Дәстүрлі медианың «ақырзаманы» келе жатыр ма?

0
607

Журналистика саласында «дәстүрлі медиа» деп аталатын газет-журнал, радио, телевидениенің адамзат тарихында, әсіресе XX ғасырдағы алатын орны ерекше екені белгілі. Дүниежүзілік 2 соғыстан кейінгі даму кезеңінде журналистиканы «төртінші билік» деңгейіне көтерген, баспасөздің қуатының орасан зор екендігін дәлелдеген де осы дәстүрлі медиа саласы болды.

Алайда XX ғасырдың соңына қарай жаппай қолданысқа ене бастаған жаңа технологиялар мен ғаламтор мүмкіндіктері бастабында дәстүрлі медиа саласын жаңа белеске көтеріп, абыройын арттыра түскен еді. Газет-журналдардың дизайны түрленіп, беттеу мен басып шығару саласы оңтайланып шыға келді. Жеткізу қызметі жылдамдаған сайын бұл сала онан ары дами түсті. Алайда технологиялық жақтан дамумен қатар, ғаламтордың мүмкіндігі арта келе «жаңа медиа» атты екінші бір сала жіктеліп шықты. Онымен қоймай уақыт озған сайын дәстүрлі медианы біртіндеп нарықтан ығыстыра бастады. Әрі бұл үрдіс күннен-күнге ұлғайып, көрнекіленіп келе жатқан жайы бар.

 

Шетелдерде жағдай қалай?

Мұндай ғаламдық үрдіс, қазақтың дәстүрлі медиа саласын да қағыс қалдырған жоқ. Газет- журналдардың таралымы жылдан-жылға азайып, қағаз нұсқадағы басылымдарды іздеп жүріп оқитын оқырмандардың қатары сиреп кетті. Ол ең алдымен баспасөз нарығына әсер етіп жатыр. Байлығы асып-тасыған дамыған елдердегідей жарнамамен «жан бағу» біздің газет-журналдардың пешенесіне бұйыра беретін бақыт емес екендігін де мойындауға тура келеді. Шындап ден қойған адамға бұлардың өзі жеке-дара зерттелетін тақырыптар.Осы сұрақтар төңірегінде ой жүгірткенде, «барлық салада алға кетіп қалды» деп сипатталатын шетелдердегі газет-журналдардың жағдайы қалай? Жаңа дәуірдегі жаңа медиа олардағы баспасөз нарығына қалай әсер етіп жатыр? Дәстүрлі медиа саласы тұйық жолдан қайда бет бұрып барады? деген сауалдарың туындайтыны сөзсіз. Біз бұл шағын мақаламызда осы төңіректе біраз ізденістер жасап көрген едік.

Әлемдегі дәстүрлі басылымдардың өндірісі, таралымы, ықпалы жағын сарапқа салған зерттеушілердің қорытындысы бойынша алдыңғы үштікке енетін алпауыттар- Қытай, Үндістан және Жапония елдері екен. Алдыңғы екеуінің жан санының молдығы кәдімгідей рөл ойнаса, Жапонияның жағдайы олардан өзгешелеу болған.

Қытайда: Қытай еліндегі газет-журналдардың өндірісі мен таралымына талдау жасаған мамандар 1990-2010 жылдар аралығы Қытайдағы газет-журналдардың «алтын дәуірі» болғандығын айтады. Бұл аралықта түрлі басылымдардың таралымы молайған үстіне молая түскен. Алайда жаңа медиа саласының қарыштап дамуы өз әсерін тигізбей қалмапты. Уақыт өтке келе ғаламтордағы ақпараттарды пайдалануышлардың қатары көбейіп, газет-журналға жазылатын оқырмандардың саны күрт азаюға бет алған. Қытайдағы бұл үрдіс 2015-2019 жылдар аралығында тіпті де айқындала түсіпті. Дәстүрлі басылымдардың кейбіреуі жабылып, кейбіреулері біріге бастайды. Бұлардың құлдырау көрсеткішіне болжам жасған сарапшылар, дәстүрлі басылымдардың таралымы жыл сайын 8%-15% аралығында төмендеп бара жатқандығын байқаған. Ал мемлекет иелігіндегі басылымдар мен партияның үгіт құралы саналатын орган газеттері мен журналдары орнықты деңгейін сақтап отыр екен. Бұл «жазылуға міндеттелу» дейтін әкімшілік бұйрықпен тікелей қатысты болса керек.

 

Жапонияда: Жапонияда газет-журналдардың жағдайы әлемдегі ең тамаша көрсеткіште сияқты. Күн шығыс елінде де медиа саласы тәуелсіз және мемлекеттік болып екіге бөлінгенімен, демократиялық қоғамдағы сөз бостандығы және заң алдындағы жауапкершілік мәселесінде екеуі де тең дәрежеде өмір сүреді. Жаңа технологияларымен әлемді таңқалдырудан жалықпайтын жапондықтар ақпарат алуда дәстүрлі медианы қолайлы көреді екен. Мұның себебі ғаламтор және әлеуметтік желілердегі ақпараттарға халықтың сын көзімен қарайтындығынан болса керек. Ал телеарналар мен газет-журналдардағы ақпараттардың шынайылығы, сенімділігі жоғары болғандықтан, жапондықтардың көбі жаңа медиаға бой ұрып кетпеген. Дегенмен Жапониядағы ақпарат алпауыттары, халықтың басым бөлігінің  ең алдымен телеарналарға, сосын  газет-журналдарға басымдық беретін дәстүрін тиімді пайдаланған. Әдетте телеарналардың көпшілігі кіріс көзін жарнамадан алатын болса, Жапониядағы кейбір арналар мүлде жарнама бермейді. Есесіне оларда «теледидар көру ақысы» дейтін қаражат коммуналдық төлемдермен қоса жиналып, телеарнаның қалтасына құйылып отырады екен. Яғни көрерменнің қай арнаны ашқандығына қарай ақысы автоматты түрде есептеліп, қатысты мәліметтері орталық базаға жинақталып тұратын көрінеді. Осылайша олар адамды мезі ететін жарнамаларды ұсынбай-ақ, шаруаларын шалқытып келе жатыр. Жапониядағы «Ёмиури симбун», «Асахи симбун», «Майнити симбун» (күнделікті жаңалықтар), «Нихон кэйдзай симбун» (Жапония экономикалық жаңалықтары), «Санкэй симбун» қатарлы «атақты бес басылым» тұтас Жапониядағы ақпарат нарығының жартысынан көбін өз уыстарына ұстап отыр. Олардың тағы бір өзгешелігі осынау газеттердің барлығының өз алдарына телеарналары жұмыс істейді екен. Осылайша қаражат мәселесін де ойдағыдай шешумен қоса, халыққа сапалы ақпараттарды жеткізумен шұғылданып отырыпты.

 

АҚШ-та: Әлемнің алпауыты АҚШ-да, медиа саласындағы жағдайды Жапониямен салыстыруға келмейтін сияқты. Жаңа медианың дәстүрлі медианы ығыстыру процесі АҚШ-да 2010 жылдардан бастап айқындала түскен. Яғни қағаз газеттердің оқырмандары азайып, жұрттың көбі ғаламтордың және әлеуметтік желілердің мүмкіндігін пайдалануға көшкен. Осылайша беделді деген газеттердің өзі қағаз нұсқаларын жабуға мәжбүр болған. Есесіне, интернет газетке бірден ауысып, бұрынғы абыройларын сақтай отырып, ақпарат таратуды жалғастырған. Бұл өте-мөте газет-журнал саласындағы көрнекті жағдай деуге болады. Ал АҚШ-дағы телеарналар бұрынғыдай жұмыс істеп жатыр. Олар жарнамадан бөлек, дүбірлі спорттық шаралардың тікелей эфирден таратылу және өзгелерге сату құқығын меншіктеу арқылы да қыруар пайда табады.

 

 

Кореяда: Жағрапиялық жағынан, даму деңгейі мен халықтық менталитеті жағынан да жапондарға ұқсап қалатын корей елі әлемге әйгілі кітапқұмар елдердің бірі. Дегенмен, жаһандану үрдісі Кореяны да айналып өтпеген. Соңғы болжамдар бойынша жаңа медианың дәстүрлі медианы ығыстыру процесі корейлерде де анық байқалған. Біз бұл туралы Сеул қаласында тұрып жатқан Сайрангүл Даханқызымен тілдескен едік. ҚҰУ-дың журналистика мамандығын бітірген ақын қыздың қазіргі кәсібі корей, ағылшын, орыс, қазақ тілдері арасында аударма жасау екен. Біз Сайрангүлмен мессенджерде тілдесіп, Кореядағы газет-журналдардың қазіргі халі, таралымы және оқырмандардың ынтасы туралы сұрадық. «Кореяда газет-журналдардың таралымы азайып бара жатыр. Бір ақпараттан оқыдым. Өткен жылғымен салыстырғанда биыл 2000-нан астам газет-журнал тілшілері өз еріктерімен басқа жұмысқа ауысыпты. Себебі жыл өткен сайын газет-журналдарды көбінде қарттар ғана оқитын болған. Өйткені олар ғаламтор арқылы ақпарат алуға әдеттенбеген әрі хабары да аз дегендей… Сонымен қоса «таяу болашақта газет-журналдар тек музейде тұруы мүмкін» деген де болжамдарды естіп жүрмін. Бұның өзіндік себебі- ғаламтордың қолжетімділігі, ақпарат көлемінің кеңдігі, кері байланыстың оңтайлылығы және қағаз газеттерді басуға кететін шығын және экологияға тигізетін ықпалымен байланысты екендігін білесіздер. Кореяда «Сеул жаңалықтары», «Ауылшаруашылығы жаңалықтары» секілді алуан түрлі газеттер бар. Олардың алды 4 миллион данамен, кейбіреуі 2,5 миллион данамен таралады. Дегенмен кітапты сүйіп оқитын (50 миллион халқы бар) корей жұрты үшін бұлар тым аз көрсеткіш болып есептеледі. Қазір көше бойындағы дүңгіршектерде газет-журналдардың қарасы азайғандығы байқалады. Өйткені бұл арада жеткізу қызметі дамыған. Сондықтан газет-журналдарды көшеден іздеп жүрмейді. Дәстүрлі басылымдарды жазылып алып оқитын адамдар әлі де көп. Тағы да бір қоғамдық сауалнаманы көріп едім. Онда оқырмандардың көбі денсаулық тақырыбындағы басылымдарды ұнататындығы айтылған. Сосын ас-су, аспаздық, тамақтану саласы, ауыл шаруашылығы саласын жазатын салалық басылымдар мен өнер адамдары яғни жұлдыздар туралы ақпараттарға сұраныс пен қызығушылық жоғары екендігі айтылыпты».

 

 

 

Данияда: Ал Данияда тұратын қандасымыз, экономист Қажыәкбар Аюби мырзаның айтуынша, қазіргі күнде Дания елінде де газет-журналдардың таралымы жыл өткен сайын азайып барады екен. «2000 жылдары айтылған болжам бойынша, газет пен журналдар көп өтпей жабылып қалады деген еді. Алайда олар қазірге дейін шығып келе жатыр. Дегенмен тираждары азайып қалды. Мысалы ағылшынның атақты «The Independent» газеті бұрын 400000 данамен таралатын болса, кейін келе 60000 данаға азайған. Олар ақыры газеттің қағаз нұсқасын жауып, сайттарын онан ары жандандыруға көшіпті. Осындай тағдырды Данияның газеттері де бастан кешіруде. Яғни интернет газет болып шығып жатыр. Адамдар ғаламтор арқылы жазылады. Онда сайтта мәтіннің басқы бөлігі көрінеді. Оны ары қарай ашып оқимын десеңіз ақша төлеуіңіз керек. Бір өзгеріс – қазіргі оқырмандар ұзақ жазылған мақалалардан гөрі қысқа ақпараттарды оқығанды қолайлы көретін болды. Данияда да «Транспорт газеті» деген басылым бар. Олар мәтіндерді қысқа-қысқа етіп берді. Сосын метро, автобус, трамвайларға тегін таратады. Арасына жарнамалар қыстыру арқылы содан түскен қаражатпен жұмыстарын жүргізіп отырады. Бұл жағынан осы газет алда келеді. Ал саяси салмағы бар, үлкен зерттеулер мен сараптамаларды басатын газеттер әлі де шығып жатыр. Мен сондай бір басылымды былтыр жазылып алып оқып жүрдім.

 

 

Ал, оқырмандардың азайғаны немесе көбейгені туралы нақты мәліметтер айту қиын. Дегенмен оқитын адамдар азайған жоқ деп ойлаймын. Данияда қағаз нұсқасымен сайты қатар шығып тұрған «Politiken», «Børsen», «berlingske», «Jyllands-Posten», «Søndagsavisen», «MetroXpress», «B.T»,«Ekstra Bladet» қатарлы беделді 8 газеттің оқырмандары туралы зерттеу жүргізілген екен. Осындағы көрсеткішке қарағана, жасы 40-тан жоғары адамдар қағаз нұсқадағы газеттерге көбірек көңіл аударатын болса, жасы 40-тан төменгі адамдар интернет газеттерді қолайлы деп тапқан. Сондай-ақ тағы бір сараптамада 2019 жылы оқырмандардың 50 пайыздан астамы интернет газеттерін оқыпты. Міне бұл да бір түрлі өзгеріс. Уақыт өткен сайын қағаз газеттер азайып, оның орнын интернет газеттер басады дегенді аңғартқандай».

 

Түйін сөз

 Бұларды жаһандану заманындағы ортақ үрдіс деуге де келетін сияқты. Қандай заман келсе де адамдарды ақпаратпен қамдаудың тоқтап қалмайтыны белгілі. Мүмкін олар өзгеше форматқа, өзгеше түрге ауысатын шығар. Бір анығы- жаңа медиа, дәстүрлі басылымдарды ығыстырып келе жатқандығы. Дегенмен шынайы әрі толыққанды ақпарат алуда, салихалы сараптамалар жасап, өрелі ой толғауда бәрібір дәстүрлі басылымдардың «балталасаң да өшпейтіні» анық. Сондықтан газет-журналдар үшін Қожанасыр айтпақшы, «ертең ақырзаман келеді» деуге сәл ертерек сияқты.

 

Ерқазы Сейтқали

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.