Адамзат баласы 2008 жылғы жаһандық экономикалық дағдарыстан естерін толық жинай алмай жатқан тұста, «жығылғанға жұдырық» болып келген COVID-19 індеті денсаулық сақтау саласымен қосып экономика саласын да тығырыққа бір-ақ тіреді. Қазіргі таңда басты мақсат – індеттің алдын алатын екпені тезірек тауып, адамдарды ажалдан арашалау болса, екінші міндет күн сайын құрдымға құлап бара жатқан экономиканы тезірек қалпына келтіру болып отыр.

 

COVID-19 салған әлек

 COVID-19 белгілі болғаннан қазірге дейін жер бетінде 90 миллионнан артық адамға жұғып, 2 миллионға таяу адамның өмірін жалмап кетті. Індеттің таралуына тосқауыл қою үшін қолданылған карантин шараларының соңы экономикалық құлдырауға бастағаны белгілі. Әлемдік сипат алған бұл құбылыстан дамыған елдер де, кедейлікте өмір сүріп жатқан елдер де бұлтара алмады. Ол тек денсаулық сақтау саласының «шиін шығарып» қана қойған жоқ. Ең алдымен орта-шағын бизнес санатына жататын қоғамдық тамақтану саласы, туризм, тасымалдау, көңіл ашу секілді қазаны қайнап жататын думанды тірлкті тежеумен қоса өніріс саласын, тұрақты мүлік саудасын, құрылыс кәсібін де тоқыратып тастады. Есесіне «интернетке итше қосақталып» өмір сүруге сүйреп әкелді. Өмірдің қалыптасқан өрнегін қашықтан білім беру, онлайн дәрігерлік кеңес беру, онлайн жұмыс істеу секілді амалсыздың күйіне ауыстырып тынды. Әрине, бұлардың сапасы туралы сөз қозғау шағын мақаланың мақсаты емес. Алайда осы салаларды жылдам меңгеріп, өзіне икемдей алған адамдардың қалталары қалыңдамаса жұқарған жоқ. Қоғамдық сарапшылардың болжамы бойынша келешекте көптеген кәсіп түрлері осы «онлайн өмірге» онан ары бейімделе түседі екен.

 

 

Ал, жаһандық тұрғыдан қарағанда пандемияның кесірінен әлемдегі қаржы нарығында тұрақсыздық туылып, сауда баяулап қалды. Логистика және инвестиция саласы тоқырауға бет алды. Осының кесірінен әуе компаниялары дағдарысқа ұшырап, туризмнен табыс тауып отырған елдерге саяхаттайтын адамдар легі тоқтады. Саяхат демекші COVID-19 індеті де әлемге саяхатшылар арқылы жылдам таралып кеткен еді…

Дүниежүзілік банктің соңғы мәліметіне қарағанда 2020 жылы әлемдік экономикалық өсім 4.3 пайызға төмендеген. Әрине, бұл арада зардап шеккен салалардың тізбегі тым ұзақ екені даусыз. Әрі мұндай құбылыстың барлық елдерге ортақ жағдай екенін де естен шығармаған жөн. Яғни, Ұлыбританияда қоғамдық тамақтану, көңіл көтеру саласы ауыр соққыға ұшыраған болса, қазақтың да тойханаларының есігі тарс жабылып қалды.

 

Бұрынғы қалпымызға келе аламыз ба?

 Тышқан жылы тірелген тығырықтан құтылудың амалын іздеп жатқан әлем елдері айналып келіп «COVID-19 вакцинасы» деген аса жауапты әрі тағдыршешті мәселеге жаутаңдап отырғаны белгілі. Яғни, індеттің беті қайтса болды, тірліктің қазаны қайнап жүре бермек. Алайда ең сенімді деген вакциналардың өзі енді қолданысқа ене бастаған тұста, коронавирустың мутацияға ұшыраған жаңа түрі қайта шықты. Алдымен екпе салуды бастап жатқан Англияда тағы да локдаун жарияланды. Қайтадан жандана бастаған әуе компаниялары рейстерін қысқартуға көшті. Өкініштісі осынау індеттің қанша уақытқа созыларын ешкім де дөп басып айта алмай отыр. Осыған орай әлемдік экономиканы сарапқа салып, болжам айтушылардың өзі екіұшты болжамдарын ортаға салып жатыр. Дүниежүзілік банктың жорамалы бойынша «коронавирусқа қарсы вакцина жаппай егіліп, індеттің беті қайтса ғана, 2021 жылы әлемдік экономика 4 пайызға өсуі мүмкін» көрінеді. Соның өзінде «әр ел үкіметі мен қаржылық ұйымдары эпидемияның таралуын тежеп, инвестицияларды ынталандырудың ұтымды реформаларын жүзеге асыру үшін шешуші шаралар қабылдамаса, экономикалық өсім болжамдағы 4 пайыздық көрсеткішке жете қоюы екіталай» дегенді тағы да ескертіп отыр. Осы тұста қысқа мерзімдік экономикалық саясаттың маңыздылығы алға озатындай… Себебі, әлемді әбігерге салып отырған індет- миллиондардың өмірін жалмап, қыруар адамдарға кедейліктің қамытын кигізіп жатыр. Әрі COVID-19 қашан түбегейлі ауыздықталатындығы әзірге белгісіз болғандықтан, бұл келеңсіздіктердің зардабы біраз жылға созылары анық.

 

 

Дүниежүзілік банктың басшысы Дэвид Малпас жақында жасаған мәлімдемесінде «жаһандық экономика баяу қалпына келеді дегеннің өзінде, саясаткерлер әлі де нәзік те күрделі мәселелермен айналысып, жаһандық дамуға қолжеткізу үшін күш салуы керек. Қазіргі таңда бюджет саясаты, орталық банк операциялары және құрылымдық реформалар күрделі мәселелерге тап болды. Эпидемияның әсерін жеңу және дағдарысқа қарсы тұру үшін іскерлік ортаны жақсартуға, еңбек пен тауар нарықтарының икемділігін арттыруға, ашықтық пен басқаруды күшейту керек» деді.

Дүниежүзілік банктың «Жаһндық экономикаға назар» атты баяндамасында шатқаяқтаған экономиканың қалпына келуі барысында жақсы көрсеткіштерге жететін елдерді де тұспалдап кқрсеткен. Яғни «2021 жылы Азия-Тынық мұхиты аймағының жылдық экономикалық өсімі 7,4% жетеді» деп болжайды. Бұл негізінен Қытайдың экономикалық қалпына келуіне байланысты болмақ. Дүниежүзілік банк Қытайдың экономикалық өсу қарқыны 2021 жылы 7,9%-ға дейін өседі деп межелепты. Қытайдың қарқынды өсуіне байланысты дамушы нарықтар мен дамушы экономикалардың жалпы ішкі өнімі 2020 жылы 2,6% қысқарғаннан кейін 2021 жылы 5% өседі деп күтілуде.

Экономикасы дамыған елдерде 2020 жылы үшінші тоқсанда инфекция қарқыны күшейгеннен кейін экономиканы қалпына келтіру процесі баяу және күрделі жүретінін көрсетті. Баяндамада «АҚШ ЖІӨ, 2020 жылы 3,6% қысқарудан кейін 2021 жылы 3,5% өседі, Еуроаймақта экономикалық өсім 2020 жылы 7,4%-ға төмендегеннен кейін өндіріс биыл 3,6% ға артуы мүмкін. Ал Жапонияның экономикалық белсенділігі өткен жылы 5,3% қысқарған болса, 2021 жылы 2,5% өседі» деген болжамдар айтылған. Яғни әлемнің жетекші эконоикалық тұлғаларының барлығында экономиканың өсімі баяу түрде жылжитындығы айтылып жатыр.

 

 

 

Қазақстан қиындықты қалай еңсереді?

 Бұл тақырып негізінен тіс қаққан экономистердің зерттейтін тақырыбы. Дегенмен экономикалық өсіуге ықпал етуі мүмкін маңызды факторларға назар салатын болсақ, аздап болжам айтуға келетін сияқты. Жер бетіне келген кесапаттан қазақ елі де қағыс қалған жоқ. Соның ішінде орта-шағын бизнес саласы айтарлықтай соққыға ұшырады. Мемлекет қазынасынан қыруар қаражат денсаулық сақтау және әлеуметтік салаларға жұмсалды. Қазынасының басым бөлігін елдегі табиғи, қазба байлықтарды экспорттау арқылы толтыратын ел үшін, халықарадағы мұнай нарығындағы тұрақсыздық та оңай соққы болған жоқ. Бұл салада пандемияның зардабын тартып отыр. Халықаралық мұнай экспорттаушы елдер ұйымының (OPEC) есебіне қарағанда, егер індеттің беті қайтатын болса, мұнайға деген сұраныс жоғарлайды. Бұл да белгілі жағдай. Алайда OPEC пен өзге де мұнай өндіруші елдер баға және өндіріс мәселесіне келгенде бір байламға келе алмай қалатын тұстары өте көп. Мұнай нарығына талдау жасайтын сарапшылардың пайымдауынша, коронавирустың мутацияға үшыраған түрінің анықталуына байланысты карантин шаралары күшейсе, мұнай нарығында баға бірден көтеріле қоймайтыны белгілі. Сондықтан 2021 жылдың екінші тоқсанынан бастап індет жағдайы қалыпқа түсер болса, мұнай бағасында бірден өсім байқалады. Алайда қажетсіну мен қамдау жағында сәйкеспеушілік болдырмау үшін OPEC пен өзге де мұнай өндіруші елдер ортақ мәмілеге келе отырып қимылдауы керек» делінген. Осында айтылған жағдайлар мұнай өндіру саласында жетекші елдердің қатарында тұрған қазақ елін де айналып өтпейтіндігі белгілі. Сондықтан дағдарыстан бірден құтылуға табалдырығымыздан аттап кірген 2021 жылдың өзі жеткіліксіз сиқты.

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ

 

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз