немесе Иасауи ілімінде бұл мәселе не дейді?

Тарихтың шаң басқан беттеріне, қат-қабат көне қойнауына үңілсеңіз де өткен өмірдің белгісіндей болған кешегі өркениет, бүгіндері үнсіз күлтөбе болып, қойнауына талай сырды жасырып жатқан мазарларға тап боласыз. Тарихтың ауыр сынына, қатал сұсына төтеп бере алмай, талай мемлекеттер шөгіп, орнына басқа жүйедегі мәдениеттердің бой көтергені белгілі жай. Өткеннің бәрі ұлағат, ғибрат қазынасы болғандықтан да тарих ғылымының маңызы зор. Мемлекет, өркениет нұсқаларын тануда, олардың құпиясын ашуда археологиялық қазбалардың рөлі ерекше. Дегенмен, олар адамнан гөрі, адамды анықтауыш жәдігерлерге мән береді. Енді тарихтың тағы бір бетінде тікелей адамға бет бұрылып, қоғамда өшпестей, өлместей із қалдырған, «жақсының аты, ғалымның хаты» екендігінің куәсіндей, «өлмейтұғын артында сөз қалдырған» даналардың іздері мен тауқыметті де өнегелі өмірі жатыр. Олар өздері өмір сүрген қоғамның надандығы мен қараңғылығын көре біліп, «қараңғылықтың зұлматына қарсы күні болуға» ұмтылған, ұлты үшін өзін құрбан қылған сол заманның, қоғамның зиялы тұлғалары болатын.

 

Зиялы, зиялылықтың феномені ретінде қоғамда алатын орны, мәселесі адамзаттың әртүрлі даму сатысында әр қоғамда пікірталас көзі болып келді. Бұл мәселенің қазіргі Қазақстан қоғамы үшін де шешімін тапқан «сұрақтар» қатарында еместігі айқын. Кімнің зиялы, кімнің зымиян екендігін ажыратып болмайды. «Зиялы деп кімді айтамыз? Бүгінгі тарихтың кезекті сынында ұлт зиялылары қандай болуы керек?» деген сияқты сан сұрақ қансырап тұрған руханиятымыздың бүгінгі жайынан туындауда. Бүгінгі таңда «кеңестік үңгірден» жарыққа шығып, бұрынғы қалыптасқан танымның орнын «жаңа сипаттағы» құндылықтармен толтыру науқанында «батыстық және шығыстық» дүниенің терезелерінен «өзімізді» табу жолында әрекеттер жасалып жатқан сияқты. Яғни, санамызды сансыратқан сансыз сұрақтарға өзімізден емес, өзгеден жауап күтудеміз.

 

Алдымен өзіңді таны!

Ал рухани дүниеміз бен мәдениетімізде үлкен орны бар, жөн сілтеуші әулие – Иасауи бабамыздың ілімінде «алдымен өзіңді тану» маңызды болып табылады. Иасауи сияқты әулиелер – қоғамның рухани тірегі, руханияттың күйреуіне, азғындауына тойтарыс беретін Алланың жер бетіндегі «құты» ретінде танылған. Сондықтан оған тарихта, «құтб ул ақтаб, «султан ал арифин», хазрат ал султан», «ахмад ус сани», «пир и Туркистан»деген сияқты атақтар берілген.

«Кез келген мемлекет немесе қоғам рухани іргетасының шайқалуының, азғындауының нәтижесінде тарих бетінен жойылады» деген исламдық қағида бар. Исламдық дүние танымды, оның рухын, мәнін терең түсінген, ақиқатына жеткен әулиеміздің, Алланың алдындағы бірінші парызы, қоғамның қараңғылығы мен рухани азғындауына қарсы риясыз күресі болатын.

Иасауи іліміндегі зиялылық мәселесін қарастырудағы мақсат, бүгінімізге өткенімізден дертке шипа, келешегімізге үміт қақпасын нұсқайтын, тұманды күндегі сәуледей, пайдамызға жарайтын «өзімізді табуға» жол сілтер сүрлеу көрсете ме деген ойдан туындаған еді.

Ахмет Иасауи – рух тәрбиешісі, сана қалыптастырушы ұстаз ретінде қоғамға жаңа тыныстағы толық адам жетілдіру жолында күрескен кемеңгер дана, әулие. Рух адамда болғандықтан да оның ілімінің тақырыбы да – адам. Ол адам факторына, атап айтқанда, қоғамға жол көрсетіп, жөн сілтейтін зиялыларға, сонымен қатар мемлекет басқарып отырған басшыларға үлкен мән береді. Ғалымдар, зиялылар ғылымына, ал әкімдер әділетке сай шешім қабылдамаса қоғам құрдымға кетеді, мемлекет күйрейді.

Ол өзінің «Диуани Хикмет» атты шығармасында осы мәселелерге көңілі толмайды, жаны сыздайды. Өйткені, бұл Құран аяттарында қоғамды апатқа апарып соғатын зілзала, зұлымдық жайлаған қараңғылықтың негізгі толғағы ретінде анықталған. Құранның, исламның мәніне жеткен ғұламалар, оған иланатындар қоғамды құтқаруды өздерінің бірінші парызы деп біледі. Олар нағыз зиялы ретінде, қоғамның құлдырауына өздерін жауапты сезінеді. Өйткені Құранда қоғамның құлдырауы мен рухани азғындауынан болып жатқан жағымсыз, жарамсыз құбылыстарды көрсе де көрмеген, жұмған аузын ашпаған «зиялылар» Алланың алдында жауапты деп көрсетілген. Міне, Құранның үкімі, Алланың қалауы. Сана құбылысы сыртқы күш арқылы яки зорлықпен бір сәтте өзгермейді. Себебі адамның санасы жаңарғанда немесе түлегенде ғана қоғамдағы әлеуметтік-экономикалық жүйенің де параллель дамитындығы шығады.

Ахмет Иасауи бабамыз хақ (ақиқат) пен жалғанды айырып, жақсылыққа шақырып, жамандықтан қашырған. Аллаға берілген антқа берік, сөзінде тұратын, түрлі бәле, кедергіге сабыр ететін, халыққа қызмет ететін, топырақ сипат-қарапайым. Алла, ақиқат дегендердің жанынан табылатын, қоғамды хақ жолына шақырған, сыртқа емес, ішке немесе формаға емес мазмұнға мән беретін, рухты, ой-сананы жаңғыртқан, қоғам үшін зиянды мен зиянкестікті анықтай біліп, болуы мүмкін қауіп-қатерден сақтандыра білген, біліммен сусындаған, тыныстаған, соған иланып әрекет еткен, Құранға бет бұрып оның мәніне жеткен, күндіз-түні хаққа мінәжат еткен, шариғатқа берік, махаббат дариясында дүр мен жауһар терген, теңдік пен әділеттіліктің үстемдік етуі үшін жанпида болған, қоғамның дертіне шипа болуға ұмтылған адамның (қоғамның) рухын тәрбиелегендерді нағыз ғалым деп, зиялылықтың, зиялы адамның анықтамасын алдымызға жайып отыр.

 

Зиялы адам қандай болуы керек?

Енді Иасауидің өз дәуірінде шын зиялы немесе зиялылық туралы айтып кеткен анықтамасын, қазіргі таңдағы зиялылық анықтамасымен салыстырып көрелік. Мысалы бір Батыс ойшылы:

 

«Зиялы адам турашыл, дұрысын сөйлейді. Батыл, бір істі аяғына дейін жеткізеді. Ең негізгі қасиеті: сыни көзқарас. Өз ойын ашық айтады. Осы жолда қандайда бір саяси биліктен, яки тақ иесінен, шенділерден қорықпайды. Әлеуметтік құрылыстар мен құбылыстарды салыстыра зерттеп жауап іздейді, қоғамда дамыған гуманистік рационалдық жүйенің орнауына ықпал етеді. Бір сөзбен айтқанда қоғамның ой-санасы мен озық интеллигенцияның сөзін сөйлейді»,

 

– десе, екінші бірі:

 

«Зиялы адам ең алдымен дұрыс, көкірегі ояу, көзі ашық, сонымен қатар батыл болуы керек. Яғни білім қоймасы немесе білім туралы жай ғана бір элемент емес, ақиқат жолындағы қатерге бас тіккен ерікті жауынгер»,

 

– деп, шын зиялы «Ақиқат деп танығаны мен білгендері үшін ойларының өмір сүруі және жайылып таралуы үшін жанпидалыққа бас тіккен, өз пікірін қанымен, болмысымен қорғай алуы тиіс» деген даналардың тұжырымын қуаттайды.

Енді Ахмет Иасауидің қоғамдағы шын зиялының орны мен маңызын, атқаратын қызметін қалай бағалағандығына тоқталайық. Өткеніміздегі ой-сана жүйесін зерттеуге ұмтылған әрбір еңбек, ең алдымен, осы жүйенің әр түрлі құбылыстарын, сол дәуірдің әлеуметтік шарттарымен байланыстыруға мәжбүр екендігін елестететін болсақ, Ахмет Иасауидің өмір сүрген ортасы мен дәуіріндегі зиялылардың қоғамдағы орны, тұрмыс-тіршілігіне қанығамыз, екінші жағынан сол ой-сана жүйесін қазіргі таңдағы қоғамдық ой-сана жүйесімен салыстыруға мүмкіндік туады.

Қандай да бір қоғамды қаптаған қараңғылықтар мен қиындықтардың жойылуы үшін күмәнсіз осылардың салмақ қатынасындай жан-жақты әрекет жүргізілуі тиіс. Осы әрекетті бастамастан бұрын «қараңғылық, қиындық, кедергі дерттердің» арасалмағы, көзі мен себептері айқындалуы тиіс. Қоғамдағы қараңғылықты анықтау дегеніміз оны тану деген сөз. Ахмет Иасауи «тану – ақиқат пен жалғанды айыра білу деген сөз» дейді. Ақиқат пен жалғанды айыру сатысы «өзіңді тану» қағидасынан басталады. Иасауидің көзқарасы бойынша: «Қоғамдағы қараңғылық – зұлматтың ең үлкен көмекшісі – надандық, оның әкелген қараңғылығы залымдардың зұлымдық орнатуына және оны әрі қарай өршітуіне ең ыңғайлы мүмкіндік туғызады», – дейді. «Әділетсіз қоғамда елден рахым, сүйіспеншілік, мейірім жоқ болады, ар-ұят, намыс, иман көшеді, мұсылман мұсылманды өлтіреді, бұзықты, залымды жақтайды, ақиқатты жалғанмен айырбастайды, осылайша қияметке жолығады», – дейді. Қоғамдағы әлеуметтік ынтымақтастықтың тірегі болған әділет пен оның айналасындағы қолдаушы этикалық құндылықтардың иман, бақыт, ар-ұят, сүйіспеншілік, мейірім, рахым, намыстан жұрдай болады. «Құндылықтар құбылып, жақсы мен жаманның айырмашылығы жоғалған, жүгенсіз қоғамда» дүние теріс айналады, зиялы атаулыға көңіл бөліп, құлақ асар жан табылмайды. Керісінше оларға материалдық, рухани қысым беріледі. Міне, осындайдан барып қоғам құрдымға бет алады», – деп ақиқаттан айрылған қоғамның ақырын білдіріп отыр.

«Шапағат, туыс-туған, ағайындарға жәрдемдесу, оларға сүйіспеншілікпен қарау, қоғамның тыныштығы мен берекесін, бірлігі мен елдігін, адамдар арасындағы шынайы сенім мен сезімдердің орнауына ықпал етеді. Бұлардан жұрдай болған қоғам қою қараңғылық басқан игілік атаулыдан мақұрым қалған есерсоқтардың тобыры болып шығады». «Имансыз қоғамда дүниеқорлық бірінші орынға шығады». Дүниеқоңыздық шектен шығып, ақырзаман болады. Адамзат бір-бірінің етін жейді. Бүкіл жамандықтың анасы имансыздық яғни, ақылсыздық, есерсоқтық. «Міне, осындай күйге душар болған қоғамда (адамда) иман нұры жоғалып, нәпсіге құл болған әрбір қоғам (адам) жоқ болады», – дейді Иасауи бабамыз.

Өз пікірін еркін айта білген, батылдық көрсеткен әулиені неге заманының нағыз шын зиялысы ретінде танымасқа?! Ахмет Иасауи бабамыз осыларды өз заманында сөйлеуге батылдық, жігер таба білді. Ал қазір ше?! Парақорларға, жалған үкім шығарушыларға, халыққа зұлымдық жәбір көрсеткендерге ілтипат, құрметпен қарайды. Олардың қасында «бақ пен тақ» іздеген «оқымысты зиялылар» көп-ақ. Жалғанды жақтаушылар, шындықты шырылдап қорғаушылардан артып жатыр. Ой-пікірін іште сақтау, бұқпантайлық барып тұрған адамгершілік моральға жат қылық. Осы сияқты мысалдар кешегі «қызыл империя» дәуірінде жиі-жиі ұшырап отырды. Ақыл-ойын өрістетіп, бір сәт ойлану қылмыс, ауыр күнә болатын. Олар өлтіріліп, абақтыға қамалды. Ауыр идеология тұманы астында болу және заң да сол идеологияны көздің қарашығындай сақтауға және қорғауға құрылғандықтан адам адамдық қадір-қасиетін жоғалтты, адамгершілік моральдан айырылды. Ал қазір жағдай басқа, қасаң идеология бұлты да жоқ, кеңестік «үңгірден» шықтық, дегенмен әлі де қараңғылық тұманындамыз, біліп те, сезіп те жүрміз. Зиялының қоршаған ортасын, қоғамын нұрландырар, ағарту қызметі негізінен қараңғылық басқанда басталуы тиіс және үздіксіз болуы керек еді. Бүгін зиялы деп танығандарымыздың, яки өздерін зиялы санағандардың тағы да үні шықпай отыр. Жанпидалық, батылдық, жүректілік жоқ, неге?!

 

Адамның хас жауы – нәпсіқұмарлық

Ахмет Иасауиге құлақ түрсек, бүкіл мәселе нәпсіге келіп тірелетін көрінеді. «Еріксіз адам үшін ақиқат ұғымы да жоқ. Еркінмін деген сөз – бармын деп айта алу деген сөз. Болмыстың, өзінің «бар» екендігінің сырына, мәніне жете білген адам еркін адам». Сонымен бостандықтың негізі нәпсінің тұтқынынан құтылу дегенге саяды.

Иасауи: «Білімін іспен дәлелдеген зиялылар, ғалымдар дініміздің, қоғамымыздың шамшырағы, түнді жарықтандырған ай сияқты. Олар – хикмет иелері, елдің «қыдыры» сияқты», – дейді. Байқасаңыз, Иасауидің мақсаты қоғамды қараңғылықтан құтқару екендігі анық көрінеді. Өйткені қараңғылық жайлаған қоғамның соңы құрдым.

«Хақ елшісі үмбеті үшін қайғы жеді, сарай мен тақтың орнына дертті таңдады, дүние үшін емес, қоғамы үшін күресті», – деп, қоғамы, ұлты мен діні үшін күресуге шақырды. «Құл болсаң (шын зиялы болсаң) нәпсіңді, менмендікті жоқ ет, жолдан адасқандарды, күнәһарларды жолға сал, басқар» деген сияқты үгіт-насихат айтады. «Білімің – шырақ, халің – пілте, жағатын май – көз жасың, яғни қайрат, жігерің». Алладан нәсіп алғың келсе нәпсіңмен (қоғамның ақсаған тұстарымен) күрес, сонда ғана құтыласың. Өйткені, бақыт, тура жолды тауып, сол жолда жүруді тоқтамай жалғастырумен табылады. Алладан нәсіп алу, істеген әр ісіңді Алланың ризашылығы үшін істеу. Бүкіл еңбегің үшін ешкімнен ештеңе дәметпеу деген сөз.

Қоғамда зиялы болып көрінген, зиялы шапанын жамылғандар да бар. Бұлар жайлы Иасауи «халықты азғырған, рия тәпсісі жолында шайтан-нәпсісімен дәурен сүрген. Алла ризашылығы үшін емес, шайтан-нәпсі дүние рахатын көздегендердің кесірінен қоғам азып, қараңғылыққа батып жоғалады» дейді. «Зиялы, кәміл адам болып көрінгендерге» «білгішсініп сөйлеме, аузыңдағы сасықты, сөз қадірін біл, көңіл кірін сөздің сөзі алады» дейді. «Ғалыммын» деп көкірек кергендер, асып-тасқандар наданның дәл өзі дейді. Өйткені, шын зиялы ғалым топырақ сипат болар. «Дүниеден қол үзбей тұрып, Алла жолына түстім дегендер, өзін зиялы ғалым санағандар, дүние үшін рия көрініспен «зікір» салғандар – нағыз надан қауымы». «Олар, өз нәпсілерінің (шайтанның) жүгендеулі, ноқталы есегі секілді. Надандық, рәсуалық, олардан іргеңді аулақ сал», олар сыртқы көріністерін әшекейлейді.

Шын зиялылар, көңіл-рухты, сана-ойларын әшекейлейді. Яғни, қоғамдағы адам өмірін, қоғамды әрлейді, жөндейді. «Ақырзаман «зиялылары» ілім жоқ сауатсыздан бетер. Хикметті естімес керең, көңілі мен көкірегі көр соқыр, иманы жоқ жүрексіз, өзі жақсы мен жаманды айыра алмай тұрса да насихат айтып мазаңды алар. Надандардың қулық-сұмдығы шайтаннан асып, артылады», – дейді.

Тарихымыздағы болып өткен оқиғалар мен бақытсыздықтардан жауапты ретінде бірліктен жұрдай болған зиялыларды кінәлағандар баршылық. Ақылдың, ақиқаттың жолы тек біреу-ақ. Олай болса, шын ақиқат дегендердің, шынайы зиялылардың арасында бірлік болмауы мүмкін емес. Олар қоғамның қараңғылығымен күрескен, арпалысқан болуы мүмкін, алайда ең үлкен күрес нәпсімен күрес болуы тиіс еді. Иасауише айтсақ: «Нәпсіден асқан бәле, дұшпан жоқ. Нәпсіні жеңгендер қоғамдағы ақиқат пен әділеттің сақшысы болуды және болуға тырысуды өздерінің міндеті, моральдық жауапкершіліктері ретінде таниды. Бұлар шын зиялылар. Оларды үлгі тұт, жанында болып, жолды сұрап, нық қадам басқандардан бол!» Шынайы зиялы болу үшін шынайы ілім, яғни иманмен нұрланған ілімге, оны үйренуге шақырғандай. Бұл жерде шынайы зиялы адам күн іспеттес, жарықтың көзі. Міне, қазір қоғамға нұр беретін, жарық шашатын міндетін орындаушы зиялыларға қажеттілік туып отыр. Осылайша Иасауи іліміндегі зиялы және оның қоғамдағы орнына үңіліп, шынайы зиялының қалай болуы керектігіне көз жеткіздік. Өз дәуірінің қараңғылығын, әділетсіздігін саусақпен шұқып, нұсқап көрсете білген. Бір айта кететін жәйт, уақыт пен кеңістік шеңберінде зұлымдық пен әділеттің, қараңғылық пен зиялылықтың арасындағы қым-қиғаш күрестің мән-мағына жағынан осы күнге дейін жалғасып, жармасып келе жатқандығы еді.

Батыс ойшылы Ф.Бекон бір қоғамдағы қараңғылықтың төрт себептен туындайтындығын ескертеді. Бұлар «беделге» (авторитетке) құрмет, «әдет-ғұрыпқа айнымастық», «еш нәрсеге үйренуге мұқтаж еместігін көрсететін бос кеуде – көкіректік» және соңғысы «қара халықтың надандығы – қараңғылығы».

 

«Оқымысты надандар»

Әдет-ғұрыпқа беріктік» сатысы өзгерместей дәрежеге барса традиционализм мен (метатрадиционализм) тұрақтау, ақырында кері кету, құлдырауға апарады, қоғамды қараңғылыққа батырады. Иасауи ілімінде традиционализмге орын жоқ, әрдайым үздіксіз өзгеріс, жаңа мақам баспалдақтарды, халдерді иемдену, жаулау, өзін-өзі бақылаудың методтары ерекше дамыған.

Адамға енді ешнәрсе үйренуге мұқтаж еместігін білдіретін бос кеудешілік, «оқымысты надандар» деп аталатын бір қауымды дүниеге әкеледі. Алайда бұлардың қолдарында «жалтыраған» куәліктері болуы мүмкін. Өздерін жұртқа зиялы ретінде танытып, талтаңдатқан сол куәліктерінің сыртындағы жалтырауық мөрдің шарапаты болуы мүмкін. Ал сол жалтыраған мөр тек қана жарықта жалтырайды, өздігінен жалтырамас. Осындай «зиялысымақтардың» негізінен алғанда, басқаларды жолға салу қабілеті жоқ.

Ахмет Иасауи әулие, ұлы рухани мәртебеге ие данышпан бола тұра өз-өзін «жәһілмін» дейді. «Жәһілдік» (қазақша тілдік мағынасы надандық) – сопылықта пайғамбарлық мақам болып саналады. Иасауи өз білімін Алланың білімі жанында «жоқ» деп есептейді. Алланың алдында өзін «надан» немесе жаратылған пенде «мен» екендігін мойындайды. Бұлар сопылықта «өзін-өзі» тануға тиісті ұғымдар. Сократтың «Мен бір-ақ нәрсе білемін, ол да ешнәрсе білмейтіндігім» дегені сияқты.

Халықтың қараңғылығы өз алдына бір себеп емес, қараңғы қалудың салдары. Ой еркіндігін өз орнымен жұмсап қолдана білген батыл, жүректі зиялылары бар қоғамда ең болмағанда басты мәселелер бойынша халықтың қараңғылығын сейілтуге болады. Кейбір «зиялысымақтар» халықтың өздерін ұқпайтындығынан, өз пікірлерінің ескерусіз қалатындығынан, қоғамның қараңғылығынан, сол сияқты өзін жұбататын себептерді айтып, «сәулелерін» жан-жағына шашудан қашқақтайды.

Иасауи ілімінде мұндай «себептерге» орын жоқ. Ол айтатындарын әркім және әр топ ұғына алатын дәрежеде ұсынады, ойының аздаған адамдарға ғана жететіндігінен қорықпайды, ол өзінің айтқан үгіт-насихаты тыңдаушысының қабылдау қабілеті мөлшерінде екендігін біледі. Ойының таңдаушыға оның қабілеті дәрежесінде пайдалы болатындығына сенеді. Халықты қараңғы деп кінәламайды, қоғамның қараңғылығына үнсіз қалмайды, өз қоғамының қараңғылығынан өзін кінәлі санап, надандық түнегін сейілту, құтқару жолдарын қарастырады. Осы жолда «Жетпіс екі ұлыстың тілінде» сөйлейді, яғни оларға түсіндіруге, ұғындыруға тырысып бағады, ағартушылық күресін жүргізеді.

Шын зиялылар өздерін қоғамның түсінуін күтіп жатпайды, керісінше, өздерін қоғамға ұғындыруы тиіс екендігін сезіне отырып, халықпен бетпе-бет кездеседі. Қоғамның жауапкершілігі зиялының мойнында. Өйткені шын зиялының білімі мен ілімі білгіштігін көрсету үшін емес, ақиқат, зиялылық күресі үшін берілген. Өзінің қасиетті қызметі қай жерде қараңғылық бар болса, сол жерде зиялылық, сәуле шашу деп түсінеді. Әртүрлі қауіп-қатерге (рухани материалдық) қарсы бас тігуге мәжбүр. Алланың зиялы кісілерге деген жақындығын олардың қоғам үшін, адамзат үшін атқарған қызметтерінің ұлылығы мен тектілігінен көруге болады.

Иасауи іліміндегі шынайы зиялы тұлғасын қысқаша түйіндейтін болсақ, зиялы кісі болу мәселесі, біздің санамызда бұрыннан қалыптасқан бір диплом, куәлік немесе атақ иесі болудан бұрын, сана-сезім, парасат, кісілік мәселесіне тіреледі. Бұдан зиялы кісінің зиялылығы өзінен туған, қайнар көзі де өзі болып табылатын қоғам қайраткері, халқының перзенті, адамзаттың ұлы, хақтың құлы екендігін көреміз.

 

Кенжетай Досай,

 Қ.А.Иасауи ХҚТУ-дың профессоры

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз