Сарыарқада Абай рухы асқақтады

0
101

«Алаштың алып ренгені»

 

Қарағанды тарихында 12 қараша алтын әріппен жазылды. Бұл күні ақжарма тілектер айтылып, жырдан шашу шашылып, Абай көшесі салтанатты түрде ашылды. Сүйіншілеткен күнге жеткенше бірнеше жылды артқа тастадық. Тарих қойнауына кеткен Кеңес Одағының пролетариат көсемі Ленин көшесін Абай атына ауыстыру туралы талай айтылды, жазылды. «Келмеске кеткен Кеңес дәуірі сананы улап тастаған, Қарағанды қаласындағы көшелер қазақыланбай тұр» деген сөздер де айтылды. Жоқ. Тәуелсіз Қазақстанда жерге, елге деген рух өлмеген екен. Оған тағы да көзіміз жетті. Сең қозғалып, жыл басындағы қоғамдық тыңдау кезінде қала халқы көше ауыстыруды қолдап дауыс та берді. Нәтижесі, міне, алдарыңызда. Бір ғана Ленин емес, бірнеше көшенің атауы қазақыланды. Қаладағы Абайдың еңселі ескерткішінің алдында өткен көшенің ресми ашылуына келгендер ерекше сезімде болғаны да рас.

– Хакім Абайды ұлт болып ұлықтау біздің перзенттік парызымыз. Сіздерді Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай Қарағанды қаласының орталық көшелерінің біріне Абай атын беру рәсімімен шын жүректен құттықтаймын. Бұл – ұлы ойшылымызға көрсеткен құрметтің белгісі, – деді қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.

 

 

Ақын Серік Ақсұңқарұлы: – Мен әлемнің барлық классик ақындарының шығармаларын оқыдым: Пушкин, Гете және басқалар. Бірақ, Абай шығармалары – бұл бөлек шексіз шығармашылық тұңғиық. Абай Алаштың алып рентгені. Өзегімізде қандай өрт, кеудеміздегі қандай дерт болсын, соның бәрі Абайдан анық көрініп тұр. Шаһарымыздағы Абайдың көшесі құтты болсын! – деп ақ тілегін арнап, жырдан шашу шашты. Бұл – шығармалары қазақ әдебиетінің әдеби мұрасына айналған, әлем таныған Абайға деген құрмет. Сонымен қатар, Ленин көшесіне Абайдың атын беруді мақсат еткен қоғамдық тыңдауда көше атауын өзгертуге кететін шығынды (аншлагтар) өз мойнына аламын деп уәде беріп, сөзінде тұрған белгілі кәсіпкер, «Нәтиже» компаниясының жетекшісі Ерлан Әшімнің мәрттігін де айта кетсек артық болмас.

Сөйтіп, Абайда – Абай ескерткіші, Арқа көгінде Абай рухы асқақтады. Осы мерейлі сәтпен әлеуметтік желідегі ағайын бір-бірін ақжарыла құттықтап жатыр. Абай атындағы көшенің тұсауы кесілді. Абайдың 175 жылдығы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Арқада да осы апта сүйіншілеткен шараларға толы болды. Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрында «Жас Абай» драмасы сахналанса, Қарағанды шаһарында Абай көшесі, Абай қаласында хакімнің ескерткіші салтанатты түрде ашылды. «Абай жаққан бір сәуле…» деген атпен жергілікті ақындардың өлеңдер жинағы мен әлемнің 18 тіліндегі «Абай жолы» роман-эпопеясы CD дискісінің тұсаукесері де осы тойға тарту болды. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде «Ұлы Абайдың мұрасы – ұрпақтарға тағылым» тақырыбында Халықаралық конференция өтті…

Абай қаласында ескерткіш бой көтерді. Алашымен қауышқалы тұрған жаңа ескерткішке облыс әкімі Жеңіс Қасымбек және бір топ салтанатты жиынға арнайы қатысқан мәртебелі қонақтар гүл шоқтарын қойды. Салтанатты шара аймақ басшысының құттықтау сөзімен басталды.

 

 

– Міне, Абай есімімен аталатын жалғыз қалада ұлы ойшылдың еңселі ескерткішінің ашылу салтанатына куә болып отырмыз. Елбасы «Абай әлемі бізді жеті түнде адастырмас темірқазық іспетті» деп ұлы тұлғаның қадір-қасиетіне баға берді. Ұлы Абай біздің елдің мақтанышы ғана емес, әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Абай әдебиетіміздің негізін ғана қалап қоймай, көрегендігімен бүкіл қазақ қоғамының өркениетін өрге сүйреді. Ақын мұрасындағы терең ой, өршіл рух ғасырдан астам уақыт өтсе де, әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпады. Өткенін ұмытпаған, ұлыларын ұлықтаған жұрттың қашанда болашағы жарқын болады. Осы тұрғыда Абай мұрасын тереңнен зерделеп, келешек ұрпаққа жеткізетін бүгінгідей шаралар ұлттың берік негізін қалыптастыруда үлкен рөл атқарады, – деді аймақ басшысы Жеңіс Махмұдұлы.

Келесі келелі сөзді қоғам және мемлекет қайраткері, абайтанушы Ғарифолла Есім алды. Парламент Мәжілісінің депутаты Сауытбек Әбдірахман қарағандылықтарға айрықша алғыс білдірді.

– Ардақты абайлық ағайын! Жалпы Абайға қай қаладан болса да ескерткіш қоюға болады. Ал, Қарағанды өңірінде ескерткіш орнатуға әбден тиіспіз. Өйткені Абайдың нағашы жұрты да, қайын жұрты да осы Қарағанды жері. Ұлы ойшылдың құрметіне ұйымдастырылып жатқан шаралар өте орынды әрі жарасымды. Қасиеттісін қадірлеген Қарағанды елінің берекесі арта берсін! – деп ақжарма тілегін жеткізді.

Ескерткішке тоқталсақ, тұғырымен бірге биіктігі 10 метрге жуық. Таза қоладан құйылған. Салмағы – 5 тонна 600 келі. Бұл еңбекті жасауға үш ай уақыт кетіпті. Авторы – Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, белгілі қарағандылық мүсінші Бейбіт Мұстафин. Шебер Ботақара кентіндегі Бұқар жырау мен Нұрадағы Сәкен ескерткіштерінің авторы.

 

«Адастырмас темірқазығымыз»

 

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінде «Абайдың ұлы мұрасы – ұрпақтарға тағылым» атты ZOOM форматындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Оған мемлекет және қоғам қайраткері Сауытбек Абдрахманов, Ұлттық ғылым академиясының академигі Ғарифолла Есім, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, айтыскер ақын Аманжол Әлтай, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының директоры Ерлан Сайлаубай қатысты. Сондай-ақ, шетелдік абайтанушы ғалымдар Алияз Ахмет (Түркия), Илшат Насипов, Айнұр Үтәев (Ресей), еліміздің абайтанушы ғалымдары, қоғам және мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдері мен студенттер қатысты. ҚарУ-дың ректоры Нұрлан Дулатбеков тізгіндеген шарада облыс әкімінің орынбасары Абзал Нүкенов аймақ басшысының құттықтау хатын оқыды. Сауытбек Әбдірахмановтың айтуынша, бірде-бір елде ақын-жазушысын «ата» деп атау үрдісі жоқ екен. «Ол бізде ғана бар. Өйткені, ол ағартушы, ақын, композитор ғана емес, бізге соншалықты жақын, мұңдас, сырлас. 1971 жылы 125 жылдығына қатыстым. Бір жылға шегеріліп, аталып өтті. Бұл да сол кездегі салқын саясаттың көрінісі. Елбасы ЮНЕСКО көлемінде 150 жылдығын тойлауда үлкен еңбек сіңірді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абай туралы мақаласында айтқанындай XIX ғасырда өмір сүріп, XXI ғасырдың сөзін сөйлеген ұлы перзент. 100 жылдан соң да, Абайдың шығармалары мәнін жоймайды. Керісінше, сан қыры ашыла бермек. Ол сарқылмас мұхит. Ол біздің адастырмас темірқазығымыз», – деді ол. Ал абайтанушы Ғарифолла Есім: «Біз биыл жаттанды сөздер емес, жүректің сөзін айта бастадық. Бұл биылғы мерейтойдың жетістігі. «Рухани реформатор» деп Президент айтса, салмағы үлкен. Абайдың реформаторлығы әл-Фарабиге тіреледі. Биыл екі үлкен мерейтойда ойлар тоғысты. 9 ғасыр арада жатса да, араларында рухани үндестік бар. Конференцияда көптеген тұщымды баяндама оқылып, ұсыныс-пікірлер ортаға салынды. Ерлан Сайлаубай мырза Абай заманында қазақтың саяси құқығы шектеулі болғанын және сол ой шектеулілігімен оның күрескенін айтады. Дерекке сүйенсек, биылғы Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай, 82 іс-шара жоспарланып, дені орындалыпты. Шетелдерде өтуі тиіс болған 15-і эпиджағдайға байланысты жоспардан алынған. «Абай күні» мерекесі бекітіліп, Семей әуежайына Абай есімі беріліп, Абай академиясы құрылды. Академия 20-дан аса кітап шығарыпты.

 

 

– Алда Абайдың аудармашылығы туралы кітап жарық көреді. Хакімнің кітаптары 10 тілде шығарылып, бүкіл әлемнің кітапханаларына таратылды. Бүгінгі шараға байланысты осы жиынның мақалалары енгізілген жинақ шықты. Ұйымдастырған облыс әкімдігі мен ішкі саясат басқармасына, университет ұжымына мың алғыс, – деді Нұрлан Орынбасарұлы.

Сондай-ақ, Аманжол Әлтай абайтануға үлес қосып, «Абай» кітабын шығарған. Онда Абайдың нақыл сөздері, Шәкәрімнен бастап, Абай жөніндегі айтылған сөздердің мәйегі топтастырылған. Аталған жиында кітаптың тұсауы кесілді. Облыстық Абай атындағы балалар кітапханасына, ҚарУ-дың кітапханасына бірнеше данасы берілді. Нұрлан Орынбасарұлы кітапқа кірген Қадыр Мырза Әлінің Абай жайлы өлеңін оқып, студенттердің поэзияға деген қызығушылығын арттырды. Сондай-ақ, Аманжол Әлтай да тұщымды баяндамасын оқып, ордалы ойларымен бөлісті. Ал, түркиялық жазушы Алияз Ахмет Абайдың «Кемел адам» туралы толғанысы кез келген адамды таң қалдыратынын айтады. Илшат Насипов болса, татар тілінде баяндама оқып, Абайдың татаршаға аударылған өлеңін оқып берді. Абайдың қалыптасуындағы татар руханиятының әсерін айтып, 4 желтоқсанда Қазан қаласында Абайдың 175 жылдығына арналған халықаралық конференцияға шақырды. Белгілі ғалым Айгүл Ісмақова «М.Әуезов – абайтанушы» тақырыбында баяндама жасап, Мұхтардың Абай жайлы біраз жыл ашық айта алмай, 1952 жылы шәкірті Қайым Мұхаммедхановқа «Абайдың ақындық айналасы» диссертация қорғатқаны жайлы тың деректерге тоқталды. Ал, Тұрсын Жұртбай: «Сегіз аяқ» өлеңінің аудармасы туралы тұщымды ойларын ортаға салды. Оның айтуынша, Абайды шетелге насихаттағанда қазақты, ұлтты жаман көрсететін емеурінге жол бермеуіміз керек. «Орысша аударылған Абай өлеңінің сапасының нашар екендігіне тоқталып, нағашы жұрты Қарағандыда «Шетелге аударылған хакім өлеңдерінің деңгейі қандай?» тақырыбында семинар өткізу қажет. Оны мақтамай, талдауымыз керек. Абайдың нұсқаған жолымен жүрейік. Өйткені Абай жолы – Алаштың жолы» деді. Тағылымға толы ауқымды шараның  соңы түрлі бағыттағы секция жұмыстарымен жалғасты.

 

Аяулым СОВЕТ,

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.