Батыр аға, аман бол!

0
122

немесе 17-сінде алаңға алғаш келген алтау кім?

Талғат ағаммен алғашқы танысқанымда көп сөзге жоқ, біртоға азамат қой деп топшылағанмын. Расында да солай болып шықты. Бірақ сөйлегенде байыппен сөйлеп, айтар ойын шашпай-төкпей нақ-нақ жеткізеді екен.

– Жүрек сыр берді. Инсульт болдым. Сөйлей алмай қалдым. 2 топтағы мүгедекпін. Қазір шүкір, Аллам ерік-жігер берді. Панкреатинді үнемі ішемін. Сол есімді жиғызды, – деді ол негізгі әңгімесін бастамас бұрын. Ол Желтоқсан көтерілісінің басынан аяғына дейін қатысыпты.

– 16 желтоқсан. Сол күні әскери кафедрада сабақ еді. Ұлты орыс полковник тосын ой айтты. «Қазір елді кім басқарып отыр?» деді ол. «Қонаев!» дестік шу ете қалып. Шегір көздері ежірейіп, осы сауалын ол екі рет қайталады. Біздің жауабымыздан кейін ызалана, кекете мырс етіп күлді. «Енді сендерді орыс басқарады. Қонаев бітті!» Бізге ол табалай қарады. Біз орнымыздан үдере тұрдық та шығып кеттік. Қатты ызаландық. Жатақханаға келіп жігіттермен ақылдастық. Не істеу керек? «Алаңға барамыз!» дестік. Асқар, Ерлан, Қорлан төртеуміз жатақхананы аралап, «Ертең сабаққа бармаймыз!» деп достарымызды алаңға шақырдық. СМУ, Киров зауыты және АХБК-ға хабарладық.

17 желтоқсан. Түнде келіскеніміздей 3 қызды ертіп алып, алаңға келдік. Жан жоқ. Милиционерлер келді. «Қонаевтың орнынан алыпты. Ойымызда айтуға келдік» дедік. «Жарайсыңдар! Азсыңдар, адам жинаңдар!» деді ол бізді қуаттап. (Бұл күні алаңға алғаш барған 6 адам: Ерлан Бейсенбаев (сотталып кейін ақталды), Асқар Иманбеков, Талғат Есбаев, Алмагүл Батқалова, Майра, Гүлшарат Пірматовалар еді.)

Сәлден соң ел аздап болса да жинала бастады. Содан Сәтпаев көшесі бойымен Ленин көшесіне (қазіргі Достық даңғылы) дейін барып, сол көшемен төмен қарай 28 Панфиловшылар паркіне дейін келдік. Қазыбек би көшесі (бұрынғы Советская), КазПИ жатақханасының жанынан өтіп бара жатқанда студенттердің «бізді жібермей жатыр, есікті сыртынан ашып, бізді де шығарып алыңдар!» деп терезеден айқайлағандарын естіп, оларды босатып алдық. В.И.Лениннің үлкен портретін алып шерудің ең алдында ұстап жүрдік. Сонымен қатар Лениннің айтқан «Әр ұлттың өз басшысы болу керек!» деген сөзін транспорантқа жазып алып, оны да жарқырата көтердік. Біз қай көшемен жүрсек те халық бізге қосыла берді, сөйтіп қатарымыз көбейді. Сосын Советская көшесінен (қазіргі Қазыбек би) оңға бұрылып, 8 март (қазіргі Қалдаяқов) көшесімен көк базарға қарай жүрдік. Сөйтіп халық үсті-үстіне көбейе берді. Көк базардың көшесімен (бұрынғы Горький) өтіп бара жатқанда кейбіреулер көшеде сауда жасап отырғандардың жемістерін жәшігімен көтеріп ала бастады. Сол кезде арамыздағы жігіттер бұны тоқтатты. Кейін бізге Мәскеу маскүнемдер, нашақорлар, тонаушылар, бұзақылар деп баға бергенін жақсы білесіздер.  Сол Горький көшесімен (Жібек жолы) барып, Д.А.Қонаев көшесіне (бұрынғы К.Марков) шығып, Гоголь көшесімен батыс бағытқа қарай жүре бастадық. Қыздар институтының (ЖенПИ) жатақханаларының қасынан өтіп бара жатқанымызда, олардың да «бізді шығарып алыңдар, бізді де жібермей жатыр» деген дауысын естіп, оларды да шығардық. Содан соң Байтұрсынов көшесі (бұрынғы Космонавтар) бойымен жоғары қарай бет алдық. Байтұрсынов көшесі бойындағы Никольский базарына қарама-қарсы тұрған КазГУ-дың және ҚазПТИ-дың да жатақханаларынан студенттер қатарымызға қосыла берді. Сол бетпен жоғары көтеріліп Сәтпаев көшесіне дейін келіп, солға бұрылып, қайтадан алаңға қарай бет алдық. Жолымызда қатарымызға халық қосыла берді. Брежнев атындағы алаңға (қазіргі Тәуелсіздік алаңы) қайта келгенімізде алаң толы халық болатын. Бұл шамамен түс қайта болатын.

Біз АЗВИ-дің жігіттерімен бірге жиналып тұрғанбыз. Сол кезде совмин төрағасы Н.Ә.Назарбаев қасында екі орыс күзетшілерімен біздің қасымызға келіп: «Жай жүрсіндер ме?» деп сұрады. Ортадан мен шығып: «Жай жүрген жоқпыз, қазақ бола ма, әлде орыс бола ма, әйтеуір өз халқына жаны ашитын өз елімізден шыққан адам қойса болар еді!» дедік. Н.Ә.Назарбаев: «Не дейсіңдер сонымен?» деп сұрады. «Д.А.Қонаев атамыздың бізге: «Балалар, мен ризамын, қайтыңдар!» деп бір ауыз сөз айтуын сұрадық. «Сол сөзді айтса, біз алаңнан кетеміз» деп айттық. Н.Ә.Назарбаев басқа ешқандай сөз айтпастан, ары қарай кете берді.

Бірақ, өкінішке орай, кейін естігеніміздей Қонаевты Орталық Комитетке алдырса да, халықтың алдына сөйлеуге шығармады. Күндіз алаңда ешқандай бұзақылық, тәртіпсіздік болған жоқ, бейбіт митингі болды. Кешке қарай бүлік басталды. Жиналғандарды арнайы жасақтың сойылдарымен (дубинкамен), саперлық күректермен ұрып-соға бастады. Бұлар арнайы мұздай қаруланған жасақтар болатын. Бастарында дулыға, беттері де жабық, бір қолында қалқан, бір қолдарында резеңке сойыл (дубинка). Кейбіреулерінде сапёрлы күрек болды. Сөйтіп қырғын аласапыран басталды. Ұл демей, қыз демей арнайы жасақтың жендеттері алдағылардың бәрін ұрып соға бастады. Алаң қызылала қанға боялды. Жараланып құлап жатқандар қаншама! Сондай жендеттердің шабуылы кезінде менің де басымның арт жағынан резеңке сойыл тиді. Мен ол соққының ауырғанын да сезген жоқпын. Кенет Ерланды екі бейтаныс жігіттің көтеріп алып келе жатқанын көрдім. Оны жатақханаға алып келдім. Жатақханаға келгенімізде, бізді сол жерде кезекшілікте тұрған мұғалімдер ішке кіргізбеді. Өйткені киімдеріміздің бәрі қан-жоса болатын. Сол басымнан алған жарақатымның зардабын беріге дейін тартып келдім, басым жиі ауыратын. Кезінде дәрігерге қаралмағанның салдары. Ол кезде дәрігерге қаралуға болмайтын еді. Ауруханаға барсаң, алаңға бардың деп дереу қамауға алатын. Бізді ішке кіргізбеген соң, сол жатақханада тұратын Дулат Шалқарбаев деген ауылдасымның қызы Ләззат Шалқарбаеваға үстіміздегі қан болған киімдерімді беріп жіберіп, жуып қой деп, басқа таза киім ауыстырып кидік.

Одан кейін баратын жеріміз болмаған соң, 1 вокзал жақта тұратын нағашы әпкем Мереке Жандабаеваның жалдамалы пәтеріне келдік. Сол жерде басымыздағы қанды жуып отырған кезімізде пәтердің қожайыны орыс ұлтының өкілі бізді ол жерден де қуып шықты. Бұл кезде сағат түнгі 12-лерден асқан кез. Содан соң біз екеуміз кластасым Мұсабеков Тельманның жатақханасына келіп, қонып шықтық. Ертесіне қайтадан өзіміздің жатақхана жаққа келдік. Жатақхананы жауып тастаған, ішке кіргізбейді, сыртқа шығармайды.

Студенттер екінші қабаттың балконынан секіріп, қашып шықты. Жиырмаға жуық студент жиналып, ҚазПТИ-дің асханасына тамақтануға келдік. Тамағымызды ішіп бола бергенімізде қырық шақты орыстың жас жігіттері келіп, асхананың сол жағына ас ішуге отырды. Біздің ойымызда ештеңе жоқ, асымызды ішіп болып далаға шықтық. Сонда есіктің жақтауларына тіреп қойған арматуралық кесінділерді, күректің саптарын, қысқа-қысқа трубаларды көрдік. Бұл қарулар жаңағы ішке тамақтануға кірген орыстардікі екені айтпаса да түсінікті еді. Арнайы жасақтың жендеттерінен бөлек, бұлар да митингіге шыққан халықты ұрып-соқпақшы. ҚазПТИ-дің жатақханасынан шыққан жігіттер келіп бізге қосылды. Бәріміз бірігіп, жаңағылардың дайындап қойған қаруларын алып, олардың шыққанын күтіп тұрдық. Олар шыққан мезетте «сендер кімді ұрайын деп жүрсіңдер?» деп таяқтың астына алдық. Бәрі тым-тарақай жан-жаққа қашты. Сол бетімізбен қайта алаңға келдік. Алаңға келгенде көргеніміз: алаңды жан-жағынан арнайы жасақпен төрт қатардан қоршап тастаған. Ең алдыңғы қатарға өзіміздің қазақ милицияларды тұрғызып қойған. Арнайы жасақ жендеттері олардан кейінгі қатарда тұр. Қазақтар бір-бірімен қырқыссын дегендей. Бұл да сол кездегі орыстардың сұрқия саясаты. Ол күні алаңға кіре алмай, қайтадан көшемен шеруге кеттік. Шеруде жүрген кезде бәріміз «Менің Қазақстаным» әнін айттық. Түнде қырғын басталды. Әзер дегенде жатақханаға кірдік. Кейін бәрі біткен кезде қудалау, қамау, оқудан шығару басталды. Ерлан 9 жылға сотталды. Суретке түсіп қалған бәленбай адам сотталды. Ұсталып қалған студенттердің әке-шешелері жазықсыз жұмыстан босатылды. Сөйтіп Қазақстанда тағы да репрессия басталды. Міне, біз қатысқан Желтоқсан көтерілісінің қысқаша мән-жайы осылай болды. Бұл көтерілісті әлем елдері Желтоқсан көтерілісі деп баяғыда баға беріп қойған. Біздің мемлекетіміз 34 жыл өтсе де, әлі мойындағысы келмейді.

Асқар екеуміз әпкеміз Дүрияның араласуымен сотталмадық. Ол кісі талай студенттерді құтқарды. Рақмет, Алла разы болсын! Әрине, өзімізді танытпау үшін мұртымызды, шашымызды алуға тура келді. Айтпақшы мына оқиғаны айтпасқа болмайды. Қайратты ату жазасына кестірген Савицкийді мен көрдім. Ол бізге «бараны!» деп қорлап айқай салды. Жігіттер шыдамады. Ол өлімін өз сөзінен тапты…

Талғат ағаның әңгімесін өзгертпей беруге тырыстық. Кейін ол оқудан шығып қалып, АЗВИ-ді бітіре алмапты. Келіншегінің аты Роза Омарова, 3 қызы бар. Жоғарыда айтқанымыздай ол кісінің қазір денсаулығы нашар. Бірақ батыр мінезді ағамыз өмірге ғашық. Белсенді, саясатқа араласады. Әлі де ақтала алмай жүр. Құдай қаласа ақталып қалар. Аман бол, ағатайым!

 

Нұржан Айғали

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.