«Қыз – өріс, ұл – қоныс» деп білгендіктен қазақ халқы өрісін кеңейтер қыз балаға айрықша көңіл бөлген. Ата-бабамыз қыз тәрбиесіне ерекше мән беріп, олардың дұрыс жағдайда тәрбие алып, болашақта ата-анасының бетіне салық түсірмеуін қадағалаған. Болашақ ана атағына ие қыздар тәрбиесі нәзіктікпен қоса қаталдықты талап ететін өзекті мәселе.

Қыз алып қашу – қазақ халқының тұрмысында болған, әлі де бар. Қызды алып қашу ертеден келе жатқан дәстүр десек те болады. Осы дәстүрді көпшілік дұрыс түсінбей жатады. Еркінен тыс «қызды алып қашу» қазіргі қоғамда жиі орын алып келеді. Дәстүрлі қазақ қоғамында кейде жол-жоралғы жасап, қалың мал беруге шамасы келмейтін жігіт ұнатқан қызын өзара келісіммен алып қашқан. Яғни, қыз алып қашу өз заманында қоғамның қажеттілігіне орай пайда болған үрдіс. Қыздың күйеуге қашып кетуі немесе оны алып қашудың екі жақтан да жұмсалатын шығынды азайту, тағы басқа себептерге байланысты болуы мүмкін.  Бірақ қазіргі қоғамда қыз алып қашудың себебі де, мазмұны да бұрынғыдан өзгеше. Өкінішке орай қыз алып қашудың  жабайы түрі де бар. Оны  оңтүстікте «басып әкету» деп те атайды. Қазақ қыздары көбіне өте ұяң келеді – тағдырының жазғанына көніп, «құдай салды, мен көндім» деп отырып қалады. Ал шын мәнінде отбасының тұрақты болмауының бір себебі осында болуы мүмкін екендігін жоққа шығара алмаймыз.

Өзара келісіммен жүзеге асқан

«Отбасы – шағын мемлекет» демекші, екі жас болашақ отбасын құру мәселесіне аса жауапкершілікпен қарау керек. Сондықтан қазіргі таңда «қыз алып қашу» өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Қыз алып қашу қыз бен жігіт жағы өзара келісіммен,  сөз байласуымен болатын дәстүр. Бірақ, дәстүрді бұрмалауға болмайды. Ал салт-дәстүрдің үрдісін бұзбаса қазіргі таңда адам ұрлау, қинау, зорлық-зомбылық деген дүниелер болмас еді. Кей жағдайда осы дәстүрді жастар дұрыс түсінбей жатады. Мысалы, бірін-бірі сүйген қыз бен жігіт өзара келісіп қосылады. Бұл әрекет «қыз алып қашудың» бір түрі болып саналады. Қызды алып қашу әдетте  ата-анасының келісім бермеу кезінде немесе олар тойды жасауды тым созған кезінде іске асырылған. Қазақтардың ішіндегі некенің басым түрі әрі қарай қызға «қалың мал» төлеумен жалғасатын «құдалық» болған.

Қыз алып қашу – қылмыс

Заңгер мамандардың пікірінше еркінен тыс қыз алып қашу – қылмыс. Ол ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы бойынша адам ұрлаумен теңестіріледі. Адам ұрлаушы төрт жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Қазақстандағы әйелдер құқығын қорғайтын ұйымдардың есебіне сүйенсек, жыл сайын Қазақстанда 5 мыңға жуық қыз алып қашудың құрбаны болады. Бұл, әрине, бейресми мәлімет. Қазір қызды ұрлап, некеге отырғызу бір елдің ғана емес, халықаралық деңгейдегі проблемаға айналды. Әйелдер құқығын қорғайтын сан түрлі халықаралық ұйымдар, тіпті Біріккен Ұлттар ұйымының өзі қазір қыз алып қашу дәстүрінің заңсыз екенін және бұған қарсы күресте бір ел ғана емес, бүкіл мүдделі тараптар бой көрсетуі керектігін айтады.

Кейбір жігіттер қызды күштеп, көлікке салып алып қашып жатады. Танымайтын жігітке қосылуға қыз қарсылық білдіріп көнбеген жағдайда көбінесе араға жігіттің туысқандары (үлкен әжелері мен жеңгелері) психологиялық тұрғыда шабуыл жасап, қызды көндіруге тырысады. Яғни, босаға аттап, басына орамал салғаннан кейін қыз амалсыздан көніп жатады. Адам болашақ жары ретінде кім көрінгенді алып қашпайды. Көнбесе, араға туысқандарымды саламын, әйтіп-бүйтіп көндіремін деген мақсатпен осындай қадамға барады. Психолог мамандардың пікірінше ондай адамдар, тіпті болмаса, «кетіп қалу ұят» деп адамның санасын манипуляциялауға дейін барады. Қыз келіспей жатқан кезде үлкен жастағы апа – әжелер табалдырыққа жатып алады. «Менің үстімнен аттап өтсең, бағың ашылмайды, саған теріс батамды беремін» деп қызды көндіріп, басына ақ орамал салады.

Тарих не дейді?

Тарихқа көз жүгіртсек, айттырып қойғаны көңілі жарасқан басқа адаммен қашып кетсе, қыздың туыстары жігітке қалыңмалын қайтарып берген. Кейде сол рудың бір қызын немесе қыз орнына қалың мөлшерін айып ретінде үстіне қосып төлеген. Қашқан қыздың әкесі айыпты болмаса, онда құнды алып қашқан жақ төлеген. Ал қыздың әкесі алып қашушымен ым-жымдас болса, бұрынғы құдасына қалыңын қайтарып, өз тарапынан айыбын төлейді немесе басқа қызын береді. Басқа бір қызын беретін кезде, ағайын-туыстық, көршілік қарым-қатынастың бұзылмауына қатты мән берген. Бұл кәдімгі «Жеті жарғы» сияқты ата-баба жолы деп аталып келген ереже аясында шешілген. Орта Азия елдеріне тән, тарихында кездесетін ортақ құбылыс – қыз алып қашу дәстүрі. Қызды өз қалауымен немесе еркінен тыс әйелдікке алу Қазақстан, Қырғыз Республикасы, Моңғолияның қазақтар мекендеген Баян-Өлгей аймағы, Өзбекстан, Кавказ аймақтарынан шыққан және әлі күнге дейін кездесетін оқиға. ХХ ғасырда қыз алып қашу «дәстүр» деп дәріптелсе, қазір бұл заңға қайшы әрекеттерге ұласып отыр. «Қазақта зорлап алып қашу болмаған. Бұл кейін шыққан масқара», – дейді этнограф Досымбек Қатранұлы. Десек те, қыз алып қашу мүлдем болмаған деп айту қате. Мысалы, бұрындары қыз айттырып қойған теңін менсінбесе не қаламаса, қашып кеткен. Яғни, көңілі жарасқан жігітпен қашып кетудің айласын қыздың өзі ұйымдастырған. Осындай қыздың келісімімен болатын дүниені ғана қазақ «алып қашу» деген. Бүгінде үлкен әжелеріміз қыз алып қашу бұрыннан келе жатқан дәстүр деп сеніммен айтады. Осы дәстүрдің арқасында көптеген отбасы бақытты ғұмыр кешіп, қазіргі кезде үлкен отбасы болып, немерелі, шөберелі болып отыр.

7 жылға дейін сотталуы мүмкін

Қыз алып қашуға дәстүр деп қарап келген қоғам соңғы оншақты жылдан бері ғана өз қалауынсыз тұрмыс құрып жатқан қыздардың жанайқайын ести бастады. Еріктен тыс қызды алып қашу факторлары орын алған жағдайда қыздың ата-анасы, туысқандары сотқа жүгіну арқылы әділеттілікті орнатуға болады. Алайда, көп жағдайда мұндай мәселелер сотқа дейін жеткізілмей өзара келісіліп іс жабылады. Қазақстанда арнайы қызды алып қашу бабы қарастырылмаған. Жалпы түрде ҚР Қылмыстық кодексінде «Адам ұрлау» бабына сүйене отырып, жазаға тартылады. Қылмыстық Кодекстің 125 бабы адам ұрлығына қарсы және ауыр қылмыс түріне жатады. Қызды еркінен тыс алып қашқан адам осы бапта көрсетілген жазаға тартылады. Адамды ұрлау – алдын ала сөз байласып, адамдар тобымен жасалса, мүлкiн тәркiлеп немесе жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру қарастырылған. «Қыз алып қашу тіпті өз еркімен болсын, еркінен тыс болсын – адам ұрлығына жатады. Келісімге сай, өзі сүйетін жігітімен қашып кеткен қыз әрине полицияға арыз жазбайтыны анық. 18 жасқа толған қыз өз келісімімен қашқан болса қыздан қолхат алынады.  Бірақ, Қазақстан қоғамының ең бір жаманы – еркінен тыс алып қашудың құрбаны болған қыздар да әлі күнге дейін арыз жазбайды, қорқады. Өйткені босаға аттаған, сол жігіттің үйінде қонып қалған қыздың үйіне оралуы масқара, ұят. Заңгер мамандардың пікірінше, егер еркінен тыс біреудің босағасын аттаған қыз арыз жазса және ол жігіттің кінәсі дәлелденсе, жеті жылға дейін сотталады. Жеңгетайлық жасағандар да жазаланады екен.  Яғни қызды алып қашуға қатысқан барлық адам жауапқа тартылады деген сөз.  Ал, бұл іске тартылған адам біреу болса, жазасын өтейтін мерзімі азаяды. Сондықтан да қызды бір топ адам ұйымдасып алып қашқанымен, оған қатысқан адам санын азайтып көрсетуге тырысады.

Бұл – үйленуді оңайлатудың жолы

Барыс-келісті азайту үшін, үйленуге кететін қаражатты жеңілдету мақсатында, артық той-томалақ жасап, ағайынды шығынға батырғысы келмесе не қаражатты оңтайлы пайдаланып, ықшамдағысы келсе, екі жастың келісімімен жасалуы тиіс. Кей қыздар «алып қашу» операциясын өздері де ұйымдастырады екен. Жігіттер көнетін қызды ғана алып қашады деген де пікір бар.  Қыз бен оның ата-анасының келісімінсіз алып қашудан басқа,  күйеу жігіттің материалдық жағдайы толыққанды үйлену тойын өткізуге мүмкіндік бермегендіктен, қалыңдықтың екі жақты келісімі бойынша алып қашу кең таралған.

«Қыз алып қашу» операциясы

Алып қашуға әдетте күдіксіз «қалыңдықтың» құрбылары мен таныстары қатысады, олар оны елсіз жерге шығарады, одан әрі «күйеуі» оны автокөлікке күштеп отырғызып, өз үйіне апарады. Үйге келісімен «қалыңдыққа» орамал тағылады, мерекелік дастархан жайылады, жас әйелдер күйеу жігітті мақтай бастайды, ал оның әпкелері мен әжелері қызды неке қиюға келісуіне иландырады. Үйде «қалыңдықты» ұстап қалу үшін қазақтарда үлкен кісіні аттап өту күнә болып саналғандықтан, күйеу жігіттің әжесі тіпті табалдырыққа жатып алуы мүмкін.

Түйін: Қорыта келгенде қыз  бойжетіп, бала ержеткен шақта әрбір ата-ана «ұлын ұяға, қызын қияға қондыруы» парыз. Қыз алып қашу туралы сан түрлі пікірлер бар. Егде жастағы кісілер қызды алып қашуды дұрыс санайды. Ал  жастар көп жағдайда  аталмыш салтты қолдай бермейді. Махаббат пен сүйіспеншілікке құрылмаған отбасының ертеңі жоқ деп те айтып жатады. Танымайтын қызды күштеп әкеліп, әйел баласының тағдырымен ойнағысы келетіндер әлі де бар. Еріксіз неке, оның түп-тамыры психологиялық жетілмеуде, жасөспірімдердің әсіресе өрімдей жас қыздардың әлеуметтік қорғансыздығында жатыр. Кәмелетке толмаған қыздарды қалыңдық қылып, алып қашу – еріксіз некенің бір түрі. Және статистика бойынша алып қашу жолымен құрылған некелердің 80 пайызында – қыздың қалауы жоқ екенін көрсеткен. Халқымыз қыз балаға қонағым деп ерекше құрметпен қараған. Қолдан ұзатып алу мүмкіндігі болмаған жағдайда қыздың келісімімен, рұқсатымен алып қашқан жөн. Бір көргеннен алып қашып кету бұл заң жүзінде де, адами тұрғыдан да дұрыс емес екендігін әрбір азамат түсінені абзал.  Қыздың тағдырымен ойнау үлкен күнә.

Гауһар Тұрсынқожа

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз