Түркияның «www.dailysabah.com» сайтында ақпанның 18 күні «Анталияда әлемнің 90 елінен келген азаматтар тұрып жатыр» (Antalya hosts foreign residents from 90 countries) атты шағын ақпарат жарық көрді.

Жерорта теңізінің жағасындағы көрінісі көркем, ауа райы жанға жайлы курортты қала саяхаттауды жақсы көретін адамдар үшін жер бетіндегі маңызды туристік аймақтардың бірі екенін жұрт жақсы біледі. БАҚ-тардың хабарлауынша Түркияға жыл сайын орташа есеппен 30 миллионнан астам шетел азаматтары саяхаттай келетін болса, солардың тең жартысы Анталияға ат басын бұрады екен. Сондықтан да туризмнан түсетін мол пайданы көздеген Мәдениет және туризм министрлігі алдағы уақытта Түркияға келетін туристердің қатарын тіпті де молайта түсу үшін мықтап кірісіп жатқан көрінеді.

Жұрт қатарлы біздің елдің де азаматтары алыс-жақын елдерге демалысқа кетуді әдетке
айналдырғалы қашан. Тіпті қазақтардың саяхаттауға деген құлшынысын COVID-19-ға байланысты ескертулер де бәсеңдете алған жоқ. Соның ішінде Дубай мен Анталияны тамсана тілге алатын ағайындар көп. Солардың дені қысқа мерзімге демалысқа барып қайтушылар болса, кейінгі уақытта «пәленше деген қазақ Анталиядан пәтер сатып алыпты» деген әңгімелерді де жиі еститін болдық. Оған соңғы жылдары әртүрлі себеппен Түркияда тұрақтап қалған елге танымал деген әншілер мен ақындардың да Стамбулдан жолдайтын «ыстық сәлемдері» де «айқайға аттан қосып» ағайындардың аузының суын құртып тұрғанын қосуға болады. Бұл жерде біздің айтып отырғанымыз барша жұрт білетін әңгімелер. Дегенмен ресми мекемелер тарапынан әр жылдары шетелдерге қоныс аударып жатқан адамдар мен Қазақстанға көшіп келушілер туралы ақпараттар жарияланып тұрса да, тап осы Түркия еліне қоныс аударғандар туралы сенімді ақпаратты әліге дейін көзіміз шалмаған болатын. Сол жайында «бір үзік сырды» жоғарыда аталған мақала арасынан байқадық. «www.dailysabah.com» сайтындағы «Анталияда әлемнің 90 елінен келген азаматтар тұрып жатыр» атты шағын мақалада мынадай деректер бар екен. «Қазіргі таңда әлемнің 90-нан астам елінен келген 100,000-ға таяу шетел азаматтары Анталияда тұрып жатыр. Бұлардың арасында ресейліктер басым. Яғни 18 мың орыс бұл қалаға тұрақтап қалған. Ресейліктерден кейінгі орында Қазақстаннан барғандар иеленеді. Мөлшермен 11537 қазақ Анталияны мекенденіп жатыр. Үшінші орында германиялықтар тұр. Қазіргі таңда 9615 неміс осы жерде ұзақ уақытқа қалуды шешкен» – дейді.

Қазақстандағы көші-қон мәселесі туралы сөз болғанда «тәуелсіздіктен бері қарайғы уақытта елге 1 миллионнан астам қандасымыз көшіп келді» деген жаттанды сөз алдымен еске түседі. Алайда осы күрделі әрі стратегиялық маңызы бар мәселемен айналысып отырған көші-қон мекемесі мен жыл сайын мемлекет қазынасынан ішкі және сыртқы көші-қонды жақсарту үшін квота бөлініп отырғанына қарамастан соңғы 10
жылдың ішінде миграциялық ахуал жақсармаған екен. БАҚ-беттеріндегі деректердің арасында мәжіліс депутаты Сауытбек Әбдірахмановтың аузынан шыққан мынадай деректерді көзіміз шалды:

«Миграциялық саясаттың 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасында «1991 жылдан бері елге келген этникалық репатрианттардың саны 1 миллион адамнан асты» деп көрсетілген. Алайда, кейінгі жылдарда, нақты айтқанда, 2012 жылдан бастап елден тұрғындардың көшіп кетуі күшеюінің жағымсыз үрдісі басталды, ол үрдіс қазір күшейе түсуде, соңғы бес жылда (2015-2019 жылдарда) елден 189 765 адам көшіп кеткен. Ал көшіп келген этникалық қазақтардың саны – 70 933 адам. Айырмасы – 118 832 адам. 2017 жылдан бері миграцияның жыл сайынғы теріс сальдосы минус 30 мың адамдық шектен асып түсті. Қазіргі таңда Үкімет қаулысына сәйкес, қандастарымыз орналастырылатын өңірлер ретінде Ақмола, Атырау, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстары бекітілген. Осы жеті облысқа этникалық қазақтардың көшіп келуіне бөлінген квота 2020 жылы 1378 адам болды. 2021 жылға бөлінген квота саны – 1426. Өсім жоққа жуық. Қандастарға арналған квотаның мұншама азайып кетуін ештеңемен түсіндіру мүмкін емес. Экономикалық ахуал анағұрлым күрделі болған кездің өзінде бұл квота жылына 10 мың мен 20 мыңның арасында еді, соның арқасында жылына мемлекеттің көмегімен 40 мыңнан 80 мыңға дейін адам шетелдерден көшіп келетін», – депті депутат мырза.

Қазіргі күнде елден көшіп жатқандар туралы әртүрлі хабарлар күн сайын жаңарып отыратын деңгейге жетті. Бұрын «шетелге қоныс аударып жатқандардың көбі ТМД елдеріне кетіп жатыр» деп Қазақстанды мекен еткен түрлі ұлт өкілдерінің байырғы атамекендеріне көшіп жатқандығын тілке тиек етер болсақ, енді қазақтардың елден көшіп жатқандығын қынжыла отырып жазуға туар келіп отыр. Біз өз кезегінде шетелдерде тұрып жатқан қазақтарымызбен ғаламтор арқылы байланысқа шығып немесе олардың әлеуметтік желілерде жариялаған пікірлерімен танысып отырамыз. Барлығының айтатындары «ол жақта адамға жайлы өмір бар» деседі. Қазіргі күнде ел арасында екіұдай пікірлер де таралып жатыр. Елден кеткендер Қазақстанда өмір сүрудің қиындап бара жатқандығын алдымен ауызға алады. Шағын мақаланың мақсаты елден кетіп жатқандардың түрлі этнос өкілдері ғана емес, қайта қазақтарымыздың да көптеп кетіп жатқандығын ескерту болғандықтан олардың «қағынан жеріну» себептерін жіліктеп тарқатпадық. Дегенмен елдегі әлеуметтік және экономикалық жағдайдың төмендігі басты себеп болып отырғандығын жұрттың барлығы сезіп отырғандығын жасыра алмаймыз. Халқымызда «Арқада жылы болса, арқар ауып несі бар» дейтін тәмсіл бар. Ал елден кетіп жатқандардың құрамы, нақты себебі мен демографиямызға тигізер әсерін құзырлы мекемелер өздері анықтай жатар.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз