Серікбай Трұмов: «Жобалар 2 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтыды»

0
395

Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов осы аптаның басында орталық коммуникация қызметінде өткен онлайн брифингте өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалы жөнінде айтты.

Өздеріңіз білетіндей, өткен аптада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен өткен жиында бірқатар тапсырмалар берілді. Оның негізгісі сақтық шараларын күшейте отырып, вирустың кең таралуына жол бермеу. Қазір Маңғыстауда жағдай тұрақты. Жасыл аймақтамыз. Індет жұқтырушылардың санын арттырмай, жағдайды барынша бақылауда ұстауға тырысып жатырмыз. Ол үшін облыс көлемінде арнайы мониторинг топтары құрылып, тамыз айынан бері 800-ге жуық рейдтік шаралар ұйымдастырылды. Осындай қатаң карантиндік шаралардың арқасында өңірдегі жағдайды бақылауда ұстап отырмыз, – деп Серікбай Өтелгенұлы сөзін эпидемиологиялық ахуалдан бастады.

Маңғыстау облысында пандемияның екінші толқынына дайындық барысында соңғы үлгідегі 200 төсек орынмен жабдықталған модульдік стационар ашылды. Өңір басшысы қосымша 2352 инфекциялық және 131 реанимациялық төсек-орны бар 11 инфекциялық стационар толығымен жабдықталып, резервте дайын тұрғанын мәлімдеді.

Ал медициналық ұйымдар 260 ИВЛ аппаратымен және 638 оттегі концентраторымен толықтай қамтылып, облыстық жедел-жәрдем автопаркі 100% жаңарып, 85 санитарлық көлікпен толыққан.

Өңір басшысы әлемдік дерт экономиканың қай саласына болмасын оңай тимегенін алға тартып, өңір экономикасын әртараптандыру мен дамытуда негізгі екпін өңдеу өнеркәсібі, туризм, құрылыс, көлік және логистикаға беріліп отырғанын айтты.

10 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібі – 101,3% (142,9 млрд тг), инвестиция – 100,1% (450,1 млрд тг.), ауыл шаруашылығы – 100,8% (16,9 млрд теңге), құрылыс – 113,5% (151,9 млрд тг), тұрғын үйді іске қосу – 100,9% (969,5 мың шаршы метр) құрады.

        Сондай-ақ, әлемдік індеттің өршуіне байланысты кәсібі тоқтап қалған өңірдің 17 мыңға жуық шағын және микробизнес субъектісі салық төлеуден босатылып, жеңілдіктер берілген.

– Ал инвестиция көздерін тарту бойынша Маңғыстау үздік аймақтар қатарында, – деді Серікбай Трұмов.

Ал облыс әкімінің сөзінше биыл өңірге 450,1 млрд теңге инвестиция тартылып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстар келер жылы да жалғаспақ. Құны 81,1 млрд теңге болатын 21 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Жобалар 2 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Осы жылдың 2-ші тоқсанында туризм саласында 1 млрд теңгенің қызметі көрсетілген. Биыл өңірге 177  мыңға жуық турист келген. 2020 жылдың 10 айының қорытындысымен туризм саласына салынған инвестиция көлемі 68,7 млрд теңгені құрап, 3,7 есеге артты.

Осы айдың басында Үкімет басшысының қатысуымен жылы жағажайда жобаларды іске асырудың екінші кезеңі басталды.

Маңғыстау өңірі – Қазақстандағы туризмді дамытуға қолайлы аймақтардың үздік ондығына кіреді. Ақтау қаласында жағажай туризмін, ал аудандарымызда эко-этнотуризмді дамытуға мүмкіндік зор, – дейді Серікбай Өтелгенұлы.

Өңірде құрлық, теңіз, әуе қозғалысының барлық түрі жолға қойылған. Облыс әкімі осы мүмкіндіктерді ұтымды пайдаланып, көлік және логистика әлеуетін одан әрі дамытуға күш салып жатқанын айтады.

Карантин уақытында шекара арқылы тауар тасымалында қиындық туындаған. Алайда, теңіз қақпасы арқылы алыс-беріс тоқтаған жоқ.

Ақтауда ондаған жылдан бері шешімін таппаған мәселенің бірі – қоғамдық көліктердің жағдайы еді. Биыл қаладағы автопарктерді жаңарту үшін 216,5 млн. теңге бөлініп, отандық 18 автобус сатып алынды.

– Жол – экономиканың күретамыры. Маңғыстауда «Нұрлы Жол» бағдарламасының шеңберінде құны 26,3 млрд теңгенің 9 инфрақұрылымдық жобасы іске асырылып жатыр, – дейді С.Трұмов.

Өңір тұрғындарының көптен бері көтеріп жүрген мәселелерінің бірі  қала және ауылішілік жолдарды күрделі жөндеуден өткізу еді.  Мәселені азайту барысында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасын жүзеге асыру үшін Бейнеу ауданында 44 көшеге, Маңғыстау ауданында 13 көшеге, Түпқараған ауданында 25 көшеге асфальт төселген. Сондай-ақ, «Жұмыспен қамтудың жол картасы –2020» бағдарламасы арқылы Ақтау қаласының шағын ауданішілік жолдары жөндеуден өтті.

Құрылыс саласы бойынша жеке тұрғын үй құрылысы мен мемлекеттік бағдарламалар тиімді жүргізіліп, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 1 млн шаршы метрге жуық тұрғын үй пайдалануға берілді.

Ал «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 154 отбасы баспаналы болды.

Өңірде ауыз су тапшылығын жою мақсатында ауылдық елді мекендерді орталықтандырылған сумен қамту жүйелі жүріп жатыр. Бұл көрсеткіш жыл соңына дейін 75,8%-дан 86,8%-ға дейін жеткізіледі. Жалпы ауыз сумен және кәріз желілермен қамту үшін бюджеттен 5,8 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген.

– Өздеріңізге мәлім, төтенше жағдайдың және карантиндік шектеу шараларының енгізілуімен көптеген кәсіпорындар қызметін тоқтатты. Дегенмен мекемелермен келіссөздер жүргізе отырып, жұмыс орындарын сақтап қалуға тырыстық. Осы шаралар нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 5,1% құрады. Дәлірек айтқанда облысымызда 31 934 жұмыс орны құрылды. Оның ішінде 27 688-сі тұрақты жұмыс орны, – дейді Серікбай Өтелгенұлы.

Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына  сәйкес, карантин уақытында жұмыс орындарын сақтап, әлеуметтік нысандардың құрылысын жандандыру мақсатында «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы жоғары деңгейде жүріп жатыр.

Бұдан бөлек, құрылысы бірнеше жылға созылған онкологиялық диспансердің пайдалануға берілетінін айтып өтті. Ал Ақтау қаласында жұқпалы аурулар ауруханасы, 900 орындық жаңа мектеп пен көпсалалы спорт кешені   халық игілігіне берілмек. Желтоқсан айында  Әбіш Кекілбаев атындағы музейі маңынан жаңа кітапхана пайдалануға беріліп, ақмаржан қалада тағы бір театр бой көтермек.

 

Махаббат НҰРЖАНҚЫЗЫ,

МАҢҒЫСТАУ ОБЛЫСЫ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.