Абай қытай елінде

0
186

Ұлы ақынның қытай елінде шығармаларының таралуы мен зерттелуі хақында

Ұлы ақын Абай Құнанбайұлының шығармаларының шығыстағы көршіміз – Қытай еліндегі таралуы, насихатталуы, зерттелуі туралы сөз қозғағанда, мәселені екі кеңістік – қазақтілді және қытайтілді кеңістіктер аясында бөліп қарастыруды жөн көреміз. Бұның себебі де жоқ емес, өзара кірігіп жатқан екі кеңістікте ақын шығармаларының таралу, зерттелу жолдары мен деңгейі бірдей емес кезеңдері де сәйкес келмейді, қазақтілді кеңістікте бұл үрдіс көбінесе рухани-мәдени сабақтастық, әдеби дәстүрдің жалғастығы түрінде дамып, Қытайдағы қазақ халқының рухани өсуіне, әлеуметтік-мәдени өмірінің қалыптасуы мен нығаюына жан-жақты, игі ықпал етсе, қытайтілді кеңістікте бұл әдебиеттер арасындағы өзара ықпалдастық, мәдени алмасу, Абай көкжиегінің кеңеюі сипатында дамыды.

 

Ғаламға үлгі жайып сөз тараттың

Шекара белгіленіп, жұрт екіге жарылғанмен, екі елге қараған қазақтар арасындағы барыс-келістің үзіліп қалмағаны тарихтан белгілі. Өзара географиялық шекараластық, туыстық және мәдениеттің бірлігі Абай шығармаларының Алтай, Тарбағатай, Іле, Еренқабырға жайлаған қазақтар арасына емін-еркін таралуына мұрындық болды. Қытайға бас сауғалап, ондағы қазақтар ортасында барып пана тапқан Зият Шәкәрімұлы:

Риздық болды маған ата даңқы,

Құрметтеу жақсыларды елдің салты.

Абай мен Шәкәрімді көрмесе де,

Оларды қадірлейді керей халқы. Бұл өлең шамамен 1933 жылдың соңғы айларында жазылған. Демек, Қытай еліндегі қазақтар арасына ертеден-ақ Абай мен Шәкәрім шығармалары таныс екендігі әрі бұл екі адамның ондағы ел ортасындағы беделінің зор екенін аңғарамыз. Абай шығармалары алғашында ауызша және қолжазба түрінде тарай бастағаны мәлім. Қолда бар деректер бойынша Абай өлеңдерінің басылымымен Қытай бетінде алғаш танысқан қаламгер Асқар Татанайұлы (1906-1996). Қытайдағы қазақтілді баспасөздің қалыптасуының басы-қасында болған А.Татанайұлы Абайдың баспадан шыққан өлең кітабын 1915 жылы молдадан білім алып жүргенде ағаларының қолынан ұрлап алып оқығанын айтады. Бұл Абайдың 1909 жылы жарық көрген алғашқы жинағы болу керек. Қобада мен Алтай өңіріне танымал дін ғұламасы, ақын Ақыт қажы 1934 жылы:

Ақындар бізден бұрын өтті талай,

Әсіресе Құнанбай баласы Абай.

Дәл сондай өткір сөзді болмасам да,

Мен де аз сөз жазып қойдым құрап-жамай, – деп өзі де Абай шығармаларына еліктеп өлең жазады. 1897 жылы Алғаш шығармалары Қазанда жарық көрген, Мекеге барып қажы атанған, араб, парсы, шағатай тілдерінің білгірі, шығыс әдебиетінің майталманы ғұлама адамның Абай өлеңдеріне бас ұрып, үлкен баға беруі еді. Бұл да сол кездегі екі елде қалып шекарасы шегенделсе де, рухани дүниесі түтас, бөлінбеген өмірдың бір көрнісі. Арғы бетті жайлаған елге Абай әндері мен Өлеңдерінің таралуына мұрындық болған, Абайдың білгірлігі мен көрегенділігіне сүйінген жанның бірі әнші, ақын Әсет. Әсет Найманбайұлының кейінгі өмірі қытай жеріндегі Тарбағатай, Іле өңірінде өтті. 1918 жылы Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатов бастаған алаш арыстары Шәуешекке барғаны мәлім. Сондағы келелі кеңесте Әсет ақын «Алашқа» деген ұзақ өлеңін шығарды.

Міржақып өлең айт деп қолқалайсың,

Мен бе ақын сендер тұрып ой табатын.

Алаш деп ағайынға сауға салып,

Ахаң ер отырмай ма жол табатын…

Жайылған дүниеге ғылым пәннен,

Құр қалдың ғой, қазағым, дәмін татпай.

Міржақып Дулатов пен марқұм Абай,

Меллат үшін орысқа өтті жақпай, – деп Міржақып пен Абайдың ұлт мүддесі үшін орысқа жақпай өткен жағдайын баяндай келе, Абайдың ұлылығы мен кемеңгерлігін, оның білім-ғылымға насихаттаған ұлылығын өлеңге қосады.

Абай марқұм анықтап айтпады ма,

Біліммен қонатынын дәулет, ырыс…

Абай айтты ғибарат, Ахаң тәмсіл,

Біз соның дәмін татып, жолын бастық.

Әсет ақын 30 жасында-ақ Абайдың жан-жағына тағылым жайған, артына өлместей сөз қалдырған кемеңгерлігін «Отыздағы ой» атты өлеңінде:

Басқаның бәрі бітер бақ та таяр,

Артында сөз қалдырған адам өлмес.

Абайдай айналаға тағылым жайған,

Әулиеміз көшкен соң қайтып келмес.

Белгілі абайтанушы Қабайдың жазуынша, Абай мектебінің адал шәкірті Әсет Найманбайұлы (1867-1923) Қытайдағы қазақтар қоныстанған аймақтарды түгелге жуық аралап, Абай шығармаларының таралуына үлкен ықпал еткен. Бұл туралы Әсет ақынның 1923 жылдың 23 шілдесі күні өлерінде айтқан «Арызнама» өлеңінде өзінің өсіп-өнген, аралаған жерлері туралы:

Оқ жетпес, Көкшету мен Тарбағатай,

Алтай тау, Алатауда өсіп-өндім.

Таяу жыл келіп қонып Қызай елге,

Жерлерін Күнес-Текес араладым, – дей келіп:

Жігіттер, амал бар ма бұл ажалға,

Үйге де жете алмадым құлағанда.

Үш жүзге аты машһүр қайран Әсет,

Қалдың-ау Ұланбура деген жайда, – деген өкінішін айта отырып, өзінің сайранмен өткен өмірінде бір өлеңі де баспа бетін көрмеген ғапыл ісін өлеңге қосады:

Дүниеде менен сорлы ақын бар ма,

Бір сөзі баспа орнына берілмеген.

Абайдай арт жағына сөз қалдырып,

Дариға-ай неткен жақсы өлу деген.

Әсеттің қоштасардағы бұл өлеңі «бір сөзі баспаға» берілмеген ақынның «артына сөз қалдырған» Абай кітаптары мен қолжазба өлеңдерінің сондағы ел арасында да кең тараған жағдайын бейнелесе керек. Әсет өлеңдеріндегі Абай туралы айтылғандарға көбірек тоқталған себебіміз, Әсеттің арғы бет, бергі бет болып бөлініп қалған екі елдегі қазаққа да ортақ тұлға болғандығында, екінші жағынан Әсеттің Қытайдағы қазақтар арасында болған жылдарда (1918-1923 ) Абай әндері мен Абай тағылымының үлкен жыршысы, насихатшысы болғанын баса көрсету. Әрине, Әсет келмей тұрып-ақ бұл өңірдегі қазақтардың Абай есімі мен өлеңдерімен жақсы таныс болғаны анық.

 

 

Қытай қазақтарынан шыққан ақындар мен оқымысты жазушылардың ішінде Абайдан үлгі алмағаны, Абайды ұстаз тұтпағаны кемде-кем. Олар бала жасынан Абайды жаттап өсті. Бұл қатарда Ақыт Үлімжіұлы, Асқар Татанайұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Мағаз Разданұлы секілді қытай қазақтарына танымал тұлғаларды айтсақ та жеткілікті. Түрлі саяси оқиғалардың кесірінен Қазақстаннан қытай бетінен өткен Абайды көрген, оның тәлімін бойға сіңірген ақындардың өлең-насихаты ел аузында кең таралды. Таңнан таңға жырланды. Бұған мысал Әсет пен Арғынбек Апашбайдың өлеңдері. Сондай өлеңнің бірі әрі Абай өмірінен де сыр шертетін Арғынбек Апашпайұлының «Орта жүздің Сырдариядан Сарыарқаға көшіп шыққаны» туралы өлеңі.

Өскенбай, Қаж Құнанбай, мырза Ыбырай,

Абайдың жаннан асқан білімін-ай!

Затың қазақ болған соң амал бар ма,

Арманда зарлап өттің, бұлбұлым-ай!

Ғаламға үлгі жайып, сөз тараттың,

Атыңыз бақи қалды, дүлдүлім-ай!

Низамы болмаған бұл атаң қазақ,

Табылмас енді ойласам бір күнің-ай!

XX ғасырдың 20-30 жылдарындағы Кеңестік Қазақстанда өткен саяси қуғын-сүргінде, қазақтың оқығандары мен зиялыларының біразы Қытай жеріне бас сауғалап барып, ондағы қазақ халқының мәдени, әдеби өміріне айтарлықтай із қалдырды. Олардың қатарында Зият Шәкәрімұлы, Райымжан Мәрсеков, т.б. Алаш қайраткерлері де бар еді. Олар әлеуметтік-қоғамдық жұмыстарға, ағартушылық, баспасөз ісіне белсене араласады. 1934 жылы Шәуешекте, 1935 жылы Құлжада және Алтайда, 1936 жылы Үрімжіде қазақ тілінде газеттер шығады. Шәуешекте «Жаңа Шынжаң», Алтайда «Жаңа Алтай» журналдары жарық көрді. Осы айтылған мерзімді басылымдарда Абай өлеңдері жарияланып тұрады. Бұл үрдіс, әсіресе, Қытайдағы «Үш аймақ төңкерісінен» кейін жиілей түседі. Қытайдағы саяси қуғын-сүргін құрбандарының бірі, қытайдағы қазақ педагогикасының даму тарихы туралы еңбек жазған белгілі тарихшы-ғалым Қабимолда Мәнжібаевтің (1925-1991) куәлік беруінше, Үрімжідегі қазақ зиялыларынан құралған «Сәуле» атты құпия ұйымның бастамасымен «Абай өлеңдері» 1948 жылы Үрімжі қаласында баспадан шығады. Бұл мағлұматты растайтын басқа дереккөздері де жеткілікті, мысалы, осы турасында белгілі қоғам қайраткері, журналист Қасен Оралтай (1933 – 2010) да жазады. Қытайда шыққан ұйғыр тіліндегі «Шынжаң газетінің» 1949 жылғы 25 тамыздағы №193 санында Абайдың дүниеге келгендігінің 104 жылдығына арнап «Абай – қазақ халқының ұлы ақыны» деген көлемді мақала жарық көреді. Мақалада «Абайдың толық жинағы 1909 жылы басылды. Кеңес үкіметі орнағаннан кейін, 1921 жылдан бері 5 мәрте басылды. Өлкемізде 1 мәрте басылды» деп анық көрсетілген, демек, «Сәуленің» баспасынан жарық көрген «Абай өлеңдері» ұлы ақынның қытайда жарық көрген тұңғыш жинағы болғанында дау жоқ. Сондай-ақ, 1949 жылы Тарбағатайда қазақша, ұйғырша және татарша өлеңдердің құрама жинағы шығады, жинаққа Абай өлеңдері енеді. Кей дереккөзде көрсетілуінше, Абайдың «Біраз сөз қазақтың қайдан шыққаны туралы» атты еңбегі Үрімжіде 1949 жылы шыққан «Шынжаң газетінде» жарық көрген. Бірақ, қай тілде, қай санында басылғаны белгісіз, бұл деректі әлі де анықтай түсу қажет деп есептейміз.

 

 

 

Абай өлеңдері қалайша тарады?

Баста айтқанымыздай, Абай өлеңдері Қытайдағы қазақтар арасына әу баста ауызша және қолжазба түрінде тарады, оған дәлел – Шерияздан Мәрсековтың 1934 жылы қытай жерінде көшірілген дейтін Абай өлеңдерінің қолжазбасы әлі сақтаулы. Жуықта ғана Алтай бетінен Абайдың «Аттың сыны» өлеңінің көшірмесі табылды. Осы жерде мына бір қызық деректі келтіре кеткен артық емес: Қытайдағы қазақ әдебиетінің үздік өкілдерінің бірі, ақын, жазушы Мағаз Разданұлы (1924-1998) 1944 жылы Абайдың баспадан шыққан өлеңдер жинағын қолмен көшіріп жазып алады. Кейінірек қудалауға түскен ақын өзі көшірген қолжазбадан көз жазып қалады. Арада талай жыл өткенде, 1985 жылы Алтайдың Шіңгіл ауданына жасаған сапары кезінде, жергілікті Мұқаметбек Зәтелбайұлы деген азамат қолжазбаны таза, бүтін күйінде өзіне қайтарады. М.Разданұлының қолымен көшірілген бұл нұсқа қазір ақын отбасында сақтаулы.

 

Бейжіңдегі Абай ескерткіші

Абай мектебі Қытайдағы қазақ жазба әдебиетінің қалыптасуы мен дамуына үлкен ықпал етті. Ғұлама ақын, дін қайраткері Ақыт қажы Үлімжіұлы Қарымсақов (1868-1940) хакім Абайды Қызылордадағы Қазақстан баспасынан 1934 жылы шыққан толық жинағымен шамамен сол жылдың аяғында немесе 1935 жылдың басында танысады. Бұл А. Үлімжіұлының шығармашылық бағытына үлкен бұрылыс пен серпін әкеледі, ендігі жерде ол Абай мектебінің өнегесін жалғастырушы ретінде көзге түседі, А.Үлімжіұлын Абай мұраларының жоқтаушысы, насихаттаушысы ғана емес, белгілі деңгейде, қазақтың алғашқы абайтанушыларының бірі бола білді, бұған оның қаламынан туған «Дәлейлул-ғақылия» еңбегі куә. Еңбектің ең басына «қазақ ұлтының керей елінен шыққан мен әлсіз, пақыр пенде – қажы және қазы Ақыт Үлімжіұлы мүміндердің көңіл көзін ашуды, оларды опық жеуден сақтандыруды… ниет етіп, марқұм Абай Құнанбай қажы ұлының кітабынан өрнек алып, осы ғақлиялық, нақылдық үндеулер кітабын жаздым. Абай адамның жуырда есіне түспейтін сөздерді тауып, соны өрнектеген екен. Мен де сондай есіме түсе қалған сөздерді кіргіздім. Абай өлеңдерінің үзіндісін басына алып, күрделі лебіздерін шештім, мақсатым ел-жұртқа тағылым болса» деп жазады. Ақын ұрпағы, «Құран Кәрімді» қазақ тілінде сөйлеткен белгілі дін қайраткері Ғазез қажы Ақытұлының (1924-2012) куәлік беруінше, А. Үлімжіұлы бірде баласы Қалманмен әңгіме үстінде оған «Абай өлеңін атүсті оқып кеткен адам оңай-оспақ түсіне қоймайды. Бұл Абай өлеңінің ойлылығы, мәнінің тереңдігінен… Құранға неге тәпсір жазылады? Хадиске неге шарх жазылады? Мақсат жаңғырту, түсіндіру арқылы ғауам халыққа таныстыру емес пе?» дейді. Міне осыдан А.Үлімжіұлының Абайға жай еліктемегенін, шығыс әдебиетінде ежелден бар назиралық дәстүрді берік ұстанып, данышпанның тереңіне бойлап, күрделі лебіздерін шешуді, Абайды тану мен жұртқа танытуды мақсат тұтқанын көреміз. Мысалы, «Дәлейлул-ғақылиядағы» бесінші өлеңінде А.Үлімжіұлы Абай хакімнің өлеңін түрлендіріп, өз өрнегімен толықтыра түседі:

«Қайран жұртым, қазағым, қалың елім,

Бет көріп сөйлескенде бәрің көрім.

Тоқтау сөз, берекеден кеткеннен соң,

Жеке-жеке сандалып түсті белің.

Әркім жымып өз бір жеке ойменен,

Тарқата алмай кеттің ғой көңіл шерін.

Өзімдікі дей алмай өз малыңды,

Қадыр тұта алмадың боздағыңды.

Жыртың-жыртың босөкпе, алакөздің,

Көрдің бе осыменен озғаныңды?

Бас-басыңа би болып, алты бас боп,

Қарашы быт-шыт болып тозғаныңды.

Өздеріңді түзелер дей алмаймын,

Ойламасаң қайта адам болмағыңды».

Абай мектебінің тағы бір адал шәкірті, үздік насихатшысы Таңжарық Жолдыұлы (1903-1947) да ұлы ақынның ізін қуып, рухани сабақтастықтың көкжиегін кеңейте білді:

«Айтқаны Абай аға бар емес пе,

Сөзіңді ұқпағанға берме деген.

Жиреніп өз үйінен қашып жүрген,

Байқамай антұрғанға ерме деген.

Ерінбей еңбек етіп, талап тауып,

Қолыңды көтер көкке, серме деген» деп толғаған ақынның «атадан төртеу, анадан төртеу, өндіруші бір құдай, жалғыздық көрер жерім жоқ», «дүние толқып тұрған көл секілді, заман бір үстіндегі жел секілді» немесе «дүние түгелденбес, түгесілмес, орнына бірі кетсе бірі келер; өзгерген зат өзінше жоғалды деп, біздің жұрт білместікпен солай сенер» деген сөз өрнектерінен Абай әсері анық білінеді.

 

 

ҚХР құрылғаннан кейін 1954 жылы төте жазуда, қазақ тілінде шығатын «Шұғыла» атты әдеби журналдың №7 санында Ә.Әділханның «Қазақтың кемеңгері Абай» атты мақаласы басылды. Бұл қазірге дейін белгілі болған, ҚХР құрылғаннан кейінгі нақты деректермен бекіген алғашқы ғылыми мақала есептелінеді. Журналдың сол санында Ғабит Мүсіреповтың «Қазақ әдебиетінің өркендеу жолындағы Абайдың тарихи орны» атты мақаласы да жарық көрді. 1955 жылы «Шұғыланың» №11 санында Мұхтар Әуезовтың «Абай романының жазылу жайынан» атты мақаласы да жарыққа шықты (Бұл мақала 1987 жылы Құлжа қаласында қазақ тілінде шығатын «Іле айдыны» журналының №2-3 санында қайталай басылды). XX ғасырдың 60-70 жылдарында басталған Қытайдағы саяси науқандар ондағы ұлттық басылымдардың адымын тұсап, оқығандарды қудалауға ұшыратты. «Солақай» саясаттың кесірінен Абай шығармаларына тиым салынады. 1980 жылы мамыр айында Бейжіңдегі Ұлттар баспасынан «Абай Құнанбайұлы» деген атпен ақын өлеңдерінің жинағын жарық көріп (жинаққа 208 өлеңі мен аудармасы және 4 поэмасы енгізілген, кейін көп мәрте қайта басылған), сірескен сеңнің көбесін сөгеді. Бірақ Абайдың Қытай қазақтардың әдебиетіндегі орны мен ықпалы туралы бірден сөз қозғала қоймайды. Тек аз ұлттардың классикалық әдебиеті туралы 1983 жылы Үрімжі қаласында өткен алғашқы ғылыми конференцияда ШҰАР Әдебиет және өнер қызметкерлері одағының төрағасының орынбасары Құрманәлі Оспанұлы (1924-1999) «Абайдың өмірі және шығармаларының құны» деген тақырыпта баяндама жасап, «Абай және оның шығармалары еліміздегі қазақ әдебиетімен етене байланысып, бізге тікелей ықпал етті. Абай еліміздегі қазақ әдебиетінде басты орын алады деп айтуға болады… Ол шетелде туғанмен, Қытайдағы қазақтардың көңілінде, ол бәрібір өз ақынымыз болып қала береді» деп мәлімдегеннен кейін ғана, Абайды насихаттауға, зерттеуге шындап жол ашылады.

 

Екінші толқын және рухани сабақтастық

Абай Құнанбайұлының шығармаларының Қытайдағы қазақтар арасына кең таралып, ауқымды зерттелуінің екінші толқыны осы жылдары басталады. Абайдың өлеңдері мен қара сөздері мектеп оқулықтарына енгізіліп, жас буын Абай тағылымымен қайта қауышады, үзілген рухани сабақтастық қайта жалғанады.

 

 

1986 жылы Ұлттар баспасы Төкен Әлімқұловтың «Абай», Ханғали Жұмашұлы Сүйіншәлиевтің «Абайдың қара сөздері» еңбектерін және «Қазақ совет энциклопедиясындағы» «Абай» ұясын қосып, «Абай қара сөздерін» шығарды. 1987 жылы Қабайдың «Абай және Абайдың шығармалары» монографиясы қазақ тіліне аударылып басылды.  1993 жылы Әбділдәбек Ақыштайұлының дайындауымен Мұқтар Әуезовтың «Абайтану мәселелері» атты кітабы төте жазуда Үрімжідегі Шынжаң халық баспасынан жарық көріп, Қытайдағы қазақ әдебиетінде абайтану саласының қалыптасуы мен дамуына бағыт-бағдар сілтеді. 1998 жылы ҚР тұңғыш президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай туралы сөз» кітабы қазақ, қытай, ұйғыр тілдерінде Үрімжі қаласындағы Шынжаң жастар-өрендер баспасынан жарық көруі арғы беттегі ағайындардың рухани өміріндегі айтулы оқиға ретінде ел есінде қалады және Абай ықпалының кеңеюіне сара жол ашты. 1995 жылы Абай Құнанбайұлының туғанына 150 жыл толуына байланысты Үрімжі қаласындағы Шынжаң халық баспасынан Әбділдәбек Ақыштайұлының құрастыруымен «Абай туралы естегілер», Шынжаң оқу-ағарту баспасынан Әуелқан Қалиұлы мен Біләл Қамзаұлының құрастыруымен «Абай шығармаларына баян», Күйтің қаласындағы Іле халық баспасынан абайтану туралы зерттеулер мен талдаулардан тұратын «Абай парасаты» атты кітаптар басылып шықты. Әсіресе, соңғы жинаққа енген мақалалар, айталық, Әуелқан Қалиұлының, Мидыхат Разданұлы, Сұлтан Жанболатов т.б қаламгерлердің еңбектері деректік және ғылыми құндылықтарымен көзге түсіп, Қытайдағы қазақ тілді ғылыми ортаның абайтану бойынша соған дейін қол жеткен табыстарының куәсі болды. Абайдың 170 жылдығына орай Бейжің қаласындағы Ұлттар баспасы «Абайдың қара сөздері» атты қазақ, қытай, ұйғыр тілдерінде аудио-кітапты баспадан шығарды. Қытайдағы қазақ зерттеушілері мен ғалымдары да өз зерттеулері негізінде жекелеген монографиялық еңбектерін жариялады. Зерттеуші, аудармашы Қаһарман Мұқанұлы (1944-2001) «Абай Құнанбайұлы» атты Абай өмірі мен шығармаларын өзек еткен монографиясын 2000 жылы жарияласа, Құлжа қаласындағы Іле педагогикалық институтының ғалымы Шайытқазы Зейнелғазыұлы «Абайдың психологиялық философиясы» атты зерттеу еңбегін 2003 жылы Үрімжі қаласындағы Шынжаң халық баспасынан шығарды,

Қытайдағы қазақтардың төте жазуда, қазақ тілінде шығатын ғылыми, әдеби басылымдардың шоғыры да бірталай. Осы басылымдарда Абай шығармалары мен ол туралы ғылыми-танымдық мақалалар үзбей жарияланып тұрды. Шынжаң Қоғамдық ғылымдар академиясы жанынан 1990 жылдан бері шығатын «Шынжаң қоғамдық ғылымдар» журналының осы күнге дейінгі сандарында ұлы ақынның мұраларына байланысты 20 неше ғылыми мақала жарық көрді. Бұдан тыс «Шынжаң университеті ғылыми журналы», «Шынжаң педагогикалық университеті ғылыми журналы», «Шынжаң қоғамдық ғылымдар мінбесі», «Іле педагогикалық институты ғылыми журналы», «Шынжаң оқу-ағартуы» сынды ғылыми басылымдар мен «Шұғыла», «Мұра», «Іле айдыны», «Алтай аясы», «Құмыл алқабы», «Тарбағатай», «Тіл және аударма», «Боғда», «Көкжиек», «Оқырман өресі», «Жастүлек», «Үйрену және ғылым» сияқты әдеби-көркем және танымдық мерзімді басылымдарда жүзге жуық мақала жарық көрді.

 

Қабай деген кім?

Абай шығармаларының Қытай тіліне аударылуы, насихатталуы, зерттелуі туралы сөз болғанда, Қабайдан айналып өту мүмкін емес. Қабай 1928 жылы Қытайдағы қазақтар жиі қоныстанған Тарбағатай өңірінде зиялы отбасында дүние есігін ашады. Ұлты – сібе, шын аты – Xа Xуанджан (қытайша), еркелеткен аты – Катури (сібеше). Қаршадайынан қазақ арасында өскен Катуриді көрші-қолаңдары Қадырбай деп атап кетеді. Бастауыш мектепте оқып жүргенде қабырға газетке шығарған тырнақалды туындыларына Қадырбай деп қолтаңба қойған екен. Жүре келе мектептегі қазақ балалары оны Қабай атандырады. 1949 жылы Шынжаң университетіне орыс тілі мамандығы бойынша оқуға түседі, бірақ, оқуын толық аяқтамай, қоғамдық жұмысқа тартылып, кәсіби аудармашылық жолына түседі. 1950 жылдан 1973 жылға дейін Қытайдың Іле аймағының Күнес және Нылқы аудандарында аудармашы және лауазымды қызметкер болып жұмыс атқарды. Бұл Қытайда билік ауысқаннан кейінгі аумалы-төкпелі кезеңге тура келеді. Күрделі, қым-қуыт саяси тартыстардың ортасында жүріп, Қабай өзі бала күнінен құлаққа құйып өскен Абай шығармаларын қытай тіліне аудара бастайды. Оның Абайдан аударған алғашқы еңбегі «Ескендір» Қытай астанасы Бейжіңде шығатын «Көркем аударма» журналының 1955 жылғы №8 санында жарық көреді. 1958 жылы Абайдың «Ескендіріне» «Масғұт» және «Әзімнің әңгімесі» поэмаларының аудармасын қосып, Қытайдың халық әдебиеті баспасынан «Абай поэмалары» деген атпен бастырады. Бұл Абайдың Қытайда елінде қытай тілінде жарық көрген алғашқы жинағы. Сол жылы Үрімжі қаласында шығатын «Тянь-Шань» журналының №8 санында Қабайдың «Қазақтың ұлы ақыны – Абай» деген мақаласы жарық көрді, Абайдың өмірі мен еңбектерінен сыр шертетін алғашқы мақаласының жарияға шығуы жас талапкерді ширата түседі. Алайда, сабасынан шыққан саяси науқандар Қабайдың қаламын майырып, қанатын қайырды. 1973 жылы Бейжіңдегі Ұлттар баспасының қазақ тіліндегі аударма бөліміне жұмысқа келеді, 1981 жылы Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының Аз Ұлттар әдебиеті институтына ауысып, Абайтану бағыты бойынша арнайы зерттеумен шұғылданады. Ендігі жерде, оның аудармашылық және зерттеушілік қырларының ашылуына мүмкіндік туады. 1982 жылы Шынжаң халық баспасынан «Абайдың таңдамалы өлеңдері», 1984 жылы тағы да сол баспадан «Ақылия» (қара сөздер), 1993 жылы Ұлттар баспасынан «Абай өлеңдерінің толық жинағы» аудармалары қытай тілінде басылып шығады. Қабай өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясын қытай тіліне аудара бастайды. 1997 жылы алғашқы екі томы, 2004 жылы төрт томы толық қытай тілінде жарық көреді.

Абай шығармаларын аударумен ғана шектелмеген Қабай ұлы ақынның еңбектерін зерттеуге, зерделеуге де ат салысады. Оның қытай тіліндегі «Абай және оның өлеңдері» атты монографиясы 1987 жылы Ұлттар баспасынан «Абай және Абай шығармалары» деген атпен қазақ тілінде аударылып жарық көреді. Аталған еңбекке аз ұлттар әдебиетін зерттеу бағыты бойынша Қытайдың мемлекеттік сыйлығы беріледі. 1995 жылы Ұлттар баспасынан «Абайтану зерттеулері» атты тағы бір монографиясы қытай тілінде басылып шықты. Бұл жинаққа Қабайдың әр жылдары жазған «Ақын, ойшыл, демократ», «Абайтану және басқа мәселелер туралы», «Абай және оның өлеңдері», «Абайдың поэзия сыны», «Абайдың аударма өлеңдері», «Абайдың дінге көзқарасы», «Мұқтар және Абайтану», «Абайдан Таңжарыққа дейін», «Абайды толық танып болдық па?» секілді 19 мақаласы енгізілген. Жинақтап айтқанда, Қабайдың зерттеулерін 4 бағытқа бөлуге болады: 1. Абай шығармаларындағы халықшылдық пен ойшылдық; 2. Абайдың әдеби шығармашылығы; 3. Абайдың Қытайдағы қазақ әдебиетіндегі орны мен ықпалы; 4. Абайтану ғылымы туралы таныстыру мен пайымдау. Ана тілінен басқа, қазақ, қытай, орыс және ұйғыр тілдерін өте сауатты деңгейде игеруі Қабайдың Абай шығармаларының ішкі иірімі мен сыр-сипатын әр қырынан тануына мүмкіндік береді. Абайтану бағыты бойынша Қытайда жүйелі зерттеу жүргізген тұңғыш ғалам ретінде, Қабай Абайдың өлеңдерін, поэмаларын, қара сөздерін, аудармаларын жан-жақты саралап, ұлы ақынның өлеңдеріндегі замана тынысы мен ұлттық бояу туралы ой қозғап, ақындығы мен ойшылдығына әділ баға береді. Бір көңіл аударарлық жайт, ол қытайтілді кеңістікте Абайдың аудармасы мен поэзия сыны жөніндегі жүйелі зерттеуге алғаш із салды, әсіресе, Абайдың поэзия сыны туралы өлеңдерін қытай поэзиясының алтын ғасыры саналатын Тан дәуіріндегі өлең сыны жөніндегі төрттағандармен салыстыра зерттеп, Абай қазақ әдебиетінде «өлең туралы өлеңнің» алғашқы үлгісін көрсетті деген байлам жасайды. Осы бағытта қытай ғалымдарының зерттеуі әлі жалғасуда және Қабайдың осы зерттеуі қытайтілді кеңістікте Абай тұлғасы турасындағы салыстырмалы зерттеуге де жол ашты деп айтуға толық негіз бар.

Қабай Абай шығармаларын аударумен, зерттеумен шұғылданып қана қоймай, ұлы ойшылдың мұрасын насихаттауға да бір кісідей атсалысады. Мысалы, 1986 жылы Будапештте өткен әдебиет пен өнер қайраткерлерінің жиналысында, Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы арнайы баяндама жасады.

Қабай 1993 жылы Қазақстанда болып, Алматы мен Семей өңірлерінде үш айға жуық тексеру, зерттеумен айналысты. Қытайға қайтып барғаннан кейін ілгерінді-кейіді «Халық газеті», «Гуаньмин газеті», «Қытай мәдениет газеті» мен «Ұлттар достығы» жеген журналда «Абайды еске алу шараларының қарбалас шағы», «Абай мекеніне саяхат» секілді мақалалар жазып жариялайды. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап Қабай Мұқтар Әуезовтың «Абай жолы» эпопеясын қытай тіліне аудара бастайды. 1997 жылы Бейжіңдегі Ұлттар баспасынан алғашқы екі томы қытай тілінде жарық көрсе, 2004 жылы толық төрт томы қытай тілінде жарық көрді.

 

Қытай тіліне аударылған шығармалар

Абай шығармаларының қытай тіліне аударылып Қытай жұртына жол алу тарихы да ары да. 1917 жылы Қазан төңкерісінің әсерінен XX ғасырдың 30 жылдарынан бастап Кеңес-Қытай достығы орнады. Сол кезде Кеңес одағының білім беру жүйесі бойынша Шыңжаңда мектептер ашылды. Көрші жатқан Қазақстан әдебиетінің уәкілдері 40 жылдардан бастап қытай тіліне аударылып қытай оқырмандарына жол тартты. 40 жылдардың соңын ала Жамбыл Жабаевтың өлеңдері аударылды. 1954 жылы Сәбит Мұқановтың «Өмір мектебі» (过去的日子), 1958 жылы «Тыңдағы толқындар» (在荒地) атты романы, Ғабиден Мұстафиннің «Миллионер» романы екі адамның екі түрлі аудармасымен басылып шықты, Сондай-ақ, Мұстафиннің «Дауылдан кейін» (晴朗的日子) повесті де қытай тіліне аударылып 1951 жылы басылып шықты. 1956 жылы Әбділда Тәжібаевтың «Жамбыл» кітабы, 1958 жылы Ілияс Есенберлиннің орыс тілінде жарық көрген «Песня о человеке» (人的赞歌) романы, 1959 жылы «Қазақтың ауыз әдебиеті» атты кітап қытай тіліне аударылды.

 

 

1947-1948 жылдары сол кездегі Шыңжаңдағы Гоминьдаң үкіметіне қарасты «Шынжаң өлкелік мәдени қозғалыс» комитеті «Ханьхайчао» атты қытай тілінде журнал шығарады. Осы журналдың 1947 жылғы 1 томы №6,7,8,9 басылымында Нығымет Мыңжанидың «Қазақ тарихы» деген ғылыми мақаласы жарық көрді. Мақаланы қытай тіліне аударған қытай тарихшысы Су Бэйхай. Осы желілес мақаланың №9 санындағы әдебиет тарауында, 25 бетінде Абай туралы айтылады. Бұл біздің қолымыздағы қазірге дейін белгілі болған Абай туралы ең алғашқы қытай тіліндегі дерек [27]. ҚХР құрылғаннан кейін, 1950 жылы Мұхтар Әуезовтың «Народность и реализм Абая» (қытайша: 阿拜的人民性和现实主义) атты мақаласы қытай тіліне аударылып, «Көркем аударма» (кейін «Дүние әдебиеті» болып өзгерген) журналында жарияланды. Журналдың сол нөмірінде Қабайдың аудармасымен Абайдың «Ескендір» поэмасы да басылады.

1982 және 1984 жылдар «Абайдың таңдамалы өлеңдері» және «Ақлия (Абай қара сөздері)» атты екі кітап Үрімжідегі Шыңжаң халық баспасынан қытай тілінде жарық көрді. 1993 жылы «Абай өлеңдерінің толық жинағы» (阿拜诗文全集) аудармасы, 1995 жылы «Абайтану зерттеулері» (阿拜研究文集) атты монография Бейжиң қаласындағы Ұлттар баспасынан жарық көрді. 1998 жылы Шынжаң жастар мен өрендер баспасынан елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Абай туралы сөз» (论阿拜) атты кітабы үш тілде – қазақ, ұйғыр және қытай тілдерінде басылды, кітаптың қытай тіліндегі бөлігін Қытай ұлттық аударма бюросының қызметкері Ши Чжунцяо (师忠孝) аударды. Қытай ғалымдары мен оқымыстылары да осы тақырыпта аудармалары мен зерттеулерін жариялап келеді. Қытай әдебиетшісі әрі аудармашысы Су Чжужион (粟周熊)  1995 жылы «Шыңғыс тауының үш шыңы — Абай, Шәкерім, Мұқтар» (青格斯山的三巨峰 — 阿拜, 恰卡里姆, 穆合塔尔) атты монографиясын жариялады. 2003 жылы аудармашы ғалым Чжэн Чжэндон (郑振东) «Абай – Қазақ даласының темірқазығы» (阿拜—哈萨克草原上的北极星) атты монографиясын жариялады. 2015 жылы Ұлттар баспасы Абайдың 170 жылдығына арнап «Абай қара сөздері» деген атпен қытай, қазақ, ұйғыр тілдерінде аудиокітап шығарды. Демек, Бейжің қаласында орналасқан Ұлттар баспасы Абай шығармалары мен Абай туралы монографиялық зерттеу еңбектерін басып шығаруда үлкен рөл атқарды.

 

 

Қытай елінде Қазақ халқының тарихын, мәдениетін зерттеген ғылыми мақалалар мен монографиялық еңбектерде Абай туралы тоқталмағаны кемде кем. Сонау 1947 жылы қытай тілінде жарық көрген Нығымет Мыңжанидың «қазақ тарихы» деген желілес мақаласында Абайды қазақтың ұлы ақыны ретінде ауызға алса, 1987 жылы Шыңжаң халық баспасынан шыққан «Қазақтың қысқаша тарихы» атты монографиясының «қазақ ұлтының мәдениеті және өнері» деп аталатын 11 тарауында Абайдың философиялық идеиясына қысқаша тоқталып, таныстырған. 1989 жылы Шыңжаң университеті баспасынан қытай тарихшысы Су Бэйхайдың «Қазақтың мәдениет тарихы» атты монографиясының 14 тарауында «таяу заманғы қазақ ұлтының ұлы ақыны Абай» деген атпен арнаулы зерттеуі берілген. Шыңжаң Қоғамдық ғылымдар академиясының Ұлттар институты тапсыруымен әдебиетші ғалым Ахметбек Кірішбаевтың «Қазақ әдебиетінің тарихы» (II том) атты ғылыми зерттеу кітабының 24 тарауында Абайдың өмірі, жасампаздық жолы, дүниеге көзқарасы, Абай поэзиясының түрі және тіл ерекшеліктеріне жан-жақтылы тоқталған. Қытай тарихына қатысты көне деректерді қазақ тіліне аударған аудармашы, Шыңжаң Қоғамдық ғылымдар академиясының ғалымы Қаһарман Мұқанұлының «Ғылыми зерттеу мақалалары» атты монографиясында «Ұлы Абайдың ұлтқа көзқарасы» деген тақырыпта арнайы ғылыми зерттеу мақаласы кірген.

Белгілі қытайтілді жазушы, Қытай мемлекеттік сыйлығының иегері, «Қытай жазушылары» журналының бас редакторы Әкбар Мәжитұлы да Абай шығармаларын аударуға, насихаттауға ұзақтан бері ат салысып келеді. 1995 жылы, ұлы ақынның 150 жылдығына орай, Әкбар Мәжитұлының аударуымен «Абайдың қара сөздерінен үзінділер» әдеби-көркем «Іле айдыны» журналының қытай тіліндегі басылымында жарық көреді, көп өтпей, аталған аударманы Қытайдағы таралымы ең мол «Оқырман дайджесті» (读者文摘,Reader’s Digest)  басылымы көшіріп басады. Сол жылы «Абайдың қара сөздерінің» қазақ және қытай тілдеріндегі салыстырмалы нұсқасын «Абай ақылиялары» деген атпен Қытайдың мемлекеттік Ұлттар баспасынан шығарады, еңбекті Қытайдағы дун халқынан шыққан белгілі жазушы, аудармашы Су Чжужион орыс тілінен аударады, Әкбар Мәжитұлы Қазақ тіліндегі түпнұсқамен салыстырып, түзету жасайды және түсініктемелер жазады. Әкбар Мәжитұлының қолынан шыққан «Абай қара сөздері» түпнұсқаға жақындығымен, тілінің шұрайлы, көркемдігімен көптің көңілінен шығады, аудармада Қара сөздердің өзгеше стилі және ақынның терең ойлары мен  философиялық толғаулары біршама жақсы жеткізілген.

Қытайда Абай Құнанбайұлының мұраларын насихаттауға байланысты атқарылған игілікті шаралардың бірі ретінде, 2014 жылы 19 наурызда Бейжіңдегі «Чаоян» саябағында ақын мүсінінің қойылуын айтуға болады. Мүсін авторы Бейжің Цзиньтай көркем өнер музейінің директоры, Қытай өнер академиясының аға ғылыми қызметкері, Ресейдің мемлекеттік өнер ғылымдары академиясының құрметті мүшесі, Қытайға танымал мүсінші Юань Сикунь.

 

 

Қытайда ұлы ақынның мерейтойларына байланысты жоғары деңгейдегі салтанатты іс-шаралармен қатар, Абай оқулары да өтіп тұрады. Мысалы, Қытайдағы Қазақстан елшілігі мен Цзиньтай көркем өнер музейінің мұрындық болуымен Абай оқулары бірінші рет 2015 жылы шілде айында Бейжіңде өткен болатын, сонан бері атаулы шара жыл сайын тұрақты түрде өтіп келеді, шараға қатысушылардың қатары жыл санап өсіп келе жатқаны, шара аясында Бейжіңдегі Абай ескерткішіне гүл қойылып, ұлы ақынның өлеңдері мен қазақтың өзге де классиктерінің өлең-жырлары қазақ, қытай, орыс және ағылшын тілдерінде оқылатынын ақпарат құралдары жазады.

ҚХР төрағасы Си Цзиньпин 2013 жылы Қыркүйек айында Қазақстандағы сапары кезінде Назарбаев университетінің студенттерімен кездесіп, дәріс оқығанда, Ұлы Абайдың «Дүние – үлкен көл, Заман – соққан жел, алдыңғы толқын – ағалар, артқы толқын – інілер, кезекпенен өлінер, баяғыдай көрінер» (өлеңнің қытайша аудармасы: 世界有如海洋,时代有如劲风,前浪如兄长,后浪是兄弟,风拥后浪推前浪,亘古及今皆如此) деген сөзін ауызға алып, баяндамасын түйіндеген болатын.

Абай шығармаларының Қытай еліне таралуын екі жаққа бөліп қарастыруға болады. Бірінші, Қытайдағы қазақтар арасына таралуы мен сондағы қазақ ғалымдары мен зерттеушілер арасында зерттеліп, төте жазумен қазақ тілінде жарық көруі. Екінші жағынан алғанда, Абай шығармаларының қытай тіліне аударылуы және зерттелуі. Бұның соңғысының ықпалы мен зерттелу көлемі анағұрлым кең әрі қытай тілінде басылған кітап, жинақ, монография, жарияланған ғылыми мақалалар мен қорғалған дисертациялар молынан кездеседі.

Қорыта айтқанда, Абай Құнанбайұлының шығармаларының аударылуы мен зерттелуі Қытай елінде зор нәтижеге жеткен. Қазіргі қолда бар деректерге қарағанда, Абай шығармаларына қатысты 200 неше ғылыми мақала, 10 неше докторлық және магистрлік диссертациялар қорғалған. Бейжің қаласындағы Орталық ұлттар университеті Қазақ тілі-әдебиет факультетінде Абайтану туралы арнаулы дәріс оқылады. Бұдан тыс, Абай өлеңдері мен қара сөздерін, поэмаларын қытай тіліне аударып, насихаттап, зерттеп жүрген мамандар тобы қалыптасқан. Бар ғұмырын Абай шығармаларын аудару мен зерттеуге арнаған, 1958 жылдың өзінде Абайдың үш поэмасын қытай тіліне аударып кітап етіп бастырған, алғаш рет Абай шығармашылығын талдап ғылыми мақала жазған аудармашы, ғалым Қабайды айырықша атауымызға болады. Қытай еліндегі қазақтар арасынан шыққан қарымды қаламгер Әкбар Мәжитұлының да Абайдың шығармашылығын Қытай еліне таныстыруда үлкен еңбек сіңіріп жүр. Абай шығармасын түп нұсқадан оқи алуы мен ұлттық ерекшелік пен ұлттық құндылықты терең білуі аударманың сапалы әрі сәтті шығуының кепілі. Ал Әкбар Мәжитұлын басқалардан ерекшелейтін артықшылығы да осы болды.

Абай шығармаларының таралуы мен насихатталуы тұрғысынан алғанда, ең алдымен Қытайдағы қазақтар арасында XX ғасырдың бас кезінен бастап Абай өлеңдерінің қолжазбалары мен алғашқы жинақтары, Абай әндері тарай бастады. Кейін мерзімді басылымдар мен баспасөзде төте жазумен, қазақ тілінде көптеп басылып таралды. Бұнда үш түрлі ерекшелік болды. Біріншіден, Абайдың төл өз шығармасының қайта-қайта басылып отырды. Абайдың туғанына 150, 160, 170 жыл толуына орай Абай шығармалары қазақ, қытай, ұйғыр тілдерінде баспадан жарық көріп отырды. Екіншіден, Қазақстандағы абайтанушы ғалымдардың еңбектері мен ғылыми мақалалары Шынжаңдағы қазақ тілді ғылыми, әдеби журналдарда үздіксіз жарияланды. Үшіншіден, Қытайдағы қазақ ғалымдарының төл зерттеулері. Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы аудармашы, ғалым Қаһарман Мұқанұлы Бейжің қаласындағы Ұлттар баспасынан 2000 жылы «Абай Құнанбайұлы» деген монографиялық еңбегін шығарды. Іле педагогикалық институтының ғалымы Шайытқазы Зейнелғазыұлының «Абайдың психологиялық философиясы» атты жеке зерттеу монографиялық еңбегі Үрімжі қаласындағы Шынжаң халық баспасынан 2003 жылы басылып шықты. Бұл екі еңбек абайтануға қосылған зор үлес. Бұдан тыс, ЖОО студенттері мен оқытушыларының, ғылыми орталықта қызмет атқаратын ғалымдар мен ғылыми қызметкердің әр жылдарда, әртүрлі тақырыпта Абай шығармалары туралы зерттеулері бір төбе.

 

“Абай туралы сөз” кітабы. Ұйғыр, қазақ тілдерінде

Абай шығармаларының қытай тіліне аударылуы, зерттелуі өткен ғасырдың 40 жылдарынан бастау алғанмен, қанат жайып, жан-жақтылы зерттеле бастауы ҚР тәуелсіз ел болып дербес шаңырақ көтеруінен кейін басталды. Көрші Қазақ елінің шыт жаңа түлеуі мен тарих саханасына шығуы, ҚХР үшін бұл елді тану мен зерттеудің өзектілігін арттырды. Қазақ ұлтының дүниеге көзқарасы мен философиялық ойлау өрісі, мәдениеті мен әдебиетін зерттегенде айналып өтуге болмайтын тұлға Абай Құнанбайұлы. Сондықтан қазіргі таңда Абай мен Абай шығармашылығына қатысты зерттеулердің мектебі қалыптасып үлгерді деуге болады. Оған дәлел жазылып жатқан, жарияланған ғылыми кітаптар, мақалалар мен қорғалған диссертациялардың ауқымының кеңдігі мен тақырыбының әралуандылығы әрі терең болуында. Және бұл үрдіс елдің Орталық қаласындағы ЖОО-да, немесе ҚР-мен шегаралас Шынжаң өңірімен шектеліп отырған жоқ. Елдің әр өңіріндегі түрлі салаға кеңеюінен көрінеді.

 

Ерлан МАЗАН,

ЕҰУ, Тарих факультетінің магистранты

 

Еркінжан СЫЛАМХАН,

ЕҰУ, «Отырар кітапханасы» ҒО-ның

бас ғылыми қызметкері

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.