Болат Шарахымбай: «Желтоқсан – билікке таласқандардың интригасы»

0
134

         Биыл еліміз Желтоқсан-86 көтерілісінің 34 жылдығын атап өткелі отыр. Алайда, көтерілістің тарихи, ғылыми, саяси бағасы әлі күнге дейін берілген жоқ. Мұндағы өзекті мәселе – Қазақ билігі жас қазақтардың бұл бас көтеруін неліктен тиісті деңгейде көтермей отыр? Ондаған мың қазақстандықтардың жаппай патриотизмі мен батырлығы не себепті ресми мойындалмайды? Жалпы, бүгінде осы қоғамдық құбылысқа қатысты айтылар мәселе де, қойылар сұрақтар аз емес. Осы орайда қазақтың арда ақыны, қоғам қайраткері, Желтоқсан көтерілісінің қаһарманы Болат Шарахымбай өз ойларымен бөліскен еді.

 

Лайықты баға беретін кез жетті

Тәуелсіздік десек, тіл ұшына ең алдымен Желтоқсан көтерілісі оралады. Бұл бекерден бекер емес. Өйткені, бұл ХХ ғасырдағы қазақ тарихындағы егеменді ел болу жолындағы елдің санасын дүр сілкіндірген, еңсесін көтерген құбылыс болды. Ақырып теңдік сұрап, атқа мінгізген ар-намыс, жасындай жарқыраған жігер оты жастарымызды 1986 жылы алаңға алып шықты.  «Қазақ еліне неге қазақ басшы болмайды?», «Біз кімнен кембіз?», «Неге мұндай қорлыққа жол береміз?», «Ар-намыс қайда?» – ұлт намысының шырқау биігіне шыққан жас қазақтардың негізгі көксегені осы еді. Алайда тоталитарлық режимге арқа сүйеген, әбден кемеліне келген соцалистік қоғамның қасқабас көсемдері қазақ жастарының талабын барып тұрған басынушылық деп ұғып, оның «шектен шыққан қазақ ұлтшылдығы» деп бағалады. Төзбеді. Сөйтіп жауқазын жас қазақ демократиясын аяусыз басып-жаншып, тұншықтырып басуға пәрмен берді.

Бір қызығы, Желтоқсанды күні бүгінге дейін жай оқиға деп санайтындар бар. Бұл дұрыс емес. Оқиға – олпы-солпы сөз, мазақ баға. Мысалы, үй тоналса – оқиға, көлік жол апатына түссе – ол да оқиға, екі адам төбелесіп қалса, оны да оқиға дейді. Яғни, оқиға – жеңіл-желпі сөз. Ал, кейбір ресми емес деректерге қарағанда, желтоқсанға екі жақтан 45-50 мың адамға дейін қатысқан. Алаңдағы қақтығыста адамдар опат болды. Әскери күрек, қолшоқпар, ит, су шашатын машина, бронды траспертерлер қолданылды. Мылтық атылды. Бұл не деген сөз? Яғни, Желтоқсан-86 оқиға деген ұғымның шеңберіне сыймайды деген сөз. Шын мәнінде Желтоқсанды ұлт-азаттық көтеріліс деп тануға әбден болады. Және мұндай ұсынысты алғаш рет Желтоқсанның он жылдығында ҰҒА-сы Ғылымдар үйінде ұйымдастырылған конференцияда сол кездегі Мемлекеттік хатшы қызметіндегі Әбіш Кекілбаев ұсынған болатын. Әбекең кең көлемде жасаған баяндамасында: «Желтоқсан – оқиға емес, көтеріліс. Оның бүкіл сипаттары «көтеріліс» дейтін ұғымға жауап береді» деп оған дейін айтыла қоймаған ойды қозғап, тиянақтап берген-ді. Қазір бұл сөз тіркесі басылымдарда жиі қолданылады. Тіпті, кейбір тарих оқулықтарында «оқиға» орнына, «көтеріліс» деп жазып жүр. Алайда, бұл бейресми бағалау болғандықтан көбіне ресми орындар мойындамайды. «Біз тек заңға жүгінеміз» деп құтылады. Сондықтан, Желтоқсан көтерілісіне мемлекет тарапынан тиісті мән мәріліп, шеруге шыққан қазақстандықтардың жаппай париотизмі мен батырлығына лайықты бағасын беретін уақыт жетті. Осы көтерілісте ұлттық намыс жолында өздерін құрбандыққа шалған қаншама қыршын жастар ерлік пен өрліктің, елдік пен батырлықтың үлгісін көрсетті. Қаншама адамдар жазықсыздан – жазықсыз жапа шекті, керек десеңіз сол ызғарлы күндері жеген таяқтың, нақақтан жабылған жаланың зардабын күні бүгінге дейін тартып келеді. Көпшілігі жазалаушылар салған жарақаттың қалдығымен әлі күнге дейін өз бетімен күресіп жүр. Бейкүнә жандардың обалын қазір кімдерден сұраймыз?

Оқиға дегеннен шығады, өзімді көптеп мазалап жүрген ойымды ортаға тастайын. Көпке белгілі Президент жарлығы бойынша желтоқсаншы Қайрат Рысқұлбековке Қазақстанның Халық Қаһарманы атағы берілді. Берілсін, Қайраттың істеген ісі қаһарман атағына әбден лайық. Бірақ, мен бір нәрсені түсінбеймін. Бұл жоғары атақ Қайратқа не үшін берілді? Мұны бергендегі мақсат не? Бұл туралы Тұңғыш Президенттің өзі былай дейді: «…Қ.Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағының берілуін оған қатысқан барлық жастарға қатысты марапат ретінде қарастыруға болады». Анығы бұл атақтың өлгендерге түк те қажеті жоқ, ол біздер үшін, тірілер үшін керек. Сондықтан мәселеге тура қараған жөн. Сонымен Қ. Рысқұлбековке «Халық қаһарманы» атағы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқаны үшін берілді ме, әлде, ұлт азаттығы жолында күреске шығып, тоталитарлық режимге қарсы лайық іс көрсеткені үшін берілді ме? Кез келген  оқиғадан бір-бір қаһарман жасай берсек, онда бұл атақтың қандай құны қалады?! Парадокс қой бұл! Міне,  біз қаузап отырған мәселеге осы тұрғыдан қарасақ та, Желтоқсан «оқиға» емес, ұлт-азаттық көтеріліс болып шығар еді. Ал, көтерілістен қаһарман шықпай тұрмайды. Шын мәнінде сол бір ызғарлы күндері алаңға шыққандардың бәрі батыр, қаһарман атануға лайық. Қайратпен бірге сотталған, сот төрағасы үкімін оқып тұрғанда еңселерін тік ұстап, қасқайып тұрған жігіттерге – Т.Тәшенов, Т.Күзембаев, Ж.Тайжұмаев сияқты батырларымызға да алаламай, қаһарман атағын беру керек еді. Бірақ марқұм Қ.Рысқұлбековпен шектелді де, көзі тірі үшеуінің ерлік істерін ескермей қоя салды. Меніңше, бұл биліктің ішкі ойынынан туындаған жағдай. Желтоқсан көтерілісімен байланысты тек жалғыз адамға Қаһарман атағын берудің сыртында халықты тыныштандырып ұстау саясаты қылаң беретіндей.

 

«Алғашқы жарылыс» Алматыда болады деп ешкім болжаған жоқ еді

Өткен ғасырдың 70-жылдары АҚШ-тың Болжау институтының сарапшылары: «1985-1995 жылдар аралығында КСРО құлайды. Кеңес Одағын құлататын күш сырттан келмейді, өз іштерінен шығады. КСРО-ның құрамындағы ұлт республикалары жеке-жеке тәуелсіз мемлекетке бөлінеді» деп болжам жасаған болатын. Мұны Кеңістік идеология «социализмнің жарқын болашағына сенбеу, арандату, бұрмалау» деп түсіндіреді. Қызық болғанда, АҚШ сарапшыларының сәуегейлігі расқа айналды. Бірақ, олар империяға қарсы «алғашқы жарылыс» не Қапқаз жоталарында, не Балтық жағалауында бұрқ етеді  деп күтті. Ал, Азия даласында, оның үстіне қазағынан орысы, зиялысынан  мәңгүрті көп Алматыда, қазақ жерінде «алғашқы жарылыс» болады деген ой үш ұйықтаса түсіне кірмеген-ді. Жас қазақтардың ерлігіне, батылдығына сол кезде бүкіл дүниежүзінің алдыңғы қатарлы зиялы азаматтары сүйсінді.

Желтоқсан – Кеңістік империядағы демократиялық таңдаудың алғашқы қарлығашы болды, ұлт республикалары мен халықаралық ұлттық толқуларға жол ашып берді. Бұл тенденция кезең-кезеңмен 1931 жылға дейін созылды да, оған ішкі күштермен қатар сыртқы фактолардың қирату ықпалы қосылып, ақыр аяғында бүкіл адамзатты жаппай қырып-жоятын қару-жарақпен қорқытып, ұста қабырғасына сызат түсті. Ол сызат бірте-бірте үлкейіп, КСРО-ның ақыр соңында құлатты.

 

Біз ұлтшылдықтан неге қорқамыз?!

Жасыратын ештеңесі жоқ, біздің бір жаман әдетіміз бар. Көп ұғымды байыбына бармай, шатастырып жібергеніміз. Мысалы, Желтоқсанға ұлт-азаттық көтерілісі деп баға бергіміз келеді, бірақ көтеріліс – ұлтшылдық бағыт алды деген сөзден қашамыз. Ұлтшылдық деген сөзді естісең денеміздің тікенегі күдірейіп шығып, тітіркеніп тұрамыз. Неге? Себебі, ұлтшылдықтан ұлтшыл болудан сақтанғымыз келеді. Бұл – бұрынғы КСРО заманынан қалған сарқыншақ. Ол кезде ұлттық мақтаныш тұрғысынан бір-екі ауыз сөз артықтау айтсақ, орыстар «нацист», «националист» деп жек көретін. Әрине, бұған Ұлы Отан соғысының да әсері болды. Ал, шындығында Желтоқсан әртүрлі кішігірім оқиғалардан басталып, ақыр аяғы ұлт-азаттық көтеріліске ұласқаны, ал қазақ жастарының алаңға интернационалист болып кіріп, одан ұлтшыл-националист болып шыққаны өтірік емес қой. Мысалы, мен өзім алаңға аяқ басқанда «үкіметке қарсы бас көтеру», «төңкеріс жасау» сияқты ешқандай теріс пиғылым жоқ еді, бірақ алаңда пікірім жүз пайызға кері өзгерді. Мемлекеттік төңкеріс жасамай, ештеңеге қолымыздың жетпейтінін жан-жүрегіммен түсіндім.

СОКП ОК Саяси Бюросы 1987 жылы 11 маусымда «Қазақ ұлтшылдығы туралы» бұрын-соңды көз көріп, құлақ естімеген қаулы қабылдады. Қаулыда бүкіл қазақ халқына «ұлтшыл» деп айып тақты. Сонда біздің бірталай оқығандар «біз ұлтшыл халық атандық» деп қатты күйінді, қапа болды. Есесіне, кейін 1990 жылы Саяси Бюро сол «қазақ ұлтшылдығы» туралы қаулының күші жойылғанын естігенде, «ұлтшылдықты алып тастады, енді ұлтшыл халық атанбайтын болдық» деп қуанды. Меніңше, «қазақтың ұлтшылдығын» алып тастау аса қуанатын нәрсе емес еді. Қайта қазақ қаншыл, ұлтшыл халық екен деген сөз жақсы еді. Қазір біз көресінді осы ұлтшыл еместігімізден көріп жүр емеспіз бе?! Интернационалист, евразист, космополит болғаннын ұтқан жеріміз кәне?.. Тіпті, соңғы кезде ұлтшыл деген сөзді айналып өтетін әдемі баламасын ойлап таптық. Оның аты –ұлтжандылық. Ұлтжандылық – ұлтыңды жан-тәніңмен, бүкіл болмысыңмен сүйетініңді білдірмейді, «ақынжанды», «қатынжанды» деген сияқты жасанды, олпы-солпы сөз.

Шын мәнінде, ол кезде қазақ ұлтшылдығы болмаса да, жүйе қазақ ұлтшылдығын ойлап табар еді. Неге дейсіз ғой? Себебі, қазаққа ұлтшыл деп айып тағудың астарында басқа да арам ниет жатты. Мысалы, КСРО-да жасайтын басқа ұлт республикаларын қазаққа қарсы айдап салу, жек көргізу, қарсы қою ниетінен туындаған арам пиғыл жатқан болатын. Бірақ, бәрі Саяси Бюро ойлағаннан керісінше болып шықты. Басқа ұлттар қазақтарды «тоталитаризмге қарсы шыққан алғашқы мұзжарғыштар», батырлар, ержүрек ерендер, қаһармандар ретінде қабылдады. Ниеттес болды.

Осы орайда бір мысал келтірейін. 2004 жылы Әзербайжан елінің астанасы Бакуге жолымыз түсті. ТҮРКСОЙ ұйымы ұйымдастырған Бүкілтүркі дүниесі ақындарының фестиваліне қатыстық. Сонда Әзербайжан ұлтының класссигі Анар Рзаевтың өз қолынан бас жүлдені алып, үлкен қуанышпен оралған едім. Мұндағы айтайын дегенім, сол сапарымызда бізді, қазақтың біртуар ақыны Бауыржан Жақып екеумізді «Қазақ елінің ақындары» деп таныстарғанда, зал тола отырған әзірбайжан бауырлар орындарынан тік тұрып, қолдарын шапалақтап ұзақ тұрып алды. Сөйтіп ерекше құрмет көрсетті. «Жаса, қазақ гардаш – бауырлар! Темір шеңгелді алғаш болып бұзып-жарған қазақ халқына үлкен алғыс айтамыз! Біз сіздердің 1986 жылы істеген қаһармандықтарыңызды ешқашан ұмытпаймыз!», – деді.

Несін жасырайын, сол кезде бізді ерекше бір мақтаныш сезімі билеп тұрды. Қазақ болып өмірге келіп, қазақ болып өмір сүру қандай бақыт дестік.

 

Орыс ұлтына қарсы ұрандатқан ешкімді көрген жоқпын

Мынау жер бетінде ақкөңіл, ержүрек, даладай дархан екі ұлт болса, біреуі – қазақ, екіншісі – орыс еді. Өз басым алаңда болсын, көшеде болсын, орыс халқына қарсы ұрандатқан, не үгіт-насихат жүргізген жастарды көрген де, естіген де жоқпын. Қарапайым орыс халқының бұл бейбастыққа ешқандай қатысы жоқ екенін қазақтар жақсы түсінеді. Бірақ, орыстар бірден бөлектеніп шықты, сонымен өздерінің шын мәнінде кім екенін көрсетіп алды. Бірқатар басқа ұлт өкілдері де «аға» ұлттың сойылын соғып, қазақтарды «тәртіпке шақырумен» айналысты.

Нағыз сойқан Желтоқсан аласапыраны өткеннен кейін басталды. Жаппай тергеу, жұмыстан, оқудан қудалау, партия, комсомол қатарынан шығару басталып кетті. Қазақтарға кешке көшеде жүру, жұмыстан үйге қайту мұңға айналды. Себебі, топ-топ болып бірігіп алған орыс ұлтының жастары кешке қарай үйіне қайтқан, бір-біріне қонаққа барған жалғыз-жарым қазақтарды жабылып ұрып-соғу үйреншікті нәрсе болды. Жасыратыны жоқ, екі ұлттың өкілдері көбіне жел сөзге арандап қалып отырды. Арандатушылар, әрине, коммунистер болатын. Олар қолдарынан келгенше орыс пен қазақтың арасына от жақты, бір-біріне айдап салды, ушықтыруға тырысып бақты. Осылайша, қарапайым халықты адастырды. Шындығында, Кремль қожайындары әлі күнге дейін екі халықтың ортасына от жағып отыр, оны біздің билік білсе де білмеген сыңай танытады. Ұлттық намысты өздерінің арам істерін жүзеге асыру үшін пайдаланатыны кім-кімге де түсінікті болса керек.

Дегенмен, Желтоқсан тақырыбын сөз еткенде, орыс біткенді қаралап, күйе жағып, күстәналай беруге болмайды. Шын ниетімен жанашырлық танытқан орыстар мен басқа ұлт өкілдері де арамызда аз болған жоқ. Ол-ол ма, кейбір орыстардың жиналыстарда қазақ жастарын ашықтан-ашық қолдап сөйлеген кездері де болды. Топалаң кезінде солдаттардан қашқан желтоқсаншыларды үйлеріне кіргізіп, ыстық шай беріп, аман сақтап қалғандар қатарында кез келген ұлттың өкілдерін кездестіреміз. Олар зұлымдықты ұлтшылдық сезіммен емес, адамгершілік сезіммен жеңді. Мысалы, солдаттардан қашқан бірнеше қазақ қызын пәтеріне кіргізіп, аласапыранның аяғы басылғанша  тығып ұстап, жылы киім, ыстық тамақпен қамтамасыз еткен бір мың болғыр орыс кемпірін білеміз. Өзім туралы айтсам, Ташкент-Сайын көшелерінің қиылысында өлімші халде жатқан жерімнен бір татар жігітінің арқасында тірі қалған едім. Қазір сол жігітті кездестірсем, айқара құшағыма алып, рахметімді жаудырар ем. Ол кездейсоқ жолықпаса, кім біледі, менің қыршын өмірімнің немен аяқталарын?.. Мен тірі жүргенім үшін сол жігітке қарыздармын деп ойлаймын. Ол бауырым дүниенің қай түкпірінде жүрсе де, төрт құбыласы түгел болсын!  Тізе берсең мұндай мысалдар көп, айтып тауыса алмайсың. Өйткені көптеген басқа ұлт өкілдерінің қазақтарға ниеті түзу еді, іштей қолдайтын. Әрине, жау көргендей тепсініп, тергеу мен соттарда жала жауып, өтірік куәлік беріп, жолынан адасқандар да болды. Бірақ, олар теңіз ішіндегі тамшыдай ғана еді.

 

Көтерілісті ұйымдастыруға биліктің қатысы болуы мүмкін

Осы жақында интернет парақшаларын аударып, отырып мынадай жолдарға көзім түсті: «Желтоқсан – азаттық үшін арпалыс, тәуелсіздік үшін күрес емес. Ол үлкен саясат серкелерінің өзара интригасы. Одан да анықтай түссек, биліктің биігіне шыққандардың өзара жанжалынан туған кезекті құрбандық шалу» деп жазыпты. Шынымды айтайын, бұл жолдар маған үлкен ой салды. Адамның сандырағы келеді дегендей, жоғарыдағы жолдарды жазған автордың пікірі рас болып шықса ше?.. Олай болса 34 жыл кейінге шегініс жасап, кейбір оқиғалар мен мағлұматтарды еске түсіріп көрейікші. Кейбір деректерде Алматыда жұмысшы жастар мен студенттердің жатақханаларына барып, жастарды көшеге шығуға үгіттеген әлдебір «ақ волгалы» құпия адамдар туралы айтылады. Тағы бір дерекке жүгінсек, «алайда олар  жастарды арандатты да, өздері көрінбей бұғып қалды» дейді. Кейін аласапыран басталғанда олар еш жерден байқалмаған, сөйтіп бірте-бірте ұмытылған. Шеру ұйымдастыруда тәжірибесіз жас қазақтар жеңіліске ұшырады. Ал, көтерілістің шын ұйымдастырушылары кейін бәрібір алдына қойған мақсаттарына жетті, олар билік басына келді.

Бірақ билік басына келген соң, өз «құтқарушыларын» ұмытып кетті. Жастардың арқасында билікке ие болғандар кейін желтоқсаншылардың мойындарына қылбұрау салып, өз қолдарымен тұншықтыруға тырысып бақты. Оны көріп те, біліп те жүрміз.

Негізінен Желтоқсан көтерілісіне биліктің қатысы бар болуы мүмкін деген болжам бұрыннан белгілі. Өйткені Дінмұхамед Қонаев өз естеліктерінде осы іске қатысы болуы мүмкін деп Н.Назарбаев пен З.Камалиденовтың есімдерін атаған болатын. Жастарды өздерінің саяси амбициясына пайдаланып алаңға алып шығып, арандатып жүрген осы екеуі деп нақты айтқан. Кейін осы аты аталған кісілердің Желтоқсан жайлы берген сұқбаттары мен пікірлерін өзімше мұқият оқып, байқасам, бұл есімі аталған екі кісінің қай-қайсы да сол тарихи кезеңде ел тұрмысына әсер еткісі келіп, өзіндік көзқарас қалыптастыруда басқалардан белсендірек әрекет еткенін анық көруге болатынын түсіндім. Және екеуінің Желтоқсан-86 аласапыранына қатысына келсек, олар билік басына жету үшін соңғы рөл ойнамағанына көзім жетті. «Өткір қанжар қын түбінде жатпайды» дейді қазақ. Сол сияқты, қанша жасырып-жапқанымен түптің түбінде шындықтың беті ашылады. Ақиқат айдай әлемге мәлім болады. Оған күмәніңіз болмасын, оған ешкімнің күмәні болмасын.

 

                                                       Дайындаған – Жанбақыт БОРАНТАЕВ

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.