Өрісі – малға, қамбасы – дәнге толған Бәйтерек

0
147

Батыс Қазақстан облысының солтүстік бөлігінде орналасқан Бәйтерек ауданы жыл санап көркейіп келеді. Әсіресе, ауылшаруашылығы саласында атқарылған нақты істер өңірдің экономикалық әлеуетін нығайтуда.

«Qazaqstan dauiri» халықаралық қоғамдық-саяси газеті мен  «ЕлАна» қоғамдық, әлеуметтік-танымдық сайтының, «Мөлдір бұлақ» журналының «Nur Otan» партиясымен және ҚР Ауылшаруашылығы министрлігімен бірлесе қолға алған «Ауыл – ел бесігі» экспедициясы Батыс Қазақстан облысынан басталған болатын. Әлемді жайлаған пандемияға байланысты онлайн форматта бастау алған экспедицияның алғашқы «жорығы» облысымыздағы Бәйтерек ауданына бағытталды.

 

 

Жуырда ғана аудан әкімі Марат Тоқжанов жергілікті Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында болып ағымдағы жылдың тоғыз айында ауданды экономикалық-әлеуметтік дамыту бағытында атқарылған жұмыстармен таныстырды.

Өз баяндамасында Марат Лұқпанұлы: – 2020 жыл әлем халқы үшін мүлдем болжанбаған экономикалық ауытқуларға толы жыл болды. Наурыз айында басталған пандемия тұтас елдің экономикалық бағдарын өзгертіп, қайта жоспарлауға мәжбүр етті. Елде төтенше жағдай жарияланған кезде ауданда жедел штаб құрылып, өте күрделі шешімдер қабылдауға тура келді. Алдымызда көктемгі егіс науқанын жоспарға сай орындау үшін шаруаларға қолайлы жағдай жасау міндеті тұрды. Ауылдарға азық-түлік жеткізудің өзі үлкен мәселеге айналған кездер болды. Қиындықтар өтер де кетер, ал елдің ертеңгі болашағы үшін табанды қызмет жасау – ерге сын, – деген еді.

Аталған ауданның басшылық тізгінін жуырда ғана қолға алған білікті басшы аймақты айналып өтпеген аса күрделі жағдайды бұқара халықтың бірлігі мен еңбексүйгіштігінің, күш-жігерінің арқасында бірлесе еңсеріп жатқандарын тілге тиек етті.

Бәйтерек ауданы әкімінің бұл жүздесуінен кейін аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұржан Дүзбатырмен де хабарласып, газетіміз жүгін арқалаған«Ауыл – ел бесігі» экспедициясынан хабардар еттік. Осылайша жұқпалы індеттің кесірінен аяқтай бара алмасақ та, алыстан жеткен ақпарат осы мақаламызға «тұздық» болды.

 

Егін жиналып, қамбаға құйылды

 Облысымыздағы алтын дәнді, жасыл желекті ауданның дихандары әдеттегідей тынымсыз еңбектеніп, мол шаруа атқарған. Көктемгі егіс жұмыстарына ауданның 194 дәнді және 63 көкөніс, картоп шаруашылықтары қатысқан. Биыл аудандағыегістік алқабы – 230,2 мың гектарды құраған.

 

Марат Тоқжанов, Бәйтерек ауданының әкімі

 

Бүгінгі таңда Бәйтеректе күздік, жаздық дақыл жинау жұмыстары аяқталған. Оларға жеке тоқталсақ, күзік бидай – 52 234 га, күздік қара бидай – 2,9 мың га, жаздық бидай – 55,4 мың га, арпа – 15 мың га, тары – 1518 га, сұлы – 490 га, ноқат – 534 га, құмай 3038 гектар жиналыпты. Нәтижесінде жалпы 76,3 мың га жаздық дақыл қамбаға құйылып, орташа өнімділік 6,5 ц/га-ды құраған. Сонымен қатар ағымдағы жылы 1410 гектар картоп, 1083 гектар көкөніс, 550 гектар бақша өнімдері жиналған.

Енді келер жылға күздік дақылдардың егіс көлемі дайындалуда.

 

Шөп жинау жоспары орындалды

 Ауыл қазағының негізгі күнкөрісі – төрт түлік малы. Бәйтеректіктер де қыстың қамын жазда ойлап, қорадағы малының азығын ерте бастан қамдап алған. Жалпы аудан бойынша биылғы шабындық жердің жалпы көлемі – 200 мың га. Ал қыстаққа қажетті шөп 110 900 тоннаны құрайды. Осы жылы барлығы 193 мың га шабындық жер шабылып, 111,8 мың тонна шөп жиналыпты. Нәтижесінде межеленген жоспар артығымен орындалған.

2020 жылғы қыркүйек айындағы көрсеткіш бойыншаБәйтеректе 42277 бас ірі қара, 65990 бас қой-ешкі, 11377 бас шошқа және 941375 бас үй құсы бар. Өндірілген өнім көлеміне келсек, 13,0 мың тонна ет, 30,4 мың тонна сүт, 47,3 млн, дана жұмыртқа өндірілген.

 

 

Ауылшаруашылығы саласында «Сыбаға» бағдарламасы өз жемісін беруде. Бағдарлама шеңберінде 365 бас ірі қара малының импорттық төлін сатып алу үшін 226 млн.теңге несие мақұлданған. Нәтижесінде аудандағы «Керемет» шаруа қожалығы – 240, «Rik LTD» ЖШС – 125 бас асыл тұқымды мал сатып алып, өрістерін малға толтырған.

 

Болашақ мал дәрігерлерін жұмылдыруда

 Малды баққан шаруа оның бабын да таба білуі тиіс. Әсіресе, түрлі ауруларға қарсы екпе жүргізудің маңызы зор. Бәйтерек ауданында биыл Сібір жарасы, Қарасан, Құтыру, Пастереллез сынды ауруларға қарсы екпе жұмыстары жүргізілген. Жыл басынан бері 100 мың бас құс егілсе, оның 99 900-і – «Жайық Ет» компаниясына тиесілі. Жеке қосалқы шаруашылықтарда 92 мың бас құс өсірілуде. Елде белең алған құс тұмауына қарсы 92 мың вакцина алу жоспарланған. Қазір 30 мың вакцина алынып, екпе жұмыстары қолға алынған. Бұл жұмысқа ветеринария мамандығында оқитын студенттер тартылуда. Жыл басынан бері 108 аулаға дезинфекция жұмыстары жүргізіліп, 3200 шаршы метр аумақ залалсыздандырылған.

Ал ауруға шыққан ұсақ мүйізді малға оның құнының 30 пайызы көлемінде өтемақы төленеді. Ауданға қарасты Макаров, Железнов ауылдарындағы мал бағымында бруцеллез ауруына қарсы сауықтыру шаралары жүргізілген. Ең бастысы – ауру деп танылған түлікті уақтылы тапсыру. Бұл бағытта тұрғындармен түсінік жұмыстары жүргізілуде.

 

 Несиелендіру аясы кеңеюде

 Үстіміздегі жылы мал шаруашылығы саласын субсидиялауға 230,5 млн теңге сомасында өтінімдер беріліп, 207,5 млн теңге төленген. Ал өсімдік шаруашылығы саласындағы субсидиялау биыл 155 млн теңгені құраған. Ауылшаруашылығының жалпы өнімі 1 қазандағы көрсеткіш бойынша 23,4 млрд теңгені немесе өткен жылмен салыстырғанда 131,9 %-ды құрапты. Нақты көлем индексі 112 %.

 

 

2020 жылы 1 млрд 027  млн теңге несие игерілген. Айталық, «Батыс-Шаруа» несие серіктестігі арқылы 57 шаруашылық 670 млн теңге несие алған. Атап айтқанда,мал сатып алу үшін 21 шаруа қожалық – 170 млн., 36 шаруашылық көктемгі далалық жұмыстарына 500 млн теңге несие рәсімдеген. Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы мал шаруашылығына 455 млн теңге бөлініп, 260 млн теңге алынған. Ал «Агро Кредит» корпорациясы арқылы 145 млн теңге бөлініп, содан 97 млн теңге алынған.

 

Ірі жобалар жүзеге асуда

 Бәйтерек ауданында осы жылы жалпы құны 123,9 млрд теңге болатын жеті ірі инвестициялық жоба іске асырылуда. Соның бірі – Мичурин ауылдық округінде салынып жатқан «World Green Company» ЖШС-ға тиесілі қызанақ пен қияр өсіретін жылыжай кешені. Ал Рубежин ауылында жылына 30,0 млн кірпіш шығаратын кірпіш зауытының («134» ЖШС) құрылысы жүруде. Тағы бір ірі жоба – Белес ауылындағы виртуалды деректерді сақтау және орналастыру орталығының құрылысы. Аталған жобалар жыл соңына дейін іске қосылады деп күтілуде.

 

 

Январцев ауылында «Bayston» ЖШС-ның жеміс-көкөніс қоймасы (қуаттылығы жылына 13 мың тонна), Белес елді мекенінде қуаттылығы 50 мың тонна сұйық метанол және жылына 137 мың тонна дизель отынының компоненті бар «Zhaik Petroleum LTD» ЖШС-ның сұйық метанол өндіретін зауыты, Махамбет ауылында «Батыс Трейлер» ЖШС жартылай тіркеме техникасын өндіретін зауыты (қуаттылығы жылына 200 бірлік), Қазақстан мен Ресей шекарасында «Сырым» логистикалық орталығы («СП Сырым» ЖШС) салынуда. Бұл жобалардың аяқталуы – алдағы үшжылдықтың еншісінде.

 

877 жұмыс орны ашылған

Бәйтеректе шағын және орта кәсіпкерлік саласы да қарқынды даму үстінде. Аудан бойынша 2763 шағын және орта бизнес субъектілері тіркелсе, соның 85 пайызы белсенді жұмыс атқаруда.

Кәсіпкерлік саласында жұмыс жасайтындар саны 6286 адамды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 206 тұлғаға көбейген. Аудандағы белсенді жұмыс жүргізетін 29 шағын цехта 309 қызметкер еңбек етуде. Үстіміздегі жылы шағын және орта бизнес саласында 877 жаңа жұмыс орны ашылып, жоспар 85,1 %-ға орындалған.

 

 

Елді мекендері толықтай байланыс желісімен қамтылған ауданда оның пайдасын шаруалар да көріп отыр. Яғни 17 шаруа қожалығында жануарлардың барлық түрлерін қарапайым және ыңғайлы есепке алуға арналған радиожиілік тақтайшалар қолданылады. Сонымен қатар биыл екі шаруа қожалығы баламалы энергия көзі саналатын күн панельдерін орнатқан.

Жалпы аумағы 742 мың гектар жерді алып жатқан Бәйтерек ауданында салмақты сала – ауылшаруашылығында ел экономикасын көтеруге бағытталған осындай істер тындырылған. Алдағы уақытта да мемлекет басшысының нақты тапсырмалары аясында жұмыстану көзделуде. Соның ішінде мал шаруашылығын одан әрі дамыту мәселесі басты назарда. Ауқымды іске білек сыбана кіріскен бәйтеректік шаруалар үлкен табыстарға жетеді деген сенім мол.

 

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

Батыс Қазақстан облысы

 

 

.

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.