Жалынмен арпалысқан батырлар

0
221

Жалақылары тым мардымсыз

Адамзат қоғамындағы сан мың түрлі мамандықтардың ішінде өмірін қатерге тіге отырып атқаратын мамандықтардың да сан түрі бар. Соның бірі өзіміз күнделікті көріп жүретін өрт сөндіруші батырлар. Жалаңдаған қызыл жалынның ішіне ойланбастан қойып кетіп, адам өмірін құтқарып жүретін азаматтарды қалайша батыр демеске? Сондай батырлардың бірі Нұр-Сұлтан қалалық ТЖД-не қарасты №6 мамандандырылған өрт сөнідіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау сержанты Айдархан Кемаладинов есімді азамат. Айдарханның жұмыстан тыс кезде жүріп жасаған бір ерлігі туралы жақында елорда әкімдігінің сайтында жақсы бір таныстыру жарық көрді.

Ол 14 қазан күні өрт жағдайы орын алған Сарыарқа көшесі, 11 мекенжайындағы «Кенесары» тұрғын үй маңында болған. «Өрт болған күні мен сол үйде қонақта болғанмын. Үйден шыққан бойда, 7 қабаттан өрт түтінін байқап, іште адам бар шығар деген сезім болды. Пәтерде жүкті әйел мен төрт бала бар екен. Дереу өз қызметіме кірісіп кеттім. Әйел адам абдырап, шығуға дайындалып жатыр екен. Сондай жағдайда сабыр сақтап, жүкті әйел мен балаларын төменге түсіре бастадым. Өрт сөндіру қызметі де жедел келіп үлгерді», – дейді Айдархан Кемаладинов.

Өрт сөндірушілер келген бойда 7-қабаттағы 10 шаршы метр алаңда үй заттары мен терезе жақтаулардың жанғанын, сондай-ақ 8-қабаттың балконын өрт шалғанын байқайды. Апаттар медицинасы орталығының қызметкерлері әйелді № 1 қалалық ауруханаға, балаларды № 2 қалалық балалар ауруханасына толық тексеруге алып кеткен. Медициналық тексеруден кейін балалардың анасы ауруханаға жатудан бас тартқан, ал жеңіл уланған балалар ауруханада қалды. Құтқарушы бала кезден жақсылық жасауға құштар болғанын айтады. «Бала кезден өрт сөндіруші болуды армандадым. Өрт сөндіретін машиналарды, техникаларды, арнайы формадағы қызметкерлерді көргенде қызығатынмын. Жалпы адамдарға жақсылық жасап, көмек бергенді ұнатамын. Міне, 4 жыл бойы өрт сөндіруші болып қызмет етіп келемін. Әрине, оңай жұмыс деп айта алмаймын. Қиын әрі аса сақтықты қажет ететін жұмыс. Басында қиын болды, бірақ уақыт өте келе өзімді басқаруды үйрендім. Барлық жағдайда ең бастысы сабырлық сақтау Біздің жұмысымызда ең бастысы – адам өмірі», – деді Айдархан Кемалидинов.

19 қазан – Қазақстан Құтқарушылар күні болып өтті. Ал биыл тәуелсіз Қазақстандағы азаматтық қорғау органдарының құрылғанына 25 жыл толды. Кезінде дербес министрлік ретінде жұмыс істеген мемлекеттік мекеме кейін ҚР ІІМ-нің құзырына берілген еді. Ол алдағы уақытта тағы да өзгеруі мүмкін. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 1 қыркүйектегі жолдауында «Біздің табиғи және техногенді апаттар дәуіріне қадам басқанымызды ескеріп, Төтенше жағдайлар министрлігін қайта құру қажет деп санаймын» деген болатын.

Нұр-Сұлтан қаласының Төтенше жағдайлар департаменті Нұр-Сұлтан қаласы аумағындағы азаматтық қорғау органдары мен бөлімшелеріне басшылық жасауды жүзеге асыратын ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің аумақтық бөлінісі болып табылады. Қала аумағы кеңейген сайын өрт сөндіру бөлімшелері де көбейіп келеді. Соның бір айғағы, осыдан бірер күн бұрын Байқоңыр ауданында керек жабдықтармен жабдықталған өрт сөндіру депосы ашылды.

«Бүгінгі таңда елордалық ТЖД Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметі – білікті кадрлары мен заманауи техникасы бар қуатты жедел қызмет. Жыл сайын Нұр-Сұлтан гарнизонының бөлімшелері өрт сөндіруге және авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге төрт мыңнан астам шақыртуларға барады. ТЖД қызметкерлері 500-ге жуық адам құтқарып, 1,5 мыңнан астам адам эвакуациялаған», – дейді қала әкімдігінің баспасөз қызметі. Қазірге дейін осынау қатерлі кәсіптің ауыртпашылығын арқалап жүрген азаматтардың жалақысының төмен екендігі туралы түрлі пікірлер айтылып жатады. Орта есеппен 80 мың теңгенің көлемінде айлық алатын қызметкерлер атқаратын жұмысы, өмір мен өлім ортасындағы аса қауіпті жұмыс екендігін ескергенде, мардымсыз жалақы деуге болады. Дегенмен, 2019 жылдың соңындағы бір баспасөз мәслихатында ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Алексей Калайчиди 2020 жылдың қаңтар айынан бастап өрт сөндірушілердің жалақысы өсіріліп, мөлшермен 140 мың теңгеге жеткізілетіндігін айтып, сала қызметкерлерін бір қуантқан еді.

Салмағы ауыр киімдерімен сатымен өрмелей жүріп, «жан алысып, жан берісіп» атқаратын бұл мамандықтың машақаты да жетіп артылады. Соған жарай жалақыларының көлемі де әр елде әртүрлі. Мысалы көршілес Қытай елінде өрт сөндірушілер ай сайын 5000-8000 юань (300000-480000 теңге аралығында) алады екен. Солтүстіктегі көршіміз Ресейдегі өрт сөндірушілер де айлықтарына көңілдері томайтын көрінеді. 2019 жылы 20 маусыдағы Президенттің тікелей эфирінде бір өрт сөндіруші жігіттің Путин мырзаға «біздің жалақымыз қашан өседі?» деп сұрақ қойғаны есімізде. Сондағы көңілі толмай отырған айлығының мөлшері 12000-13000 рубль аралығында екен. Яғни біздің елдегі жалақымен қарайлас деген сөз. Демек, әрбір қатерлі кәсіппен айналысатын қызметкерлердің еңбегі жете бағаланғаны дұрыс дегіміз келеді. Бейбіт күннің батырлары аман болсын!

 

Ерқазы Сейтқали

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.