Мен онымен анда-санда болса да кездесіп тұрамын. Биыл 30-ға толады. Кездесіп тұратынымыз ол менің көршім. Әкесі алпыстың о жақ бұ жағында. Қазақы кісі. Ауылдан ертеректе келген. Саясатты айтқанды жақсы көреді. «Ақжолға» дауыс беремін. Бірақ белгілі ғой. «Нұр Отан» жеңеді. Қалған партиялар да сол «Нұр Отанның» серіктері. Аты бөлек болғанмен заты, сүйегі биліктікі» деді ол. Немересін қыдыртуға шығыпты. Асығып кетіп қалды. Немерелерінің бәрі орысша сөйлейді. Қазақшадан мақұрым.

Үйлері еңселі. Машиналары бар. Жалпы жағдайлары жаман емес. Ресми жылдың алдында сол көршімнің баласымен яғни тәуелсіздігіміздің құрдасымен әңгімелесіп қалдым. Орыс мектебінде оқығандықтан ба қазақшасы онша емес. Менен ұялғаннан зорға сөйлейді.

 

Бүгінде Тәуелсіздік құрдастары ойы толысқан отыз жасқа толды. Егемен елде дүниеге келіп, өсіп-жетілген олардың санасы сергек, көзқарастары да, өмір салттары да өзгеше. Тіпті, Тәуелсіздікті ешбір дәлелді қажет етпейтін аксиома деп біледі. Бұл – егемендік ұғымы жастардың санасына берік орныққанын көрсететін қалыпты құбылыс. Бірақ Тәуелсіздік құндылығы жадына біржола шегеленіп, мәңгі сақталуы үшін өскелең ұрпақ оның қадірін білуі керек.

(Президент Қ.Тоқаевтың мақаласынан)

 

– Келесі жыл Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығы деп аталатынын естідің бе? – дедім мен оны әңгімеге тарттым. Өзінің ақкөңіл мінезі бар.

– Білмейді екенмін. Келесі жыл сиыр жылы екенін білемін, – деді ол ыңғайсызданып.

– Сен осы тәуелсіздіктің құрдасы емессің бе?

– Солай шығар. Папам солай айтады.

– Қызыңды орыс балабақшасына бергенің не? Ертең орыс болып кетеді ғой.

– Аға, болашақ орыс тілінікі. Қазақ тілінде ешкім сөйлемейді. Мәселен біз банкімен жұмыс істейміз. Бәрі орысша сөйлейді. Құжаттар да орысша. Сіз тәуелсіздікке 30 жыл деп отырсыз. Енді тағы да 30 жыл болса да қазақ тілінде ешкім сөйлемейді.

– Өйтіп айтпа, бауырым! Қазақ тілінің күні әлі туады. Сол кезде өкініп жүрме! Себебі байқаймын келінмен де, балаларыңмен де орысша сөйлесесің.

– Ағатай, ертегіні айтпаңыз. Менің папам да сіз сияқты қияли. Қазақ тілінің болашағы жоқ. Онан да ағылшын тілін үйретпеймін бе балаларыма.

– Сен намыстанбайсың ба бұған?

– Жоқ! – деді ол менің сөзімді аяқтатпай. – Шындық солай! Жоғарыдағылардың бәрі орысша сөйлейді. Менің Болашақты бітіріп келген достарымның көбісі орысша сөйлейді. Олар байлықты бірінші орынға  қояды. «Бәрін ақшамен сатып аламыз» дейді.

– Сонда билік те солай ойлай ма? Қазір министрлікте де, әкімшілікте де жастар жұмыс істеп жатыр ғой. Мәселен парақорлық ескіден келе жатқан әдіс. Оны жаңаша ойлайтын жастар тоқтата ала ма?

Ол мырс етіп күліп жіберді.

– Аға, пара алудың жаңаша жолдарын қарапайым адамдар, жастар ойлап тапқан жоқ. Әне-еу, жоғарыда отырған ағаларымыз ойлап тапқан. Бізге осылай үйретті. Онсыз, парасыз алға баса алмайсың. Пара алмайтын адамның болашағы жоқ. Біздің елді парақорлар ұстап тұрғанын білмейсіз бе? Мәселен мен кәсіпкермін. Тендер алғанда бірдеңе бермесең ала алмайсың. Жоғарыдағы ағалардың көмегі осындайда керек.

– Сен бабаларымыздың тарихын білесің бе? Әкең үйретті ме? – деп әңгімені тағы да басқа арнаға бұрдым.

– Аздап білемін. Бірақ маған ол тарихтың не керегі бар? – деп ол иығын қиқаңдатты.

– Бізде қазір тарихи кинолар жүріп жатыр. Соларды көрмейсің бе?

– Жоқ, жоқ! Оған уақытым жоқ. Біздің көретініміз басқа кинолар. – Ол мәз болып күлді.

– Аға, асығыспын. Бір клиенттермен кездесуім керек…

Әңгімеміз шала орысша мен шала қазақша жүрді…

 

Қадірлі Қасым-Жомарт Кемелұлы!

    Біз 30 жыл бойына тәрбиелеген, өсірген, оқытқан, тоқытқан Тәуелсіздік құрдастарының ойлау деңгейлері, жеткен биіктері, Отаншылдық патриоттық дәрежелері, қоғамға, мемлекетке жаны ашуы, күнделікті іскерлігі осындай. Олардың өздері түгілі балалары орысша тәрбиеленіп жатыр. Сіздің мақалаңызда зор да, өрелі ойлар айтылды. Оларды жүзеге асыратын кімдер? Өзіңіз айтқан жастар. Жастарымыздың жан дүниесі, тіл, түр сипаты мұндай болып тұрғанда кімге сенеміз? Олар өмірге доллардың тілімен, орыстың көзімен, параның бағамымен қарайды. Енді оларды қайта тәрбиелей алмаймыз. Кім кінәлі? Өзінің тілін, ділін қадірлемеген елдің болашағы бұлыңғыр. «Мемлекеттік тілді үйрену парыз, тіптен» дедіңіз. Ол сан рет айтылған. Елбасымыздың өзі де «пәлен жылда аю да үйренеді ғой», «қазақ қазақпен қазақша сөйлесін!» деп бұйырып та, күйініп те айтқан. Бірақ «баяғы жартас бір жартас» Сіз де, біз де баяғы жартасты айналғанды қойып, сол жартасты алып балғамен сындыратын кез келген сияқты. Яғни нақты іс, қылыштай қиып түсер қимыл керек. Бұған қалай қарайсыз? Қалған жамиғат не айтады екен?

                                                                                      Ертай Айғалиұлы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз