Қала әкімі ардагерлермен кездесті

0
134

Қазыналы қарттардың ақыл-кеңесіне құлақ асу, батасын алу – қалыптасқан дәстүр. Осы ата дәстүрді ұстанған Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков ардагерлермен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.

Жыл соңындағы жылы жүздесуге қаладағы бастауыш ардагерлер ұйымдарының және кенттік ардагерлер кеңестерінің төрағалары қатысты. Аға буын өкілдері облыс орталығында жасалып жатқан жұмыстарға ризашылықтарын білдіріп, өздерін мазалайтын түйткілді мәселелерді қозғады.

– Елімізде, өңірімізде, қаламызда жасалып жатқан жұмыстарға өзіміз куәміз. Абаттандыру жұмыстары жақсы жүргізілуде. Барлығын бір күнде жасау мүмкін емес, оны да түсінеміз. Біз де дәрменсіз емеспіз, егер біздің кеңесіміз қажеттеріңізге жарап жатса, оған да қуаныштымыз. Мені алаңдататын бір ғана мәселе – тығыз орналасқан құрылыс нысандары. Көпқабатты үйлер көптеп орналасқандықтан, көлік қоятын орын табылмай жатады. Осыны қадағалауға алсаңыздар, – деді Баянбек Ғұмаров.

 

 

Қала маңындағы Круглоозерный кентінің тұрғыны Сағидолла Кенжеғалиев кентте де бірқатар шаруалар тындырылғанын жеткізді. Келешекте кенттен тұрғын үй салу үшін жер учаскелері бөлінетінін, сәйкесінше халық саны көбейетінін тілге тиек етіп, ауылға балабақша мен мәдениет үйі қажет екенін еске салды. Сонымен қатар ардагерлер қаланың тазалығы, қалалық ардагерлер кеңесінің белсенділеріне қоғамдық көлікке тегін жолақы ұйымдастыру сынды жайттарға тоқталды.

 

 

Өз уақытында ел игілігіне қызмет еткен, тәжірибесі мол азаматтардың ұсыныс-пікірлерін мұқият тыңдаған қала басшысы олардың сауалдарын жауапсыз қалдырмады. Сондай-ақ жыл ішінде жасалған істерге назар аударған Абат Абайұлы: – Биыл қаламызда көптеген жоспарлы жұмыстар өз шешімін тапты. 55 көше жөнделіп, 11 аула абаттандырылды. Әлеуметтік нысандар бой көтерді. Жолаушылар тасымалымен айналысатын автобус бекеттерін жаңартып, жаңа автобустармен толықтыру көзделуде. Әрине, атқарылған іс-шаралар көрнекі болу үшін тұрғындардың да жауапкершілігі болуы керек. Көп жағдайда да абаттандырылған аулаларды кейін адамдар бүлдіріп, жарамсыз етеді. Бұлардың барлығы тұрғындардың қолайлы өмір сүру сапасын жақсарту үшін жасалуда. Алдымызда бүгінгіден де ауқымды жұмыстар, мақсат-міндеттер тұр, – деді.

Жиын соңында ардагерлер қала әкімінің жұмысына табыс тілеп, ақ баталарын берді.

 

Ләззат ҚАЖЫМОВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз

Этот сайт использует Akismet для борьбы со спамом. Узнайте, как обрабатываются ваши данные комментариев.