Өнерде орны бар азаматты еске алды

0
110

Батысқазақстандықтар өнерде өшпес із қалдырған Мақсот Омарғалиевті еске алып, ескерткіш тақта орнатып, жаңа туындыға естеліктер топтастырып, есімін ел жадында жаңғыртты. 

Бұл тағылымды іс-шаралар Ақ Жайықтың мәдениет саласында жарқын із қалдырған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кәсіби музыкант, әнші, режиссер Мақсот Омарғалиевтің 75 жылдығына орайластырылды. Алдымен іс-шараға қатысушылар Мақсот Константинұлы тұрған үйге ескерткіш тақта орнату рәсіміне куә болды. Ескерткіш тақтаны ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Қатимолла Бердіғалиев пен облыстық мәслихат хатшысы Мәлік Құлшар ашты. Өз сөзінде айтыскер ақын Қатимолла Бердіғалиев өнегелі өмірін қазақ мәдениетін дамытуға арнаған тұлғаның есімін бір көшеге беру керектігін де айтып өтті.

 

 

Бұдан әрі мәдениет майталманын еске алуға арналған іс-шаралар Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында жалғасты. Алдымен көзі тірісінде дарынды әнші, кәсіби музыкант, білікті сценарист әрі режиссер, іскер басшы болған Мақсот Омарғалиев туралы естеліктер жинақталған «Ақ Жайықтың өнерін өрлеткен ер» атты кітаптың тұсауы кесілді. Кітаптың тұсаукесер рәсімін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Ақұштап Бақтыгереева мен М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың «Рухани жаңғыру» институтының директоры Абат Қыдыршаев жасады. Ал «Өнерде қалған өшпес із…» деп аталған еске алу кешінде өнер саласында өзіндік қолтаңбасы қалған мәдениет қайраткерінің әріптестері, шәкірттері толғанысқа толы әдемі естеліктермен бөлісті. Сондай-ақ мерейтой иесінің көзі тірісінде тұтынған заттары облыстық тарихи-өлкентану музейінің қорына табысталды.

Ақ Жайық өңірінің өнері мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан абзал азаматтың есімін ұлықтау, өскелең ұрпаққа таныту мақсатындағы еске алу кешінің соңында Мақсот Константинұлының зайыбы Шолпан Қуанышқалиқызы ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізді.

Ерлерін ұмытпайтын елі барда Мақсот Омарғалиевтің де есімі халық жадында жаңғыра түсері сөзсіз.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА,

Батыс Қазақстан облысы

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.