Министр қазақ баспасөзіне үміт отын жақты

0
450

немесе Аида Балаевамен БАҚ өкілдерімен өткізген дөңгелек үстелі

 

Өткен аптада ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Алматы қаласындағы «Достық» үйінде БАҚ басшыларымен кездесіп, дөңгелек үстел өткізді. Өздеріңіз білесіздер, Пандемияның өршіп тұрған кезінде қазақ баспасөзі мерзімді басылымдарының басшылары «Qazaqstan dauiri» газетінің мұрындық болуымен онлайн дөңгелек үстел өткізіп, ҚР Президенті Қ.Тоқаевқа «Қазақ баспасөзіне қауіп төніп тұр!» деген тақырып аясында Ашық хат жазған болатын. Сол кездері осы министрлікке басшылық қызметке келіп жатқан Аида Балаева шұғыл Алматыға келіп, қазақ мерзімді басылымдар басшыларымен кездесіп, Ашық хатты талқылап, алдағы уақытта ол көкейтесті мәселелерді шешуге тырысатынын айтқан. Министр астанада да осындай басқосу ұйымдастырды.

Міне, содан бері жаз өтіп, күз келді. Әрине, мемлекеттік тапсырыс аясында жылымық сезіліп, қазақ баспасөзі қарқ болмаса да аздап қаржылай көмек алды. Қазір баспасөзге жазылу науқаны басталғалы да біраз болды. Басылымдар үшін мазасыз шақ. Карантиннің сызы әлі кеткен жоқ. Бетперде киген адамдар бұрынғыдай емес, баспасөзге жазылуға ықыласы төмен. «Зорлық-зомбылық жасауға қақыларың жоқ!» дейді жақындап қалсаң теріс айналып. Бұл жүректі ауыртар сөз барлық мекемелерге «қалқан» болуға жарап тұр. Ал басылымдардың өкілдері жетім баладай жәутеңдеп «далада» қалатын түрі бар.

Министр Аида Балаева аса маңызды заңдардың қатарына БАҚ туралы бүгінгі күн тынысына сәйкес жаңашыл заң жасау қажеттігін айтты. Мемлекеттік тапсырыс жайында да жағымды пікірін ортаға салды. Алғашқы болып сөз алған мен министрдің баспасөз басшыларымен жиі кездесіп тұратын кішіпейілділігіне ризашылығымды білдірдім. Иә, бұрынғы министрлерді жамандағаным емес, олар журналистермен жүздесуден қашқақтайтын немесе ондай шараны қажетсінбейтін.

Екінші зор мәселе, қазір баспасөзге жазылу майданы басталды. Майдан деген аты ғана. Пандемияға дейін-ақ бұл майданның берекесі кете бастаған. Себебі қай жерде, кім тастағаны белгісіз мына ұшқын сөз дүр-р етіп өрт-сөзге айналып бүкіл мемлекетімізді жайлады. «Баспасөзге жазылуға зорлауға болмайды!» Өз басылымын насихаттауға қай мектепке, қай мекемеге барса да осы төрт ауыз сөз баспасөз өкілдерінің қарсы алдарынан шығады андағайлап. Оны билік те қолдап отыр. Тығырыққа тіреліп тұрған шақта, «жығылған үстіне жұдырық» дегендей пандемияның қара бұлты қазақ баспасөзін одан сайын есеңгіретіп кетті.

Енді не істеу керек? Президентке жазған хатымызда таралымды көбейтудің жолдары айтылған. Әрине, ең алдымен баспасөзге деген «Зорлап жаздырып жатыр!» деген байбаламды тоқтатуымыз тиіс. Халық арасында билігіміз бар, басқамыз бар насихат жұмысын жүргізгеніміз абзал. Екінші жолды жасау биліктің өз қолында. Мектеп пен мәдениет саласындағы 20 мыңдай кітапханаға бір-бірден басылымдарды жаздырсақ бұл баспасөзге зор көмек болар еді. Одан кейін дүңгіршектер ашу мәселесі қанша айтылса да орындалмай келе жатқан арманымыз болып тұр. Министрге осы мәселелерді жеткіздім.

Министр бұл мәселелер төңірегінде нақты әрі кең тұрғыда жауап берді. Жуырда өңір басшыларымен, басқа да министр өкілдерімен кездесіп, осы мәселені шешуге тырысамыз деді. Ал дүңгіршектер жөнінде шетелдерде автоматтандырылған жүйе бар екен. Бәлкім осы автоматтар арқылы газет сатуды жүргізуге болатыны жөнінде жақсы хабарды жеткізді.

Белгілі журналист Серік Жанболаттың мына қарапайым пікірінде зор мән бар: Ол бірнеше жылда жиналған газет-журналдарды лақтырмақшы болады. Оны ауылдан келген інісі көріп қалып желімдей жабысады. «Ағатай-ау, мынау деген рухани қазына ғой. Қалай қиып лақтырасыз? Мұнда оқитын нәрселер көп» деп газет-журналды ауылына арқалап кетеді. Яғни бұдан қарапайым халықтың осы газет-журналға қолы жетпей жатқанын байқауға болады. Идеология тіршіліктің ең зор пәрменді күш екенін, оның көш басында БАҚ тұрғанын байырғы журналист шегелеп айтты.

Вокзалдарда, аэропорттарда, метроларда, базарларда басылымдарды сату мәселесі де жүзеге аспай келе жатқаны жөнінде де министрге сауал берілді. Жарнама, пиар материалдар қазақ баспасөзінен гөрі орыс басылымдарына тікелей жол тартатыны шынында да өзекті мәселе. Министр Аида Балаева бұл мәселенің де жолға қойылатыны хақында уәде берді. Ең басты мәселе мемлекеттік тапсырыстың жаңа жылда жаңа жүйесі іске қосылатынын министр егжей-тегжейлі сөз етті. Сараптамалық материалдарды көбейтсек елге де, билікке де пайдалы болатыны туралы оның ұсынысына журналистер қолдау көрсетті. Салық мәселесінің де оңтайлы жолдарын қарастырып жатыр екен.

Министр теледидарлардағы шетелдік фильмдердің көрсетілімін қысқартқанын, олардың орнын қазақтың төл фильмдерімен толтыру қажеттігі жөніндегі мәселені түбегейлі шешпекші екенін ортаға салды. Дұрыс та орынды айтылған мәселе. Түркияда да кезінде осындай тоқырау болғанын білеміз. Олар ондай қиын кезеңде отандық киноларды шығаруға ден қойып, телекомпаниялар арасында бәсекелестік ахуал орнатқан. Қазір өздеріңіз білесіздер, бұл жөнінен түрік бауырларымыз Голливудпен тайталасады. Біз министрдің бастамасын қолдаймыз.

Жас журналистерді тәрбиелеу, олардың кәсібилігі, мамандарды даярлауда оқу орындарындағы кемшіліктер де кеңінен сөз болып, орнықты әңгімелер айтылды.

Сайттардың пәрменділігі туралы, оларға мемлекеттің тапсырыстар беру мәселесін көтерген журналистерге де Аида Балаева кеңінен жауап берді. Тағы бір елең еткізер мәселенің шетін министрдің өзі қозғады. Ол журналистерге жер, пәтер беру жөніндегі көкейтесті мәселе еді. Шынында да Пандемия кезінде болсын, пәтер, жер беру, ипотека тәртібін пайдалану, жеңілдіктер журналистерге қарастырылмаған. Осы мәселелерге министр тарапынан түрен салынды.

Жалпы министр Аида Балаева ханымның БАҚ басшыларымен өткізген дөңгелек үстелінде мәнді де маңызды мәселелер көтерілді. Алдағы уақытта да осындай кездесулер жиі болып тұрса журналистердің басындағы көкейтесті мәселелер де жөнімен біртіндеп шешілетіндігінде сөз жоқ.

 

Ертай Айғалиұлы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.