Анам сот залында жан тапсырды

0
97

«Уақыт – емші» деп жатады ғой… Бірақ, сол атың өшкір қанды желтоқсан оқиғасы біздің отбасымызға орны толмас қайғы әкелді. Яғни, жан анамызды жұтқан, бауырымызды жазықсыз итжеккенге айдаған  сол қаралы күн мәңгілік жүрегімізде.

Мен ол кезде 15 жаста едім. Тоғыз жолдың торабы Самсы ауылында беймарал тіршілік етіп жатқанбыз. Ата-анам қарапайым шаруа адамдары еді. Ағаларымның бәрі жан-жақта,  кенже ағам Ерлан Байсымбеков Алматыдағы Ауылшаруашылық институтының механика факультетінде оқитын. Бала кезінен қой аузынан шөп алмайтын, момақан ағамды анам ерекше жақсы көретін. Көзі ботадай мөлдіреп тұратын. Сондықтан оны анашым:  «ботадай көзіңнен айналдым» деп ерекше еркелететін, содан ағам Бота атанып кеткен.

Желтоқсанның 19-ы Ботаның  туған күні еді. Ол туған күнінде міндетті түрде үйге келіп ата-анамды қуантып, қуанышын достарымен бірге атап өтетін. Бірақ сол күні Бота үйге келмеді. Қаладағы қанды қырғыннан хабардар  анам жүрегі бір жамандықты іштей сезіп, әкем екеуі қалаға келіп  бүкіл аурухананы кезіп, тіптен мәйітханаларды да аралап, 20 желтоқсан күні №12 қалалық емхананың реанимация бөлімінен ұлдарын әрең іздеп тапқан. Басына сапер күрек тиіп қатты жарақаттанып, есін жиған Ботаны прокуратура  қызметкерлері тергеуге алғанын өз көздерімен көрген.

Ауруханадан шыққан соң, желтоқсанның 26-ы күні «алаңға мас болып бардың, училищенің терезесіне тас лақтырып шақтың» деп жала жапқан. Тіптен өтірік сайратып, дайындап қойған 38 куәгерлері, яғни,  шекара училищесінің курсанттары болған.

27 ақпанда бес күнге созылған сот өтіп, «жаппай тәртіпсіздікке қатысып, шекара училищесін талқандаған, сонымен қатар 200-ге жуық студентті ұйымдастырып, шекара училищесін басып алмақ болған» деген жаламен бес жылға бас бостандығынан айырғаны туралы үкімді естігенде анам қан қысымы қатты көтеріліп,  сот залында жан тапсырды. Жазықсыз жала арқалап өрімдей жас, небары 22 жастағы бауырым сотталып, Ақтөбенің күшейтілген режимдегі түрмесіне айдалды.

Бауырым  түрмеде 3 жыл 8 ай отырды. Кейіннен желтоқсандықтарды ақтау  қолға алынып, Жоғарғы Соттың бұйрығымен Ақтөбенің Хромтау қаласына химияға шақырылып, 1989 жылы Жоғарғы Соттың шешімімен ақталып шықты. Анамыздың өлімін үйге келген соң бірақ білді. Не деген қасірет десеңізші?!

Жылап-еңіреп, ұлардай ұлып біздер қалдық. Ағайын-туыс, Ботаның достары біздерді қолдап, жанымыздан табылды. Бала болсам да мен бұл қасірет жалғыз біздің отбасымыздың қасіреті емес, бүкіл қазақ ұлтының қасіреті екенін сездім.

Тәубә, мың шүкір! Бүгінде отбасы бар, ұлдарын ұясына, қызын қиясына қондырды. Жеңешем Әсия екеуі бақытты ата-әже. Лайым ұзағынан сүйіндірсін! Желтоқсанда төгілген жастардың қанының арқасында қол жеткізген Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын! Еш бала анасының өлімін көрмесінші!

 

                                                                          Бибігүл КҮРЕҢБАЕВА,

Алматы облысы,

                                                                          Ұзынағаш ауылы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.