Ғалымның аты өшпейді

0
366

Бидай өңді, маңдайы жарқыраған, түрінен ұдайы мейірімді күлкі үйіріліп тұратын, мінезі ашық, өте парасатты білімді ғалым Мағрипа Шөжеғұлқызы Жылқыбаева апамыздың жасы биыл тірі болғанда 75 жасқа толғандай екен. «Құдайға да жақсы адам керек» деген. Өзі мәңгілік мекеніне кеткенмен оның қыруар өлмес мұрасы жасай бермек, жасап та келе жатыр. Қайта өзі бардағыдай емес, күннен-күнге жиі айтылып, жазылып келе жатқандай.

Ең алғаш Мағрипа апамды 2005 жылдың жазында ма, әлде сәл кештеу жанында жапон тілінің маманы, аудармашы, қаламы қарымды журналист туған қызы Шарапаты бар, «Қазақстан-ZAMAN» газеті орналасқан редакцияға кіріп келді. Мен журналист болып жаңадан ұжымға кіргем, ал апамыз болса бұрыннан көптеген өзекті мақалалар жазып, оқырмандарға танымал болыпты. Бәріміз жанына келіп сәлем бердік. Біздің бәріміздің сәлемімізді жылы қабылдап, өткір де, өзекті, оқырмандар сусындап оқитын мақалаларын бас редакторымыз Ертай Айғалиұлына табыстап кетті. Маған бұрыннан таныс, мен Алтын адам мекенінен болғандықтан ертеректе Еңбекшіқазақ ауданының Түрген ауылынан табылған күміс тостаған туралы мақаланы көзім шалып қалды. Мүмкін бұл мақала бұдан да ертерек жазылған шығар. Күміс тостағанның табылғаны жайлы мақала жазғаным есіме түсті. Түрген ауылының маңындағы ашық алаңға соқа түсіп, жер жыртылған. Сол қазылған жерден көне жәдігер тостаған жарық ете қалады. Мақала жазу үстінде жиегіндегі майда жазуларға көзім түсті. Ол маған өрнектелген жиек сияқты көрінді. Әріптер екенін түсіндім. Шіркін, мұнда не жазылды екен деген ой да шырмады басымды. Сөйтсем мұндағы жазуды  ғалым Мағрипа апамыз “МАИН ЕР ТҮРІКТІҢ ТЕГІ” деп тайға таңба бақандай етіп талдап беріпті. Міне, мықтылық. Бұдан да бұрынғы жылдары  Көк түрік, Хара түрік, Сары түрік, Ахали түрік, Мэсхат түрік туралы жазылса, енді оның қатарына МАИН ЕР ТҮРІК қосылды. Біз бүгін оның ғалымдық, журналистік саласына ғана тоқталдық. Негізі физика-матиматика саласына сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Мағрипа апам жайлы айта берсек, істеген еңбегін жазып тауыса алмаймыз. Біртурар ғалым апама арнап мынандай өлең шумағы келді ойыма:

Ғалым Мағрипаға

Еңбегіңе өлмейтін тамсанамын,
Бүгінде еске алуда барша қауым.
Әлі талай ғалымдар көп үйреніп,
Еңбегіңнен алады қаншама ұғым!

Еңбегіңе өлмейтін тамсанамын,
Өзіңе жете алмай жүр қанша ғалым.
Түркілердің жолдарын ашып беріп,
Тарихқа енгізіп жар салғаным!

Жасыңнан еңбегіммен еленгенім,
Білімді әр саладан өнерлі едің.
Ұрпақтардың алдында үлгі болып,
Күннен күнге ғылымда тереңдедің.

 

Шаяхмет Құсайынұлы,
ақын, жазушы, журналист

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.