Байден билігінің әлемге әсері

0
397

Мұхиттың арғы жағында жатқан АҚШ-та президенттік сайлау өтіп, онда демократиялық партия атынан бәсекеге түскен Джо Байденнің асығы алшысынан түсіп, жеңіс тойын тойлауға көшсе, туы құлаған республикандық партия өңілі Доналд Трамп сайлау нәтижесіне көңілі толмай, жақтастарымен сотқа жүгінуге талпыныс жасауда. Оны қолдағандар, тіпті, елдің бірқатар штаттарында наразылық шерулеріне шығып, бой көрсетті. Бірақ былайғы жұрт Трамптың жеңілгеніне емес, билік тағына Байденнің отыруынан іш тартып отыр. Оның өзіндік себебі де жоқ емес. Күллі әлем жұртшылығын алыс-берісте сатылым құнын анықтайтын валютаға айналған доллар бағамының енді қалай құбылатындығы алаңдатады. Солардың бірі, тәжірибесі мол инвестор, миллионер,  Fintelect компаниясының негізін қалаушы Эдвард Дубинский: «Байденнің АҚШ-тағы сайлауда жеңіске жетуіне бөрікті аспанға лақтырып қуану әлі ертерек, өйткені, АҚШ-тың қор нарығы жақын арада әлсірей бастауы мүмкін. Себебі, Федералды резервтік жүйе (АҚШ-тағы орталық банк – ФРЖ)  ақшаны бұрынғыдай тоқтаусыз бұрқыратып басып шығара бере алмайды. Олай істесе, мұның арты ұлттық валютаның бағамын құлдыратып, елде инфляция белең алады, ал, бұл өз кезегінде банктік пайыздық мөлшерлеменің өсуіне алып келеді. Мұның соңы экономикадағы рецессияның, жұмыссыздықтың және әлеуметтік қиындықтардың басталу мүмкіндігін еселеп арттыра түседі. Джо Байден мен оның командасы ел экономикасына араласқанға дейін нарық айтарлықтай шығындарға ұшырауы мүмкін. Ал,  су жаңа президент Байден 2021 жылдың 20 қаңтарынан бастап өз қызметіне кіріседі, яғни алдағы екі жарым айда қаржы-экономикалық майданда іс жүзінде ештеңе өзгермейді. Әрі қарай, жаңа президент өзіне дейінгі президенттен коронавирус пандемиясы, ЖІӨ-нің 30 пайызға төмендеуі секілді шешімі қиын проблемаларды мұра ретінде қабылдап алып, соларды жою жолдарын қарастырумен басы қатады. Бұл жайт Батыс елдері мен Еуроодақ елдерінен басқа, Ресей, Украина, Қазақстан және бұрынғы КСРО-ның шекпенінен шығып, жеке шаңырақ көтерген басқа одақтас республикаларға да айтарлықтай әсер етеді, себебі, аталған мемлекеттердегі қаржы нарықтары аз болғандықтан, олар АҚШ нарығындағы осындай оқыс қозғалыстар мен щетін оқиғаларға тікелей тәуелді. Егер АҚШ-тың қор нарығы құлдырай бастаса, онда ол бүкіл әлемді, оның ішінде ТМД-ның қор нарықтарын құлдыратып, сол елдердегі жергілікті валюталарға қауіп төндіреді. Биылғы жылы еліміздің ұлттық валютасы айтарлықтай әлсірегенін ескерсек, дамыған экономика мен әлемдік нарықта қосымша проблемалардың туындауы жағдайды одан әрі шиеленістіріп жіберуі әбден мүмкін. Мәселен, АҚШ пен Батыс елдерінің салған санкцияларынан көз ашпай келе жатқан Ресейді мысалға келтірсек, 2020 жылдың басында долларға шаққандағы орыс валютасы – рубльдің құны 61 рубльді құраса, қазір оның мөлшері 80 рубльге жақындап қалды. Байқасаңыздар, 8 айдың ішінде Ресей рублі  30 пайыздан астам құлдырап кетті. Мұндай тенденция Қазақстанда да бар, себебі, Ресей мен Қазақстан валюталарының құлдырауына бұл елдердің бюджеттерінде негізгі кіріс көзі болып табылатын энергия мен металдар бағасының төмендеуі ішінара себеп болып отыр», – дейді. Ал, отандық сарапшылар: «Байденнің билікке келуі АҚШ пен Орталық Азия арасындағы байланыстарды күшейтуі мүмкін. Мәселен, бүгінде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Америка арасында «С5+1» форматы бар. Соның аясында бес елдің сыртқы істер министрлері АҚШ-тың мемлекеттік хатшысымен кездесіп отырады.  Осы формат бұрынғы байланыстарға қарағанда нығаюы ықтимал. Ал Ресейге қарсы риторика күшейіп, Қытайдың экономикалық экспансиясын ұстап тұру саясаты жалғасатын сынды. Қалай десек те, АҚШ конгресіндегі республикашылдар мен демократтардың арасалмағын ұмытпау қажет. Себебі конгресс арқылы өтетін президент бастамалары осы екі партияның иә құптауы, иә қарсы болуына тікелей қатысты болары сөзсіз. Халық арасында: «Жаңа сыпырғыш жаңаша сыпырады», – деген қанатты сөз бар. Мәселеге осы қырынан келсек, Байденнің командасы бұрынғы әкімшіліктің қателіктерін көрсетуге тырысары хақ. Трамп сыртқы саясатта бірқатар маңызды проблеманы шешсе де, НАТО-мен және Еуропалық одақпен арадағы қарым-қатынасты әлсіретіп алды. Байден осы мәселелерге басымдық беріп, альянстардың күшін арттыруға тырысары анық. Америкалық дипломатияның белсенділігі артып, АҚШ пен Ресей арасындағы диалог жалғасады деген үміт бар. Өйткені ядролық қарусыздандыру, жаһандық қауіпсіздік, сан алуан шиеленістерді шешу мәселелері күн тәртібінен әлі де түспеген өзекті мәселелер ғой. Ондайда екі елдің де келісімі керек. Бірақ Ақ үй қожайындары Ресей мен Қытай арасындағы жақындастыққа қауіппен қарайды. Қытаймен біздің елдің де алыс-берісі аз емес екенін ескерсек әрі  Қазақстан Ресей мен Қытай мемлекеттері арасында  орналасқаннан кейін, оның үнемі АҚШ-тың назарында болары даусыз. Тәуелсіздік жылдары ішінде Америка Қазақстанның ірі инвесторына айналды. Мысалы, соңғы 10 жылдың ішінде америкалық компаниялар ел экономикасына 28 миллиард доллар құйды. Ол Қытай инвестициясынан да көп. Сондықтан Қазақстан мен АҚШ-тың экономикалық қарым-қатынасы дами береді деп сенеміз. Бұған дейін Байден Ресейді басты қауіп-қатерге жатқызса, Қытайды «негізгі бәсекелес» деп атап келген. Ал, Біздің елге АҚШ-тың дұрыс көзбен қарауына Ауғанстан мәселесі де ықпал етеді. Себебі, сол елдегі АҚШ-тың әскери контингентіне азық-түлік және басқа да құрал-жабдықтарды жеткізу үшін Қазақстанның географиялық жағдайы аса тиімді, мұны да ескерген жөн», – деген пікірге ден қойған. Әлемдік нарық, мұнай бағасы, мемлекеттер арасындағы қарым-қатынас қай бағытта өрбиді, ол алдағы уақыттың еншісінде. Тек сол үрдіс қозғалыстар кезінде қосақ арасында кетіп, алпауыт елдер арасындағы саяси ойындардың құрбандығына шалынып кетпелік деп тілейік…

 

Ермек Сахариев  

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.