Қоғам белсендісі Тұрар Саттарқызы жетекшілік ететін «Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігі аясында  «Сырлы Сарыарқа» мәдени-танымдық клубы жұмыс істейді. Қазақ жазушысы, Мемлекеттік және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі марқұм Мырзакелді Кемел аға руханият, мәдениет және басқа да ұлттың мұңын мұңдап, жоғын түгендеп жүрген «Сырлы Сарыарқаға» көзі тірісінде қонақ болып, жүрек төрінен ой толғап, Тұрар Саттарқызымен сұхбаттасқан еді. Ағаның елінің ертеңі мен бүгініне алаңдап айтқан жүрекжарды ойлары қазір тарихқа айналып үлгерді. Артында қалған сол соңғы ойтолғамы біздің де оқырмандарымызға жетсе екен деген ниетпен назарларыңызға ұсынып отырмыз.

 

30 жылда бір-ақ рет…

 

– Қош келдіңіз,  аға, сұқбатқа дайындалу барысында сіздің қоғам мәдениеті, мемлекет мәдениеті деген пікірлеріңізді байқап қалдым. Иә, біз көп жылдар бойы экономика, саясат деп келдік. Мәдениет, руханият екінші орынға ысырылып келді. Сіздіңше, қазір еліміздің мәдениеті мен руханияты қандай деңгейде? Мәдениеттің мәні неде? Жеке адамның жарасымды дамуына бағытталған мәдени құндылықтарға не кедергі?

– Әуелі экономика сонан соң саясат деген ой 1997 жылы қазан айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алғашқы жолдауында айтылды. Содан бері жалғасып келе жатыр. Бірақ оның тоқтайтын уақыты болып, өтіп кетті. Бұл 4-5 жылға лайықталған нәрсе еді. Экономика жүрген жерде саясат болмаса, барымта жасау, тартып алу тек саясат арқылы жасалады. Біз талай айттық та жаздық. Бірақ оған ешкім мән бермеді, тұншықтырды.

Біздің дамуымыздағы негізгі үш тұғыр – алдымен экономика, одан кейін әлеуметтік қорғау, үшінші руханият болуы керек. Біз экономиканы ғана көбірек айттық. Себебі халыққа меншіктерін берсек, жағдай жасалса, жеке меншікті қолдасақ, ары қарай адамдар өздері алып кете бермей ме деген ой болды. Оған халқымыздың мәдениеті жетпеді. 70 жыл коммуна деңгейінде, яғни ұжымдасқан деңгейде өмір сүрдік. Колхоз, совхоз, кәсіпорындар бәрі бір басшының қолына қызмет ететін мекемелер болды да, жеке адамды бағалау болған жоқ. Жеке адамдарды бағалау қолдан жасалып, социалистік еңбек ері, депутат дегендер жасанды түрде қалыптасты. Ал руханиятқа соңғы 30 жылда бір-ақ рет көңіл бөлінді десек, қателескеніміз емес. Сондықтан мәдениет дегенде, алдымен халқымыздың немесе қоғамымыздың, мемлекетіміздің мәдениетін айтуымыз заңды.

 

Мемлекеттің мәдениеті деген мемлекеттегі адамдардың мінез-құлқының жиынтығы. Қоғам мәдениеті де солай. Мекеменің мәдениеті де… Басшы қандай болса қосшы сондай. Мәдениетсіз қоғам дамымайды.

 

 

Рухани жаңғыру рухани жаңаруға ұласуы керек еді

 

– Аға, рухани жаңғырудың басы жақсы-ақ сияқты еді…

– Бағдарламаның мақсаты үлкен еді. Рухани жаңғыру рухани жаңаруға көше алмады. Орысшада «системный подход» деген сөз бар. Яғни «жүйелілік ыңғай» деген сөз бізде жоқ. 30 жыл бір орында тепеңдеумен келеміз. Ал қоғамның мәдениеті, жеке адамның мәдениеті деген бәрі бір-біріне байланысты.

Ұлттың рухын көтеруге жаңа рухани жаңғыру керек дейміз де, өткен тарихты айта береміз. Тарихты еске түсіріп айта берген дұрыс, мадақтау да дұрыс. Ұлы мемлекет болғанбыз деген де дұрыс шығар. Бірақ ол ескірді. Кешегі орақ пен балға, одан бұрынғы қылыш пен шоқпар бүгінгі күнге құрал емес. Бүгінгі күнгі құрал Асқар Жұмаділдаев айтқан компьютерлендіру, оған адамдарды қанша бейімдей алмай жатсақ та заман ағып өтіп бара жатқандықтан, соған бет бұруға тиіспіз. Рухани жаңғыру жаңашылдыққа ұласса, компьютерлендіруден роботтандыруға көшеміз. Роботтандырудан жасанды интелектіге көшеміз. Болжаушылардың айтуынша, 20, 30, 40  жылдан кейін адамдардың санасынан компьютердің санасы озық болады. Оған сенбейін десең, бүгінгі озық азаматтарымыз кешегі азаматтармен салыстырғанда анағұрлым алға шықты. Сондықтан мәдениетті қолдауды рухани жаңарудан бастап қолға алуға тиіспіз. Мәдениетті қолдау дегеніміз ол жазушыларды, әншілерді қолдау емес. Мәдениетті қолдау деген біздің қалыптасуымызға қызмет ететін мәдени жағдайымызды жақсартатын қолдау. Меніңше,  адамгершіліктің басты ережелерін ұстанатын зиялылығы бар, көп білетін өмірге көзқарасы болашаққа бағдарланған адамдарды мәдениетті адам деуіміз керек.

Біздегі зиялылар дегеніміз тізімге ілінген формальді адамдар. Сол формальді тізімге қарап, соларды жиынға шақырдық, мемлекеттік мерекелерде өтетін концерттерге шақырдық, Елбасымен жүздесуге шақырдық. Ол зиялылардың ішінде сондай отырыстарда еті өліп кеткен, іштей дамымай қалған адамдар көп еді.

– Сіздіңше қарапайым адамдардың ішінде де зиялы адамдар бар ғой…

– Қарапайым адамдардың ішіндегі зиялыларын бағаламадық. Олар баяғы тектілердің ұрпағы болуы да мүмкін еді. Тектілік деген ол қазақтың ғана сөзі емес. Тектілік аристократизм бүкіл әлемдік сөз. Біздің зиялылықты тізімдеп «рамкаға» салғанымыз ең үлкен қателік.

Ал имандылық, қайырымдылық, ізгілік, мейірім дегеннің бәрі қазір бос сөзге айналды. Путиннің бір сөзі болды, бірінші рет сайланғаннан кейін «Мен Россияны порядочный адамдардың қолына берем» деген. Бірақ «порядочный» адамдардың қолына берді ме? Берген жоқ… Бұл не? Бұл билікке құмарлық. Билікке ғашық болу.

Депутаттардың бәрі қартайып кеткен, олардың не керегі бар дегенге мен қарсымын. Олардың ішінде өте мықтылары бар. Бірақ әркім заманының келгенін сезуі керек. Осыдан 300 жыл бұрын өмір сүрген  Ямамото Цунэтомо деген жапонның бушидо шебері «Кәрілік деген адамдарға 60 жастан келе бастайды. Сол адамдарда аздаған ақылдың алжасуы болады. Сізде ақылдың алжасуы болды деп жұқалап айтсаң, жоқ мен ешқандай ақылдан адасқан емеспін деп жармаса кетеді. Бұлай айтқанның өзі ақылдан алжасу» дейді. Сондықтан шекті білу маңызды.

Аға, той мәдениеті жайына да тоқтала кетсеңіз…

– Той мәдениеті де өте төмен. Өлімді күту мәдениетіміз де өте төмендеп кетті, тойға айналды. Қазақта тойдың төресі құдалық еді. Құдалықты үйді, шаңырақты көрсету үшін жасамап па едік!? Қазір ресторандарға 200 адам шақырып, құдалық өткізіп жатырмыз. Мұның бәрі тоқтықтан, даңғазалықтан. Тоқтықтың байқап отырсаң, жақсы қасиетінен нашар жағы көп. Тоқтық тойындырғаны жақсы. Бірақ адам «Апырым-ай, менікі ата-бабамыздың үрдісінен тысқары болып кеткен жоқ па» дегендей, шекті білу керек.

– Карантин уақытында біраз шектеулер болды… Қалай ойлайсыз, адамдар өзгере ме?

– Адамдар өзгереді. Мысалы Өзбекстан мемлекетінде 200 адамнан асқан тойға тыйым салсын деп Президенттері жарлық шығарды. Халқы жарлықты бірден ұстанып кетті. Бізде де ондай жарлық шықса, бірден ұстанамыз. Мысалы жолда машиналар келіп, бағдаршамға тоқтаған кезде көлделең ақ сызықты бассаң, 21 000 төлейсің деген ереже шығып еді, жұрттың бәрі сызыққа бір метрге дейін жетпей тоқтайтын болды. Тойдағы адам санына шектеу қойса, ол да осындай болады. Тойханаларымыз басқа мекемеге айналады. Бірақ оны түнгі клубтарға, ойынсауық орталықтарына айналдыруға болмайды. Ал әншілерге салық салу керек пе, жоқ па деген даулы мәселеде ФБ-да әншілер керек емес деп жеңіп кетіп еді. Бірақ қоғам салық төлеу керек екенін дәлелдеді. «Ставкасын» қойып «бизнес класпен барамын, маған люкс мейманхана болсын» деген шарттар неден шыққан? Асып-тасығаннан, тойынғаннан шыққан.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың ФБ-ға кіргеніне қатты қуандым. Себебі ФБ-ның өзін жаңартуымыз керек. ФБ-ны Президент кірді деп саясатқа бұрып жатқан ешкім жоқ. Газет оқымайтын кезде, жетпейтін кезде баяғы баспасөздің міндетін қазір әлеуметтік желі атқарып жатыр. Ал әлеуметтік желі Шыңғыс хан қазақ болған ба, болмаған ба деген әңгімеге еріп кететін болса, онда бізден ештеңе шықпайды.

Тіл мәселесінде Елбасымыздың «Қазақ қазақпен қазақша сөйлессін» деген сөзі ең төрелі сөз еді. Бірақ қазақ қазақпен қазақша сөйлесті ме? Қазақ қазақпен қазақша сөйлеспегеннен кейін ары қарай қадам жасадық па? Егер қадам жасамасақ, неге жасамадық? Орыс тілділердің бәрі сайлауда маған дауыс берсін деп үндемей қоя салдық па? Неге мемлекеттік қызметке қазақ тілін білмейтін адам алынбасын деп айтпадық?

Неге мына Қояндыда тек қана оралмандар тұрады? Неге оларды бөлеміз? Баяғыда социализм кезінде колхоздарды руына қарап құрастырғанбыз, ол кезде халықтың санасы сондай еді. Қазір халықтың санасы басқа екенін Қордай оқиғасы көрсетті. Мәселе көп. Осының бәрін шешетін тәрбие, білім, мәдениет.

 

Жабайы капитализм жағдайында өмір сүріп жатырмыз

 

– Мәдениетті де ереже сияқты қалыптастыру керек дейсіз ғой…

– Бес жыл Өзбекстанда, Ташкентте оқыдым. Біз студент болған кезде «Білім қоғамы» деген болды. «Білім қоғамымен» Өзбекстанның барлық облыстарын, көптеген аудан-қалаларын аралап шықтым. Халықтың дәстүрін көрдік. Дінге деген ұстанымын көрдік. Өзбектер классикалық ұлт деп айтсақ, біз өзбектен озықпыз деп бетбақтырмайтын азаматтар бүгін үндемей қалды.

Ал неге өзбектен қалып қойдық? Қазақ қоғамы феодализмнен социализмге бірден өтіп кетті. Капитализм деген шіріген қоғам еді, соны көрмей өтіп кеттік деп мақтандық. Сөйтсек, ол мақтаныш емес қасірет екен. Қасірет болатын себебі капитализм – нарық. Оны көрген өзбектер бізден озды. Біз феодализмнен социализмге келіп, социализмнен қайта капитализмге қайтып, жабайы капитализм жағдайында 30 жылдан бері өмір сүріп келе жатырмыз. Бізде ұлттық идеология жоқ деп шулаймыз. Ұлттық идеология деген идеология болмайды. Идеология – биліктің тұтқасы, меншігі. Оны жасайтын билік. Сондықтан ұлттық идеология деп емес ұлттық идея деп айтуымыз керек. Сөйтіп өз идеяларымызды ары қарай жеткізуге күш салуымыз керек.

– «Мәдениеттегі масылдық» деген бір тосын пікіріңізді құлағым шалып қалып еді. Сол туралы айтсаңыз…

 

– Мәдениеттіміз, озықпыз деген азаматтардың бәрі шын мәнінде озық емес. Мәдениеттегі масылдық деген бір кезде бір деңгейге көтеріліп алып, сол деңгейден түскісі келмейді, орынды да босатқысы келмейді.

 

Сол күйі кете берсем, мені мойындаса, бағаласа, кітабымды шығарса, менің әнімді орындап тұрса деген ниет масылдық болып есептеледі. Людмила Зыкина деген орыстың халық әртісі, әнші болған. Кейін қартайыңқыраған кезінде сол кісі «Останкиноға» барып, мені біраздан бері шығармай қойдыңдар депті… Сөйтсе орыстардың аузы батыр ғой «вы уже не формат» депті. Біздің мәдениеттегі масылдарымыз өздерінің форматқа сәйкес келмейтінін ұқпайды. Оларға ешкім ұқтырмайды да. Менің арманым, ендігі президент елуге жетпеген азамат болса және елуге жетпеген азаматтар қызметке келсе, кадрлардан тапшылық көрмейтін болсақ…

 

Әйел берекеміз еді

  Сіз «Бас игіш, айтқанды орындап өз пікірін тұншықтыратын адамдар көбейген сайын, қоғам тұрақсызданады» депсіз. Өкініштісі осы «ләппай тақсыр» қоғамымыздың басты дерті болып отырған сияқты. Әдетке айналып кетпеу үшін не істеу керек?

– Мақтаншақ, мақтансүйгіш басшылар болды. Мақтауға мәжбүр болдық. Осы нәрселерден барып жарамсаққа айналдық. Мінез өзгеріп кетті. Баяғы батыр бабаларымыздың мінезі қалмай барады. Қазір көршімен көрші сөйлеспейді, араласпайды. Тіпті жеті шелпек жасасаң, оны тарататын адам жоқ. Есіктің алдына шығып өтіп бара жатқан адамға ұсынсаң, жиіркенеді. Осындай үрдістердің бәрін жоғалтып, жалаңаштау күйге келдік. Қазақ қонақжай дейміз, қазақ қонақжай емес. Қазақтың қонақжайлылығы сатулы. Еуропаның, басқа батыс елдерінің қонақжайлылығы бізден асып кетеді. Оларда шашып, төгу жоқ. Бірақ бір күннің ішінде жеті түрлі тамақ беру мәдениеті бар. Германияға барсаңыз, Қазақстаннан барған немістер сөйтеді.

Коронавирус деп қалдыңыз, бұл біздің мінезімізді өзгертсе керек деп ойлаймын. Коронавирустың бізді өзгертетін себебі, біз кім едік, қайда келіп едік, қайда бармақшымыз, ертеңгі күніміз не болмақшы деп отырып ойлануға мүмкіндік берді. Үнемшілдік қасиеттен ажырап қалған едік, екі айдан бері жұмыс істемеген адамдар не қылды. Ең соңғы ақшасын бүгінгі тамағына сақтады. Ол да үнем. Үнем саясатын ұстанғанның белгісі. Тәубәсіне келді. Ақшаны үнемдейтін әйел. Әйел – берекеміз еді. Қазір үнемдейтін әйел бар ма? Көршінің «Мерседесін» көрсе, сен өзбектердің көлігін мініп жүрсің деп бақталасады. Сөйтіп қажай бергеннен кейін еркек не тырысады, не сынады. Әйелдер сенің тапқаныңды мен де тауып отырмын деген мәселеге ұрынбауы керек. Қазір «перезагрузка» деген бар ғой, сол сияқты өзімізді қайта құрылымдауымыз керек. Өзгеруіміз керек.

– Сіз экономиссіз. Қаржылық сауатты арттыру үшін, жаңаша өмір сүру үшін не істеу керек?

– Қаржылық сауаттылықты арттыруда да көп кемшілік жібердік. Мен экономист ретінде «неге бізге бассыз, көзсіз несиені бере берді» деп, 1995 жылдан бері ойлайтынмын. Кейінірек ойласам, «несиеден көз аша алмай, бас көтере алмай қалсын» деген екен ғой. Шын мәнінде бас көтере алмай қалдық. Халық несиені сұрауы жоқ, қайтпайтын ақша секілді пайдаланды. Бүгінгі банк несие беріп, ақша сатушы. Және қымбатқа сатады. Мен «бүкілдүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен кейін шетелдік банктер келеді, біздегідей 24 пайыз 17 пайызбен ақша бермейді. 5 пайызбен ақша беретін болады, солардан ақша алып көркейеміз. Оның қайтарымы да оңайырақ болады» деп ойлайтынмын. Оларды келтірмеді. Келтірмеген кімдер? Біздің банктердің иелері. Әлі де келтірмей жатыр. Халықаралық жағдайда 0, 1, 5 пайызбен ғана несие береді. Бізде  17-40 пайызға дейін несие береді де, оның тағы 10 пайызын алып қалады. Қазір әр отбасының қаржылық жағдайы осындай. Бұдан халықаралық ережелерге көшу арқылы ғана құтыламыз.

– Мырзакелді Кемел десе, «Ақыл қалта», «Абзалдық әліппесі», «Өзіме сабақ» деген кітаптарыңыз есімізге түседі. Танымдық еңбектеріңіз бір төбе. Жалпы сіз қоғам қайраткері болдыңыз, мәжіліс депутаты болдыңыз. Экономика ғылымдарының докторысыз. Жазушылыққа қалай келдіңіз? Сізде ақылмандардың афоризмі қалай пайда болды?

– Бала кезімде балалар ойнайтын ойындардан тек асық қана ойнадым. Мектеп бітірген кезде үлкен қалтада 200-дей түрлі-түсті асығым болды. Жеңіп алған асықтарым. Жүгіріп ойнайтын ойындардың орнына отырып кітап, газеттің қиындыларын оқыдым. Өзімнен он жас үлкен ағам «Правда» газетінің редакторлық колонка деген қиындысын оқытып, маған ертең мағынасын айтасың деп, орыс тілін үйретті. Сөйтіп-сөйтіп жетілдік. 11 жасымнан бері жазып алған отыз шақты блокнотым бүгінге дейін өзіме қызмет етті. О заманда қанатты сөздерді жинау инемен құдық қазғандай болған. Ол қазір мақтаныш ететіндей нәрсе де емес. Ал жазушылық деген сюжетпен әңгіме құрастыру, роман жазу, пьеса жазу, оған менің өрем жеткен жоқ. Менікі тек аударма. Қазір қанатты сөздерді әлеуметтік желіден алып, аудару секілді жұмыстармен айналысып жатырмын. Жазушылар одағына 2005 жылы мүше болып қойғанмын. Бірақ ол мақтаныш емес, парламенттің үш рет депутаты болғаным да мақтаныш емес. Парламентке депутат болған себебім, сол кезде біздің өңірде өресі меннен озып кететін азамат болған жоқ. Халық қара жұмысқа бейім. Оқыған емес, бүгінге дейін солай. Бұл мақтаныш емес, күйініш.

– Қай заманда үлкендер жастарды айыптап жатады ғой. Жастарға көңіліңіз тола ма?

– Жастарға көңілім толады. Бір кездері еркіндік басталған 1995 жылдары арақ ішіп жүрген жастар көп болды. Қазір басылды, барлығы жақсы жағдайға келе жатқан сияқты. Елбасының астананы орталыққа көшіргенінің бір жақсы жағы тұрғындарды араластырды. Оңтүстіктің кішкене айласы бар адамдарын,  орталықтың кеңқолтық адамдарын, бастыстың қызуқанды адамдарын, солтүстіктің орысқолды адамдарының бәрін бір жерге, бір кабинетке отырғызып, олар бастапқы кезде өз мінезімен сөйлеген болса, бір-екі жылда жаңа бір қазақтың менталитеті қалыптасып келе жатқандай көріп, қуанамын. Адамдар солай өзгеруі тиіс. Өз қазанында қайнай бермеуіміз керек.

 

Үнем саясатына көшуіміз керек

  Экономика демекші, әлемдік дағдарыстың келе жатқанын ескеріп, елімізде уақытша экономикалық қиындықтан шығудың алғышарттары жасалды. Бұған сіздің көзқарасыңыз қандай? Бұл қиындықтан қалай шығамыз?

– Келе жатқан қиындық бұрынғы қиындықтардан жеңіл емес. Бағана айтқан үнем саясатына көшуіміз керек. Отбасындағы қаржыны бір қалтаға салу керек. Мемлекетке иек арта беруді қоятын уақыт келді. Мемлекеттің құтқару қолынан келмейтін мүгедек, аурушаң жандарға жәрдем бергеннің өзі үлкен мәселе болып тұр.

Ақтауға барсақ, теңіздің арғы бетіндегі азаматтардың бәрі біздің ең бай мекемелерді басқарып отыр. Астанада қазақтың қыздары резеңке етік, резеңке қолғап киіп, күніне үш мың теңгеге көлік жуып жатыр. Оларды бір сары азамат бақылап, басқарып оншақты қызды жегіп қойып, ақша жасап жүр. Соған қашанғы төзуіміз керек, өз еліміздеміз ғой. Неге ұмтылмаймыз? Неге жалғыз сиырымызды жаман көлігіне айырбастап, екі-үш жыл таксилеткенге мәзбіз. Неге өзгергіміз, оқығымыз келмейді? Неге бүгін істегенімізді ертең де қайталай бергіміз келеді? Мыңдаған тонна капуста туралып кетті? Қарап отырып ыза боласың. Келіп тегін алып кетіңдер дегенде, алып кетпейді. Осындай жағдайды болдырмауға әрекет жасау керек.

– Өзіңіз қай жазушыны үлгі тұтасыз?

– Әкім Таразиды өнеге тұтамын. Әкімді өнеге тұтатын себебім, еш мақтанбайды, еш өзін насихаттамайды. Жазатынын жазады. Оқығандар оқиды, оқымағаны оқымайды. Бірақ өте әділ, парасаты биік, шыншыл жазушы. Өмірде де адамгершілігі биік адам.

– Қытай ақылманы Лао Цзыдың мен Конфуцийдің көп еңбектерін аудардыңыз. Сол жайлы айтсаңыз…

– Олар осыдан жиырма жыл бұрын аударған нәрселер. Мықты аудармалар емес. Конфуцийдің өзімнің жаныма жаққан азғантай ғана дүниесін аудардым. Конфуций өте терең. Оны Мұхтар Мағауин жақсылап аударды. Ол бірақ ғылыми еңбек болып халыққа түсініксіздеу күйде көп таралмай қалып қойды. Қандай болғанымен, «публика» осыны жақсы түсінеді ғой деп, «публиканың» артынан еріп кете бермеуіміз керек. Оларды өз артымыздан ертуіміз керек.

Лао Цзыдың екі еңбегін аудардым. Ол жақсы аударма болды. Жақсы оқылды. Жиырма жылдан бері бірнеше рет қайта-қайта басылып келе жатыр.

 

Оқымағанды ұрып оқыта алмайсың

Қазір оқырман,  кітап оқу деген неге азайып кетті? Біз бала кезімізде кітапханада кезекте тұратынбыз. Ол кезде қойшысы да, механизаторы да кітап оқитын. Бір кітап шықса, етігінің қонышында жүретін.

– Кітаптан алыстағанымыз қазір оларды алмастыратын дүниелер шықты. Қолымыздағы ұялы телефон барлығын алмастырып жатыр. Ұялы телефон дами келе, көзілдірікке айналады деп жатыр. Ол бір жағы игілік, даму. Бір жағы әлемдік басқару деген бар. Әлемдік басқарушы деген бар. Бұл әлемдік басқарушының тірлігі. Олар қайткен күнде әлемді өз ықпалынан шығармауымыз керек деген ойда отыр.

Балаларымыз ғарышқа Тоқтар ұшқан кезде «Кім боласың» десе, космонавт боламын дейтін. Біздің кезімізде мұғалім болам дейтінбіз. Ал қазіргілердің озықтары үндемейді, ынжықтары «мамам біледі» дейді, өткірлері «әнші боламын» дейді. Бұл кітап оқымағандықтан, ой-өрісі қалыптаспағандықтан.

Жалпы адам қанша жасқа дейін армандау керек? Адамның арманы таусылатын күн бар ма? Өз басым елуге келдім. Елім, келешек ұрпақ үшін әлі де бірдеңе істесем деймін…

– Елу жас деген ең тамаша жас. Елуге келгеніңіз құтты болсын! Бұл нағыз піскен, ақыл тоқтатқан шақ. Еш жаққа алаңдамайтын, құмарлықтың азайған, тек өзінің өсуіне, рухани өсуіне қызмет ететін кез. Сізге риза боламын. Түске дейін бір сұқбат, түстен кейін бір сұқбат. Шаршап қалмаңыз. Өмір жалғаса берсін!

Өзім жетпістен бір жас астым. Жетпіс ауырлау. Алты ай отырып, соңғы уақыты коронавирустың тиымына тура келіп, барлық жинақтаған нәрселерімді жүйеледім. Сізге өтірік, маған шын дегендей-ақ, А4-пен жеті мың бет қағаз шықты. Соның ішінде теріп-теріп Шынар Әбілдамен бірге әлеуметтік желіде аударма жасадық.

Өзім «Өмірге көзқарас» деген 170 бет кітапқа аударма жасадым. Канадалық Джон Кехоның «Түйсігіңмен ойла» және Тони Роббенс деген америкалық бүгінгі заманның озықтарын қазақ тіліне аудардым. Кітап болып шықты. Райан Трэси деген өте мықтыны аудардық. Неге қазақшаға аударамыз? Қазаққа түсінікті болсын деп аударамыз. Ал қазақ оны оқи ма? Оқымайды. Неге оқымайды? Ақшасы бар адамдар өздерін ойым өсіп кетті деп есептейді. Ақшасы жоқ адамдар екі мың теңгеге сатып алғысы келмейді. Сол себепті электронды нұсқаларын жасап жатырмын. Жақында ол жобаны жүзеге асырамын. Аудио нұсқаларын жасаймыз.

Ұлттық рух туралы айтып жатырмыз ғой. Өткенде «Қарашаңыраққа» келегенде, «шаңырағымыз шайқалып тұр» деп айтқансыз. Осы сөз ылғи менің жүрегімде тұрады. Әрдайым ойланып… Ұлттық рухымызды қалпына келтіру, қайтару үшін не істеуіміз керек.

– Шәкәрім Құдайбердіұлы «Адам болмысы – Тән. Рух. Жан деп үшке бөлінеді» дейді. Тән белгілі. Жан да белгілі. Ал рух деген не? Рух деген ол сезім, адамның ой-өрісі, ақыл-есі, түйсігі. Тағы үшке бөлінетін «Тіл. Дін. Діл» деген бар. Осының бәрі рухымызға қызмет ететін нәрселер. Шаңырақ шайқалып тұр дегенде, шаңырақтың шайқалғанын тілегеннен емес, шын мәнінде бір қиындау кезеңде тұрғанымыз. Кемшіліктеріміз бар. Ұлтымызға тән бір кемшіліктер бар, сол кемшіліктер шаңырағымыздың шайқалуына әсер ете ме деп қорқамын.

Мақтан құмармыз. Біз ұлы мемлекетпіз деп мақтанамыз. Тағы мақтанамыз, біздің өнеріміз ұлы деп.  Әлемдік музыка топтамасындағы музыка архивінде біздің жалғыз ғана Құрманғазының «Сарыарқа» деген күйі бар. Ең керітартпалық ол рушылдық. Рушылдық дегенді Ақселеу Сейдімбек протекцияға айналып кетті деп айтып кеткен.

– Аға, Сізге «Дүние», «Экология и устойчивое развитие» журналдарын шығардыңыз, «Абзалдық әліппесі», «Өзіме сабақ» сияқты кітаптарыңыз оқырман қауымнан жоғары бағасын алған. Еңбектеріңізге зор алғыс айтамыз» деп көрермендер разылығын білдіріп жатыр…

– Парламентте жүргенде экологиямен айналыстым. Экологияға арналған журналдар жоқ екен. «Экология и устойчивое развитие» деген журнал шығардым. Жалғыз көмекші қызымыз екеуіміз қазақ тілінде «Дүние» деген журнал шығардық. «Экология и устойчивое развитие» төрт жыл шығып тұрды. «Дүние» екі жылдай шықты. Бірақ оны жалғастырып алып кететін, осыны қолдайық деген азаматтар болмады. Жалпы менің табиғатымда осындай бірдеңе жасап едім, маған бір жәрдем бер деген қабілетім жоқ. Бұл мақтанатын нәрсе емес. Өмірде үлесін тартып алатын адамдар бар. Өмірден үлесін сұрап алатын адамдар бар. Өмірден үлесін сатып алатын адамдар бар. Ал өмірдегі алуға тиіс үлесінен құр қалатын адамдар бар.

 

Грантты бір жылға емес он жылға берсе…

Бір көрермен: «Өзіңіз студенттерге сабақ беріп жүрсіз. Студенттердің арасынан қандай қабілетті байқайсыз? Білімге деген құштарлық бар ма?» дейді.

– Студенттердің арасында 10-20 пайыз білімге құштарлық бар. Біздің кезімізде баланы оқыту ата-анаға міндет саналмайтын. Оқығысы келе ме өз бетінше, тырысып барғандар ғана оқитын. Ал қазір көршіге қарап, баласын ақылы оқуға оқытатын ата-аналар бар, олардың балалары білім емес, диплом алып қайтады. 80 пайыз адам диплом алып қайтып жатыр. Бұл үлкен қасірет. Президент білмей отырған жоқ. Оқу орнын ұстаушылардың көбісі қоғамға өте қатты ықпал ете алатын адамдар. Сондықтан білім емес, диплом алушылар көбейді.

– Мемлекет білім гранттарын бөледі, бірақ сол мамандықпен жұмыс істейтіндер жоқ. Үкіметке ол ақша қайтпайды. Біздің кезімізде керек мамандыққа жоспарлы түрде оқытатын. Қазір ол жоқ.

– Аграрлық университетті Аграрлық техникалық университет деп қайта атады. Өте озық азамат ректор болды. Біршама өзгерістер жасап жатыр. Бірақ нәтиже көңілдегідей емес. Бар болғаны 10-13 пайыз бітіруші ғана жұмысқа орналасып жатыр. Басқа 87 пайыз қайда? 87 пайыз неге жұмыс істемейді? Бірақ білім бермей жатыр деу күнә шығар. Мысалы кітап шығарамыз, кітап сататын дүкен жоқ. Маман жасап шығарамыз, бірақ ол маманды орналастыратын жер жоқ. Жекеменшікке қол сұқпау керек деген бір ереже бар. Бұл дұрыс емес. Барлық нәрсе жекеменшік болады деген қате. Білген адамға білім беру деген киелі ұғым. Сол киелі ұғымның өзін бизнеске айналдырып жіберген. Әр студенттен жыл сайын 400-ден артық ақша алады. Оның жиырма пайызы оқу процесіне кетсе, қалғандары қайда? Грантты бір жылға емес он жылға берсе. Жұмысқа орналастырасың. Мемлекетке қажет азамат жасап шығарасың десе болар еді.

         – Аға шаршаған шығарсыз. Рухани терең сұқбатыңызға рахмет!

 

Жазып алған Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ  

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз