Америка қайда, біз қайдамыз, Мая қыз?

0
162

немесе «Қазақстандық ұлт» мәселесін қайта қозғағысы келген кімдер?

 

Бүгінгі қазақ қоғамы күзгі қау шөп секілді елестейді. Оттықтың ұшқыны тисе болды лап еткелі тұр. Лап ете қалды ма, ештеңеге қарамайды маңайын түгел шарпиды. Тап сондай жайт күні кеше ғана орын алды.

Қазақстан Халықтары Ассамблеясының төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жаңа орынбасары болып тағайындалған журналист Мая Бекбаева қазақстандықтардың жылы лебізіне алғыс айта келе, жаңа ұсыныс жасады.  «Дудар-ай» әнінде «Сондағы Мариямның айтқан сөзі» дегеніндей, сондағы Мая қыздың айтқан сөзі мынау еді:

«Ұлты дүнген Тараздағы мектеп директоры елімізде тұратын өзге ұлт өкілдері Қазақстанда тұратындықтан, өздерін қазақ деп сезінетінін айтты. Сондықтан басқа ұлт өкілдері төлқұжат толтыру кезінде өз қалауымен ұлты деген жолға өзін қазақ немесе қазақстандық деп көрсетуін ұсынды. Мәселен, АҚШ-та тұратын әрбір адам өзін америкалық деп көрсетеді. Бұл ұсыныс сіздерге қалай?» – деді ол.

Қазақтың арасында жүріп Мая қыздың «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі», «Қатты болайын десе быламыққа да тіс сынады» деген тәмсілдерді ой елегінен өткізбегені қандай өкінішті!

Бәрін қойшы, білікті журналистің АҚШ пен Қазақстанды салыстыруының өзі күлкі шақырады. Америка қайда, біз қайдамыз, Мая қыз? Экономика мен демократия жағынан да ширегіне келмейміз олардың. Сөз бен ісіміз де қабыспайды. Жә, бұларды қоя тұрайық.

Мая ханым, білуге тиіс мәселе мыналар, Америка құрлығы құрама штаттардан тұрады. Ол жердің иелері үндіс тайпалары. Әйтсе де олар Еуропа басқыншыларының кесірінен жерінен айырылды, тілдерін жоғалтты. Тілі жоғалғасын өздері де құрдымға кетті.  Қазіргі дамыған Америка – үндістердің қаны мен тері сіңген жер. Сондықтан ол жерге ойдан-қырдан жиналған халыққа  «америкалық» болған тиімді.

Ал біз, қазақтар, өз атамекенімізде отырмыз. Қиналғанды бауырға бастық, ашыққанды тойындырдық. Ұлан-байтақ даламызға тағдырдың талайымен келіп қалған сан ұлттың өкілі тату-тәтті тұрып жатыр. Олар жердің иесі мен киесінен қорқуы керек. Ол үшін қазақтың тілі мен ділін, салт-дәстүрін құрметтеуі тиіс.

Ал, Мая ханым, «жерден жеті қоян тапқандай» «…басқа ұлт өкілдері төлқұжат толтыру кезінде өз қалауымен ұлты деген жолда өзін қазақ немесе қазақстандық деп көрсетуін ұсынды…» деп масаттанып отыр! Біріншіден, бұл бір дүнген азаматының ұсынысы ғана. Бұл ұсынысты қалған этностар қолдай қоятынына өз басым сенбеймін.

Мая қарындас, сол дүнген келіншектің қандай мақсатта айтқанын (ішіне ешкім кіріп шыққан жоқ қой) білмейді. Олай болса, ең бастысы басқа ұлттар қазақ ұлтын сыйлағысы келсе әуелі қазақша сөйлей білсін. Мемлекетімізді орыс тілінің құрсауынан құтқаруға күш салсын. Соған атсалысқан кез келген ұлт өкіліне қазақ ұлты құрметпен қарап, төрінен орын беретіні айдан анық.

Екіншіден, «Әлгі,  «төлқұжатқа өзге ұлтты қазақ немесе қазақстандық» деп жаздырайық деген ұсынысты жамбылдық педагог дүнген ұлтының өкілі жолдапты. Мұндай саяси салмағы ауыр сауалды ешкіммен ақылдаспай мектеп директорының  айта салуы тағы екіталай. Жоқ дегенде бірнеше органның сүзгісінен өткен шығар деген ойдамын.

Олай болса, менде бір қауіп бар. Қанша дүнген қанша ұйғыр қазақ болып жазылғымыз келеді деп кімге айтыпты? Кеше ғана тағайындалған Мая Бекбаеваға барған ба немесе  қай органға өтініш жазыпты? Бұл не әңгіме, не сауалнама және қайдан кімнен шыққан идея?

Мұндай құйтырқы әрекет бұдан бірнеше жыл бұрын да жылт етіп «паспортқа ұлт жазбайық» деп ұран тастап, қазақ ұлтының атын тарихтан өшіргісі келгендерді еске түсіреді. Ол бастама айқай-шу көтерілген соң ғана басылғаны есте. Енді басқа ұлттарды да қазақ деп жазсақ деген ұран тасталып отыр. Бұл баяғы тамырын «америкалық ұлттан» алған, орындалмай қалған «арманның» жалғасы болып жүрмесін.

Әлеуметтік желідегі жұрттың ашу-ызасын көрсеңіз, шошып кетесіз. Халық баяғыдай емес, қазір кез келген мәселеге байыппен қарайды. Оралымды ойлар мен адуынды пікірлер ашық айтылады. Бұл да болса еркіндікке ұмтылған әлеуметтің  жаңашылдыққа деген серпілісі болуы әбден мүмкін.

Саясаткер Мұхтар Тайжан бұл мәселеге ойын былай білдіріпті: «1.Ұлт дегеніміз ойыншық-таңдау емес, ол туғаннан қанмен келетін дүние. Ұлтты азаматтығымен шатастыруға болмайды. Адамның азаматтығын айырбасуға құқығы және мүмкіндігі әлбетте бар болуы жөн. Ал ұлтты адам өзі таңдай алмайды, ол туғаннан берілетін зат. Ұлтты адамның өз таңдауымен өзгерту – ешбір елде жоқ нәрсе.

  1. Екіншіден, қазақ ұлтын таңдауға жол ашатын болсақ, ертең қытайлар болсын, басқалар болсын келіп «мен де қазақпын» деп шыға келсе, бұл жер менікі деп айтса не істейміз? Құжат бойынша ол да қазақ болады ғой!
  2. Ертең елде санақ науқаны басталады, сонда Қазақстанда қазақтардың, басқалардың саны қанша қайдан білеміз? Қазақ ұлты өз біртектілігін жоғалтса – Ұлттық мемлекетті қалай құратын боламыз?

Негізі, осы Ассамблеяның ұсыныстарына біз күдікпен қарауымыз жөн. Бұл ұйымның қазақ ұлтына пайдалы, тиімді бір ұсынысын өмірде көрген емеспін. Естеріңізде болса 2009 жылы «казахстанская нация», одан кейін «үш тұғырлы тіл» деген идеяларынан бастап – барлығы қазақ ұлты үшін өз зиянын көрсетті.

Бұл жолы да «өз ұлтын адам өзі таңдасын» деген Ассамблеяның ұсынысына біз түбегейлі қарсы болуымыз қажет! Ал негізі Ассамблея таратылу керек, мүлдем пайдасыз ұйым».

Құрманғали Дәркенов, тарихшы: Бекбаеваның әлеуметтік желіде «Қазақстандағы басқа ұлт өкілдерін қазақ немесе қазақстандық» деп жазайық дегеніне қатысты жазбалар шығып жатыр. Бұл пікірді оның жеткен ақылымен өзі жазды ма, әлде бір мүдделі күштер итермеледі ол басқа мәселе. Дегенмен сенің бір ұлтқа қатыстылығың қан арқылы беріліп, айқындалатын нәрсе. Басқа ұлт өкілдерін ешбір жағдайда әзірше қазақ деп жазуға болмайды. Себебі, экономикасы әлсіз, диверсификацияланбаған, қазба байлықтары мол, жері кең, коррупция өршіп тұрған, билігі ұлттық мүддені бірінші орынға қоймай тұрған жағдайда оларды қазақ деп жазуға болмайды. Азаматтық алған қытай немесе басқа ұлт өкілдері ертең елімізді, жерімізді талан-таражға салмасына кім кепіл. Бірақ, Бекбаеваның жазбасы көптен ойда жүрген мәселеге қозғау салды. Шетелдердің басым көпшілігінде өз елдерінің азаматтығын беру үшін бірнеше міндетті қатаң талаптар қояды. Олар: сол елдің тілін білу, елді, жергілікті халықты құрметтеу, олардың тарихына, ұлттық әдет ғұрыпы мен салт дәстүріне құрметпен қарау, мемлекетке, ұлттық мүдеге қайшы әрекет жасамау, т.б. Сонда ғана азаматтық беріледі. Бізде Қазақстан азаматы болғысы келетіндерге осы талаптарды қоялық. Әйтпесе, неге азаматтық кім көрінгенге беріле беру керек? Көп этнос тұрады деу үшін бе? Ойланып көрелік! Ендеше осы талаптар толық орындалмай тұрғанда басқа ұлттарды қазақ немесе қазақстандық  деп жазайық деу ақылға сыймайды».

Жазушы-публицист Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев) фб парақшасында: «МАЯ ҚОЙҒАН  НҮКТЕ» деген жазба қалдырды. Онда «Бүгін, астанадан Алматыға арнайы табан тіреген тележурналист Мая Бекбаеваға түсіріліп жатқан фильмінің шеңберінде сұқбат беруіме тура келді. Өткен жылы Америкаға бірге барған сапарымыз кезіндегі  оқиғаларды еске алдық. Бұрынғыға қарағанда әжептәуір ысылып қалыпты.

Қазақстан халқы ассамблеясындағы қызметіне байланысты пікір сұрадым. «Марат аға, бұл қоғамдық жұмыс қой, менің тағдырым тележурналистикаға байланған. Одан түбегейлі кете алмайтын шығармын. Бірақ ассамблеяда да жұмыс жетерлік екен. Мені қуантатыны онда қазақша таза сөйлейтін талай ұлттың өкілін кезіктірдім. Бұл қазақ тілін насихаттау  үшін таптырмайтын мүмкіндік деп ойлаймын.

Мен ес біліп мектепке баратын кезде біздің Үржар өңірінде қазақ мектебі бола қоймады. Содан амал жоқ орыс мектебіне баруыма тура келді. Қазір мені қуантатыны ол жақта орыс мектебі жоқтың қасы, бәрі дерлік – қазақша. Өз басым қазақшаны тек ауызекі емес, жетік сөйлеуді үйренгім келеді. Сондықтан қазақтармен жиі араласамын.

Ал әлеуметтік желіде гулеп тұрған түрлі ұлт өкілдерінің ұлтын қазақша жаздырту мәселесіне нүкте қойғым келеді.  Іс жүзінде ол мен айтқан пікір емес. Осыдан екі күн бұрын елордада  өткен Ассамблея жиынында тараздық бір мектеп директоры әйел сөз алып, өзінің ұлты дүнген екенін, қазақша таза сөйлейтінін  көлденең тартып, жеке куәлігіне қазақ деп жаздыртқысы келетінін айтқан. Мен журналист болған соң жеке парақшамда осы жайтты жазып, жазылушыларымды осы тақырыпта ой бөлісуге шақырғанмын. Мені қатыстырып «құрыққа сырық жалғаудың қажеті шамалы!» дейді Мая Төлегенқызы. – Әйтпесе заң бойынша құжатта ұлтын көрсету, көрсетпеу әркімнің өзінің жеке шаруасы».

Мая қарындасымыз міне, осылай дейді.  Фейсбукте өршіп тұрған бұл тақырыпқа нүкте қоюға мен де асықтым» деп жазды.

ПЫ-СЫ:  Халық қаласа, халық толқыса райынан қайтпайтын пенде жоқ. Мая Бекбаева ханымның да жүні жығылып,  көңілі пәс тартып қалған тәрізді. Әлде өзіне тапсырылған міндетті орындап жүгі жеңілдеп қалды ма?  Әйтеуір, бұрынғы қарқыны жоқ.

Қалай десек те,  «Айтылған сөз – атылған оқ». Ол діттеген жеріне жетті. Мая Бекбаева қандай мақсатта айтты, неге райынан әп-сәтте қайтты, ол да уақыт өте анықтала жатыр.

Бұл орайда әлеуметтік желідегі ой-пікірлерді қорыта келе айтқым келгені,  қазақ ұлты – өзге этностың куәлікте «қазақ болып жазылып», өмірде «азат» тіршілік кешкенін қаламайды екен. Егер олар қазаққа сіңгісі келсе, қазақпен бірге тату-тәтті тұрғысы келсе, мәңгілікке ынтымақта болғысы келсе, қазақтың тілін асқақтатып, мәртебесін аспандатып үрім-бұтағына да осы жолдан тайқымауды өсиет етсе жетіп жатыр. Қалғаны  қазақ жұртына аманат!

 

Нағашыбай Қабылбек

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.