Қайрат Рысқұлбеков:

         – Мырзағұл аға, егер Аллам қолдап осы зобалаңнан құтылсақ болашақта ағалы-інілі болып бірге болсақ, шіркін!

         Мырзағұл Әбдіқұлов:

         – Қайратжан, айтқаның келсін! Үмітсіз тек шайтан ғана. Екеуміздің басымызды ажал ноқтасына кигізгенмен, Аллам құтқарам десе құтқарады ғой. Соған жеткізгей!

         (№9 ажал камерасында бірге отырған екеу төс қағыстырып, құшақтасты)

 

 

 

Қатал үкім

    1987 жыл. 6 сәуір. Сағат түнгі 10. Қазақ КСР Жоғары соты. Осы жоғарғы соттың мүшесі төраға Өтеген Ықсанов үшінші отырыста Мырзағұл Әбдіқұловқа ең жоғары үкімді жария етті. Ату жазасы! Негізі сот төрағасы әу бастан-ақ Тәжіғұлұлының қылмыстық ісін №29868 іс бойынша Қазақ КСР қылмыстық істер кодексінің 60, 65, 88-бабының 1-тармағы «А-Б» пункті және 173-1, 202-2 бөліктері бойынша айыптады. 2 сәуірден бастаған соттың үшінші отырысында қорғаушы қаншама шырылдаса да, оның сөзін құлаққа да ілмеді. Өзінің арам ойын діттеген жеріне жеткізді.

Үкім оқылғаннан кейін сот залында бір сәт шыбын ызыңы естілгендей тыныштық орнады. Қара тастан да ауыр өлі тыныштық. Жаңа ғана найзағай ойнатқан ауыр үкімінен кейін жер-ананы солқ еткізіп жай түскендей әсер етті. Бүкіл әлем, сотта отырғандар қалшиып-қалшиып мұз болып қатып қалғандай бейне. Осы сәтке дейін қалт-құлт етіп сақталып келген үміт пен сенім тас-талқан болды. Әсіресе анасы Сұлуқас пен жары Қазынагүл жан дүниесі қопарылып, жанарларынан жас төгіліп түсті. Мырзағұлды бір зұлым қара ниетті күш иесі темір алақанмен бетінен тартып кеп жібергендей еді. Қас қағым сәтте оның есін жиғызған нәрсе кәрі анасының қазіргі мүшкіл жағдайы болатын. Дәл осы қарғыс атқыр сот залында ана жүрегі ауыр қайғыдан тоқтап қалуы әбден мүмкін ғой. Селк етіп есін жинап жанұшыра орнынан тұрды. Қолындағы темір кісен салдырлап, сот залындағылар оған жалт-жалт қарасты. Оның жалынышқа толы тарғыл-тарғыл зор дауысы өлі тыныштықты қамшымен тартып жібергендей тіліп-тіліп түсті.

– Апатайым, менің жазығым жоқ! Кешір, кешір, анашым! Ақ сүтіңді кеш!-Темір тордың біліктерін ол әлеуетті қолдарымен сындырардай қыса ұстап, арыстандай ақырып, дүрілдете сілкіді. Сол сәтте оның қырағы көзі анасының орнынан жұлқына тұрып, өзіне қарай сүрініп-қабынып келе жатқанын көрді. Қайран анасы ақ жаулығының сыпырылып түскеніне де қарамай, аруанадай аңырап бұған қарай ұмтылып келеді. Көзінен мөлдір тамшылар ыршып-ыршып түсті. Ыза, долылық буды бүкіл жан дүниесін. Сол кезде ананың жолын бір солдат жүгіріп келіп кес кестей берді. Аппақ шашы алау-далау болған Сұлуқас ана сұқ саусағын сотқа кезеп былай деді:

– Әй, сот, сені де мен секілді бір ана тапқан шығар? Сен қылмыскер деген Мырзағұл – менің балам. Ең болмаса баламды соңғы рет иіскеуге рұқсат ет! Тілдестір! Мырзағұл баратын жерге сен де барасың, мен де барамын. Кебін киген келмейді, кебенен киген келеді дейді қазағым. Бәрі бір құдайдың ісі. Сен де бір пендесің. Жіберсін, айтшы, мыналарға. Айтшы, айналайын!

Ботасынан айрылған аруанадай боздаған ананың сөзі де, зарлы үні де Ықсановқа әсер етпеген сияқты. Бақадай бақшиып бұларға ызалана, жиіркене қарағандай. Тіптен оны ұлардай шулаған оның жарының, балаларының үндері де селт еткізбеді. Жан-жағына безірейе қарап, әмірлі дауыспен айқайлап жіберді.

– Ананы тез алып кетіңдер!-деді ызбарланып сөйлеп. Сұлуқас ана безбүйрек соттан ешқандай қайыр болмайтынын біліп, алдында тұрған солдатты жасқап, ысырып жіберді де, баласына қарай жетуге бар күшін сала ұмтылсын! Бәлкім еңіреп жылап тұрған Мырзағұлға жетер ме еді, тағы бір солдат жүгіріп келіп оны екі білегінен ұстап тырп еткізбей ұстап қалды.

– Әй, балам-ай, балам-ай! Қазағым деп жаныңды аямаушы едің. Әнеу, сот та қазақ. Ол сені аяды ма? Аяған жоқ. Құлыным-ай, арманда кеттің-ау, боздағым! Мына шиеттей балаларыңды кімге тастадың? Төрімнен көрім жақын қалған мен бейбақ кетуім керек еді. Әттең-ай, әттең! Тірі өлік етіп мына анаңды кімге тастадың, жаным балам!

Тордағы арыстандай ақырған, жұлқынған Мырзағұл темірді тепкілеп, бүкіл залды басына көтере айқайлады.

– Малғұндар! Зұлымдар! Анамды жіберіңдер! Жібер, жібер, сендердің де аналарың бар шығар, түгі, – деп күйініп, кіжініп, темір торды сындырардай сілкіледі, тепкіледі-ай кеп! Екі солдат тордың ішіне ентелей кіріп, Мырзағұлдың қолдарын қайырып жатты.

– Мә, мә, мына балаңды бір иіскеп мауқыңды бас! – деп Қазынагүл де жетіп барып Мырзағұлға баласын ұсына берген.

– Қылмыскерге баласын алдырмаңдар! Оны тез алып кетіңдер! – деп қатігез сот төрағасы қылғына айқайлап жатты.

Еңгезердей қос солдат өзі де әбден арыған, қажыған Мырзағұлды қарсыласқанына қарамай тұқырта еңкейтіп, сүйрей-мүйрей жөнелді. Шіркін, ең болмаса анасын, сәбиін соңғы рет бір иіскей алмай арманда кеткен Мырзағұл-ай!…

 

Ажал камерасында

    Есі кіресілі-шығасылы Мырзағұлды солдаттар желкелеп ұзындығы 2 метр 20 сантиметр, ені 1 метр, 20 сантиметр түрменің қуықтай №9 камерасына сүңгітіп жіберді. Қатал үкім оқылып біткен кезде жүрек соғысы тоқтап қалғандай сезінген. Сол сәтте өзін біржола өлгендей сезінгенмен, айналадағы болып жатқан әрбір оқиға бәрі-бәрі жадында. Кино лентасындай өтіп жатыр: сот төрағасының үкімді «салтанатты түрде «рахаттанған» бет жүзі… тіптен мұның жүрегін шабақтаған сот залындағы аласапыран сұмдық оқиғалар… шашы қобыраған анасының аянышты жағдайы балаларының «әкелеп» шырылдағаны… жан жары Қазынагүлдің жас жуған жүзі… көршілерінің тал түсте сатып кеткені… бәрі-бәрі көз алдында. Әсіресе анасының зарлы үні, сөздері, аянышты келбеті қайта-қайта есіне түсе береді.

– Әй, балам-ай, балам-ай! Қазағым деп жаныңды аямаушы едің. Әнеу сот та қазақ, ол сені аяды ма? Аяған жоқ!

«Иә, аяған жоқ!» Нар үстінде бүк түсіп, шақшадай басын қос қолымен қапсыра ұстап тапжылмай отырған Мырзағұл осы сөзді кешелі-бүгінді мың мәрте қайталаған шығар. «Аяған жоқ, аяған жоқ!» Миының ішінде арадай ызыңдап әбден мазасын алды. Өлімнен де күшті нәрсе бар ма екен? Бар екен. Ол-ұят. Мырзағұлдың жанын жай таптырмаған нәрсе өзін кінәлі сезінгені. Ана зұлым орыстардың қолынан таяқ жегені дұрыс па еді? Пышақты несіне алды? Егер алмағанда жұдырығына сенер еді де, автобустың ішінде төбелесіп-төбелесіп… Жо-жоқ, ондай кезде есесін жіберетін Мырзағұл ма? Талай төбелесті бастан кешті, талай рет жекпе-жекке шықты. Жеңетін, жеңілетін. Көбінесе қарсыласынан үстем шығатын. Ал бұл жолғы төбелес жай төбелес емес, өлім егеске түскен баяғы батыр бабаларының ерлік дәстүрін жалғастырған нағыз жекпе-жек болатын. Өзін-өзі жұбату ма бұл?

Қанды оқиғаның қалай болғанын осындайда ой елегінен амал жоқ өткізесің… Мырзағұлдың үйі Алматы шаһарынан он шақты шақырым жердегі Стаханов ауылы. Алаңдағы болып жатқан дүрбелең бұларға ертеңіне жетті. Анасы «қазағым десе жаныңды аямаушы едің» деген сөзді босқа айтып отырған жоқ. Мырзекең қандай қиын шақ болсын қазағына шаң жуытпайтын. Негізі Алматы және оның төңірегіндегі ауылдарда орыстар басым. Олар көп, олар менмен, олар тәкаппар. Өзіңнің жерінде, елінде қазақ бейшара. Көп көптігін жасайды, орыс орман жапырып, таптап кетеді. Тіпті өз тілінде де сөйлеуге қорқасың. Бұл қорлық қой, қорлық! Мырзекең солай сезінеді. Оны да, жүрегінде титтей намысы бар әрбір қазақтың да мазасын кетіретін осы мәселе. Алаңға бұзақы жастар емес, нағыз намысы бар жалынды жастар шыққанын Мырзекең жүрегімен сезді. Алаңдағы дүрбелеңді естіген сәттен-ақ одан маза кетті. Өзі мұнда, ойы Алматыда. Алаңға бауырлары, қазақтар шығып жатыр ғой! Ал бұл мұнда мамыражай қалай жүрмек? Жо-жоқ, қалайда бару керек. Ақыры 18 желтоқсан күні «оқуға кеттім!» деп Мырзекең Алматыға тартқан. Одан соң алаңда болды. Оны анасы да, Қазынагүл де білмей қалды. Үйге келген соң осыдан бір-екі ай бұрын базардан кездейсоқ сатып алған қынды пышағы есіне түсті. Сарайға тыққан. Қарады. Қынынан суырып еді, жалт-жұлт етіп көзін арбады. Әлде басқа қару алу керек пе? Мұның қайта-қайта үйге бір кіріп, бір шығып жүргенін анасы да, Қазынагүл де сезді. «Не болды саған, бүгін соншама мазасызданып?» Екеуі де келісіп қойғандай осы сауалды қойды. Үндемеді. Барайын десе олардың жібермейтінін білді. Сылтау қажет. Мұнда жүру ұят. Әне көрдіңіз бе, осы сөз тағы да алдынан шықты. Қызық болғанда Алматыға тағы да барудың аяқ астынан оңтайы келе қалғаны.. Іштей қатты қуанды.

Қарындасы Бағдагүл Алматыдан келді. «Көшелерде қазақ жастары шеруге шықты. Лениннің портреттерін көтеріп алған. «Әр ұлттың өзінің көсемі болсын!» деген сөз жазған плакаттары да бар. Олар Қонаевтың кеткеніне наразы. Алаңда кешке таман қақтығыс болғанға ұқсайды. Бүгін тағы да шығады екен. Көшеде әскер және патрул орыстар көп. Бұл Мырзекеңді елеңдетті. Қарындасы екеуі жолға жедел жиналды. Себебі кешкі автобусқа үлгеру керек. Әрине, ол сол кезде үйіне енді 7 жылдан кейін ғана оралатынын білген жоқ.

Жүргізуші алдыңғы есікті ашпады. Бар пәле осыдан басталды. Мырзекең қитығып, есікті ашуын талап етті. Ашуланса да ашты. Бірақ жүргізуші (Крянге) көкірегіне кек байланды. Жолай мінген досы екеуі Мырзекеңе өшпенділікпен қарап, өзін ұстау туралы жоспар құрғанын сезді. Арматура кесіндісін дайындағанын көрді. Қарындасы да өз күдігін ағасына жеткізді. Соңғы аялдамада түскенде жүргізушінің досы (Аристов) Мырзағұлды жібермей жағасынан алды. Айтпақшы Крянге оған дейін Мырзекеңе жұдырық жұмсап үлгерді. Сонымен ызаланған, амалы таусылған Мырзағұл пышақ жұмсайды. Жанталаса қашады. Көп ұзамай қолға түседі. Бұл 1986 жылдың 19 желтоқсан күні еді. Аристов ауруханада көз жұмды.

Сергелдең басталды. Тергеу. Өзін өзі қорғау есепке алынбайды. Небір өтірік куәгерлер табылады. Тіптен Мырзекеңді алаңға да апарады (60, 65 бап), оны «куәгерлер» растайды. Оны көтерілісті ұйымдастырушылардың қатарына да көтереді. Мінеки, парадокстың көрінісі! Ақыры жасанды түрде ең жоғары жаза алып бүкшиіп, қайғы бұлтын жамылып отырысы мынау.

Алланың маңдайыңа жазған теперіші мен тағдырынан қашып құтыла алмайды екенсің. Осыдан бір-екі ай бұрын «Сен ату жазасына бұйырыласың» деп біреу-міреу айтса сенбес еді. Енді міне ішінде жалын лапылдайды. Қабырғасы, асты-үсті тас әрі ызғар шашқан камераның темір торында қу тізесін құшақтап отырғанына үшінші күн. Жылайды, жасы бетін жуады, ащы тамшылар тас еденге тырс-тырс тамады. Я тірі емес, я өлі емес. Жансебіл бір халде. Әкелген бір тостақ сылдыр сорпа мен бір тілім нанды да жегісі келмейді. Ештеңе батпайды. Көмескі шамның жарығы ғана себезгілейді. Өлім камерасының жан-жағы қымтау, қапас. Нағыз зындан. Үстінде жұқа жейде. Аяғында да лыпа жоқ, жалаңаяқ. Бірақ сызды да, салқынды да денесі сезбейді. Жан-жағында әлдекімдер жүрген сияқты көлбеңдеп. Шайтан ба, жын ба, аруақ па, оған бәрібір. Мұнда бұған дейін кім отырмаған десейші! Осы жерден тура ажалдың қап қара құшағына аттанады. Кезекті соңғы құрбандық міне отыр. Шыбын жаныңды әлдебір зұлымдар, жендеттер сенен еріксіз тартып алмақшы. Мейлі қалағанын алсын! Әділдікті таппады. Әділетсіздік салтанат құрды. «Анам, жарым, балаларым үшін жаным садақа!» деп ойлады ол. Кім кетпеген бұл жалғаннан? Тек ештеңе бітірмей, қырыққа да жетпей кетіп бара жатқанына жаны күйзеледі. Ең болмаса отбасына биік, кең үй де сала алмапты-ау. Шиеттей бала-шаға. Қоржын тамның ғана басын қарайтты…

«Ех, шіркін, тағы да бір өмір берсе, Жаратқан ием! Бүйтіп аяқ астынан кете берем деп ойладым ба әуелі» Сан сауал, бұлым-бұлым ойлар. Түбіне жетер емес. Бұл өмірде шынында да нені бастан кешті, не тындырды? Сыр елінің қияң шетіндегі Жаңа Қазалыда дүниеге келіпті. Аралдың жағасында өсті, оқыды, тоқыды. Өзінің сүйген жарын тапты. Сона-ау Маңғыстауда тұрды алты-жеті жыл. Алматыға келгеніне де оншақты жылдың жүзі болыпты. Әр жұмыстың басын қайырды. Күнкөріс, күйбең тіршілік. Соңғы айларда жүргізуші болуға қам жасап, оқып жүрген. Оның да аяғына жетпеді. Көңіліне медеу тұтары балалары:  Артур, Тимур, Алмагүл, Зейнұр. Қазынагүлдің аяғы ауыр. «Айналайындар-ай, енді сендердің күндерің не болар екен?» деп күрсінгенде, ішіндегі жалын сыртқа лап еткендей болады.

Үшінші күн. Нәр тартқан жоқ. Талықсып есінен тынды ма, әлде ұйқы тартты ма, білмейді. Түс көрді. Әкесі Тәжіғұл камераның есігін айқара ашып, мұның алдында тұрды. Ашулы. «Тұр, балам, жүнжімей! Еңсеңді көтер! Мұның не, мынау сасық бөлмеде отырғаның. Тазарып, тазала, адам сияқты жат!» Бұған қаһарлы қарап, бұйыра сөйледі. Содан көп кідірмей шығып кетті. «Көке!» деп Мырзағұл ұшып тұрды. Бірақ ол кісі артына қайрылмады. Таң қалды. Ойланды. Ату жазасына кесілген пендеге тазалық не керек? Әке сөзін ой безбеніне салды. «Тазала» деген сөзде зор мән жатыр-ау. Жан дүниеңді тазала, үмітіңді үзбе жарық дүниеден дегені ме екен? «Еңсеңді көтер! Жүнжіме!» деді мұның намысын қайрап. Тағы да ұзақ отырды. Дегенмен әке сөзі мұның көкірек сарайын жаңғыртты, рух берді, намысын оятты.

Тұрды. Темір есікті дүрсілдете қақты. «Әу, не дейсің? Тірілдің бе?» деді қарауыл. «Маған әк бер! Мына бөлмені тазалаймын» деді. Ол таң қалды. Есі ауысқан емес пе мынаның? Бұрын-соңды отырғандар бұлай демейтін. Ажалын күтіп отыра беретін. Тазалады. Жуды. Әктеді. Нешеме жыл тазаланбаған бұжыр-бұжыр қабырғалар әрленді. Жаман сасық иіс кеткендей болды. Мырзекеңнің көңілі көтерілді. Көп ұзамай қасына Райымжан деген еңсегей бойлы азаматты әкелді. Тоғыз рет сотталған. Түрменің бар құпиясын біледі екен. Бүкіл түрмелердегі жағдайдың бәрі оның алақанында. Олардың өзінің көсемі бар. Бар мәселе әділ шешіледі. Ол Мырзағұлдың түрмеге деген көзін, құпиясын ашты. Құбыр арқылы сыртқы дүниемен байланыс бар екенін білді. Райымжан аз күнде Мырзағұлды інісіндей көріп кетті. Інісіне сүйретпе, түрменің арнайы киімін кигізді. Неше түрлі тамақ та келіп жатты. «Өлімнен сен қорықпа! Сенен өлім қорықсың. Сонда ғана бәрі қалпына келеді» деді ағасы. Бұл сөздің мәнісіне Мырзағұл кейін түсінді.

 

Қайраттың махаббаты

    Көңілі жайланды. Түрме өміріне де біртін бірге үйренді. Бірақ сыртпен байланыс жоқ. Тек анда-санда «Қазақстанская правда» газеті келетін. Содан байқағаны Желтоқсан көтерілісіне байланысты талайлардың сотталып, белгілі-белгілі тұлғалар ғайбатталып жатыр екен. Бірде мұның камерасына кезекті тұтқынды кіргізді. Рысқұлбеков Қайрат деген өрімдей жігіт екен. Кіре сала состиып тұрып қалды. Кісені шешілгенде қолдарын тастап жіберді. Түртіп жіберсең құлағалы тұр. Көзі өлімсіреген, жүзі боп-боз. Мырзекең оның қандай күйде екенін жақсы білді. Өзі де, сол ауыр жағдайды бастан кешкен. «Бауырым, есіңді жи. Жүнжіме! Мен де үш айдан бері ату жазасын күтіп жатырмын. Кел, мында отырып, есіңді жи!» деді Мырзағұл. Қайрат темір орындыққа сылқ етіп отыра кетті. Басы кеудесінде. Есі кіресілі-шығасылы. Тас мүсіндей тапжылмады. Астыңғы нардағы төсегін Мырзағұл үстіне ауыстырды. Інісін жетектеп апарып астыңғы нарға жатқызды. Зорға демалады. Өксік үн. Бетін жас жуған. Бүк түсіп жатты да қойды. Оған ағасы ештеңе демеді. Бір аптадан соң ғана барып Қайрат есін жиды. Сөйлейтін болды. Әскерден келіп, архитектура институтына түскен. Ол да елмен бірге алаңға барды. Савицкий қазақтарды балағаттаған. Намыстан лаулап тұрған жігіттер аясын ба?! Оның өлімін Қайратқа жапқан. «Мен оны өлтірген жоқпын. Жала!» деп ол күйінді. Оны алаңда түскен суретімен іздепті. Туған жері Мойынқұмға қашыпты. Бірақ өкіметтің құрығы ұзын.

– Мырзағұл аға, сізде арман жоқ. Жастығыңды ала кетіпсіз. Ең бастысы өкінбейсіз ғой. Нағыз намысты қазақ сізсіз. Өзіңізді қорлатпадыңыз. Олар енді аяғын тартатын болады, – деген Қайраттың сөзі мәңгі есінде қалыпты.

– Горбачев айтқан әділеттілік, демократия қайда? Социализмге сендік. Коммунистік партияға сендік. Ленинді пайғамбар дедік. Сонда қайда әділдік? Сіз де, мен де әділетсіздіктің құрбанымыз. – Жанарлары ұшқын шашқан Қайрат інісіне Мырзекең сүйсіне қарады.

Қайрат өлең жазатын. Бір дәптер өлеңді түрме көсемінің көмегімен ата-аналарына жеткіздірді Мырзағұл. Оның болашақ жөнінде ойлары қандай ғажап еді. Ағалы-інілі болып шер тарқатысқан үш айдай уақыттағы әрбір сезімді сөздерді, селт еткізер әңгімелерді бүгінгі күні Мырзағұл сағынышпен шертеді. Шіркін, оның арманы асқақ еді. Әттең… Сурет те салатын. Ғашық қызының суретін салғанын көрді, оның мұңайған жүзін, сезімге толы сөзін де естіді. Қыз батыр ұланды бағаламады. Оның махаббатын аяламады.

 

Қазынагүлдің қайсарлығы

    Қазынагүл жеңешемнің ерлігі, жарына деген махаббаты ерекше болды. Мәскеуге, Кремлге Мырзағұлының ауыр жазасын жеңілдету үшін бірнеше рет сапар шекті. Енесін, балаларын ертіп Мырзағұлмен соңғы кездесуге келгендегі мына диалогтарды көрсете кеткенді жөн көрдім.

– Менен енді сендерге қайыр болмас. Анам мен балаларымды саған тапсырдым. Анама, саған, балаларыма еш өкпем жоқ, – деді Мырзағұл.

– Жоқ, Мырзағұл өмірден күдер үзбе! Сені қорғап қалудың жолын қарастырып жатырмын. Құдай қолдаса, өлім жазасынан да құтыларсың, – деді Қазынагүл.

Құдай қолдады. Соңғы сапарында жеңешеміз Громыкоға кірді. Өлім жазасын 20 жылға ауыстырды. Кремльден жедел хат құстай ұшып түрмеге жетпегенде жарты сағаттан соң Мырзағұлды атып тастар ма еді кім білсін…

Итжеккенге айдалды. Қазынагүл жеңешеміз ол жаққа да іздеп барды. Сол ауыр жылдардың сызын жылытып бесінші бала Алмабек дүниеге келді. Сұлуқас әже немересін иіскеп, баласы келгендей қуанды. Бірақ басынан кешкен ауыр да қайғылы жағдайлар ұлымен кездестіруге жеткізбеді.

Жеңешем туралы тамаша мақала жазған белгілі қаламгер досым Көлбай Адырбековтың шығармасынан үзінді беріп, сіздерді біраз жайттардан хабардар еткім келеді. Қазынагүл жеңешемнің монологы: «Адамның айтқаны емес, Алланың бұйрығы болады». Тергеуші Чуприлиннің: «Шындық күштінің жағында. Мына біздің жақта. Сендерге енді ешкім де көмектесе алмайды», сот төрағасы Ихсановтың: «Енді оның қылмысы ешқашан да кешірілмейді», – деп табалағандарын қалай ұмытуға болады? Чуприлиннің: «Мені әлі талай жыл түсіңде көріп, шырт ұйқыңнан шошып оянасың», Ихсановтың: «Күйеуіңді ұмыт та, менің етегімнен ұста», – деп намысымды қорлағандары ше? Етімнен өтіп, сүйегіме жеткен жоқ па? Қалай кек тұтпайын? Әйтпесе, ұзында өшім, қысқада кегім жоқ жай жүрген жан едім ғой. Кек менің намысымды қамшылады. Затым әйел болсам да арымның тазалығы үшін, күйеуім Мырзағұлдың кінәсіздігі үшін күресуге белімді будым. Иә, «Шындықтың жолы шарғалаң» екен. Соған жеткенше қиямет қайымдай болған қаншама азапты айларды бастан кештім. Олар заңның баптарын бұрмалап, уақытша ғана жеңіске жетті. Сол кездерде жәбір мен жападан қабырғам қайысып, майыссам да бірақ қайыңдай морт сынғаным жоқ. Жаудан беті қайтпаған Әлия мен Мәншүктің сіңлісі емеспін бе? Қала берді Желтоқсандағы қыздардың ерлік істерімен рухтанып, еңсемді қайта тіктеп, күресімді жалғастырдым. Олардың жымысқы ойлары толық жүзеге асқан жоқ. Құдай қосқан жарым Мырзағұл екеумізді ажыратып, отбасы-отанымызды ойран ете алмады. Шындық пен жалған, әділет пен зорлық жолындағы күресте Чуприлин мен Ихсанов емес, біз жеңдік. Біз тағдырдың қатал сынынан өттік…»

 

Көзі тірі қаһарман

    Ал қаһарман ағамыз Мырзағұл өмірінің жеті жылын абақтыда өткізіп, елге 1993 жылы оралды. Сол бір бақытты шақты анасы көре алмады. Қазынагүл ауыр да азапты тергеуді көтере алмай, 1987 жылы 14 ақпанда Таңатар атты перзентін ерте босанды, 17 ақпанда ол қайтыс болды. Гүлдей жайнап өсіп келе жатқан Алмагүлінен қапияда айрылып қалды. Бірақ өмір көші тоқтамайды ғой. Қайсар ағамыз Алланың қалауымен өлімді жеңіп қана қойған жоқ, өзінің ерік, рух-жігерімен өзгелерді де қуантуға асығып тұрады. Ол «Желтоқсан көтерілісі» атты қоғамдық бірлестік құрды. Қазір жанына қайсар да батыр іні-қарындастарын ертіп алып, өмірдегі әділетсіздіктермен күресіп жүр. Тек біз осындай көзі тірі қаһарман жанның қадірін білмей жүрген сияқтымыз. Кезінде өлім жазасына кесілген Мырзағұл Әбдіқұловты неге «Халық қаһарманы» атағына ұсынбай жүрміз? Егер ұсынсақ, ажал камерасында бірге жатқан, інісіндей болып кеткен «Халық қаһарманы» Қайрат Рысқұлбековтың аруағы да риза болар еді…

 

                                                                                        Ертай Айғалиұлы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз