Құртқа тәуіптің таңғажайып емдері

0
52

Қазақтар ерте кезден-ақ емдеудің қасиеттерін білген. «Әуелі – денсаулық, онан соң – ақ жаулық, онан соң – он саулық» деген қазақтарда халық медицинасы күнделікті тұрмыста үлкен рөл атқарды. Адам жанының шипагерлері – емшілерді халық қатты құрметтейтіні, бағалайтыны сонау түркі дәуіріндегі ғұлама Жүсіп Баласағұнның мына бір жыр жолдарынан да байқалады:

 

…Бұдан басқа талай топтар тағы бар,

Білімі де, білігі де алуан.

Соның бірі оташылар, ғажабы –

Күллі дерт пен кеселіңді жазады.

Ең керекті кісілерің, оларсыз,

Тірлік ісі оңалмайды – соларсыз …

Тірі жанды кесел мен дерт буса,

Оташылар емдеп шипа қылады [1, 442-б.].

 

Жұрт арасында ерте кезден шипагерлік қызмет атқарған адамдарды емші деп атап кеткен. Түрлі ауру-сырқауды халықтық тәжірибе, халықтық білім бойынша емдеуді меңгергендігіне қарай емшілер тәуіп, оташы, тамыршы, абыз, зікірші, балгер, жауырыншы, үшкіруші, сынықшы, бақсы, елті деп бөлінген [2, 717-б.].

«Емшіні шипагер деп атаған жөн, шипа жазады, қонады, дариды, айықтырады деген сенімділіктен туады, – деп өз тұжырымын ұсынады XV ғасырда өмір сүріп, «Шипагерлік баян» атты еңбек жазған қазақтың әйгілі шипагері Өтейбойдақ Тілеуқабылұлы. – Жазылсын, қонсын, дәру болсын деген ақ тілек. Бұл науқас пендеге қуат беру» [3, 33-б.].

Талай пендеге қуат берген, шипагерлік қызметімен қазақ-қырғыз арасында даңққа бөленіп, қазақтың бас тәуібі атанған жанның бірі жетісулық емші Құртқа тәуіп Сұлтанқожаұлы. Ол туралы «Жетісу» энциклопедиясында мынадай мәлімет бар: «Құртқа Сұлтанқожаұлы, Құртқа тәуіп (1770-1906) Жетісу және көршілес қырғыз еліне аты кең тараған халық емшісі. Ұлы жүздегі Шапырашты руы Шыбыл тармағының Байыс атасынан. Құртқа арабша-парсыша оқыған. Ол ауыр науқастарды емдеп жазып, күрделі оталар жасай білген. Қоқандықтармен соғыста жаралы болғандарды емдеп, ота жасап, сүйектегі оқты алған. Құртқа 136 жыл өмір сүрген» [4, 427-б.].

Құртқа тәуіпті көзі көрген адамдар кең маңдайлы, ұзын бойлы, ат жақты, қаба сақалды, өткір көзқарасты, қыр мұрынды, сұңғақ денелі, жылы шырайлы деп суреттеген [5, 11-б.].

Халықтық емшілік саласына зор еңбек сіңірген Құртқа тәуіп қарапайым бақсы-балгер түсінігіне сыймайды, себебі Құртқа тәуіп медреседе оқып, білім алған, араб-парсы тілдерін жақсы білген және сол тілдерде жазылған кітаптарды оқи алатын жан болған. Бұл оның Шығыс медицинасы тарихынан, емдеу ілімінен хабары болғанын көрсетсе керек.

Үш ғасырды көрген Құртқа тәуіп жаугершілік заманда өмір сүрді. Жас Құртқаға емшілік қасиет әкесі Сұлтанқожадан қонған деседі. Жетісу жұрты Сұлтанқожаны атақты сынықшы ретінде таныған. Ел мен жер үшін болған үлкенді-кішілі ұрыстарда Сұлтанқожа әскери қолдың қасынан табылып, жаралы жандардан емшілік қызметін аямады. Құртқа да ес біле келе әкесіне ұрыстарда жарақат алған сарбаздарды емдеуге қолқанат болды. «Ата көрген оқ жонар» демекші, Құртқа да емшілік дарыған әке жанында жүріп, шипагерлік кәсіптің қыр-сырын ұғына бастайды. Есейе келе өзі де ата кәсібінің білгіріне айналса керек.

Ө.Тілеуқабылұлының «Шипагерлік баян» кітабында өсімдіктен алынатын 728 түрлі, жан-жануарлардан алына-тын 318 түрлі, металл-металлоидтардан түзілетін 318 түрлі шипалық қасиеті бар дәрілер аталып, мыңнан астам дәрі түрлері арқылы 4 мыңнан астам шипалық шара (рецепт) ұсынылып, 500-ге тарта анатомиялық атаулар көрсетіледі екен. Бұл қазақтың халықтық медицинасының тамырының тереңдігін көрсетеді.

Адам жанын емдеуші Құртқа тәуіп секілді емшілер емдік шөптердің алуан түрі мен қасиеттерін білетін. Сынық, қан тоқтамау, жүрек ауруы, шешек сияқты және тағы басқа ауруларға қарсы шөптен жасалған дәрі-дәрмекті қолданды. Дәрі-лік шөптерден емшілер тұнба, жақпа, қайнатпа, ұнтақ жасай-тын. Дәрі-дәрмек жасау үшін шөп тамырлары, жемісі мен жапырақтары, сондай-ақ тамырлары пайдаланылды. Оларды жинаудың да мерзімін білу емші үшін аса маңызды болатын. Мысалы, емдік шөптің сабағы мен жапырағын жаз айларын-да теріліп алынса, ал тамыры мен жемісі, көбіне, күзде жиналып алынатын. Емдеуге арналған дәрілік шөптерді сақтаудың да өз ережелері болатын. Оларды қараңғы әрі құрғақ жерде, арнайы матадан тігілген қаптарда, кейбірін теріден жасалған ыдыста сақтайтын.

Дәрілік шөптердің қасиеті жөнінде XI ғасырда өмір сүрген тағы бір ғұлама ғалым Махмуд Қашқари: « Тағна – қош иісті өсімдік. Кейбір ауруларға ем де болады. Қатыққа араластырып, сұйық кеспеге қосса, тамақтың түрі құлпырып кетеді» [6, 32-б.], – деп жазады. Тағы бір шөптің қасиетін М.Қашқари «Қумлақ – қыпшақ елінде өсетін өсімдік. Оны бал араластырып, шарап жасайды. Сол өсімдік кімнің ыдысына түссе, оның өзі жортуылға шыққанда, өзен-теңіз толқынданып, қайық-кемесі шайқалып, ішіндегілер ғаламат апатқа тап болады» [6, 33-б.], – деп көрсетеді. «Ұғыт – бидайдан шарап жасау үшін қолданылатын ашытқы. Бұл ашытқы бірнеше дәрі-дәрмектің қосындысынан жасалады» [6, 32-б.], – деген М.Қашқаридің мәліметі шипагерлердің тағы бір қырын көрсеткендей, олардың бір ғана емес, бір-неше дәрінінің қоспасының қасиетін білетін біліктілігі барын айғақтайды. Бұның өзі өсімдіктердің емдік қасиетімен қоса тағамға пайдаланғанда беретін нәтижесі туралы құпиялардың ұрпақтан ұрпаққа жетіп отырғанын байқатса керек.

Ел ішінде 200 жүзге жуық ауру мен оны емдеу түрі туралы мәліметтер белгілі болды [2, 717-б.]. Қазақ халқы осы аурулардан халықтық медицинаның жәрдемімен, Құртқа тәуіп сияқты шипагерлердің білімі мен білігі арқылы аман қалып отырды. Халық емшілерінің әрқайсысының өзіне мәлім, өзіне тән емдеу тәсілі мен құпиясы болды және де олар бір-бірінің емдеу тәсілін қабылдай берейтінін Жүсіп Баласағұн еңбегіндегі мына жолдар байқатады:

Бақсы сөзін оташы елең қылмайды,

Оташыға бақсы жүзін бұрмайды.

Ол айтады: Дерт дәрімен айығар,

Бұл айтады: жазба* жыннан айырар [1, 443-б.].

 

Бұдан байқалатыны, бақсылар тұмар жазып беру арқылы емдеу жолын ұсынса, ал оташылар дерттің бетін дәрімен қайтару жолын құп көрген.

Қазақтың дәстүрлі медициналық тәжірибесі барынша молдығымен ерекшеленеді. «Қазақтарда барлық аурулар ауыр науқас, жеңіл науқас деп екіге бөлінеді» [7, 91-б.], – деп көрсетеді қазақтың ағартушы ғалымы Шоқан Уәлиханов өзінің «Қазақтардағы шамандықтың қалдығы» атты еңбегінде. Аурудың жеңіл түрімен қатар ауыр түрінің де бетін қайтарып жіберу шипагерге сын болатын. Ал Құртқа тәуіп аурудың осы екі түрін де жазып жібере алатын болған. Сондықтан да жанына шипа тапқандар Құртқаны көзі тірісінде-ақ «әулие» атандырды. Құртқа тәуіпті халықтың ақ батасы одан әрі біліктілігін шыңдай түсуіне ынталандыра түскендей. Жетісу жеріне келіп-кетіп жатқан керуендер арқылы емдеуге қажетті дәрі-дәрмектерді, кітаптарды алдыртып отыратын болған. Өзі де Ташкент, Бұхара, Самарқанға, Қытайға сапарлап тұрған [5, 16-б.].

Дайын дәрі-дәрмекпен қатар  дәрілердің көп түрін дайындаған. Дәрі жасауға қажетті өнімдерді, емдік шөптер мен бұтақ-тамырларды, туған жері Алатаудың бөктерінен, сондай-ақ далалы жерлерден де жинап, кептіріп алатын болған. «Дәрілік өсімдіктер  (лат. Plantae medicinalis), шипалы өсімдіктер – медицинада және мал дәрігерлігінде емдеу және аурудың алдын алу мақсатында қолданылатын өсімдіктер, – деп анықтама беріледі Уикипедия ашық энциклопедиясында. – Дәрілік өсімдіктердің емдік қасиеті олардың құрамында стероид, тритерпен, алкалоид пен гликозидтердің, витаминдердің, эфир майлары мен тұтқыр заттар сияқты түрлі химиялық қосылыстардың болуына байланысты. Қазақстанда өсетін алты мыңнан астам өсімдік түрінің бес жүздей түрі дәрілік өсімдіктерге жатады. Дәрілерді дайындау үшін шикізат ретінде пайдаланылатын дәрілік өсімдіктер бөлек іріктеледі. Дәріні көбінесе жабайы өсімдіктерден алады. Дәрілік өсімдіктер кептірілген шөп, тұнба, қайнатынды, шай, ұнтақ, т.б. түрінде қолданылады. Соған қарамастан адамдар пайдаланып жүрген дәрілік шөптердің бәрі бірдей медициналық тұрғыдан өз бағасын алған жоқ, ал ондай шөп қолында барлар кебіне оны қате пайдаланады. Кейбір дәрілік шөптер, егер оларды ұсынылғанынан артық мөлшерде қабылдаған жағдайда, өте улы келеді». Ал Құртқа тәуіп осындай шөптердің қайсысының қандай емге дауа болатынын, олардың емдік қасиетін жақсы білген. Құртқа тәуіп өмір сүрген тұста айтып келмейтін ауруға шипагердің дәрі-дәрмегінің дайын тұруы шарт болатын. «Дәрінің бәрі у, алайда у да дәрі болады» деп жылан уының да емдік қасиеттерін қолданған. Жаңа жерге көшіп келген ауыл тек Құртқа тәуіптің су қосқан дәрісін шашып, аластағанынан кейін ғана қоныстанады екен [5, 26-б.].

Шоқанның достарының бірі аудармашы И.А. Бардашев 1855-1856 жылдары Ұлы жүз қазақтары арасында болып, олардың мақал-мәтелдерін жинастырады. Сол жинақтың ішінде денсаулыққа қатысты мынадай мәтелдер кездеседі: «Жасың қырыққа келген соң, аяққа шідер түсер», «Өшкен жанбас, өлген тұрмас», «Мезгілсіз таң атпайды, уақытсыз жан шықпайды» [8, с.279-279]. Расында, уақыты жетпей, адамның дәм-тұзы үзілмейтінін халық та, емшілер де білген. Білімі мен білігі қатар түсетін тәуіп-шипагер, абыз әрі әулие, көріпкелдігімен де даңқы шыққан Құртқа тәуіп 136 жыл жасаған дейді зерттеушілер. Жалпы, ұзақ ғұмыр кешетіндер арасында 140 жасағандар да бар екені мәлім.

Ендеше, Құртқа тәуіптің бір ғасыр жасап, онан кейінгі 36 жылда да өмір сүруі әбден мүмкін. Өйткені ол ұзақ ғұмыр кешудің құпиясын білді, тіпті, өзіне-өзі ота жасап, ауырған аяғын кесіп, емдеп алған көрінеді [5, 8-б.]. Өзі жасаған жасанды аяқпен жүру, 100-ден асқанда бұрынғы тістері түсіп, орнына жаңа тістің шығуы [5, 8-б.] – тәуіп білген емшіліктің құдіреті демеске шара жоқ.

«Құртқа тәуіп – жұртқа тәуіп» деген сөздер оның Жетісуда танымалдылығын дәлелдейді. Ол туралы аңыз-әңгімелер ғана емес, шипагерлік тәжірибесі мен өнегесі кейінгі халық емшілеріне жетті, біржола ұмытылып кетуі мүмкін де емес еді. Себебі халық емшіліктің қыр-сырын білетін шипагер-лерге деген сенімін тіпті кеңес заманында да жоғалтқан жоқ. Құртқа тәуіптің бейіті жатқан Алматы облысындағы Шилібастау өңірін жақсы білетіндердің бірі өзімнің нағашы аталарым еді. Олардың арасында тәуіп, тамыршы болған-дары баршылық. Үлкен нағашы атам Мәтқоңыр Егембердіұлына тамыр ұстатып жатқандарды бала кезімізде талай көрдік. Ол кісі әрі сынықшы да болатын. Ал анам Күлбағира Мәтқоңырқызы тағы бір нағашы атамыз Саржан Егембердіұлының құрбақаны жарып жіберіп, ірінді жараға тірідей байлап, емдеп жіберетін шипагерік қасиеті болғанын әлі күнге дейін айтып отырады. Өкінішке орай, олардың емшілік өнегесі қағаз бетіне түспей қалды. Әйтсе де Құртқа тәуіп сияқты дарынды жандардың емшілік қасиеті, шипагерлік білімі мен біліктілігі жоғалған жоқ. Оны емшілік қасиет дарыған емшілердің кейінгі буыны жалғастырды. Ендеше емшілік, шипагерлік білім мен білік атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жететін асыл мұрамыздың бірі болса керек.

 

А.Ш. МАХАЕВА,

тарих ғылымдарының докторы, Абай атындағы

Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің

Әлем  тарихы кафедрасының профессоры

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.