Өмірде ең жоғарғы сый – рухани қуаныш. Адам қай кезде болсын рухани құндылықты іздейді.

Ал, мейірім, жылы сөз, рухани қолдау әркім үшін де әрқашан маңызды. Егер ол адамның мүгедектігі болса, тіпті…

Өткен аптада редакцияға Еламан Салауат есімді оқушы келді. Өкінішке орай, оның көзі әлсіз көреді екен. Алайда өте талантты.

Түктібай ауылының тұрғыны Салауат Дәулетұлы аудандық орталық кітапханаға жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдық мерейтойына орай ұйымдастырылған облыстық байқауға қатысуға келген екен. Салауатты редакцияға кітапхананың көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған бөлімінің кітапханашысы Айдар Қаңтарбаев ертіп келді. Салауаттың денсаулығына қарай кітапханаға өзіміз-ақ бара салар едік. Алайда Салауат аудандағы киелі шаңырақ «Жаңа өмір» газетінің редакциясына өзі келгісі келетінін жеткізіпті.

Ашық-жарқын жаспен бірден тіл табысып кеттік. Салауат өмірі жайлы әңгімелеп, көптеген өлеңдерді жатқа айтты.

Салауат Тараз қаласындағы «Болашақ» мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған мектепте оқиды екен.

-Бір көзім туылғаннан көрмейді. Ал, бір көзім әлсіз көреді. Яғни, тек үлкен әріптермен жазылған жазуларды ғана оқи аламын.

Отбасымда үш әпкем бар. Үшеуі де тұрмыста. Әкем Дәулет шаруақор жан. Нақтысын айтсам, картоп егумен айналысады және ауылдағы балабақшада қарауыл болып жұмыс істейді. Анам Жазира үй шаруасында.

2016 жылдан бастап Тараз қаласындағы екінші мөлтек ауданындағы «Болашақ» мектебінде оқимын. Мектепке алғаш әке-шешем алып барғанда барғым келмей, жылап барғанмын. Қазір өкінбеймін. Себебі, бұл мектепте балалардың жеке қабілетіне қатты мән береді. Сонымен жұмыс жасайды.

Маған әдебиет пәні ұнайды. Ән айтқанды, өлең жаттап, көркем сөз оқығанды жаным сүйеді. Әншілерден Әлжаппар Әлқожаның дауысы ұнайды. Өлеңдерді анам жаттатады. Анам небір ұзақ өлеңдерді оқып береді. Менің есте сақтау қабілетім жақсы болғандықтан, тез жаттап аламын,- дейді Салауат.

Салауат бізге Абай Құнанбаевтың «Өзгеге, көңілім, тоярсың» өлеңі мен Қазтуған Сүйіншіұлының «Қазтуғанның қонысымен қоштасуы» жырын, тағы да басқа өлеңдерді жатқа оқып берді.

Салауаттың әңгімесінен зеректігі, тарих, саясат туралы да жақсы білетінін аңғардық.

-Алмас, Рахым, Досымжан, Әлихан, Амангелді, тағы да басқа достарым бар. Мен достықты сатпайтын адал адамдарды құрметтеймін.

Менің көңіл күйім тез өзгереді. Неге екенін тез өкпелеп қаламын. Жалпы адам кешірімді, кішіпейіл болуы керек. Кешірімді адамды Алла да кешіреді.

Қазір балалар көбінде ұялы телефон арқылы атыс-шабыс ойындарды ойнайды. Оның денсаулыққа тигізер кері әсері көп. Яғни, адамды ашушаң етіп жібереді. Сондықтан ата-аналар балаларға көбірек көңіл бөлуі қажет. Себебі, адамға ең бірінші денсаулық керек. Оның орнына қазақша кинолар көрсе деймін. Мен «Жау жүрек мың бала», «Томирис» сынды тарихи киноларды көремін.

Қазір қоғамда зинақорлық, жезөкшелік деген жаман көріністер көп. Ажырасу да, жетім балалар, балаларды өз ата-анасы ұрып-соғу да көп. Мұндай іс-әрекеттер қоғамға қауіп төндіреді. Сондықтан, тәрбие мәселесін қоғам болып қолға алу керек.

Менің бойымда өзіме ұнамайтын жалқаулық дегендей қасиеттер де бар. Жаман қасиеттерімді түзету үшін күресемін. Жалпы әр адам өмірде өзінің кемшілігімен күресіп жүруі керек,- дейді Салауат.

Салауат болашақта ақын әрі әнші болуды армандайды.

Салауаттың жасы небәрі 13-те. Алайда ой-өрісі үлкен азаматтардай кең. Тіпті кейбір үлкен азаматтың өзі бұлай ойлай алмасы анық.

Салауаттай ерекше дарынды балалар ортамызда аз емес. Алайда Салауаттың жөні бөлек. Яғни, көзі әлсіз көрсе де, білімге, өмірге деген құштарлығы, өмірге деген көзқарасы ерекше. Талантты жас әлі талай белестерді бағындыратына сенім білдіреміз. Оған тек жылы сөз, рухани қолдау керек.

Өзі қатысқан облыстық байқаудан да жүлделі орындардан көрінуіне тілектеспіз!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,

«Жаңа өмір»

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз