Тұрмысқа шықтың ба, спорттан кет!

0
113

51 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасатын әйелдер арасында бокстан екі дүркін әлем чемпионы, Қазақстанның тоғыз дүркін чемпионы Назым Қызайбай Sputnik Қазақстан тілшісіне берген сұхбатында: «Карантин кезінде жаттығу қиындау болды, барлық жер жабық тұрды. Соған қарамастан үйде жаттығып, дайындықты тоқтатпауға тырыстық. Карантинде бос уақытым көп болып, қателермен жұмыс істеуге мүмкіндік туды. Спортқа бала күнімнен қызықтым, басқа салаға бару туралы ойлаған емеспін. Бірақ отбасымда маған дейін спортпен айналысып, осы салада жүрген ешкім болған жоқ. Менен кейін ізімді жалғаушылар көбейеді деп ойлаймын. Зор жетістікке жетудің бәрі – ең алдымен еңбектің арқасы. Қаншалықты икемің болып, талантың тасып тұрса да, еңбексіз ештеңе келмейді. Ең бастысы – еңбек, тәртіп, соның арқасында жетістікке жеттім деп ойлаймын. Әр жарысымды есімде сақтап қалғым келеді. Ең алғаш 15 жасымда бірінші рет жарысқа қатысып, 44 келі салмақпен Қазақстан чемпионатында тараздық спортшыны жеңдім. Алғаш рет жарысқа шығып тұрған соң, қатты қобалжыдым да. Соған қарамастан уақытынан бұрын, төрт соққымен бірінші раундта жеңіп шықтым. Ал ең бірінші рет әйелдер арасындағы жарыста Дина Елубаева деген қызға жол бердім. Оған дейін солақай спортшылармен шығып көрмегенмін, одан солақайлармен қалай бокстасуды білмегендіктен жеңілдім деп ойлаймын. Сол жеңілістің арқасында солақайларға деген қызығушылығым артты. Ол кезде солақай спортшылар көп емес еді. Сол жеңілістің өзінен өзіме қажетімді алдым. Спортпен қандай да бір уақытқа дейін айналысамын деген шектеу қойғым келмейді. Әр спортшының мақсаты – Олимпиада ойындарына қатысу ғой. Менің де арман-мақсатым – Олимпиадаға қатысу, Олимпиада чемпионы болу. Одан бөлек Азия чемпионаттарында Қазақстан атын шығарып, туымызды көкке көтеру. Ол үшін талмай еңбек етіп келеміз.

Кей спортшы «осы жарысты жеңсем, спортты тастаймын» деп жатады. Менде ондай жоқ. Боксты жақсы көремін, сондықтан жүрегім қанша қаласа, сол уақытқа дейін былғары қолғапты тастамаймын. Оның да өз уақыты келетін шығар. Менің ойымша, спорт пен отбасыны қатар алып жүру қиын. Ер адамдарға қиын болмаса да, қыздарға, әйелдерге қиын. Тұрмысқа шыққаннан кейін спортты тастау керек деп ойлаймын. Арамызда тұрмысқа шығып, дүниеге сәби әкеліп, спортқа қайта келіп жатқан қыздар бар. Менің олай жасағым келмейді, тұрмысқа шыққаннан кейін үйде отыру керек, отбасы, бала-шағамен айналысу керек. Болашақ жарымның спортты білуі, түсінуі маңызды емес, оған мән бермеймін. Ең бастысы мені түсінетін жақсы адам болса болды. Токиода өтетін 2020 олимпиада ойындары 2021 жылға ауысты. Біздің құрамадан бір қыз ғана Олимпиадаға лицензия ұтты. Ол — 75 келі салмақта бокстасатын Надежда Рябец. Токиоға сол баратын шығар. Барсын, еңбек сонікі. Ол жағын бапкерлер, бапкерлердің үстінен қарайтын кісілер шешеді. Біздің арамызда ешқашан талқылау болмайды, тек оған кімнің баратынын хабарлайды. Одан кейін неге бармайтыныңды сұрайсың. Әрине, жауап табады. Спортта үнемі әділ шешім қабылдана бермейді, әділетсіздіктерді де көріп жатамыз. Әр спортшы осындай қиын жағдайдан, әділетсіз шешімдерге төзе білуі керек, ештеңеге қарамай, мақсатына жету үшін еңбектене беруі керек. Ерте ме, кеш пе осы қиындықтан өтіп, діттеген мақсатына жетеді. Көп спортшы соған төзбей, спортты тастап кетеді. Бұл жерде төзімділік, шыдамдылық керек. Қазақ қыздары арасында Олимпиада чемпиондары жоқ, менің басты арманым – қазақ қыздарының арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы болу»,— деп ағынан жарылыпты. Алдына зор мақсат қойып, сол жолда шүмектетіп тер төгіп жүрген күрзі жұдырықты қызымыздың әлі талай байрақты бәсекелерде топ жарарына сенімдіміз. Ендеше, онымен жеңісті күндерде жолығайық.

Е.Сахариев

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте как обрабатываются ваши данные комментариев.