Саяси партиялар «оппозиция машинасын» қалай гүр еткізді?   

Қазақ атамыз «Тойдың болғанынан боладысы қызық» депті. Сол расқа айналған тәрізді. Бір ай мерзімде ресми тіркелген бес партия – өз ұстанымдары мен көзқарастарын ел арасында кеңінен насихаттауға мүмкіндік алды. Бәрінің де бағдарламалары «Елім», «Жерім», «Отаным» деген пофостық ұрандарға нық толы болды. Басқа уақытта көзден таса, сайлау жеткенде «белден баса» сөйлейтін партиялар да іннен шыққан суырдай еңсе тіктеп тұр.

Ақпарат деген оттай лаулап тұрған заман ғой, қай партияның не дегені, халыққа қандай уәде бергені, жаңашылдыққа деген белсенділіктері – қазақ елінің көгінде «шолпан жұлдызындай» жарқырап тұрды. Талайлар тамсанды, талайлар шаттанып ән салды. Тіпті бәзбіреулер тәуелсіздік тарихында болмаған бес партияны – парламент мәжілісі мен мәслихаттарға теліп те қойды. Атағы дардай «саяси партиялар» осылайша тоқтап қалған оппозиция машинасын «бір жерін бұрап қалып гүр еткізіп» жүргізіп әкетті. Оның  «жанармайы» қаншаға жететіні ол кезде белгісіз еді…

Билік партиясы «Нұр Отан» да алда келе жатқан сайлауға ықтиятты дайындалып, ел шежіресінде алғашқы болып праймериз өткізіп, белсенді жастардың көзге түсуіне жағдай жасады. Осылайша «іштен тынып», «тісін қайрап» жүрген кей азаматтар «Нұр Отанның» сапынан көрініп «жасаруға», «жаңаруға» бейімделіп, уақыт – қарияның батасын алып түн жамылып орманға сіңіп кеткен партизандардай әсерге бөлегені де рас. Әйтеуір жаңалыққа құмар қоғам – мұның бәрін кино лентасы секілді көз алдарынан өткізіп келешекке деген іңкәр үміттерін үкілеп отырды.

Қазан айының орта шенінде еліміздегі жетекші партиялар алдағы Мәжіліс және мәслихат сайлауына қатысуға дайын екендерін жариялады. (Ресми тіркелген Жалпыұлттық социал-демократиялық партия ғана бұл жолғы сайлауға бойкот жариялаған).  Сол жолы «Ақжол», «Адал» «Ауыл» және «Қазақстан коммунистері» партиясының басшылары «азуын айға біледі». Олардың айтуынша, сайлау мен Парламентке қатысты заңдарға енгізілген өзгерістер заң шығарушы органды жаңғыртып, тың бастамаларға сеп болмақ екен. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген осы болар.

«Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев: «Ақ жол» партиясының өз тәжірибесіне қарағанда, ең маңыздысы – парламенттік оппозиция, оппозицияны заңдастыру. Саяси үрдістерге, саяси процестерге мүмкіндігінше әсер ету» деп ағынан жарылды .

ҚКХП (Қазақстанның Халық партиясы) ОК хатшысы Айқын Қоңыровта сөз жорғаны тайпалтып: «Біз парламенттік партия ретінде кез келген сайлау науқанына қатысуға міндеттіміз. Халықтың белгілі бір бөлігі біздің көзқарастарымызды жақтап, қолдау көрсетіп отыр. Біз олардың үмітіп ақтауымыз керек. Сайлауға «әлеуметтік әділдік» ұранымен түсеміз» деп көсілді..

«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының төрағасы Әли Бектаев: «Сайлаудың ерекшеліктері – көппартиялы парламентті жасақтауға мүмкіндік береді деген сеніміміз бар. Ол үшін сайлау кезінде, дауыс жинау кезінде, санақ кезінде әділдік керек» деп тың көзқарастың ұшын шығарды.

«Жаңа оппозиция» саналатын «Адал» саяси партиясы «Арық сөйлеп семіз шығуды көздесе керек, өз ұстанымдарын жариялауға асықпады. Елге сөзі өтеді-ау деген жастарды маңайына топтастырып,  Парламенттен ойып тұрып орын алу үшін қызу науқанды бастап кетті. Мақсаттары: аз сөйлеп, көп іс тындыру  болды -ау шамасы.

«Нұр Отан» партиясы атақ-абыройына арқа сүйеп, өздеріне қарсы партиялардың қарымы мен қабілетін саралап, «Айдағаны бес ешкі,  ысқырығы жер жарған» әріптестеріне миығынан күле қарап, өздерінің ойға алған мақсаттарына жету үшін асқақ арман шыңына бет алды.

Уақыт шіркін жүйрік қой, көзді ашып-жұмғанша үгіт-насихат жұмыстары да шегіне жетіп, сайлауалды бағдарламаларымен «халықты қызықтырған» саяси партиялар мәреге де үзеңгі қағыстырып алқына жетті. Енді сауал «ел үміт күткен сайлау әділ өтті ме?» дегенге барып табан тіреді.

Кез келген сайлаудың бұрмалаусыз өткеніне бірінші кезекте билік мүдделі болуы тиіс. Басқасын айтпағанда сайлау дегеніміз саяси партияның я болмаса жекелеген саясаткердің заңды билігін көрсететін демократиялық институт. ҚР сайлау туралы заңы да  сайлау құжаттарын қолдан жасауға, дауыстарды қате санауға, сайлау нәтижелерiн көпе-көрнеу қате айқындауға, дауыс беру құпиясын бұзуға, басқа адамдар үшiн дауыс беруге тыйым салады. Тіпті ол үшін заңнама бойынша үш жылға дейін сотталып кетуіңіз ықтимал. Заң осылай ескерткенімен осы күнге дейін «сайлау заңын бұзды» деп бір адамның сотталмауы қалай?

 

Экзитполдың шешіміне келісу –  билікті кесімін бөлісу емес пе?

«Күркіреп күндей өтті ғой соғыс» деп Қасым ақын жырлағандай, «күркіреп» тым болмаса «сіркіреп» сайлау өтпесе де  (сайлау да бір майдан ғой) саяси партиялардың арасында өткен дебаттарда «бас жарылып, көз шықпаса да» сайлаудың жарнамасы әлемді шарлады. Содан да болар шетелдік сарапшылар да Қазақстандағы сайлауға қызығушылық танытты.

ЕҚЫҰ парламент ассамблеясы 10 қаңтарда Қазақстанда өтетін парламент сайлауына бес елден жеті парламент мүшесі мен қызметкерін жіберді. Бұл туралы ұйым 4 қаңтарда хабарлады. ЕҚЫҰ бақылаушылары ел астанасы Нұр-Сұлтанда болып, ЕҚЫҰ-ның демократиялық институттар және адам құқығы бюросы жіберген ұзақ мерзімді бақылаушылармен бірге жұмыс істеді. Ұйымның мәліметінше, Қазақстандағы сайлауда ЕҚЫҰ-ның барлығы отыздай бақылаушысы болмақ.

Шетелдік сарапшылардың Қазақстандағы сайлауға байланысты пікірі әртүрлі. Тәуелсіз британиялық сарапшы, баспагер Алан Спенстің айтуынша, Қазақстанда өткен саяси дода сайлау жүйесінің дамуындағы тағы бір жаңа кезең. Британиялық журналист Қазақстанда партиялық сайлау тізіміне әйелдер мен жастар үшін кемінде 30% мөлшеріндегі квотаны енгізу нәзік жандылар мен жас буын өкілдерін белсенді болуға және саяси процестерге қатысуға ынталандырмақ. Сондай – ақ Алан Спенстің пайымдауынша, бұл жолғы сайлау қоғам үшін ашық мемлекет тұжырымдамасының әрі қарай дамуына себепші болады.

Бірден айтайық, жоғарыда сөз еткен ЕҚЫҰ осыған дейінгі Қазақстандағы президент және парламент сайлауларын демократиялық талаптарға сай өтпеді деп бағалаған болатын. Осы жолы не дейтінін уақыт еншісіне қалдырайық.

Сонымен 10 қаңтарда өткен мәжіліс және мәслихат сайлауына биліктегі «Нұр Отан» мен «Ақ жол», «Адал», «Ауыл» және «Қазақстан халық партиясы» қатысты. Сарапшылар әу баста-ақ 10 қаңтарға жоспарланған сайлауға билікке жақын партиялар ғана жіберілді деп айқындап бергенін айтпай кеткеніміз жарамас. Бірақ ештеңе де өзгермей «Баяғы жартас – бір жартас» болып көзіміз үйренген, көңіліміз сенген үш партия – бестіктің арасынан қара үзіп тағы келді. Ел үміт артқан «Ауыл» мен «Адал» қара шаңға көміліп қала берді.  Апам да аң-таң, Менде аң-таңның кебі баяғы. Бұл жайлы сәл кейінірек әңгімелейміз.

Осылайша әлем көз тіккен, халық «үздіккен» сайлаудың 10 қаңтарда өткізілген exit poll нәтижелері хабарланды.  Сауалнама 600 учаскеде жүргізіліпті. Сауалнамаға Нұр-сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары, барлық облыс орталықтары және т.б. қатысқан.

– Күні бойы сауалнамалардың төрт толқыны жүргізіліп, 244 мың сайлаушыдан пікір алынды. Сауалнама жүргізу барысында 600-ден астам интервьюлер өткізілді, – деп хабарлады «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының директоры Айнұр Мәжитова ОКҚ брифингінде. Сонымен Exit poll нәтижелері бойынша: Қазақстанның Халық партиясы – 9,10%. Nur Otan Партиясы – 71,97%. «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы – 5,75%. Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы – 10,95%. «Адал» саяси партиясы – 3,57% дауыс алыпты.

Бұл тек алдын ала нәтиже. Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың түпкілікті қорытындысын жеті күн ішінде – 2021 жылғы 17 қаңтарға дейін шығарады. Бірақ көп жағдайда exit poll нәтижелері аумай келіп, біраз нәрсені шешіп тастайтыны да жасырын емес.

Ендігі әңгіме  Экзитпол нәтижесімен «Ауыл» және «Адал»  партия кандидаттары келісе ме, келіспей ме? Келіссе, Қосановтың сценариі қайталанып, оппозиция деген партияның «арты ашылып» қалады, келіспесе қалай «арындары тез басылып қалды?» деп елдің елеңдеуі заңдылық.

Бірақ көп күттірмеді «ADAL» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали мырза:  – Бұл тек сайлау үшін емес, бұл партия халыққа берген уәделерін қалай орындау керек, соның жолымен жүретін партия. Бұл бүгін халыққа өте керек партия. Экзитпол деген бар, өздеріңіз білесіздер. Соның алғашқы анализі бойынша «Нұр-Отан» партиясы бірінші орында келе жатыр. Заң бойынша барьерден асып кетті. Сондықтан өз басымнан «Нұр-Отан» партиясын жеңісімен құттықтаймын», – деді.

Еш қарсылықсыз, еш уәжсіз, экзитполдың сараптамасын мойындап, жеңімпаз партияны құттықтау, бұған дейін президенттік сайлауда Қосановтың сара жолы болған дүние. Демек, ол «даңғыл жолға» кім түседі – оның оппозициялық деген «қамыты» өз-өзінен  шешіліп қалатыны айпаса да түсінікті.

 

Сайлауға қатысуға халық белсенділігі неге төмен?

«Сайлауға халықтың белсенділігі қандай болды?» деген сауал да туындары анық. Оған берер жауап:  Облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың сайлау комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес 2021 жылғы 10 қаңтардағы астана уақыты бойынша сағат 22.00-дегі жағдай бойынша сайлау бюллетеньдерін тізімдерге енгізілген сайлаушылардың жалпы санының 63,3%-ы алды. Мұның өзі халықтың сайлауға деген «құштарлығы» жылдан жылға төмендеп бара жатқанына айқын дәлел.

Мысалы әлеуметтік желіде белгілі журналист Нұртай Ерназар: «Мен бұл сайлауға байкот жарияладым, яғни барып дауыс бермедім. Себебі: біріншіден, шын мәніндегі оппозициялық партия жоқ, бәрі көп партиялы мемлекет деп көрсету үшін жоғарының ұйғарымымен құрылған партиялар, жайшылықта белсенділік танытып, үкіметті жағадан алғанын көрмедік және «Nur Otan»-нан басқаларының қаржылық тіректері де жоқ, күрескерлік қуатқа ие емес. Екіншіден, сайлау комиссиясы түгелдей биліктің белгілеген адамдары, мына жақтан қанша жерден жанталасып сайлағанмен қорытындыны жоғары жақ шығарады. Қай партиядан қанша адам өтеді, кімдер өтеді күні бұрын көкеммен келісіліп, тізім белгіленіп қойылған. Дауыс үшін дауласуға Қосановтың қауқары жетпегені секілді партиялардың да жігері жетпейді. Мұны сайлаушылар былай тұрсын, партия басшылары да, үміткерлер де жақсы түсінеді. Ендеше бәрін ішіміз біліп тұрған бос даурықпа дүние үшін қанасалат болудың қажеті қанша!?» деп жазды. Дәл осындай пікірдегі адамдардың аз еместігіне сайлаудағы 63,3 пайыздық өлшем нақты баға секілді.

Басқа-басқа «Nur Otan» партиясы бұл жолғы сайлауда 71,97 пайыз жинауының өзі, баяғы 90, 80 пайыздық жеңістердің қасында «жүдеулеу» көрінеді біртүрлі. Ал тісі шыққан, Мәжіліске «еті үйреніп» қалған, «Айтқанға көніп, айдауға жүруге» ыңғайлы «Ақ жол» демократиялық партиясы – 10,95 пайыздық «биікке көтерілуі» жаман нәтиже емес. Реті келгенде жылап алып, кейін қайта қуаттанатын бұл партия – түп атасын алаш ордаға апарып тірейтіні бар. Оның бағасын кейінгі ұрпақ бере жатар.

Жеңімпаз үштікті түйіндеген, Қазақстанның халық партиясы – 9,10 пайызбен дара шықты. Бір-ақ күнде «коммунисттік шекпенін» шешіп тастап «халыққа» айналып жүре берген партияны «Қой терісін жамылған қасқырға» теңейтіндер бар. Бәлкім бұған кешегі кеңестік дәуірді жиі еске салатын атауы да «кінәлі» шығар.

«Nur Otan» мен Ақжолдан кейін халықтық болып кеткен «коммунистердің» «тұғырдан» көрінуі нені білдіреді? Біздіңше бұл Ресейге жалтақтық және жоғарыдағылардың өздерін тәрбиелеген кеңестік дәуірге адалдығы болып жүрмесін. Әйтпесе «Алаш орданың»  түбіне жеткен, қазақтың оған кегі кеткен «көммунистерге» кім дауыс беруі мүмкін? Жаңаша атамай «коммунистер» деп жатқанымыз табалағандық емес.

Қазақ атамыздың «Қолда өскен түйенің тайлақ аты қалмайды, кеш үйленген жігіттің бойдақ аты қалмайды» деген тәмсілді еске салып жатқанымыз ғой.

Қалай десек те, ел ішінде «коммунистердің» жеңісіне  күмән көп. «Тәуелсіздіктің 30 жылдығы тойланғалы жатыр, біз болсақ, қазақтарды қойша қырған коммунистік партияға әлі төрден орын беріп келеміз…» деген әлеуметтік желідегі жазбалар қаншама.

Мәжіліс мәресіне жете алмай «шаң қауып» қалған «Ауыл» партиясына аяушылық білдірушілер қарасы өте мол. Себебі бүгінгі ауылдың проблемасы шашетектен. Онда неге ауылдықтар өздерінің сөзін сөйлейтін, жыртығын бүтіндейтін  «Ауыл»  партиясын қолдамады? Ауылдағы сайлаушылардың 25-30 пайызы қолдаса да 7%-дық  шектен өтері сөзсіз еді ғой! Егер биліктің расымен «Ауылды» шөміштен қаққаны рас болса, онда ауылдағы ағайынға деген пейілі де, ниеті де айқындала түсері анық.  Олай болмаған күнде «Nur Otan»-ға деген сенім әлі зор ауыл халқында.

Әлеуметтік желідегі  бір ағайын: «Нұротанды қойшы, өздерінің қолында ғой, Косаревсіз коммунистер  қалай 9% алған, бір адам қолдамайды ғой оларды. Ақжолды 20% қылмау үшін осындай шешімге барды ма? Адал мен Ауылдың не жазығы бар, оларды мәжіліске жіберуден неге қорықты екен? Әлде, Мақсаттар ызыңдап миды жейді деді ме? Дегенмен де от ауызды, орақ тілді азаматтар мәжілістен тыс қалды. Бұл тартыс бітті, келесі сайлауға  дайындық басталды. Мұңаймаймыз, мұқалмаймыз» деп жазба қалдырыпты.

 

Ассамблеяның «асқақтауына» неге жол беріп қойдық?

Сайлау алдында атауын өзгерткен партияның бірі – «Адал». Баяғы да тіркелген «Бірлікті» халық тез ұмытса да, керісінше «Адалға» деген адалдықтары осы жолы анық аңғарылды.  Жұрт қызығатындай команда жинап, жүдә тәуір қадамдар жасағанымен, 2 ай деген тым аз уақыт болған секілді. Бұйырғаны – 3,57% ғана. Алдын ала есеп бойынша. Егер бұл партияның «Бірлік» кезінде соңғы сайлауда алғаны 0,5%-ға жетпейтін дауыс екенін ескерсек, әрине, зор прогресс. Елдің есінде қалды. Халықтың сенімін алды. Одан артық не керек жас партияға?  Айтпақшы көпшілік арасында «Адал» мен «Ауыл» партиялары биліктің ғұмырын ұзартып,  мәжілісті легитимді ету үшін керек болды» деп жазғырып жатқандар да табылады. Демократиялы қоғам құруға тырысып жатқан елімізде әртүрлі көзқарастағы адамдардың болуынан шошынуға бола қоймас нәтінде.

Елде ресми тіркелген алты партияның бесеуі: «Nur Otan», «Ақ жол», «Адал», «Ауыл» және «Қазақстан халық партиясы» мәжіліс сайлауына 312 кандидат (90 әйел, 222 ер адам) ұсынған. Кандидаттардың орташа жасы – 46,7. Ең жасы 25-те. Бұл жолы парламент сайлауына түсіп жатқандардың арасында қазіргі алтыншы шақырылымдағы мәжілістің 34 депутаты да бар.

Алтыншы шақырылым демекші, Парламентте отырып қартайған, көкке қарап шалқайған Қуаныш Сұлтанов (75 жаста) пен Владимир Бажко (71 жаста) «Наконец – то» зейнетке кетіп тыныпты. Әлі де болса «сақалын саудалап», билікті паналап жүргендер қаншама. Тіпті Парламентте бір заманда Колбинге дауыс берген «қайраткерлердің» де жүргені шындық. Оларға да тықыр таянып келеді. Демек Мәжіліс «жасаруға» кіріскені байқалады. Түсіне білгенге мұның өзі үлкен прогресс!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Нұр отан» партиясы «Jas Otan» жастар қанатының V съезінде: жастар белсенділігі әрдайым саяси прогрестің қозғаушы күштерінің бірі болғанына назар аударғаны есімізде. «Қазіргі кезде жігерлі әрі бастамашыл болудың маңызы ерекше. Өйткені біз тез өзгеріп жатқан әлемде өмір сүріп отырмыз. Көпшілікке таныс өмір салты артта қалғаны сөзсіз. Технологиялар мүмкіндіктеріміздің әлеуетін айтарлықтай арттыруда», – деген еді Нұрсұлтан Назарбаев. Сол саясатқа мысық табандап жақындап келе жатқанымызды аңғару қиын емес.

Cонымен ОСК жариялаған сайлау қорытындысы бойынша Мәжілістегі депутаттық манданттар былай бөлінді: «Nur Otan» партиясы – 76 мандат,

Қазақстанның «Ақ жол» демократиялық партиясы –12 мандат,

Қазақстан Халық партиясына – 10 мандат.

Айта кетейік, сайлау қорытындысы бойынша «Nur Otan» партиясы, «Ақ жол» демократиялық партиясы және Қазақстан Халық партиясына заңда көрсетілген 7 пайыздық межені еңсерді.

Заң бойынша мандаттардың тарату кезегін партияның басқарушы органы сайлауға ұсынған партиялық тізім бойынша анықтайды. Оған 10 күн беріледі.

Ел іші болғасын жақсы мен жаманның, адал мен арамның қоңсы қонуы жаңалық болмас. Олай болса елдегі келеңсіздіктердің, жетімсіздіктердің, тамыр-таныстықтың түбірі бір. Онымен күрес ешқашан толастамайды. Мәжіліс депутаттарының өкілеттік мерзімі – 5 жыл. Соны білетін кей азаматтар әлеуметтік желіде «Енді еліміздегі жемқорлық тағы да  бес жылға созыла ма?» деп түйреп жатыр. Бәлкім жаңарған, жасарған мәжілісмендер бұған құлақ асар. Сөздің астарына үңіліп іс етер деп сенейік.

2021 жылғы 10 қаңтарда өтетін парламент мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлау науқанына республикалық бюджеттен 15,3 млрд теңге (2020 жылға 10,8 млрд теңге; 2021 жылға 4,5 млрд теңге) бөлу қарастырылған. Бұл қыруар қаржы әйтеуір ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп қалмай, ел игілігі үшін қолға алынған науқанға толық жұмсалған шығар деген ойдамыз. Әйтпесе, ел құлағы елу деген, кейбір сайлау шаралары бәзбір шенеуніктердің «ақша жасау» бизнесіне айналатынын халық сезгелі қашан!

Сайлаудың ертесіне  Елбасы бастаған, Президент қостаған, шенеуніктер «жасқаған» топ Конституция бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясынан сайланатын 9 кандидатқа дауыс берді. «Үй ішінен үй тіккен» Ассамблея туралы жазбаған ұлт жанашыры кемде-кем. Біздің «Qazaqstan dauiri» газеті де жазудай-ақ жазды. Сәуле Мешітбайқызы: «Қазақстан көп ұлтты емес, көп этносты халық немесе «қарағанды оқиғасы» қалың елдің ұйқысын неге бұзды?» атты мақаласында түйткілді көп жайтты қозғағаны көзіқарақты оқырманға жақсы таныс болар.  https://qazdauiri.kz/archives/13957

Бірақ сөзімізді кім тыңдап жатыр, кім ескеріп жатыр? Қолайына жақпағанды ысырып тастау деген не тәйірі!

«Ассамблея сайлауы өтіп жатыр. Кеше ғана жалпы халықтық сайлауда дауыс берген биліктегі басшылар, бүгін Ассамблея сессиясында қайта дауыс беріп жатыр. Бұл қалай? Ассамблеяға мүше этнос өкілдері Қазақстан азаматтары емес пе?  Ассамблея Қазақстан құрамындағы бөлек автономия ма? Егер Қазақстан Республикасының барлық азаматтары Ассамблея атынан өтетін 9 депутатқа дауыс бермесе, олар қалайша ҚР Парламент Мәжілісінің депутаттары болады? Әлде Ассамблеяға мүше бір этнос өкілінің даусы 100 қазақстандықтың даусына тең бе? Сонда бұл 9 депутат Мәжілісте қазақтың мүддесін қорғай ма, әлде өздеріне дауыс берген этностардың мүддесін қорғай ма? Ең бастысы, моноұлтты Қазақстанның негізі – біз, қазақтар, осы 9 депутатқа дауыс бермесек, неге олар Мәжілісте 4 жыл біздің есебімізден миллиондап жалақы алып, депутаттық мандаттың қызығын көру керек?! Ассамблея атынан түсіп жатқан 9 үміткердің қатарында ұзақ жыл «Егемен Қазақстан» газетін басқарған Сауытбек Әбдірахманов жүр. Сонда ол қазақ емес пе? Ол қай этностың өкілі? Ешбір мемлекетте жоқ, тек Қазақстанда ғана үстемдік етіп тұрған бұл қандай заң?» деп жазды журналист Азамат Тасқара.  Бұған біздің алып-қосарымыз жоқ.

ПЫ-СЫ: Бұл сайлауға да  талай пікірлер айтылып жатыр.  Жағымды  да жағымсыз, даттау мен мақтауға да толы. Ұлы Абай айтпақшы  «Болды да партия, Ел іші жарылды. Әуремін мен тыя, Дауың мен шарыңды» дегені болмаса дейміз. Тыныштыққа не жетеді шіркін!

Тек айтарымыз, елім деп шын еңіреген саяси партиялар мәжіліс пен мәслихатқа лайықты сайланса ғана жаңару мен жасарудың  жолына түсеріміз анық. Әйтпесе бәрі бекер!

Шынында әділеттілікті ту етіп, халқының құқығын қорғау – кез келген мемлекетті өркендеуге, өміршен болуына жетелейтін бірден-бір себеп. Әділдік орнаған мемлекеттің келешегі баянды. Кәпір де болса, әділ болуға талпынған мемлекетке Алланың өзі жәрдем етеді екен. Керісінше әділдік кенже қалған ел тоқырауға душар болуы оп-оңай. Осыны бүгінгі билік ескере жүргені абзал-ау!

«Сіздерге тағы бір қызық айтайын. Осы сайлауға әзірлік барысында жарғақ құлағы жастыққа тимей жүргендердің арасынан әр жылдары мәжіліс, сенат, мәслихат депутаттары болған партияластарымды көре алмадым. Сонда қалай, мандатты тапсырғаннан кейін оларға «Nur-Otan»-ның қажет болмай қалғаны ма?» деп жазды қоғам қайраткері, журналист Жарасбай Сүлейменов әлеуметтік желіге. Бұл ащы ой, ақырған пікір. Өйткені билік партиясына күні үшін «құл болып», қызметтен босағанда халыққа «ұл» болып көрінгісі келетіндер бұдан сабақ алса, қанекей!

 

Нағашыбай Қабылбек

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз