ШЫҒУ ҚИЫН ОЛ АРАДАН МАТ БОЛМАЙ!

0
324

НЕМЕСЕ САЯСАТ  ОЛ  ШАХМАТТЫҢ ТАҚТАСЫ…

Саясатпен айналысу үшін тәжірибе керек. Терең білім, қажыр- қайрат деген тағы бар. Кеудеңді оққа тосып шаба беру батырлық емес қой…
Саясатқа кіру үшін түрлі әдіс- айла,  сан алуан комбинация, бір бас қулық, жылдам шешім, әбжіл қимыл,  керемет тапқырлық  жасауды үйренген абзал.
Тағы айтамын, құр айқайлап,  далақтап шаба беру пайдасыз дүние. Өзіңе де,  денсаулығыңа да зияны шаш етектен.
Одан да шахмат ойна. Демаласың,  ойлау жүйең күшейеді.
Негізі шахмат тақтасы – саясат алаңы секілді. Нағыз қан майдан сол жерде.
Басты мұрат – жеңу емес, жеңілу де емес, өзіңді адам ретінде сезіну.
Бәрі өзіңе байланысты, әрине.
Шахмат тақтасына отырғанда өзің патша, өзің көсемсің, шіркін!
Қаншама пешканың тағдыры қолыңда. тұр  Аңдаусыз жүрген бір қадам тағдырыңды шешіп кетуі әбден мүмкін.
Қызбалыққа салынсаң біттің,  қарсыласың қалт жібермейді, ойсыратып жібереді.
Айтпақшы демократия да,  шеру де осында.  Ашық майдан мен ашық алаң да көз алдыңда тұрады…
Біз болсақ бәрін оңай көреміз ғой, негізі.
Бір сәт Президент болып,  кешіріңіздер, шахмат тақтасында король болып көрейікші.  Қолыңда үлкен билік бар!
Сонда көресіздер,  сонда сезінесіздер,  билік дегеннің қандай екенін!
Қай жағымнан жау кеп қалады деген қорқыныш пен үрейді бастан кешесің, ең бастысы…
Ішкенің ірің,  жегенің желім болады…
Маңайың шетіней бастағанда, сыртқы күштер қыса бастағанда «Қайран, баяғы бейқам күнім-ай!» деуге дейін барасың.
Бүйткен патшалығың құрысын демесең болды, әйтеуір
«Президент неге өйтпейді,  неге бүйітпейді» деген сөзің үшін ұяласың сол жерде. Өйткені қалың әскерді король емес,  өзің басқарып отырсың ғой…
Мықты болсаң тығырықтан шығар ол бейбақ пешкаларды.
Фигураларды да дұрыс орналастырмасаң өзіңнің сорың.  Мысалы дұрыс орналаспаған қаншаға фигуралар адасып жүр біздің қоғамда…
Шахмат тақтасында мықты комбинация ұйымдастыра білген ұтады.
Әлемдік саясат та солай ғой.
Сосын  бүкіл жаһанда  әлді әлсізді тұқыртады,  бай кедейді басынады.
Шахмат тақтасында да пешка – әскер биліктің, яғни корольдің аяғының астында ылғи.  Тырп еткізбейді. Ашса алақан да,  жұмса жұдырығында.
Тіпті пешкаға піл де,  ат та қожа.  Ат шіркін кейде «лауазымын» пайдаланып,  біздің кейбір шенеуніктер тәрізді пешка- халықтың үстінен қарғып өтеді.  Әділетсіздік бұл жерде де бар.
Елемеуге тырысасың. Өйткені ойын.  Біз сөз етіп жүрген саясат та ойын.
Ал риза болатын тұсың  шахматта тамыр-таныстық жоқ. Пешка байғұс өз еңбегімен, жаяулап,  жалпылап «өседі».  Әй,  бірақ ондайлар аз. Байғұстар жерімді,  елімді,  патшамды қорғаймын деп жүріп «қыршынынан» қиылады.
Аяйсың жаның жылап…
Корольдің жаны қиналғанда Ферзяның өзін құрбандыққа шалып жіберетінін сезінгенде «Ханда бауыр жоқ,  таста тамыр жоқ» деген бабалар тәмсілі ойыңа келеріне бәс тігемін..
Ферзяның қасында пешка деген не, тәйірі!
Айтайын дегенім,  билік те шахмат тақтасы секілді құрылым. Ол жерде де бізге көрінбейтін «мылтықсыз майдан»  жүріп жатқаны айдан анық.
Ал біз болсақ, билікті сынауға құмармыз. Жоқ дегенде бір шымшып қоямыз.
Бәз біріміз үйдегі бала-шағаға,  әйелге сөзіміз өтпей жатқанын мүлде ескермейміз… Саясат біздің не теңіміз?!
Ағайын- туысқа,  көрші-көлемге өзіміз сыйлымыз ба? Елге сөзіміз өтімді ме? Оған мүлде қарамаймыз.  Ол туралы ойламаймыз!
Ағайын, кел, одан да шахмат тақтасында бақ сына!  Нағыз саясат осында ғой…
Мұнда да бірде жеңілесің, бірде жеңесің.  Кейде тең ойынға қуанасың.
Ең бастысы  сабырлылыққа, дипломатияға үйренесің.
Алдап – арбаудың қай жерден шыққанын бажайлайсың.
Қулық- сұмдықтың тарихына көз жүгіртесің.
Өмірдің күрес екенін сезінесің.
Өзіңді тәрбиелейсің!
Шахмат арқылы  саясатқа төселіп алсақ, ар жағын көре жатармыз. Дәл қазір бізге көп нәрсе үйрену керек… Әсіресе саясаттың қыр- сырын.
Кел, ағайын, билікке қарап бекер кіжінгенше,  саясатқа кеткен кегімізді шахматтан алайық…
Ол жерде әскерін қырып, корольге қарсы шықтың деп ешкім сені автозакқа желкелеп тықпайды.  Өзің би,  өзің қожасың!
Әйтпесе Бораттың бопсасына бодау болып, қайран уақыт босқа өтіп жатыр.

 

Нағашыбай Қабылбек

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.