(ой-толғам)

 

Ол жайлы айтарымды оның өмірбаянымен таныстырудан бастамақпын.

Кеніш Жумалиева 1941 жылы 10 ақпанда «Мақпалкөл» ауылында дүниеге келген. Он жеті жасында осы ауылдағы орта мектепті бітірген.

1958-1960 жылдары Ленин атындағы колхозда колхозшы, 1960-1961 жылы кітапханашы болып жұмыс жасаған.

1961-1968 жылдары Жалағаш аудандық комсомол комитетінің екінші сосын бірінші хатшысы болып сайланған. Осы жылдар ішінде еңбек ете жүріп, Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың филология факультетін сырттай оқып, жоғарғы білім алған. 1968-1970 жылдары аудандық партия комитетінде нұсқаушылық қызметтен өткен. 1970-1984 жылдар ішінде аудандық жинақ кассасының меңгерушісі, аудандық партия комитеті жанындағы әйелдер советінің төрайымы, Райфобанк мекемелері бастауыш партия ұйымының хатшысы қызметтерін абыроймен атқарған. 1984-1991 жылдары Қазақстанның Ленин комсомолы атындағы совхоздың партия комитетінің хатшысы және аудандық партия комитетінің бюро мүшесі болған.

 

Алпысыншы жылдардың комсомолы

 Орта мектепті бітіргеннен кейін отбасы ауыртпалығы өз басына түскен Кеніш бірден колхозға колхозшы болып кірісті. Себеп әкесі дүние салғанда үйде қарт анасы шиеттей бес баламен қалды. Балдардың үлкені де, іске жарайтыны да өзі еді. Колхозшы болу деген қайнаған қара жұмыстың бел ортасында жүресің дегенді білдіретін. Жұмыстың қиындығынан қайыспады. Еңбекке етене беріліп жұмыс жасады. Арада бір жыл өткенде ауылда кітапхана құрылысы салынып кітапхана ашылды. Кітапхананың меңгерушілігіне ауыл адамдары Кенішті ұсынды. Жақсылықтың үлкен, кішісі болмайды, оның өлшемі адамгершілік дегендей көптің қалауы ескерілді. Солай болды да. «Кітап – байлық, кітап – қазына» дейді халық. Бұл өмірден алынған шындық. Кітапханашылық Кенішке осы айтқандарды таныта да, тамсандыра білген мектеп болды. Бұл қызмет оның жоғарғы оқу орнына сырттай оқып жоғарғы білім алуына да ықпал жасады.

Кітапханашы болып істеген жылдың күзінде ауыл жастары оны колхоздың комсомол ұйымының хатшысы етіп сайлады. Колхозда жастардан көркем өнерпаздар үйірмесін ұйымдастырып, ауданда өткен жарыста жүлделі орын алды. Колхозда жастардың қатысуы мен көркейту және көгалдандыру жұмыстары да уақыт талабына сай жүргізілді. Бір сөзбен айтқанда Кенішке қоғамдық негіздегі комсомолға жетекшілік жұмысты абыроймен атқарды. Басшылардың көзіне түсті, келешегі бар кадр деген атаққа ие болды.

1961 жылдың жазында пединститутты сырттай оқып жүрген Кенішке облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Қожахмет Бекхожаев шақырып жатыр деген хабар келді. Барғанда хатшы оны сырттай білетіндігін, жуырда Жалағаш ауданында аудандық комсомол конференциясы болатындығын, кандидатурасын аудандық комсомол комитетіне екінші хатшылыққа ұсынғалы отырғанын, соған келісім беруіне шақырғандығын білдіреді.

Жалағаш аудандық комсомол комитетінің XIX конференциясы аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы етіп «Коммунизм» колхозы комсомол ұйымының хатшысы Мақсұт Әбдіразақовты, екінші хатшысы етіп сол кездегі Ленин атындағы колхоздың комсомол ұйымының хатшысы Кеніш Жұмалиеваны сайлайды. Бұл жылдары ел өмірінде де елеулі өзгерістер болды. Атап айтқанда 1963 жылы Жалағаш ауданы мен Қармақшы ауданы қосылып Қармақшы ауданы атанды. Арада бірер жыл өткенде Жалағаш ауданы қайта құрылып, аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығына Кеніш Жұмалиева сайланады.

Ол өзінің аудан жастарына жетекшілік жасаған жеті жылын 1991 жылы «Қайнар» баспасынан шыққан «Соны серпін, жаңа леп» деген кітабында:

–  Мен үшін комсомол шын мәнінде шыңдалу мектебі болды. Ол мені адам ретінде, азамат ретінде қалыптастырды. Кімге болса да өмірден не алғанын, өмірге не бергенін атын атап, бағасын балап айту қиын болар. Егер маған біреу осылай сұрақ қойса өз өмірімнің ең бір мазмұнды да мәнді сәттері үшін комсомолға қарыздармын дер едім. Ол менің өмір жолымның, еңбек жолымның

бастауында тұрды. Мен оған еңбектеп келіп, есейіп шықтым, алды-артымды таныдым, өзім білгенді өзгелерге үйрету қабілетіне жеткізді. «Өмір – күрес» деген тамаша сөз бар. Сол күрестің мәнін, мазмұнын, мақсат бағдарын комсомол қатарында жүріп түсіндім, ол ертеңгі күндеріме жолбасшы болды. Комсомол тек мені ғана қатайтқан жоқ, сол алпысыншы жылдары комсомол қызметінде істеген менің замандастарымды да осы мектептен өткізді, – деп жазыпты. Осылайша мен де өткенді көз алдымнан өткізіп, осы жолдарды жазып отырғанымда ақын Мұқағали Мақатаевтың:

Біз жараттық мынау ғажап ғасырды,

Тарихы оның біздерменен ашылды.

Біздің мына қолтаңбамыз басулы,

Құрметтеңдер, жиырмасыншы ғасырды –

деген жыр жолдары еріксіз еске түскені.

Олай дейтінім жиырмасыншы ғасырдың 60-70 жылдары облыс аумағында өздерінің іскерліктері мен білімділіктерімен, қайраткерліктері мен комсомол қызметінде танылған бір топ жастар әуелі ауданда, сосын облыста, кейін республика дәрежесінде жауапты басшылық қызметте болғандарын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Олардың қатарында: Сұлтан Аманов, Абылай Айдосов, Сейілбек Шаухаманов, Қаһарман Табынбаев, Мақсұт Әбдіразақов, Ләйлә Құлымбетова, Әлмәнбет Әлішев, Кішкене Айбосынов, Садықбек Хангелдин, Рая Ахметова, Болат Қарғабаев, Әбжәлел Бакиров, Алмагүл Божанова, Төлеш Есқазиев, Садық Алиев, Кеніш Жұмалиева және басқалар болған еді.

Сол жылдарды Кеніш Жұмалиева:

Алпысыншы жылдардың комсомолы,

Еске түссе түскендей тау самалы.

Күн ілгері кетсе де кешегідей,

Жүрек шіркін күмбірлеп ән салады, –

деп жырлаған болатын.

 

Артта қалған совхозға жолдама

Комсомол қызметінен кейін аудандық мекемелерде басшылық қызметте болған Кеніш аудандық ішкі істер бөлімінің жауапты қызметкері Көшербекпен отбасы құрып, балалы-шағалы болды. Бірақ қоғамдық жұмыстан қол үзбеді. Уақыттың кейде адамды биікке көтеретін кездері де болады. Сондай сәт Кеніштің өмірінде 1984 жылдың желтоқсан айында болды.

Оның өміріне қозғаушы болған 1984 жылдың шілде айында аудандық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі Төлеш Есқазиев аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының құрылыс жөніндегі орынбасары болып ауысты. Оның орнына аудандық партия комитетіне бөлім меңгерушісі болып, Қазақстанның Ленин комсомолы атындағы совхоздың партия комитетінің секретары Амангелді Шілдебаев келген-ді.

Бұл аудандағы ең ірі егін шаруашылығы жолға қойылған совхозтұғын. Совхоздың директоры егін жөнінде ешкімнен ақыл сұрамайтын, бар ынтасы күрішке берілген Социалистік Еңбек Ері деген атағы бар Ұзақ Еспанов ағамыз еді. Мұндай совхоз партия комитетінде хатшы болып қызмет жасауға әркімнің де құмары бар-ды. Шындығында барғысы келгендер көп болды. Соның салдарынан бұл қызметке кадр таңдау үш айға созылды. Ол кезде мен аудандық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі болатынмын. Екшей-екшей келгенде бұл қызметке басшы қою жөніндегі таңдау Кеніш Жұмалиеваның кандидатурасына тоқталды. Оны қабылдаған бірінші хатшы Қонысбек Қазантаев:

– Бюро  мүшелерінің  барлығы  да  сізді  Қазақстанның  Ленин комсомолы

Атындағы совхозға партия ұйымының хатшысы етіп жіберуге лайықты кадр деп отыр. Олардың барлығы да бұл қызметке қабілетіңнің жететіндігін, жұмысты уақыт талабына сай жүргізе алатындығыңды білгеннен кейін айтып отыр.

Бұл шаруашылықта мал шаруашылығы біраз шабандап қалған. Есітуімше жақында зоотехник мамандығын қызыл дипломмен бітіріпсіз.  Бұл екінші артықшылығыңыз. Сізге айтар партияның басты тапсырмасы ақсап жатқан салаға, қайталап айтамын, мал шаруашылығына баса назар аударыңыз, – деп түйіндеді сөзін хатшы.

Өз басым осы айтылған әңгіменің куәгерімін. Қорытындысында 1984 жылдың желтоқсан айында Кеніш Жумалиева аталған совхозға партия комитетінің хатшысы болып сайланды. Бұл қызметті ол үзбестен жеті жыл атқарды, яғни Кеңес одағы тарағанша басқарды. Ендігі әңгімем сол жылдарға арналады.

Жұмысты ол совхоз өндірісімен танысудан бастады. Бұл ауылдың бұрыннан қалыптасқан, берік еңбек дағдысы бар, орталарынан талай еңбек тарландары шыққан, ұйытқысы бұзылмаған ауыл екенін бұрыннан білетін. Мәселен ауданда Социалистік Еңбек Ері төртеу болса, соның екеуі осында. Бірі совхоз директоры Ұзақ Еспанов болса, екіншісі заңғайыр дихан Несіпбай Әпірезов. Сондай-ақ, Қазақ ССР-іне екі рет депутат болып сайланған күрішші Сәрсен Балықбаева, «Қазақ ССР-іне еңбегі сіңген, ауылшаруашылығы қызметкері» Құрметті атағы бар, Ленин орденді дихан Рысалды Сүлейменова, 100 сауын сиырдан 100 бұзау алған бақташы Тоқсанбай Ерназаров, атақты механизаторлар Еділқасым Әмзебаев, Қуанышбай Болтаев, «Еңбек Қызыл Ту» орденді күрішші Бағжан Достанова және басқалар шаруашылықтың, ауылдың мақтаныштары еді. Осындай мақтаулы, үлгі тұтарлық азаматтар еңбек ететін коллективке саяси жетекші болып келген Кеніш жұмыс ауқымын тез игерді. Хатшының «қайталап айтамын» деген мал шаруашылығын назарда тұрақты ұстады. Оның осал тұстарындағыларды жас мамандармен алмастырды. Мал шаруашылығы саласын басқаруға Әбдіқаппар Ысқақов жіберілді. Жас маман Марат Асанбаев бас зоотехник, Асылбек Байтасов бас мал дәрігері болып бекітілді. Бақташылар мен сауыншыларға жастар көптеп тартылды. Ауыр қол жұмыстарына техника күші пайдаланылатын болды. Жарыстың нәтижесі жеті сайын шығарылып, озаттардың еңбегі мезгілінде қаржылай беріліп отырылды. Осындай жүргізілген жұмыстың нәтижесінде 3-4 жыл ішінде совхоз аудан бойынша жоғарғы көрсеткішке ие болды. Сөз бен істің бірлігі айқындалды. Коллектив ауданда бірінші болып арендалық әдіске көшті. Совхоз партия комитеті, оның жетекшісі Кеніш Жумалиева қол жеткенге тоқмейілсімеді, мүмкіндік көздерді одан әрі іздестіре берді.

 

Бір ауылда 24 батыр ана

Оның кезінде, өзінің тікелей бастауымен ауылдың тұрмыс-тіршілігі және мәдени өміріне үлкен жаңалықтар енгізіп, кейінгілерге үлгі боларлықтай жұмыс ұйымдастырғанын бүгінгі күннің оқырмандарына айтып жеткізу біздің үлкендік парызымыз.

Жаңалықтың басында «Батыр аналар» ансамблі тұрды. Бұл сол заман үшін айтуға тұрарлық үлкен жаңалық еді. Бұл ой Кенішті көптен бері мазалап жүретін. Ауылдағы 24 батыр ананы жинап, біріктіріп, ұйымдастырып «Батыр аналар» ансамблін құру оңай жұмыс емес-ті. Алғашқыда олар «келініміздің, бала-шағамыздың алдында осынша жасқа келгенде сахнаға шығып алып «ахау, семейлетіп» тұрғанымыз ерсі емес пе?» деп келіспеушіліктер білдірді. Бірталай түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Соның арқасында келісімге қол жеткізілді. «Батыр аналар» ансамблінің жетекшісі болып Рахия Жұбатқанова, ұйымдастырушысы болып Орынкүл Балтабаева мен Балтай Садықова белгіленді.

Кешегі жастық шақта шырқап салған ән енді қайта шырқалатын болды. Біраз уақыт дайындықтан кейін сахнаға шығар сәт те жетті. Бұл күн ауыл үшін үлкен өнер мерекесі болды. Мәдениет үйінің кең залында ине шаншар жер жоқ. Ауылдастарының өз адамдарының өнерін көруге осынша ықылас жасағанын бірінші көруіміз деп ауыл адамдарының кешеге дейін айтып жүргенін талай рет есіткенбіз, оның да басты себебі бар-ды. Өйткені бұл өнер иелері – көрермендердің бірінің анасы, бірінің – енесі, енді бірінің жұбайы, замандастары еді.

Кезінде «Батыр аналар» ансамблінің дабысы ауылдан асып республикаға дейін жеткен-ді. Бүгінде өткенді еске түсіріп ойлап отырсам, ансамблдің құрылғанына 36 жылға аяқ басыпты. Жалпы «Батыр аналар» ансамблі Кеніш Жұмалиеваға бақ болып атын шығарса, ол ансамблді ұйымдастырып артында айтып жүретін із қалдырды.

Баяғыда бір данышпан «Адам баласы небір ғажайыптарды жасай алады, тек өлең ғана құдайдың құдіретімен дүниеге келеді» деген екен. Осы сөзді еске ала отырып Кеніштің де поэзияға жаны жақын болғанын, уақыт ағысына байланысты өлең де жазғанын айтпақпын.

Ол өлеңді жүрегінің қалауымен жазды. 2004 жылы Алматы қаласынан «Наш мир» баспасынан «Жыр көктемі» деген атпен бір топ ақындардың өлеңдерінің жинағы кітап болып шыққан болатын. Осы жинаққа оның біраз өлеңдері енгізіліпті. Оның өлеңдерінен туған жерге, Отанға деген махаббат лебі еседі. Еңбек тақырыбы да байсалды жырланыпты. Жалпы оның жырларына дәстүрлі дүние таным тән. Түсінген адамға жыр жолы – ауыр да ұзақ жол. Сол жолда кейіпкеріміздің де ізі барлығын аңғарамыз.

Адам қартайғанда естелігімен, өткен күндерімен өмір сүреді. Осындай қалың ойдың құшағында отырып, кешегі кеңес дәуірі кезінде қызметтес болған қайраткер қыз Кеніш Жұмалиеваны еске алып, оның үстіміздегі жылы туғанына 80 жыл толуына байланысты жазып отырған ой-толғамымды ұлы Абайдың:

Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге сия ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған –

деген өлең жолдарымен аяқтауды жөн санадым.

 

Шыңғыс Айбосынов,

Қазақстан Журналистер одағы мен

Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі,

ауданның «Құрметті Азаматы»

 

 

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз