Жан жарасы

0
145

1986 жылдың 16 желтоқсан күні мен анашым сырқаттанып  ауылда едім. Алматыдан анамның дәрілерін алуға Қастектен келетін автобусқа үлгеру үшін аялдамаға қарай асығып бара жатыр едім. Алдымнан жас ұстаз Ерсін Әбішев шықты.

– Қарындасым, қайда шықтың? – деді.

– Қалаға, ертең сабақ, – дедім.

– Сабақ?! Қайдағы сабақ ? Үйге қайт! Қонаевты алып тастап Колбин деген орысты сайлағанға жастар көтеріліп, қалада қырғын болып жатыр, милициялар қазақ қыздарын ұрып-соғып жатыр екен. Үйге қайтқаның жөн. Екі кештің арасында бір жағдайға ұрынып қалма! – деп жанашырлық танытты да жөніне кетті. Ойым он бөлек, санам сан бөлек болып абдырап, аялдамада екі ойлы болып біраз тұрып қалдым. «Курстастарымның бәрі сонда жүрген болар. Мен білсем олар тып-тыныш отырмайды. Онда неге үйде қалуым керек, барамын!» деп белімді бекем буып, кері қайтпай автобус күтіп тұра бердім. Автобус келіп, Ұзынағашқа  қарай жол тарттым. Автобустағы жолаушылардың бәрінің әңгімесі қаладағы қырғын. Рульде  отырған марқұм Мұхтар аға қасындағы жігітке: «Жиналыңдар! Бәріміз барамыз, жігіттерді көтер! Не деген сұмдық?! Қазақ қыздарын шырқыратып ұрып жатыр екен» деп ызаланып, даусы өктем-өктем шығып отырды. Автостанцияға келе салып, Алматыға билет алдым. Автобус келуге жарты сағат уақыт бар екен, жүгіріп поштаға келдім де ҚазМУ-дің №5 жатақханасына телефон шалу үшін коммутаторға тапсырыс бердім. Жүрегім алып-ұшып, достарымның жағдайын білгім кеп барады.  «Алма-Ата вторая кабина» дегенді естіп жүгіріп барып, телефон тұтқасын алдым. Ар жағынан  жауап берген орыс апай: «Нету никого! Все ушли на площадь. Ты кто? Сиди дома!» деп баж-баж етті. Есім шығып  телефон тұтқасын тастай салдым да, тез-тез басып, жүргелі тұрған  автобусқа отырдым. Мыңбаев бұрылысынан оншақты жігіт, Қаскелеңнің көпірінен 5-6 қыз-жігіт және отырды. Бәрін ыза-кек буған. Не керек «Сайранға» жеткенше автобус лық толды. Алматыға кіргеннен сиреналарын қосқан милиция көліктері. Менде автобустан түскен топтан қалмай жаяу жалпы алаңға қарай тарттым. Әлі есімде Қаскелеңнен отырған қыздардың бірінің есімі Құндызай болатын. Екеуміз қолтықтасып алдық. Біздің топқа жан-жақтан жастар, орта жастағы кісілер қосылып жатты. Бір жарық, бір қараңғыда жеттік-ау алаңға. Нағыз қырғынның үстінен түстік…

«Мен қазақ қыздарына қайран қалам…» деп ән жолдарында шырқалғандай, сол күні қазақ қыздарының батырлығына, күш-қайратына   бас идім. Және де мәңгілік бас иіп өтемін… Сол күні басымнан жарақаттанып, қан-жоса болдым. Алаңдағылардың барлығын дерлік жүк көліктеріне, автобустарға малша тиеп алып кетіп жатты. Мен және бір топ қыз-жігітті Калинин аудандық (қазіргі Бостандық) ішкі істер бөліміне жеткізді. Бәрімізді итеріп-итеріп ішке кіргізіп, іші тастай камераға кіргізіп қамап тастады. Бастары жарылып, ыңырсып қансырап жатқандары да бар. Бет-ауыздары быт-шыт. Жігіттер сыртқы киімдерін төсеп қыздарды отырғызып, шамалары келгендері бір-біріне көмектесіп жатты. Камера іші сұп-суық, бір-бірімізге жылы болсын деп тығылып үш күн жаттық. Иттің жуындысы сияқты бірнәрсені әкеп береді. Тамаққа тәбет жоқ. Менің ыстығым екі күн көтерілді. Бірнеше рет конвойдан су сұратып іштім. Сол кезде конвойдың бірі: «Сен Прудкидегі Тимканың қарындасысың ба? Әрең таныдым ғой, қарындасым-ау! Түрің не болып кеткен? Үйдегілерге хабарлайын» деп үйдің телефонын сұрады. Басымнан алған жарақаттан ауырсынып тұрған мен әрең-әрең үйдің телефон нөмірін айттым. Артынша іле-шала, камераға кіріп қасына шақырып алып, құлағыма сыбырлап: «Қазір бастықтар кеткесін шығарып жіберемін» деді. Мен жақсы дегендей бас изедім. Үш-төрт сағаттан соң темір есіктің, тесігінен «бері кел» деп шақырып алып, жаймен: «Қасыңдағы қыздарды ерте шық, сен мені, мен сені танымаймын» деді. Есімі есімде қалмапты, бастысы бауырымның достарының бірі. Біздерді жасырын есік «черный ходпен» сыртқы қақпадан шығарып жіберді. Бір-бірімізді сүйеп, жетелеп сыртқа шығып, РОВД-ның артындағы үйлердің арасымен, Жароков көшесіне шықтық. Анамның әкпесі, Ұлжан апам Жароков 209 үйде, Тимирязев көшесінің қиылысында тұратын. Ішкі істер бөлімі Гагарин көшесінде. Арасы жап-жақын. Камералас 3 қыз, 1 ағаны ертіп түнделетіп сол үйге келдім. Апам бірінші қабатта тұратын. Есік алдында әкемнің неміс досы Яков Андреевич Беренгардтың «Москвич 412» көлігі тұрғанын көргенде қуанып кеттім.

Апам біздің түрімізді көріп есеңгіреп талып қала жаздады. Әкем, дяд Яша, анам, Ұлжан апалар төрт жақтап асты-үстімізге түсіп, жуындырып, жарамызды таңып, тамақтандырып алып-ұшып жүгіріп жүр. Құрқылтайдың ұясындай бір бөлмелі үйдің іші абыр-сабыр. Сол түні әкем мен дяд Яша қаланың шетінен, достары ұлты кәріс  дәрігерді  алып келді. Есімі Григорий, әкем Гриша дейтін. Жыртылған-жарылған жарақаттарымызды таңып, түннің бір уағында ел аяғы басылғанда қыз-жігіттерді үйді-үйіне апарып тастады. Сайра есімді Талдықорғанның қызының жағдайы ауыр еді. Қасымда қалды. Өзі тұрмысқа жаңадан шыққан екен. Аяғы ауыр болған, ыстығы түспей ақыры қансырап түсік тастады.

Кейін естідім, үйге аудандық милиция өкілдері  бірнеше рет келіпті. Әкем ызаланып: «Қаршадай қызымда нелерің бар?! Екінші келмеңдер!» деп өктем-өктем сөйлегеніне қарамай, қайтак-қайта келіп мені іздеп, көп уақыт үйді торуылдап жүрген…

Сайра екеуміз 1987 жылды  нағашы апаммен бірге қарсы алдық. Ол «1 Май» тігін комбинатында жұмыс істейді екен. Жаңа жылдан соң екеуміз көшеге шығып, ақырындап жан-жағымызды барлай бастадық.

Сол күні мен оны «Сайраннан» Талдықорғанның автобусына отырғызып жібердім. Сол кеткеннен ол хабарсыз кетті.

Әкем марқұмның достарының дені орыстар еді. Бәрі  ата-анама  ала көзденіп, «сенің қызың ұлтшыл» дегенде, ол кісі мақтанышпен, еңсесін тік көтеріп: «қызымды мақтан тұтамын, ол елін сүйетін патриот» деп бәріне қарсы тұрғанын ерекше көңіл-күймен айтатын.

Милициядағы қара жігітті 1988 жылдың Жаңа Жылы қарсаңында  іздеп барып едім, таппадым. Естуімше бізді қашырып жіберген күні, ол қасындағы кезекшілікте болған қазақ жігіттерімен бірге, бізден соң барлық жігіттерді босатып жіберіп, ертесінде өздері біздер жатқан камераға қамалып, істі болып, артынша жұмыстан қуылыпты.

Иә, мен небәрі 19 жастағы үлбіреген аңғал, елжандылық қасиетім асқақ, кіршіксіз мөлдір сезімнің иесі едім. Сайраның сәбиі өмір есігін ашқанда 35 жасқа толар еді-ау… Қаншама қазақ қыздарының ғұмыры қыршын кетті,  қазақтың ұлдары зардап шегіп, өмірлерімен қош айтысты,  аналар мен әкелер қасірет тартты, сотталып кеткендердің артында аңырап жарлары мен балалары қалды» деген ой жанымды жегідей жейді. Әсіресе, желтоқсан айы жақындаған сайын менен ұйқы қашады. Шырқыраған қыздардың, сирена, арпылдаған иттің дауыстары құлағымды жаңғыртып, берекем кетіп, мең-зең күй кешемін… Басымнан алған жарақаттың, тізерлеп құлағанның зардабын әбден-ақ шектім. Қан қысымым көтеріліп, жүрек дертіне шалдықтым, сол тіземе 2016 жылы ота жасалды. Сол кезде хирург көп жыл бұрын тізеңізден қатты жарақат алғаныңыз көрініп тұр деді.

Бұл менің ғана жүрегіме түскен ауыр салмақ емес, ұлтымыздық жан жүрегін жаралаған жара. Бүгінде Аллаға мың шүкір! Еліміз аман, жұртымыз тыныш. Қой үстіне боз торғай жұмыртқалаған бейбіт өмірде, тәуелсіздігіміздің байрағы көк аспанымызда желбіреп тұр. Лайым ұзағынан сүйіндірсін! Қазағымның мерейі асқақ болсын!

 

                                         Гүлмира САЯҚҚЫЗЫ,

Алматы облысы

    

 

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.