен иманнан, әдеп пен ибадан, дәстүр мен салттан, халық даналығынан хабардар болып өседі. Мұның бәрінің қалыптасуына туған тілінің қадір-қасиеті барынша ықпал етері сөзсіз.

 

ПРОФЕССОРДЫҢ 8 ҚАҒИДАТЫ

«Айтпаса сөздің атасы өледі» демекші, бүгінгі қоғамда ұстаз беделі аласарып бара жатқаны анық. Оны жоғары да да айттық.  «Таяқты әліп деп үйреткен» ұстазды құрметтеу қазақтың қанына сіңген қасиет еді. Өкінішке орай, соңғы уақытта шәкіртіне сөзі өтпейтін оқытушыны, мұғалімін тыңдамайтын оқушыны көріп жүрміз. Көпке топырақ шашпасақ та, көңілде жүрген түйткілді неге жазбасқа?!

Қазіргі кездегі отбасындағы бала тәрбиесінде ата – ананың жауапкершілігінің төмендеуінің салдарынан балаларымыз көше кезіп, топ болып төбелесіп, қыздарымыз кезбелікке салынып, мектеп жасында ана атанып, қаңғыбас бала саны көбейе түсуде. Отбасы тәрбиесінде, әсіресе, жастарымыздың арасында мейірімділіктің, имандылықтың, адамгершіліктің төмендеуі салдарынан әртүрлі жағдайлар туындауда.

Отбасы тәрбиесінің негізгі мәні отбасындағы өзара ынтымақтастық пен түсіністік болып табылады. Балалар ата-анасының еңбектегі ісіне көңіл бөліп, оны түсінуге тырысады. Ата-аналар да балаларының күн сайынғы әрекеттерін қадағалап жағдайларын біліп отырады. Отбасының берік негізі міне, осы рухани мүдденің бірлігінде. Оның біртұтас ынтымақта болуы, береке бірлігі ең алдымен ата-ана мүддесінің мәні мен мағынасында, әке мен шешенің бір-біріне, балаларына, олардың достары мен жолдастарына деген қарым-қатынасына байланысты болады. Адамгершілік қасиеттердің қалыптасуына мүмкіндік туғызады.

Отбасы – адам баласының алтын діңгегі. Өйткені адам ең алғаш шыр етіп дүниеге келген сәтінен бастап, осында ер жетіп, отбасының тәрбиесін алады. Сондықтан да отбасы – адамзаттың аса қажетті, әрі қасиетті алтын мектебі. Отбасының адамзат ұрпағына деген ықпалы мен әсер күшін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайтындай. Өйткені ата-ананың балаға деген тәрбиесінің орнын ешнәрсе толтыра алар емес. «Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген нақыл сөз отбасы тәрбиесінің маңызын айқындатып тұр емес пе? Демек, бар жауапкершілікті ұстаздардың мойнына артып, бала тәрбиесінің жүгінен қашқақтау бәрімізге сын!

Мақаламыздың соңын Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Билібай Мүсілімов мырзаның aqjolgazet.kz сайтына шыққан  «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген мақаласымен түйіндегенді жөн көрдік.

«Елімізде соңғы кездері жас өрендердің, әсіресе оқушылардың арасында орын алып жатқан келеңсіздіктер баршамызды алаңдатуда. Сондықтан осы бағыттағы іс-шараларды жандандыру, қоғамдық сананы дүр сілкіндіру және тәрбие жұмыстарына жаңа серпін беру үшін өз тарапымнан бірнеше ұсыныс айтқым келеді:

  • Жасөспірімдер арасындағы тәрбие жұмысын мазмұнды жақсартуға бағытталған нақты арнаулы стратегиялық бағдарлама қабылдау;
  • Құрамына үкімет мүшелерінен бастап, мектеп психологтері, педагогтер, ата-аналар комитеті, БАҚ өкілдері енетін ұлттық комиссия құру;
  • Балабақшадан бастап бала тәрбиесін таза ұлттық мазмұнда жүргізу. Бұл орайда аңыз әңгімелердің, ертегілер, термелер, мақал-мәтелдер, батырлар жырының маңызы зор.
  • Қазақы салттағы тәрбие ең кемі 11-12 жасқа дейін жапон, өзбек, корей халықтарындағыдай қарқынды жүргізілуі тиіс;
  • Жастарды жағымсыз іс-әрекеттерге үгіттейтін көріністер үшін интернет сайттарын, телеарналарды жауапкершілікке тарту жағы қарастырылу керек;
  • «Қыз бала кодексі», «Ұл бала кодексі», «Спортшы кодексі» қабылданса;
  • Ата-ананың 14 жасқа дейінгі бала тәрбиесіне жауапкершілігін күшейтетін арнаулы заңнамалық акт қабылдау;
  • Оқушылардың әсіресе өтпелі жасында сенбі күндерін «Денсаулық және мәдениет күні», жексенбіні «Отбасы күні» деп атап, бұл күндерді баланың ата-анамен бірге спортпен айналысып, бірге демалып, қыдыруына көңіл бөлу.

Әл-Фараби бабамыздың «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» дегенін ескерсек, еліміздің жастары өзін жеке тұлға ретінде дамытумен қатар, мемлекеттің озық инновацияларға сай өркендеуіне үлес қосуы үшін қазіргі білім және ұлттық тәрбие беру үдерісін қатар дамытуымыз керек. Туған жерге, қоршаған ортаға, өз тарихына құрметпен қарауға тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарымызды сақтап, дәріптейтін ұрпақ тәрбиелеу – баршамыздың міндетіміз».

 

Нағашыбай Қабылбек

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.