Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның назарына!

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының төрағасы Асан Жақыпов мырзаның назарына!

 

Осы күнге дейін әлеуметтік желілерде Салтанат Құсманқызының тағдырына араша сұрағандар саны көбейіп келеді. Қытайдан келген Салтанат он жылға жуық елімізге танымал болып қалған «Ас-Ай» қытай-қазақ бизнес компаниясында қарапайым қызметкер болып жұмыс істеп келген. Алайда, 2014 жылдан бері «Ас-Ай» компаниясының қаржысына қол сұққан белгісіз біреулердің кесірінен тағдыры талқыға түсіп келе жатқанына да 5 жыл болыпты. Осынау 5 жыл ішінде психологиялық зардап шегу былай тұрсын, осының салдарынан қант диабетінің 1-типіне шалдығып, инсулинге тәуелді болып отыр. Салтанат 2019 жылы 9 ай жазықсыз уақытша ұстау изоляторында отырғанда әкесі құсадан қайтыс болды. Енді Қазақстан Республикасы бас прокуроры Ғ.Нұрдәулетов 2021 жылдың 5-ші қаңтарында Салтанатты тағы да қайтадан сотқа сүйреп отыр.

«Бас прокуратура маған ешқандай наразылық хатын жіберген жоқ,-дейді адвокат Айман Мұратқызы, сонда ҚР бас прокуроры Ғизат Нұрдәулетовтің өзі заңды бұзып отыр ма…? Сот алқасы 31.03.2020 сот отырысында Салтанат Кусманкызын ҚК-нің 176-бабы 4-бөлігінің «б» тармағындағы әрекеті ҚК-нің 254 -баппен қайта саралап бостандыққа шығарған болатын. Бірақ, Салтанаттың адвокаты мен – Айман Мұратқызына ешбір ескертпей 10.12.2020 жылы ҚР Жоғарғы Сотынан 2021 жылдың 5 қаңтарында Салтанат Құсманқызына қатысты сот ашылуы туралы хат келді. Бас прокурор жазықсыз Салтанат Құсманқызының жанайқайына назар аудармай отыр. Прокуратураның мұнысы несі? Міне, Салтанат Құсманқызына жала жабушылардың тарапынан біз 20 келіспеушілікті, яғни, дәлелсіз қаралауды тауып отырмыз. Компаниядағы «черная бухгалтерияны» неге ешкім тексеруге алмайды?! Демек, шикілік көп. Сондықтан «Ас-Ай» компаниясына тексеру жүргізу қажет! дейді Салтанаттың адвокаты Айман Мұратқызы.

 

«Маған жала жапты, кінәлі емеспін!»

 

Салтанат Құсманқызының жанайқайы мынадай болып басталады:

– Мен 2005 жылы наурыз айында, Алматы қаласындағы Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің күндізгі оқу бөлімінің, «Технологиялық үрдістер мен өндірістерді автоматтандыру» мамандығы бойынша 5 курста диплом жұмысына дайындалып жатқан кезде «Компания Ас-Ай ЛТД» және «Минметалс Казахстан» ЖШС-не Компания директоры – Жакулин Асқардың жұбайы Чжанг Вэйге көмекші болып жұмысқа орналастым. Жұмысқа мені Жакулин Асқар қабылдады, ешқандай ресми құжаттар толтырылған жоқ, тек қана ауызша келісім бойынша жұмыс істей бердім.

Чжанг Вей ҚХР-дың азаматы және «Ас-Ай» компаниясында ресми түрде ешқандай қызмет атқарған жоқ.  Солай болса да түскен қаржыларды тек өзі ғана қадағалап отыратын.

2006-2007 жылы Ас-Ай компаниясының орынбасар директоры М.Шакреева өз шешімімен мені ресми түрде «Компания Ас-Ай ЛТД» және «Минметалс Казахстан» ЖШС-нде «экономист» қызметіне тағайындап, менімен еңбек келісім шарты және материалдық жауапкершілік туралы келісім шарт жасады. Бұл келісім шарттар орысша жасалған, мен Жакулинге сеніп еш ойланбастан қол қойдым. Және де менің істейтін жұмысым қаржы, экономикаға қатысы жоқ болып шықты, «экономист»  қызметі бойынша жұмыс жасамадым. Маған тек Чжанг Вейдің күнделікті қарапайым тапсырмаларын орындау жұмысы тапсырылды.

Аталған екі ЖШС-тің айналысатын кәсібі – Қытайдан арнаулы техникалар мен қосалқы бөлшектерді әкеліп сату болатын.  Техника сатып алған клиенттерден ақшаны АҚШ долларымен де, теңгемен де қабылдай береді. Теңгемен қабылдаған ақшаны компанияның шотына салдыртады, ал доллармен қабылдаған ақшаны Чжанг Вэй өзі үйіне әкетіп жүреді. Осылай 2014 жылдың желтоқсан айына дейін  жұмысымыз бірқалыпты болып келді.

2014 жылғы қыркүйек айынан бастап, Чжанг Вей мен Жакулин Асқар екеуі Жакулиннің денсаулығына байланысты Жапонияға шамамен 15-20 күнге емделуге  әр айда барып келіп жүрді.  Сол кезде маған Чжан Вей «біз жоқ кезде, Дәулетханқызы Мөлдірден ақшаларды алып, үйлеріндегі өздері көрсеткен шкафка салып жинай бер» деп үйдің кілтін және ақша салатын шкаф тұрған бөлменің кілтін маған тапсырып кетті (басқа бөлмелері кілтпен жабылмайтын). Ал шкафтың ішіндегі сейфтің кілтін маған тапсырған жоқ. Мен компания қызметкері Мөлдір Дәулетханқызынан ақшаны алып, журналға толтырып, ақшаны шкафқа салып жинап жүрдім. Чжанг Вей келген кезде, мен оған сол екі кілтті қайтарып үйде жиналған ақшаны өткізіп беремін. Чжанг Вэй жұмысқа келгенде жасырын журналға үйдегі жиналған ақшаны растап қол қойып береді. Мен тек қана бір – желтоқсан айындағы жағдайды жазу себебім, осы айдағы жасырын журналдың көшірмесі менде қалып қойған. Сол себепті нақты дәлелім бар жағдайлар бойынша жазып отырмын.

Желтоқсанның 31-күні жиен сіңлім Айдана екеуміз жұмыстан қайтып, Жакулиннің үйіндегі ақшаны тексеріп, 12:00-ден аса үйден шығып, ауылдағы сырқаттанып қалған әкемді көруге бардық.

 

430 000 доллардың ұрланғанын тергеуші неге айтпады?

02.01.2015 күні сағат 18:00 шамасында Жакулиннің үйіне келдік. Үйге кіргенде теледидардың косулы тұрғанын байқадым, сезіктеніп бірден жатын бөлмедегі гардеробты кілтпен ашып қарағанда ақшаның жоқ болғанын көрдім. Ал басқа бөлмелерге еш зақым болмағанын, үйдің есік пен терезелері де еш бүлінбегенін байқадым. Дереу директордың орынбасары Шакреева Мархабатқа хабарласып, пәтерде ұрлық болғаны жайында айттым. Ол кісі бас бухгалтер Атыраубаева Айнагүлді жіберетінін айтты, ал маған бірінші қабатқа түсіп, ұрлық болғаны жайында вахтершыға айтуымды және полиция қызметкерлеріне хабарласуымды тапсырды. Учаскелік полициялар келіп бөлмелерден саусақ іздерін алды, есік-терезелерін тексерді. Полициялар тексеріп жатқанда бас бухгалтер  Атыраубаева Айнагүл де үйге келді, мен үйде ұрлық болғанын айттым. Сосын Атыраубаева Айнагүлмен бірге Жакулинге WeChat желісі арқылы видеоқоңырау жасап, үйде жиналған 430 000 АҚШ доллары ұрланғанын, одан басқа ешнәрсе жоғалмағанын, үйдің ішіде басқа ешқандай заттардың ақтарылмағанын айттым. Жакулин менен сейфтің ашылған, ашылмағанын сұрады. Мен сейфтің ашылмағанын айттым. Сосын маған «Чжанг Вэймен сөйлес, ұрланған ақшаның сомасын айт» деді. Мен Чжан Вэйге 430 000$  ұрланғанын айттым. Кейін білуімше сейфте 800 000 доллары болған екен. Ал келген ұрылар болса неге сол сейфті де тонамайды? Жакулинмен сөйлесіп болған соң мені Атыраубаева Айнагүл жеке басқа бөлмеге шақырып алып, «казір сенен полиция қызметкерлеріне, осы ұрланған ақша Жакулиннің жеке өзінің ақшасы, емделуге және үйді жөндеуге жұмсалатын ақша деп айт. Компанияның ақшасы деп айтпа, бізге доллармен ақша қабылдауға болмайды, өзімізге проблема болады» деп  нұсқау берді. Мен мынадай жағдайға кездесіп отырғаным – өмірімде бірінші рет. Әлі өзіме келе алмай тұрған сәтім. Сондықтан Атыраубаева Айнагүл не айтса соны істей бердім.  Атыраубаева Айнагүлдің айтқаны бойынша полиция қызметкерлеріне солай айттым. Кейіннен тергеу жұмыстары барысында мен Атыраубаева Айнагүл берген нұсқауларды қайталамай, шындықты айтқанды жөн көрдім. Өйткені  ол ақшалар шыныменде компанияның сауда айналымынан жиналған ақшалар болғандықтан, толығымен тізіп тергеушілерге айтып бердім. Сот кезінде сараптама пәтердің есігінің менің кілтіммен ашылмағандығын, дубликат кілт, немесе көптеген уақыт бойы қолданылмаған кілтпен ашылғандығын айтты. 2015 жылғы қаңтардың 2-сі күні Чжанг Вейдің кассадан тыс ұстап жүрген 430 000 АҚШ доллары ұрлануына байланысты осы компанияның қызметкерлері, атап айтқанда директордың орынбасары Шакреева Мархабат және Нурманбаева Шәмша  2015 жылғы наурыз айының 16 күні мені Шакрееваның кабинетіне шақырып алып былай деді: «Бізге 2014 жылдың жылдық есебін жабуымыз керек. Салық орындарынан, қаржы полициясынан тексерулер келеді. Бухгалтерлік есепті ретке келтіруіміз қажет. Егер тексеру кезінде, ұрланған ақшалардың ресми түрде біздің кассаға кірістілмегенін полиция біліп қойса, бізге жақсы болмайды. Сондықтан шығыс кассалық ордерлерге сен ақшаларды «подотчетқа» алдым деп қол қой. Кейін тексерулер аяқталғаннан кейін, бастықтар келгенде бұл шаруаны өздері шешеді» деп айтты. Мен Асқар Жакулинге сеніп қол қойып бердім. Кейіннен сол шығыс кассалық ордерлер 2014 жылдың желтоқсан айының 18, 19, 22, 23, 24, 27 күндерімен, яғни өткен күндермен жасалған жалған құжаттар екенін түсіндім. Яғни бұл да жала! Сосын, Әуезов аудандық азаматтық соты болып жатқан кезде бас директордың орынбасары Шакреева мен бас бухгалтер Атыраубаева Айнагүл екеуі Асқар Жакулиннің халін сұрауға 2015 жылдың қараша әлде желтоқсан айында Пекинге барып қайтқан-ды. Атыраубаева мен Шакрееваның айтуынша сол кезде Асқар Жакулин бір жапырақ қағазға мынадай деп  түсініктеме жазып берген дейді. Ол қағаз орыс тілінде компьютермен теру арқылы жазылған мәтінді қысқаша айтар болсам былай деп жазылған екен: «Настоящем заявляю и потверждаю, что в декабре 2014 года мною было дано устное распоряжение Кусманкызы Салтанат получить в кассах компаний денежные средства в размере эквивалентном 500 000 долларов США, необходимые мне для оплаты лечения за границей. Об этом была поставлена в известность мой заместитель – Шакреева М. Я получил ей оформить первычные кассовые документы на выдачу наличных денег из кассы. Однако ни каких денежных средств от Кусманкызы Салтанат я не получал. О том, что сумма в размере эквивалетном 430 000 долларов Кусманкызы С. хранила в моей квартире, я не знал», – дейді де, ең соңына Асқар Жакулиннің қолы қойылған қағазды, Әуезов аудандық  азаматтық сотқа алып келіпті. Бірақ мен судьяға бұл қағазға сенбейтінімді ә дегеннен айттым. Себебі Асқар Жакулин маған ешқашан қытайда жүріп «ақша салып жібер» деп қоңырау шалған емес. Бұл да жала! Себебі, «Ас-Айдың» Үрімші қаласында филиалы жұмыс істейді.

Солай шығыс кассалық ордерлерге алдап қол қойдырып алғаннан кейін мені ЖШС-ке 77 400 000 теңгеге қарыз етіп қойып, менен азаматтық сот арқылы сол соманы өндіріп алуды талап етті. Алайда, мен екі серіктестіктің кассасынан ешқандай қаражат алмадым. 2015 жылдың қазан айынан Азаматтық сот ісі басталды. Шығыс-кассалық ордерлерді жарамсыз деп тану туралы менің қарсы талап арызымды қараудан бас тартылды. Сондай-ақ бухгалтерлік және техникалық сараптама жүргізуге де қарсы болды. Сот 77 400 000 теңгені менен өндіріп алу шешімін қабылдады. Шешім 2016 жылдың наурыз айында заңды күшіне енді. Мемлекеттік баж салығын төлеу үшін ақшалай қаражатым  болмағандықтан, кассациялық сатыға өтініш бере алмадым.

Ал ұрлық бойынша 2015 жылдан бастап 4 жыл тергеу жүргізілді. 02.02.2016 жылы Жакулин Асқар қайтыс болды. Чжанг Вей 29.03.2016 жылы өзін «Ас-Ай» компаниясының директорымын дей отырып, мені «алаяқтық жасады» деп Бостандық ауданына арыз түсірді. Бірақ, ол уақытта Чжанг Вей директор болмаған, тек Жакулиннің әйелі. Заң бойынша Чжанг Вэйдің 6 айға дейін компания директоры болуға құқығы жоқ. Ал тергеуші Бекбалаев Жасұлан болса осы заңсыз арызды қабылдап, маған алаяқтық бойынша тергеу ісін бастады. Ал бұрынғы, 2015 жылдың 2-қаңтары күні болған пәтердегі ұрлық ісін тергеуші белгісіз себептермен жауып тастаған.

 

Бухгалтериядағы мүлдем жоқ ақшаны «мені алды» дейді

Солай куәгерден күдіктіге айналып, жоғарыдағыдай көптеген процессуалдық бұзушылықтардың болғанына қарамастан, қылмыстық іс 08.12.2018 жылы Бостандық аудандық сотқа жіберілді. 16.01.2019 жылы сот ашылды. Судья Кудабаев Т. Ә. және прокурор Мекешов Н. Сотта тағы да бірқатар заңбұзушылықтар орын алды. Біріншіден, судья екі серіктестікке аудиттік есеп тексеру жасаудан бас тартқызды. Екіншіден, черная кассаға жасалған сараптама қорытындысын іс қағазға тікпеді, яғни қарастырмады. Үшіншіден, бірнеше компания клиенттерінің техника сатып алған кезде АҚШ долларымен есептескенін нотариалды түрде растайтын құжаттарды да қарастырмады. Төртіншіден, куәгерлердің түсініктемелерінде көптеген қарама-қайшылықтар бар. Мысалы, шығыс кассалық ордерлерге 77 400 000 теңгені маған берілді деп қол қойған Шакреева М., Атыраубаева А., Нурманбаева Ш. сотта ол ақшаны кассада 77 миллион 400 мың теңгенің мүлде болмағанын айтты! Сонда да, ол ақша Жакулиннің жеке қаражаты әлде кассада болған компания қаражаты болуы жөнінде қарама-қайшылықтар жойылмады. Аталған пәтерге маған белгілі болмаған бірқатар адамдардың еркін кіре алатын мүмкіндігі болыпты, сол пәтерге паркинг арқылы лифтпен жасырын 4-ші қабатқа көтерілуге болатыны анықталды. Мұны көлік жүргізушісі Есенғали Ембергенов айтып берген. Бірақ сол Есенғалиды жұмысқа қайтадан алған. Куәгерлердің және менің психофизикалық жағдайымыз ескерілмеді, тіпті басты куәгерлерден жауап алынған да жоқ. ТОО-ның қос бухгалтериясы бар екені анықталды, бірақ ТОО мұндай жағдайларды сотта көрсетуден бас тартып, тіпті соттың өзі талап еткен кезде де әртүрлі амалдармен жасырып отырды.

Сот төрелігі Қазақстан Республикасы ҚК-нің 176 бабы 4 бөлімі «б» тармағымен және 419 бабы 2 бөлігімен тағылғанын ескере отырып,  12.07.2019 мені заңсыз және негізсіз соттап, мені сот залынан уақытша тергеу изоляторына алып кетті.

16.07.2019 жылы адвокатым қалалық сотқа аппеляциялық шағым жазды. 15.01.2020 жылы қалалық сот отырысы өтіп, 31.03.2020 жылы ҚР ҚК-нің 419 бабы 2 бөлімі көзделген қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтап, 176 бабы 4 бөлімі «б» тармағынан ҚР ҚК-нің 254- бабымен қайта сараланып, осы баппен 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

10.04.2020 жылы ҚР ҚК-нің 71-бабы 1-бөлігінің 2-тармағына сай соттың айыптау үкімінің ескеру мерзімінің өтуіне байланысты жаза өтеуден босатылдым.

Алайда, мен қалалық соттың бұл шешіміне келіспеймін. Мен ешқандай қылмыс жасамадым және өз міндетімді де жауапкершілікпен атқардым. Соттың әділетсіз жүргенін де халық тікелей эфирден көріп, біліп отырды. Сот алқасы 31.03.2020 сот отырысында ушығып кеткен істі жауып, мені ақтаудың ең дұрыс шешім болатынын түсінгендей. Бірақ мені толық ақтайтын болса, осыған дейінгі мені айыптауға бағытталған заңсыз іс-әрекеттердің зая болып қалатындықтан 254 баппен қайта саралап отыр деген ой келеді еріксіз.

 

      «Ас-Ай» компаниясында заңсыздықтар көп

Қаңтардың 2-сі күні «Атажұрт» ұйымы басшысы Бекзат Мақсұтханұлы және елімізге белгілі саясаткерлер «Азат» қозғалысының төрағасы Хасен Қожахметов пен Жасарал Қуанышалин, Салтанат Құсманқызы және оның әпкесі Бағдат Ютуб арнасындағы тікелей эфир арқылы халықтың алдына шықты. Олардың барлығы Салтанатқа жала жабылғанын, берілген үкімнің мүлдем дұрыс емес екенін үзілді-кесілді дәлелдермен айтқан.

 

Бекзат Мақсұтханұлы: Салтанатқа 8 жыл үкім шығарды

– Бүгінде 2021 жылы 19-шы қаңтардағы онлайн сотта Салтанат Құсманқызын қайтадан 8 жылға үкім шығарды. Дегенмен де, көпшілік қауым  прокурор Ғизат Нұрдәулетовтың наразылығымен шыққан бұл жарлыққа қарсы болып отыр. Салтанат Құсманқызының мәселесіне байланысты дүйсенбі күні Алматы қаласында баспасөз мәслихаты болып өтті. Осы бүгіннен бастап Салтанатты адвокат Шынқуат Байжанов қорғайтын болып шешті. Салтанат Құсманқызының «Ас-Ай» компаниясында он жыл қызмет еткенін негізге ала отырып, мен осы компания директоры Чжанг Вэй ханыммен не болмаса бухгалтериядағы қызметкерлердің бірінен сұхбат алуға бардым. Алайда, кеңсе қызметшісіне мені «диктофон және телефонын тастап кірсін» деп айтыпты. «Бұл қалай, диктофонсыз қандай сұхбат болады?» дегенімше, Айдын Молдаханұлы деген жігіт келіп өзін – «қауіпсіздік бөлімінің қызметкерімін, маған не жағдай болса да айта беріңіз» дегенді айтты. Мұнысына келіспеген мен қалайда Салтанатпен бірге жұмыста болған қызметкерлермен кездесуім керектігін жеткіздім. Бірақ, қауіпсіздік бөлімі қызметкері «бүгін олардың ешқайсысы кеңседе болмайды» деп жалтара қойды. «Ас-Ай» компаниясымен кездесу осылай сәтсіз аяқталды.

 

Шара Құрбанова

 

 

Бет қатталып жатқанда

Салтанат қамауға алынды

Салтанаттың қазіргі адвокаты Шынқуат Байжановқа жамағат зор сенім артып отыр. Ақпанның бірінде Салтанат Құсманқызын Алматы қалалық, Бостандық ауданы полиция қызметкерлері алып кетті. Бұл жөнінде адвокат Байжановқа хабарласқанда ол былай деді:

– Салтанатты психологиялық тұрғыдан дайындадым. Біз Салтанаттың ақталып шығуы үшін күресімізді тоқтатпаймыз. Әрине бәрі тек заң шеңберінде жүзеге асырылады. Сондықтан Салтанатқа кейбір арандатушыларға еріп кетпеуін ескерттім.

Күрмеуі қиын болған осы бір қылмыстық істің соңы оң шешімін табатынына біз де сенеміз.

 

 

 

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз