Адам өмірге келген сәттен бастап тіршілік үшін күресуге дағдыланады екен. Иә, жарық дүниенің әрбір минуты, әрбір сағаты әр кезі тіршілік үшін күрес. Өмір мектеп, үйрену мектебі. Адам тіршілік үшін күресе жүріп, өмір сүруді қалай өмір сүруді үйренеді. Түйсігі бар, көкірек көзі ояу адам тіршілік үшін күресе жүріп, яғни өмір сүре отырып, «бес күндік жалған дүниенің мәні неде, мағынасы қайсы, мына жарық дүние не үшін?» деп өзіне сұрақ қояры заңдылық. Демек, әр адам өмірінің мәнді-мағыналы болуы үшін өзі жауапты. Өмірі өз қолында.

Бірақ, сіз, тағдыр дерсіз. Тағдыр – ол адамның маңдайына жазылған пешенесі. Ал, пешенеге жақсы мен жаман бірдей жазылады. Жақсыны таңдау көбіне-көп адамның өзіне байланысты. Ақ қанат арманы алдамаса болғаны. Мен сөз еткелі отырған қарт ана сондай талайлы тағдырды басынан өткерсе де қиындыққа мойымаған, сағы сынбаған, жігері жасымаған қажыр-қайраты мол қадірлі жан. Шаңырағының ұйытқысы, аяулы ана, ардақты әже Альфия Бағабиовна Баубекованың өнегелі өмірі бүгінгі ұрпаққа, жас аналарға келіндер мен қыздарға үлгі.

«Өзімнің 5 баламмен қатар, абысынымның артында қалған 8 баланы бірін-бірінен артық, не кем көрмей тәрбиеледім. Жалғанда өз балаңнан гөрі кісі баласының көңіліне қылау түсірмейін, жүрегін жаралап алмайын деген ойдан ауыр ештеңе жоқ-ау, сірә. Мен көбіне анасынан айырылған 8 баланың қабағына көбірек қарауға тырыстым. Солар қамықпаса екен дедім. Ата-анасы бар бала не дегенмен алаңсыз, көңілі тоқ қой. Ал анасыз баланың көңілі үнемі алаң, бәрібір туған анасын, өз үйі, өз панасын аңсайды. Бұл жалғанда «Тұяғы бүтін тұлпар жоқ, қанаты бүтін сұңқар жоқ» дейді ғой. Дегенмен, тәубә. Балапандарым аман-есен, өсіп өнді. Әр қайсысы шаңырақ көтеріп, отау құрды. Немере-шөбере сүйіп, қызық-қуанышына көзайым болып отырмын. Иә, пенде болып мен де пешенеге жазылғанды, тауқыметті, талайлы тағдырды бастан өткердім. «Тауқыметсіз адам болмайды, тауқыметті жеңе білген бақытты» деген бар.

«Бұл жасқа келгенше жақсы өткіздік пе, жаман өткіздік пе» деп Абай хакім айтқандай, «әйтеуір бірталай өмірімізді өткіздік», ендігі қолдан келер қайран – елімнің тыныштығы, бала-шағаның амандығы мен бейбіт-берекесін тілеу ғана. 83 жасқа келген қарт ана үшін одан асқан бақыт бола қоймас, сірә. Алла берген ғұмыр қызық пен қуаныш, ақ пен қара алмасқан бір дәуір. Тәубә деймін. Осы жаста көк байрағы биікте тым биікте желбіреген азат елімнің, тәуелсіз елімнің кемел күндеріне куәмін. Бала-шағаның, ағайын-туыстың, қамқорлығына куәмін. Өмір тосын сыйға толы. Қала берді, самайымды ақ шалған осы жасымда, адам жаны үшін арпалысқан ақ халатты абзал жандардың аялы алақаны мен ыстық ықыласын сезініп отырмын», -дейді Альфия Бағабиовна Баубекова.

Альфия Баубекованың жасына байланысты ма, басқа ма көзінің көруі жылдар өте нашарлай бастаған екен. Дәрігерлер қаншама рет ота жасату керек дегенімен, Альфия апа тәуекел етуден бас тартқан. Бірақ «бұйырған кетпейді» дегендей, Альфия апа Нұр-Сұлтан қаласына, қызы Гүлнарға қонаққа келгенде, сәтіне қарай, көзіне ота жасатқан.

«Нұр-Сұлтанға кішкентай немеремді сағынып, көрейінші, мауқымды басайыншы деп келіп едім. Ота жасатамын деп ойлаған жоқпын. Қызым «мама ешқайда кетпейсің, көзіңді, аяғыңды емдеу керек» деді. Алматыда 3 рет анализ тапсырып, сәті түспеді. 83 жасымда көзіме ота жасау астанадағы «AstraMed» көзді қалпына келтіру орталығының консультативтік-диагностикалық қабылдау дәрігері, жоғары санатты дәрігері, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі – Айжан Тұрсынбекқызы Қалиева мен хирург, жоғары санатты дәрігер-микрохирург, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі – Ақмарал Құсайынқызы Агелеуоваға бұйырыпты.

Көзім тұман секілді ештеңе көрмейтін еді. Айжан Тұрсынбекқызы қарап «Көзіңізге ота жасау керек. Әйтпесе екі көзден де айрылып қаласыз» деді. Мен қаршадай қыз түймедей көзге қалай ота жасайды деп ойладым. Бірақ ақылдасып, отаға дайындала бастадық. Бірінші Аллаға, екінші шынашақтай екі қызға сеніп, тәуекел еттім. Бәріне рахмет! Сөйтіп бір көзіме ота жасады. Құдайға шүкір. Қазір көзім жақсы көреді.

«AstraMed» көзді қалпына келтіру орталығының дәрігерлері, ақ халатты абзал жандар бас дәрігер, жоғары санатты дәрігер-микрохирург, ҚР Денсаулық сақтау үздігі –Шамрат Айдингалиевич Тілепбергеновке, операциялық медбике, жоғары санатты Хамзина Гульмира Ондыровнаға, медбике, жоғары санатты Оксана Анатольевна Брюхановаға, әкімшілер, Альбина Абельбасоваға, Жанар Тілепбергеноваға, Салтанат Мукановаға, жоғары санатты дәрігер-анестезиолог Пославский Федорович Вячеславқа алғысым шексіз. Бұл орталықта алтын қолды, ақ жүрек жастар жұмыс істейді екен. Әрқайсысы өз ісінің білгірі, мамандыққа адал. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет» деген адами асыл қасиетті бойларына сіңірген, нағыз өз елінің бейбіт күндегі батырлары. Консультативтік-диагностикалық қабылдау дәрігері, жоғары санатты дәрігері, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі – Айжан Тұрсынбекқызы Қалиева мен хирург, жоғары санатты дәрігер-микрохирург, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі – Ақмарал Құсайынқызы Агелеуова қандай құрметке, қандай атақ-абыройға болса да лайық. Аналық жүрегімнен оларға бар жақсылық, бақытты тілеймін!

Енді келесі көзге де ота жасау керек деп отыр. Бұл орталықта күніне 13-20 ота жасалады екен. Бұл ерлік! Осы мекемеде жұмыс істейтін дәрігерлерге «Қазақстан дәуірі» газеті арқылы алғысымды білдіргім келеді. Ризамын! «Бір басқа бір көзде жетеді» десем, балаларым мен дәрігерлер екінші көзге де ота жасау керек деп отыр. Алла амандық берсе, бұйырса, екінші көзіме де ота жасатамын»,- деп көзіне жас алды, қарт ана.

Альфия Бағабиовна айтып отырған «Astramed» орталығы көруді қалпына келтірудің заманауи әдісін қолданатын бірегей орталық. Елімізде 20 жылдан астам уақыттан бері «көру қабілетін қалпына келтіру» бойынша ортокератология саласындағы көшбасшы және ізашар американдық Euclid Systems Corporation компаниясы шығарған Emerald түнгі линзаларын қолдануда озық тәжірибелі маманданған емхана болып табылады. Emerald түнгі линзалары компьютермен басқарылатын арнайы көп білікті станоктарда жасалады және АҚШ-та қолдануға арналған FDA рұқсаты, сонымен қатар отандық сертификаттары бар. Бұл линзалар әлемнің басқа елдерінде кең таралған.

«А.Баубекова бізге көзінің катарактасы қатты асқынған жағдайда келді. Бір көзі көптен бері көрмей қалған, екінші көзі де асқынып кеткен. Ота ауыр болды. Екі ота жасадық, екінші көзінің сыртында кішкентай өскін болған, оны да алып тастадық. Өзім көзге 20 жылдан бері ота жасап келемін. Бұл емханада 3 жылдан бері жұмыс істеймін.

Мұнда мемлекеттік тапсырыс бойынша да ақылы түрде де ота жасалады. Еліміздің кез келген азаматы жолдамамен келіп, тегін емделіп, ота жасатуына болады. Премиум кластағы линза қою, пластикалық ота мен лазерлі оталардың кейбір түрлері ақылы. Біздің емхана көз ауруының кез келген түрін емдейді. Апамыз рахметін айтып жатыр. Апаға да рахмет!», -дейді, Альфия Баубековаға ота жасаған ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі – Айжан Қалиева.

Ал, Альфия апаның қызы Гүлнар Иранқызы Бекжігітова:

– «Анамды отаға әрең көндірдік, «AstraMed» көзді қалпына келтіру орталығын таңдадық. Білікті дәрігерлердің көмегімен бір көзіне ота жасады. Бәріне рахмет! Анамыз бір күн болса да жарық дүниені өз көзімен көрсінші деген үміт қой. Қазір көңіл-күйі жақсы. Көзім жақсы көреді деп қуанып жүр. Енді тізесін емдетсек деп ойлап отырмын. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» дейді емес пе. Анамыз қартаймаса екен. Аман отырса екен деп тілейміз. Алла ұзақ, бақытты ғұмыр бұйыртсын!

«Есейіп кетсем де мен саған сәбимін» дейді ғой. Сол сияқты біз де шешемізге әлі баламыз. Аман болайық! Келе жатқан 8 наурыз – аналар мерекесі құтты болсын! Барлық ақ халатты абзал жандарға, аналарға, қыз-келіншектерге анасын баладан, баласын анадан айырмаса екен деген тілегім бар. Ел іргесі тыныш, бейбіт заман болсын», -деп ақжарма тілегін білдірді. 

«Алланың бұйрығымен Меккеге де бардым, Қағбаны да көрдім. Алла жасымды, бақытымды сендерге де берсін»,- деп қызы Гүлнар Иранқызының сөзін жалғаған Альфия апа, батамды берейін деп, қолын жайды:
Бисмилляхи рахман рахим!
Мен батамды берейін, құлыным.
Үстем болсын мерейің!
Бақ беріп, бәледен сақтап,
Абырой беріп, аман сақтап,
Бақытты боп, малды боп,
Өз теңіңнің алды боп,
Ұлағатты ұл өсіріп,
Қызығы мол қыз өсіріп,
Солардың рахатын көруді
Алла Тағала нәсіп етсін!
Иә, Алла осы егеменді еліміздің
Көк байрағының астында инабатты, ізетті, елімнің ең бір қадірлі, қасиетті, мәнді де сәнді жанұясы бол! Аллаһу акбар! – деп, батасын берді.

Қарт ананың ақ тілегі қабыл болсын!

Басты суретте: Солдан оңға қарай ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі – Ақмарал Құсайынқызы, Альфия Баубекова, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі – Айжан Тұрсынбекқызы Қалиева.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз