Мұратов Тимур Мұратұлы, Нұр-Сұлтан қаласы Денсаулық басқарма басшысы: «Басты мақсат: бірінші толқындағы жағдайлардың қайталануын болдырмау, қателік жібермеу»

0
62

– Құрметті Тимур Мұратұлы! Әңгімеміздің әлқиссасын өзіңіздің қызметіңізден бастасақ. Сіз тізгінін ұстап отырған Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына жүктелген міндеттер қандай? Басқарманың жалпы қызметі жайында айтсаңыз?

– Нұр-Сұлтан қаласының қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексіне сәйкес жұмыс істейді. Кодекстің 13-бабына сәйкес біз өз құзыреті шегінде денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырып келеміз, оған қоса әрине денсаулық сақтау саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының орындалуын қамтамасыз етеміз. Тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін алу үшін жеке тұлғалардың құқықтарын іске асыруды қамтамасыз ету де біздің басты міндетіміз.

Соңғы уақытта орын алған жағдайлар, атап айтқанда, әлемдік масштабтағы пандемия дәрігерлердің қызметі қаншалықты маңызды екенін көрсетіп  берді. Аспан асты елінен шығып жаһан жұртын жайлаған қауіпті індет Қазақстанға жеткен тұста ең алдымен ауыртпалық дәрігерлерге түскені жасырын емес. Жалпы елордалық емханалар мен бас қаладағы медицина қызметкерлері осынау қауіпті індетпен күресуде қаншалықты қауқарлы болды деп ойлайсыз? Қазір бас қаланың емханаларындағы ахуал қандай?

– Сөздің басында айта кететін маңызды мәселе – пандемияға ешбір медицина жүйесі, жалпы алғанда ешбір мемлекет дайын болған емес. Дамыған елдердің өздері – жоғары деңгейлі медициналық құрылымдары бар елдер жаңа індет алдында тізе бүкті. Дәл сондай жағдай біздің елімізде де орын алды. Негізі медицина саласында «адами ресурс» деген түсінік бар. Елордада 21 мыңға жуық медицина қызметкері жұмыс істейді. Соның бәрін жұмылдырған күннің өзінде пандемиямен күресте бұл жеткіліксіз ғой. 5-6 мың төсек орын ашып, науқастарды жатқызуға күшіміз жетеді. Одан әрі асып кетсе, әрине жұмыстың бәрі жоспарсыз, жүйесіз болып кетуі мүмкін. Карантин шарасы жеңілдетілгеннен кейін шыны керек, адамдар індет тоқтап, пандемия біткендей қуанды, қоғамдық жерлерге топ-топпен шыға бастады. Осылайша қарапайым сақтық шаралары сақталған жоқ, яғни, әлеуметтік қашықтық пен қол гигиенасын сақтау, бетперде кию, көпшілікте жиналмау сынды нәрселер ұмытылды.Соның салдарынан КВИ ауырған науқастардың саны күрт өсті. Мұндай жағдайда жүйелі түрде медициналық көмек көрсету қиын екенін түсіну керек.

Сондай-ақ, пандемияға қарсы төмен дайындығын қала дәріханалары да көрсетті. Яғни дәрі-дәрмектердің жетіспеушілігіне, халық тарапынан наразылыққа тап болдық. Қаладағы дәріханалар жекеменшік болып келгендіктен, олардың қызметіне бас соғу біздің құзырымызда емес. Пандемия кезінде осы сұрақтардың барлығы қарастырылып, дәрілердің бар-жоғына тексеріс жүргіздік. Олардың жеке қызметіне араласып, жұмысты реттеуге мүмкіндік туды. Ең қажет деген дәрі-дәрмектерді сатып алу үшін қалалық дәріханаларға қала әкімдігі 1 млрд 600 млн теңге бөлді.Бұл КВИ өршіген кезде халық дәрісіз қалмасын, қызмет көрсету сапасын жақсарту деген ойда қарызға берілді.

Бүгінде әлем жұртшылығы COVID-19-дың екінші толқынынан қауіптеніп отыр. Расында қауіп жоқ та емес. Себебі Еуропа елдерінде бұл дерт қайта дендеп бара жатқаны байқалуда. Демек, біздің елге де төнер қауіп бар. Оның үстіне Денсаулық сақтау министрлігі коронавирустың екінші толқыны болуы ықтимал екенін жоққа шығармайды. «Жаман айтпай, жақсы жоқ». Екінші толқынға дайынсыздар ма?

– Мүмкін деген екінші толқынға дайындық қызу үстінде. Әрине, оның болмағанын бәріміз қалаймыз, дегенмен «індет айтып келмейді» дегенді ұмытпайық. Мұндағы ең маңызды мәселе – бірінші толқындағы жағдайлардың қайталануын болдырмау, ешбір жерде қателік жібермеу.

Ең бірінші мақсат – алғашқы медициналық санитарлық көмек көрсету ұйымдардың жұмыс сапасын арттыру және дәл осы ұйымдардың қызмет маңыздылығын көрсету. Бұл бағытта жұмыс толықтай жүргізіліп жатыр. Түсіндіріп өтсем, былай: науқастың дене температурасы көтерілсе, дене қызуы, жөтел байқалса, бірінші қайда барады? Емханаға әрине. Немесе жедел жәрдем қызметіне жүгінеді .Осылайша осы екеуінің арасындағы өзара әрекеттесуді қамтамасыз ету үшін арнайы алгоритм бекітілді. Науқас осы екі кезеңде медициналық көмекке жүгінген кезде, оның денсаулық жағдайына баға беру басты назарда. Керек болса оны ауруханаға жатқызу немесе АМСК ұйымдарында медициналық көмек көрсету, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіп, үй жағдайында емдеп шығу маңызды. Осындай шараларды қолданудың себебі неде? Бастапқыда науқасқа АМСК ұйымында тиісті медициналық көмек көрсетілмей, аурудың асқынуына жол берсек, біздің тарапымыздан ашылған төсек-орындар, медициналық ұйымдарды қамтамасыз еткен медициналық жабдықтардың мәні болмайды, медицина жүйесінің сапасы осылайша артпайды. Төсек-орындар мен жаңа ұйымдарды шексіз аша беруге болады, бірақ ауруханада КВИ-мен жатқан науқастардың санын арттырудан не пайда? Бұны болдырмау тиіс.

Бүгінде қалада коронавирустық инфекцияға арналған биоматериалдарды зерттеуге арналған 13 зертхана бар. Зертханалардың жалпы қуаттылығы тәулігіне 7 мың сынаққа дейін жетеді. Қазіргі уақытта 423 мың зерттеу жүргізілді, оған қоса 162 мыңға жуық сынақ бар. Соған қоса жалпы қуаттылығы тәулігіне 1 440 сынақтан тұратын 9 жедел изотермиялық зертханалық кешен сатып алу жоспарлануда.

Адамда пневмонияның бар-жоғын нақты тексеру, дұрыс диагноз қою үшін сандық рентген аппараттың қажеттілігі өседі. Биыл осындай 12 аппарат алынды, оған қоса 2 мекемеге жаңа КТ аппараты әкелінді. Бұрын-соңды болмаған, яғни осыншама мөлшерде бірден 414 өкпені жасанды желдету аппараты құрылғыларымен қамтамасыз ету биыл бірінші рет.

Коронавирустың алғашқы толқыны кезінде бас қаладағы көптеген емханалар осы дертті емдеуге бейімделіп, COVID-19-ды жұқтырған  науқастарға ем-дом шараларын көрсеткен болатын. Енді екінші толқын бола қалған жағдайда елордадағы қай емханалар жұмыс қарқынын үдетеді?

– Алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарының деңгейінде COVID-19 симптомсыз және ауруы жеңіл болып келетін, сондай-ақ індет жұқтырғандармен байланысқа түскен адамдарға науқастарды қашықтықтан басқару бойынша жұмыс ұйымдастырылады. КВИ және пневмониямен ауыратын науқастарға үй жағдайындағы ауруханалар ұйымдастыру, сондай-ақ оларға ақысыз дәрі-дәрмектер беру қарастырылған.

Қаланың барлық емханаларында мобильді топтардың жұмысы пациенттерге үйге бару арқылы қызмет көрсету жұмысы ұйымдастырылды. Індетке күдікті науқастардан т.с.с. коронавирустық инфекцияға үйден ПТР тест алу қарастырылған. Олардың саны 207-ні құрайды.

Қалалық емханаларда әлеуметтік арақашықтықты ескере отырып, пациенттер үшін күту бөлмелері, респираторлы аурулары бар науқастарды қабылдау үшін фильтр кабинеттерді ұйымдастыру қарастырылған.

Қауіпті топтағы пациенттерді (гипертония, қант диабеті, коронарлық артерия ауруы, астма және басқалары) тұрақты түрде бақылау мобильді топтарды тартуымен жалғасатынын атап өткіміз келеді. Науқастарды жоспарлы түрде қабылдау міндетті алдын-ала жазылу арқылы жүзеге асырылады.

Тимур Мұратұлы! Қазір ақ халаттылардың еңбегіне деген қоғамның көзқарасы өзгерді. Тіпті мемлекеттік деңгейде медицина саласының мамандарын қолдаудың жаңа тетіктері жүзеге асырылып жатыр. Осы орайда өзіңіз қызмет ететін саланы ілгерілету үшін тағы қандай жұмыстар атқарылуы керек деп есептейсіз?

– Дамыған елдермен салыстырмалы түрде қарағанда, шын мәнінде, біздің ақ халатты абзал жандардың еңбегі төмен деңгейде бағаланғаны белгілі. Осыған байланысты Мемлекет басшысы да әрдайым медицина қызметкерлерін қолдау, медицина саласына аса көңіл бөлу екенін атап өтеді. Осылайша ақ халаттылардың жалақысын 2 есе көтеру деген сұрақ өз өзектілігін жоғалтпайды. Сонымен қатар, пандемиямен күресте болған медициналық қызметкерлер үш түрлі категория бойынша 850 мыңға дейн үстемақы алып жатыр. Оған қоса, КВИ-мен науқастанған қызметкерлерге 2 млн теңге көлемінде төлемдер берілуде. Індет жұқтырғандар медициналық қызметкерлер  саны қала бойынша 1700-ге дейін жетті, бүгінде оның 700-ге жуығы үстемақыларын алды.

 

– Күз мезгілі түрлі вирустардың тез тарайтын, әсіресе тұмаудың белең алатын шағы. Бұған коронавирус пен пневманиядан төнетін қауіпті қоссақ, сіздердің нағыз сыналар сәттеріңіз. Қазір тұмауға қарсы екпе салу басталғанын білеміз, жалпы бұл жұмыстың қарқыны қалай? Сонымен қатар COVID-19-ға қарсы вакцина да сынақтан өткізілгелі жатыр. Бұл бағытта жұмыс істеп жатқан қазақстандық ғалымдардың жұмысы қаншалықты нәтижелі болады деп ойлайсыз?

– Коронавирус – жаңа зерттелмеген індет. Барша әлем жұртын дүр сілкіндірді десем қателеспеспін. Негізінде, вакцина жасап шығару ұзақ процесс. Оны ойлап шығару, әзірлеу ондаған жылдарға да созылады. Оның жасаған өзінде ол бірнеше кезеңдік тексеруден өту керек. Кейде вакцина жасалып жатқан аурудың эпидемиясы пайда болғанға дейін аяқталатын жағдайлар болды.

Осы уақытқа дейін ғалымдарға вакциналарды мұндай қарбаласта жасаудың қажеті жоқ еді, сондықтан COVID-19 вакциналарын кеңінен қолдану мүмкін болатынын нақты айту өте қиын.

Тимур Мұратұлы, жалпы тұрғындар ауырмаудың жолы сақтық шараларын қатаң ұстану екенін әлі де толық түсінбеген сияқты. Себебі қазір қарапайым ғана маска тағу талабына салғырт қарайтындар бар. Осы орайда Сіз өз тарапыңыздан азаматтарға қандай кеңес бересіз? Қазіргі қысылтаяң шақта вирус жұқтырып алмаудың жолы қандай?

– Пандемия бүткіл өмірімізді, жоспарларымызды өзгерткені сөзсіз. Қазақ халқы көпшілікті, бас қосып жиналу, той-думандарды сүйетін халық. Бізді ерекше етіп көрсететін сол шығар. Осыдан толықтай бас тарту бізге біраз қиынға келді. Алайда, коронавирус үлкен жиналыстар мен салтанатты шараларсыз өмір сүруге болатынын дәлелдеді. Бастысы – деннің саулығы, жанымызды аман сақтап қалу. Қатаң сақтау тиіс сақтық шаралары халық үшін істеліп жатқанын ұмытпау керек. Әлеуметтік арақашықтық, бетперде кию, аса қажетіліксіз қоғамдық жерлерге барудан бас тарту, қол гигиенасын сақтау өте қажетті нәрселер. Қарапайым профилактикалық шараларды сақтаған адам індетті жеңеді. Барша қазақстандықтарды сақтық шараларын сақтап, мамандардың нұсқауларын орындауға шақырамын. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, тек бірлікте жасаған жұмыстың арқасында аурудың алдын-алып, пандемиядан аман-есен шыға аламыз.

– Уақытыңызды бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

 

Әйгерім Ардаққызы

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.