Перуашевтің «сарыуайымының» астарында не жатыр?

0
281

Біздің елде әзірге “Nur Otan”-ның алдына шығар партия жоқ. Оның «ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс». Алып та жығады, шалып та жығады. Соңғы уақытта белсенділіктері де күшейді. Дүркіретіп праймериз өткізіп, ел ішіндегі «Сүт бетіне шығар қаймақтарды» іріктеп алуға күш салуда. Ондағы мақсат: халықтың қолдауына ие болу. Халықтың өз ішінен шыққан азаматтарға сенім арту.  Өйткені 10 қаңтар Парламент Мәжілісіне сайлау өтпек. Шәкәрім атамыз: «Бұл ән – бұрынғы әннен өзгерек» демекші, бұл сайлау да бұрынғылардан өзгерек болары сөзсіз!

Ал Парламенттегі «Коммунистер» мен «Ақжолдықтар» елге жағудың түрлі шараларын жасап жанталасып бағуда. Мәжіліс мінберінен депутаттық мандаттарын пайдаланып, әбден қордаланған өткір мәселелерді батыл айтуға кірісті. Сынауға да, мінуге де даяр. Егер сырт көз көрсе «Нағыз демократия осы елде екен» дейтіні анық.  Қыбын тапса «өтпес пышақ қол кесетіні» рас секілді.    Жә, делік.

Мұның бәрі сайлау алдындағы жанкешті әрекет дейтіндер бар.  Кім білсін! Біреудің ішіне біреу кіріп шығып па? Егер жасандылық болса, су бетіне қалытқыдай қалқып шығар күнде туар.

Сонымен қойшы, «Бізде оппозиция бар ма?» деп күдіктенетіндерге елді елең еткізген мынау «жалынды» сөзді көлденең тарта қоюға әбден болады. «Барлық жерде «Nur Otan» партиясының филиалдарын әкімдердің басқаруы дұрыс емес. Өңір басшысы шенеуніктердің ғана мүддесін ойламай, барлық азаматқа қызмет етуі керек», – депті «Ақ жол» фракциясының депутаты Азат Перуашев Ақтөбеде өткен «Ақ жол» демпартиясының облыстық конференциясында.  Бұған елең етпеген жан жоқ.

Айтпақшы баяғыда бір әумесер «Бәрімізде әкемізді сабап едік, бірақ арбаға байлап қойып сабағанды алғаш рет көріп тұрмын» дегені секілді, талай сынды бізде естіп едік, алайда мүйізі қарағайдай «Nur Otan-ға» шүйлігіп, оның «осал тұсынан соққы жасағанды» бірінші рет көруіміз. Бұл үшін де жүрек керек-ау.

Жылт еткен жаңалық дыбыстан да жылдам тарайтын заманда тіршілік кешудеміз. Содан да болар «Бұл «Ақжолға» қайдан келген батырлық» деп таңданып жатқан ағайын көп. Оларға айтарым,  «Қорқақты қуа берсең батыр болар» дегенді ескерейік. Алаштың жоғын қуған партияның сайлау қарсаңында «рухы оянып» жатса,  демек, алдағы күнге деген үлкен сенімі болар…

Бірді айтып бірге кете бердім-ау, депутат Перуашев жоғарыда айтқанымен тоқтай қоймапты.  Соған қарағанда ойы ұшқыр секілді. Қазақ танымында ұшқыр ат  алды-артына қарамай қара үзіп кететіні бар. Алайда кейде мәреге жете алмай барлығып саптан да шығып  қалып жатады.

Әйтсе де «Ақжол» партиясының бабы мен бағы туралы бірдеңе деп топшылау қиын. Бірақ «Nur Otan» партиясының 1 млн мүшесі бар екенін жіліктеп тастағанына қарағанда, әбден ашынғанға ұқсайды.

«Еліміздің халқы 19 млн. Егер әкімдер тек өздерінің адамдарын ғана қолдайтын болса, қалған 18 млн кімге сүйенеді? Мұндай тәжірибеден кету керек, мүмкін тіпті билік партиясы филиалдарын басқаруға тыйым салу керек шығар. Билікке ғана емес. Халыққа қызмет етсін», – депті ол.

Негізі Перуашевті қолдап жатқандар да, соққылап жатқандар да аз емес. «Перуашев дұрыс айтады. Әкімдер «Nur Otan-ға» мүше болғанды қою керек. Халық саны Жапониядан 7-8 есе аз бола тұрып, шенеуніктеріміз олардан шамамен 3 есе көп» деп уәж айтып жатқандар бар.

Журналист Тоқтар Жақаш: «Ақ жол» партиясының бағдарламасынан бейхабармын. Оның қолдаушысы да емеспін. Бірақ Азат Перуашев дұрыс айтады. Негізінен, біздегі мемлекеттік қызметтегі басшылар, министрлер мен әкімдер және оның орынбасарлары жетекші партияға мүше болуды қою керек. Біз әлі де баяғы коммунистік партияның батпағынан шыға алмай отырмыз. Ол уақытта «партияға кандидат» болу – саяси карьераның трамплині деп саналатын. Сол түсінік әлі де өзгермеген деп пайымдаймын. Және оның бәрі «Nur Otan» мүшесі. Ал партияластар бір-бірінің кемшілігін жауып, көрмеуге тырысады. Бір партияға ғана мүше болған елдің трагедиясын кеше ғана бірнеше рет бастан кештік. Сондықтан министрлер, әкімдер мен олардың орынбасарлары, орта деңгейдегі шенеуніктер бейпартия болғаны дұрыс. Мен солай ойлаймын» деп жазыпты әлеуметтік желіге.

Жапонияда мемлекеттік қызметкер бүкіл тұрғынның 8 пайызы ғана. Ал бізде 21 пайыз екен. Мұны санға шаққанда – үш жарым миллион! Кейбір деректерде шенеуніктер армиясының саны 100 мыңның айналасында ғана деп жазылған. Меніңше, ол өте көп азайтылып жазылса керек. Өйткені тек, Қарағанды облысында 7500 мемлекеттік қызметші бар екен. Осы санды елдегі 14 облысқа көбейтсек, тек, аймақтардағы шенеуніктердің саны 105 мың. Бұған республика деңгейіндегі Астана, Алматы, Шымкентті қосамыз. Мемлекеттік басқару органы – министрліктер мен ведомстволардың саны 17. Ал бір министрдің алты бірдей орынбасары, олардың әрқайсысында екі-екіден кеңесші, департамент басшылары мен орынбасарлары, қатардағы қызметкерлерінің санына жетіп болмайсың.

ПЫ-СЫ: «Ақжол партиясы» төрағасының Мәжілістегі әріптесі «Nur Otan-ды» сынауы – оппозициялық партияның Мәжілісте бар екенін білдіре ме? Әлде бұл сайлау қарасаңындағы жанпида әрекет пе?

Иә, «Ақжолдықтардың» бар еңбегін, салмақты депутаттық сауалдарын жоққа шығару ойымда жоқ. Олардың «Ауыр артилериясы» еліміздегі кейбір министрліктер мен банк саласындағы келеңсіздіктерді, «Банды жайлаған Петербургті», кешіріңіздер, жемқорлық жайлаған жүйені аяусыз «атқылағаны» рас. Алайда номері бірінші партияға «тіктеп қарап», оның іс – әрекетін «арадай талағанын» өз басым көрмеппін.

Жоғарыда  «Депутат Перуашевті қолдап жатқандар да, соққылап жатқандар да аз емес» дедім. Қолдағандар жайлы айтылды. Ал соққылап жатқандар «Nur Otan-ның» партиясының төрағасы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев қызметінен кеткенде Азат мырзаның көзіне жас алып, кемсеңдеп жылағанын түсіне алмай әлек.

Әлеуметтік желіге көз жүгіртсек, біреулер «кеткеніне қуанып жылады» десе, бәз біреулер «қимастықтың көз жасы ғой» деп таласып жатыр…

 

Нағашыбай Қабылбек

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.