Абай мұрасы араб елінде

0
130

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласында: «Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақ бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет» деген. Сондай-ақ, шет мемлекеттердегі елшіліктер жанынан «Абай» орталықтарын ашу керектігін атап өткен еді.

 

 

Осыған орай, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен ҚР Сыртқы істер министрлігі және Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Елшілігінің, атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Мысыр Араб Республикасындағы Төтенше және Өкілетті елшісі Қайрат Қайырбекұлы Лама Шарифтің тікелей қолдауымен Мысырда «Абай» ақпараттық – мәдени орталығы ашылды. 145 өлеңі, үш поэмасы мен 45 «Қара сөздері» енген Абайдың араб тіліне аударылған жинағының тұсаукесері болды. «Абай және рухани мұра» атты халықаралық кітап көрмесі мысырлық зиялылар мен өнер сүйер қауымның Абай рухымен және қазақ халқының ұлттық жан – дүниесін тереңнен тануына жол ашты.

 

 

Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Дәуренбекқызы, «Мақсатымыз, Абай шығармаларының оқу мәдениетін қалыптастырып, ақын мұраларын шет ел ғалымдарының зерттеуіне, ғылыми еңбектердің көптеп жазылуына әсер етумен бірге, қазақ әдебиеті мен руханиятының дамуына үлес қосу болып табылады» дейді.

 

 

Ашылып отырған Абай Құнанбаев орталығында бірнеше кітаптар мен электронды ақпараттық ресурстармен танысуға болады: CD-дискілер, ақпараттық және мерзімді басылымдар, ғылыми ақпараттар бар. Сондай-ақ, қазақстандық толық мәтінді мәліметтер базаларына қолжетімділік ұсынылады. Абай және оның шығармалары туралы  Қазақстанның Ұлттық электрондық кітапханасы –ҚазҰЭК базасында Абай туралы 800-ден астам басылым бар екен.

 

 

Иллюстративиті-кітаптар көрмесінде «Абай» энциклопедиясы, «Қарасөздері», Шығармалар жинағының 2 томдығы,  «Қалың елім қазағым…» өлеңдер жинағы, «Сен де бір кірпіш дүниеге» өлеңдер мен қарасөздері, «Стихи, поэмы, проза», «Абай тілі сөздігі», «Абай туралы сөз», «Я – человек-загадка…» және  М.Әуезовтың «Абай жолы» романы, Латиф Хамидидің «Абай», «Двадцать стихотворений на трех языках», Д.Омаровтың «Абайдың рухани мұрасы», Ғ. Есімнің «Хаким Абай» және «Абай туралы философиялық трактат», Ш.Құдайбердіұлы шығармаларының жинағы және т.б. кітаптар таныстырылды.

 

 

«Абай әлемі» атты фотокөрмеде Абайдың шығармашылығы мен өміріне қатысты тарихи ескерткіштер мен табиғат көріністері, ақын дүниеге келген қасиетті мекен туралы және қазақ елінің мәдени өміріне қатысты мол мағлұматтар берілген. Атап айтатын болсақ, Ә.Қастеевтің «Жас Абай» (1945), «Абай» (1954), «Абай» (1967), «Абайдың жастық шағы» (1968), А.Волощиктің «Бала Абай жыр тыңдап отыр» (1948), Е.Сидоркиннің «Абай мен әжесі Зере» (1960) және «Абай», «Мұхтар Әуезов» пен «Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» романына салған иллюстрациялары, Ү.Әжиевтің «Бала Абайдың оқудан оралуы» «М.Әуезов жұмыс үстінде. 1939 ж., Семей қаласындағы Абайға орнатылған ескерткіш, Сарыарқаның шығыс бөлігіндегі тау жотасы – Абай туған  Шыңғыс тауы, Ертіс – қазақ даласының ұлы өзені, Шыңғыс пен Семей қаласын жалғайтын тас жол, Жидебай қонысы және т.б. 50-ден астам картиналар қойылды.

 

 

Аудармалар жинағына 145 өлең, үш поэма және 45 «Қара сөздері» енді.  Абайдың араб тіліндегі шығармашылығын Араб Мемлекеттері Лигасының мәдениет, білім және ғылым істері жөніндегі ұйымының (ALECSO) баспа үйі ұсынды.

 

 

Абай өлеңдерінің әдеби аудармасымен Мысыр әдебиетшілер Одағының көрнекті мүшелерінің бірі, белгілі ақын Саурат Селлам, ал прозаның көркем редакциясымен-мысырлық Лингвистика және философия профессоры Халед Елсайед айналысты.

 

 

Абай орталығының ашылуына Мысыр Араб Республикасының саяси және мәдени элитасы, Конституциялық соттың төрағасы Саид Мерей, Конституциялық Сот Төрағасының орынбасары Адэль аш-Шариф, Әділет министрі Омар Марауан, Ақпарат министрі Осама Хайкал,  Бас прокурор Хамада ас-Сауи, сонымен қатар, әлемнің 20 елінің Елшілері (ТМД, Еуропа, Африка) және Қазақстандық делегация өкілдері: Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор, Кенжехан Слямжанұлы Матыжанов, Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары, ақын, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистика Академиясы мен Ұлттық академия жоғары мектебінің корреспондент-мүшесі Бауыржан Жақып,  педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Дәуренбекқызы Мұңалбаева және т.б. қатысты.

 

Зүбәйра Тілегенқызы

 

 

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.