Наурыз мейрамы қазақ халқының тарихы тым арыдан келе жатқан ұлттық мерекесі. Оның күнделікті тұрмыс-тіршілікпен тығыз байланыстылығы сонша, мүшел есебі, жыл қайыру, ауа-райы болжамдарының барлығы осы наурыздан басталатын жаңа жылмен межеленіп отырған.

Ғалымдар бұл мерекенің ислам дінін қабылдаудан да бұрын болғандығын айтады. Осындай ұлттық мерекемізден «Кеңес одағының боданы болып тұрған кезде айрылып қалдық». «Ал қазіргі Алаш баласының азат заманында ұлық мереке өз деңгейінде тойланып жатыр ма? Ол қалай тойлануы керек еді?» – деген секілді көкейде жүрген сан сауалдың жауабын іздеп, наурыз мейрамы туралы көптен бері зерттеулер жасап, құнды пікірлерін ортаға салып жүрген мәдениеттанушы Серік Ерғали мырзамен әңгімелескен едік.

Наурыздың қос аспекті

– Жақында ғана сіздің министрге жазған хатыңызды оқыдық. Яғни наурыз мерекесін 14-22 наурыз аралығында тойлауды ортаға қойып отырсыз. Ал наурыз мерекесі ЮНЕСКО тарап халықаралық мереке ретінде 21-22 наурызға тұрақтанды. Біз осы үрдістен шет қалып қоймаймыз ба?

— 2016 жылы Әзербайжан елінің өтінішімен наурыз мерекесі ЮНЕСКО жағынан «Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативті» тізіміне енгізілді. Осылайша ол халықаралық мереке ретінде біртұтас мойындала бастады. Оған дейін де көптеген елдерде бұл мереке ұлттық мейрам ретінде аталып өтілетіндігі белгілі болатын. Қазақ халқының қалыптасқан дәстүрі бойынша Наурыз мейрамының екі аспекті бар. Біреуі 12 жлдық мүшелдік жаңа жыл. Ол 14-нен басталады. Екіншісі 21-22 наурыз күндеріндегі күн мен түннің теңелуі. ЮНЕСКО-ның халықаралық деңгейде мойындап отырған мерекесі ол күн мен түннің теңелуі қарсаңындағы күн. Ол біз үшін жеткіліксіз.

Біз халықаралық ұйымның белгілемесіне, мойындауына өзіміздің дәстүрімізді, мемлекеттік санамызды қарсы қоймаймыз. Алайда оны ұмытуға болмайды. Мемлекет ретінде өзіміз атап өтуіміз керек. 14 наурыздан бастап Иранда, Тәжікстанда, Әзербайжанда, Қарақалпақта наурыз мейрамын тойлау басталады. Қазақстанда 1926 жылы Кеңес өкіметі наурыз мерекесін атап өтуге тиым салғаннан бергі уақытта, халық
ешқашан 14 наурызды атап өтуді тастаған жоқ. Оны мерекелеп келді. Бірақ Кеңес өкіметі оған көп өңірлерде ұмыттырды. Мәшһұр Жүсіп Көпейұлының 20 томдық шығармалар жинағының 8 томында Бұқарада оқып жүргенде 1-8 арасында сегіз күндік
наурыз мерекесіне қатысқандығы айтылады. Бұл Юлиан күнтізбесі бойынша айтылып тұр. Қазіргі Григориан күнтізбесі бойынша ол 14-22 наурызға тура келеді. Сондықтан біз осыны қалпына келтіріп жатырмыз. Күн мен түннің теңелуін қуатын болсақ ол күзде де теңелетіндігін ұмытпауымыз керек. Ол жай ғана мейрам емес. Сондықтан халықаралық үрдістен шет қаламыз деуге келмейді. Бұған қарсы ЮНЕСКО бізге тиым да сала алмайды. Біз өзіміздің дәстүрімізді, болмысымызды, танымымызды біреудің сырттан жасаған диктатына қарай өзгерте алмаймыз. Онсызда Кеңес өкіметі бізді шетқақпай қылды.

Ұлы іс – ұлы бастама

– Наурызды тойлайтын халықтардың көбінің өзіндік дәстүрлері бар. Осы жағында қазақтар қандай дәстүрді ұстанғаны жөн деп ойлайсыз? Яғни мерекенің мазмұнын байыту туралы ойларыңызды айта кетсеңіз.

– Бізде «Ұлыстың ұлы күні» деген сөз бар. Ұлыс – мемлекет деген сөз. Мемлекеттің оң – терісі болмайды. Бұл жерде «ұлы іс» деген тіркес қосылып «ұлыс» болып айтылып тұр. Яғни біздің халқымыз наурызды ұлы іске балаған. Олай дейтініміз көкте болып жатқан құбылыстар, планеталар шеруі, олардың өзгерісі, олардың жерге деген ықпалынан бүкіл өмір өзгереді. Өмір жаңарады. Міне осыны «ұлы іс» деп атаған.

Қазақтардың наурызға қатысты дәстүрлі атрибуттары өте көп. Мен зерттей келе көп жағынан шатасып кеткенімізді байқадым. Мысалы Алтыбақанды айтайық. Оны кеңестік этнография бізге «ойын» деп ұғындырды. Ойын болса оның өзіне тән ережесі болуы керк. Ал алтыбақанда ешқандай ереже жоқ. Күн батарда құрылады. Таң атқанша тебіледі. Бір жағына ержеткен, бір жағына бойжеткен тұрады. Айналасында жастар жүреді. Бұл нені білдіреді? Бұл дегеніңіз күн мен түннің тербелісі, үйлесімі. Яғни түнді жарықтың пайдасына шешу. Келесі бір айта кететінміз «Бастаңғы». Жиналған этнографиялық және тарихи деректерге қарағанда, советтік этнография ғылымы қалыптастырған кейбір ұғымдарда басқаша мазмұны болғанын аңғаруға тиіспіз. Сол кеңес ғылымы қалыптастырған анықтама бойынша: бастаңғы — қазақ жастарының дәстүрлі сауықтарының бірі; «Үйдің үлкендері жолаушылап кеткенде ауылдың қыз-келіншектері сол үйге жиналып, бастаңғы жасалады», делінеді. Шын мәнінде бастаңғы сөзінің өзі «бас таң» деген тіркестен туындап тұр. Ал жылдың бас таңы жыл басында ғана болады. Бұл бас таңды сақтар 360 бозбалаға қызыл мауыты кигізіп қарсы алса, ғұндар таң атып келе жатқанда 9 күй тартқызған.

Ал Ақселеу Сейдімбек өзінің «Қазақ әлемі» кітабында таңды ұйықтамай қарсы алатыны, таң ата бастағанда асау тайыншаға неше түрлі даңғырлақ нәрселерді байлап оны үркітіп қарсы алатындарын жазыпты. Яғни бас таңды қарсы алуға екі басты әрекет: бірі – ұйықтамай қарсы алу; екіншісі таң ата бастағанда әлдебір ерекше әрекет істеп, қызыл бояумен – қызыл мауыты киген балалармен, ән-күймен – 9 күймен болмаса түрлі дыбыс шығарып, азан-қазан етіп дүниені оятып қарсы алу.

Бұдан басқа түні бойы қариялар «Белкөтерер» деп аталған дастархан басында, жігіттер мен ер кісілер «Селтеткізер» аталған сыйлық әзірлеп сүйген жарларына дайындаса, қыз-келіншек жағы «Ұйқыашар» аталған арнайы дәммен дастархан жасап, жігіттерді қарсы алған. Ересектерде осылай оңаша отырыс кейін жыл бойы орын алса, оны сол дағдымен «бастаңғы» атап кеткен. Бұл 4 ғасырларда ғұндармен бірге Еуропа жұртына таралған. Сонан барып еуропалықтар «сюрприз» дегенді шығарды. Жаңа жыл Иса пайғамбардың туған күнімен байланысты пайда болды. Ал «ио, иолка» деген шырша ағашын әспеттеу, оның бойына жеміс-жидектер ілу, оны безендіру дегендер де ғұндармен бірге Еуропаға барған. Орыстарға бұл біздің «иол-жол» деген сөзімізбен кірді. Жер мен көктің арасын жалғайтын тілектің жолы деген мағынада. Мұндайды айта
берсек өте көп.

Біздің қазақтың көп нәрсесі наурызға байланысты екен. Мысалы – айтысты алайық. Айтыстың әуелгі нұсқалары жаз бен қыстың айтысы, өлі мен тірінің айтысы дегендерден басталған. Айтыс қайшылық дегенді білдірімейді, ол – диалог. Бұл да жоралғының бір түрі. Кейін келе өнерге айналып кетті. Осындай көп жоралғыларды қалпына келтіруге әрекеттеніп жатырмыз. Оның барлығы қысқа уақыттың ішінде жүзеге аса қоюы екіталай. Мысалы күнтізбелік жаңа жылдағы «аяз ата» дегенге «ақша қар» кейін келе қосылды. Орыстарда бұл туралы ешқандай аңыз да миф те кездеспейді. Ал иолка Сібір халықтарында күні кешеге дейін келген. Күнтізбелік жаңа жыл Рождествоның аржағында ежелгі түркілердің «нар туған» мерекесі тұр. Ол бойынша қыстың ең соңғы күні өледі де, үш күннен кейін қайта туады деген ұғым болған. Біздің халық мәңгілікті өліп-тірілу, яғни жаңару деп түсінеген. Міне, көрдіңіз бе? Күн 22-де өліп, 25-де қайта туады деген. Парсылардың «нау руыз» деген осы «нар туғаннан» шығып жүр.

Көрісудің 5000 жылдық тарихы

Өкінішке қарай біздің халқымыз, ресми орындарымыз қазақы жаңа жылды мойындай алмай отыр. Оған дайын емес. Сөйтіп «көрісу күні», «амал күні» деп былықтырып отырмыз. Амал – қазақ күнтізбесінің термині. Оның наурызға қатысы шамалы. Негізінен
парсыша «қамал» деп аталған. Ол орта азиялық жұлдызшылар арқылы бізге келген. Бірақ сол қамал сөзінің ар жағында түркілік «қа-мал» деген сөз тұрғандай. Мен көрісудің 5000 жылдық тарихын таптым. Алматының солтүстік-батысындағы 170 шақырым жердегі Аңырақай жотасындағы жартаста қашалған ежелгі бітік-суреттер ғалымдардың зерттеуі бойынша шамамен 5000 жыл бұрын қашалған. Онда жер бетілік мақұлықтардан бірнеше есе ірі екі кейпі бейнеленіпті: оң жағында күн дидарлы тұлға бері қарап тұр, бұл «Тәңір» аталып жүрген жарқын күш болса керек, оның сол жағында әрі қарап, түн дидарлы – Іңір (іңір – бұл қазақтарда күн батқаннан кейінгі кеш түскен уақытты білдіретін ұғым түрінде қалған); олардың ортасында сағат тіліне қарсы бағыт бойынша Сиыр жылының төрт маусымы бейнеленген: жаңа туған бұзау, оның үстін ала баспақ жайылып тұр, ал оның сол жағында семіз де мүйізі қарағайдай ірі бұқа Тәңірге қарап тұр да, оның астын ала мүйізі түскен, ауру да көтерем сиыр тәлтіректеп тұр. Бұл сәйкес түрде бейнеленген жылдың төрт мезгілі – көктем, жаз, күз және қыс. Бұлардың бәрінің астында түрлі айуан бейнесіндегі он екі адам билеп жүр. Он екі бейне мүшелдік, бәлкім он екі ай бейнесі немесе 12 шоқжұлдыз болуы ықтимал. Бұл – ежелгі наурыз мерекесінің рәсімі, жоралғысы! Бұл сиыр жылының Наурызын мейрамдау көрінісі! Бұл петроглиф – Күн мен түннің теңесу сәтімен бірге мүшелдік Жыл басын суреттеп тұр.

Бұған дейін парсыға теңеліп келген Наурыз мейрамы бірнеше мыңжылдыққа тартатын мына тас куәлігі арқылы жалпыадамзаттық құндылық екенін сөзсіз аңғартады. Бұған қоса түркі халықтарының танымы мен этнографиялық түсінігіне толығымен сәйкесіп тұрғаны және бар. Яғни наурыз жалпы адамзатқа тән!

ҚР Президенті Қ.Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында көктем мерекесі – Наурыз мейрамының мазмұнын байыта түсетін тұжырымдама жасауды ұсынды.

– Ел арасында Наурыз мерекесі және оның айналсындағы жоралғылар туралы түрлі пікірлер бір арнаға тоғыспай келе жатыр. Мысалы Жетісудың шығысындағы ағайындар ақпанның басында «Тілеу көже» береді, батыста 14 наурызда «Амал күні» (Қамал) аталады. Сіз бұл туралы ғылыми деректерді келтіріп мақалалар жаздыңыз. Осы құнды пікірлерді халық санасына орнықтыруға не кедергі болып тұр?

– Наурыз көже жайында әртүрлі болжамдар бар. Қазақ халқы жылды төрт маусымға бөлген. Ол төрт стихияны білддіреді. Көктемде – су, жазда – от, күзде – топырақ, қыста –ауа. Міне осы танымға байланысты көктемде барлық дүние суға айналады. Барлығы араласады. Аласапыран болады. Осы негізде жеті түрлі дәмнің басын қосып жасалатын наурыз көже пайда болған. Бұл қазақ даласының әрбір аймағында әртүрлі аталады. Бір жерде «тілеу көже», бір жерде «көп көже» деп те аталады. Алайда мазмұны бір. Біздің кейбір зерттеушілеріміз наурыз мерекесін «уыз мерекесі, жаңа туған төлдің мерекесі» деген көзқарасты ортаға қойып жүр. Оны бұлайша құбылта бергеннен гөрі, жалпы мазмұнын сақтай отырып негізгі мерекеге айналдыруымыз керек. Жалпы наурыз жеті дәмнің, жеті өңнің тоғысатын мерекесі. Осыған орай өзіміздің жасаған тұжырымдамамызда 14-22-не дейінгі аралықтағы жеті күнді жеті түрлі атаумен атап, онда атқарылар жоралғыларды ретімен жасаған едік.

Тойланатын 9 күннің атауы

14 наурыз – «Шуақ күні» яғни мүшелдік жыл басы. Бұл күн – мүшелдік жаңа жылдың кіретін күні. Жұлдыздық күнтізбе бойынша, Күннің Тоқты шоқжұлдызына таяп келуінен жыл маусымы ауысады. «ҚАМАЛ» – тоқты шоқжұлдызының маңдайы дегенді білдірген. Қазақы мүшелдік жылдың алғашқы күні, 90 күн қыс мезгілі шығып, тоң кетеді. Тоңның орнын шуақ басатын күн. Қазақтың танымы бойынша бұл күн – көктемнің алғашқы күні. Бұл күннің негізгі ғұрпы – көрісу. Бұл күні жұрт бір-бірін ұлыстың алғашқы күнімен құттықтап, төс қағыстырып сәлемдесіп, көрісу рәсімін жасайды.

15 наурыз – «Алас күні». Бұл күн негізінен рухани және тәндік/физикалық тазару күні болып саналады. Бұқаралық деңгейде бұл күні адамдар үй-жайын, мекемелер кеңселерін тазартады. Алаңдарды сыпырып, қардан тазалап, бұлақтың көзін ашады. Адамдар ескі-құсқыдан құтылады. Қоқыстан тазарады. Реніштерін кешіріп, бір-бірін рухани жаңаруға шақырады.

16 наурыз – «Жайнау күні». Бұл күн айналаны толық көріктендіруге арналады. Әрбір отбасы мен мекемелер үйлерді, орынжайларды безендіреді. Наурыздың басты атрибуты жолтерек, алтыбақан үйге, алаңға, көшеге не аулаға орнатылады. Жолтерек (ежелгі түркілік «йол» – «жол» ұғымын білдіреді) – қазақ халқының танымы бойынша көк аспан мен жердің арасын байланыстырушы рухани мифологиялық жол. Таным бойынша бұл жолмен адамның тілегі Көкке жететін көрінеді. Аңызда оның басқаша атауы – бәйтерек. Төрге құрақ көрпе, алаша, сырмақ, текемет жайылады, кілем төселеді.

17 наурыз – «Шаттық күні». Бұл күні барлық жерде жарқын көңіл көтерерлік шаралар мен науқандар, концерттер өткізіледі. Басты шара күлдіргі, әзіл шараларына молынан жол беріледі. Әркім 7 адамды қуантуы тиіс деген насихат жүргізіледі.

18 наурыз – «Береке күні». Бұл күні ауылдар мен кенттерде, қалалардың алаңдары мен саябақтарында тегін көже ішкізу, бауырсақ тарату қолға алынады. Көже – молшылықтың, бауырсақ – бірлік пен бауырластықтың белгісі. Әр үй 7 адамға наурыз көже ішкізуі тиіс. Қазақ ас мәзіріндегі көптеген тағам түрлері әзірленеді. Ал, этнографтардың айтуынша, қазақта тағамның 200-ден аса түрі болған. Ұмыт бола бастаған, кең таралмаған тағамдарды жасаудың әдістері үйретіледі.

19 наурыз – «Тағзым күні». Бұл күн екі дүниенің бір-біріне құрметтесуі, Рухани әлемге құрмет күні. Қайырым мен мейірім көрсету күні. Арнайы Құран оқу, еске алу рәсімі жасалып, халықтың амандығын тілейді. Алаңдарда жаппай шелпек тарату, шелпек пісірудің түрлері мен рецептері дәріптеледі. Бұл күні жасы кішілер үлкендерге сәлем бере барып, ақсақалдардың батасын алады.

20 наурыз – «Өркен күні». Өсу, өну, өркендеу, молаюдың басы болып саналады. Бұл күні адамдар үйлеріне, ауласына, тез көктейтін дақыл, гүл, ағаш өскіндетеді немесе егеді. Ата-әжелер немере-шөберелеріне сыйлық таратады. Ата-аналар балаларына жолдық сыйлайды, депозит ашады. Жолдық – наурызда берілетін сыйлық. Ұлға бәсіре, қызға жасау атау дәстүрі насихатталады.

21 наурыз – «Ұлы күн». Күн мен түннің теңесер күн, ақ пен қараның үйлескен күні. Ғарыштық тепе-теңдік сәті. Бала-шағамен тәулік бойы мерекелеп, шаралар өткізіледі. Наурыздама ұлттық спортқа арналады.

22 наурыз – «Бастаңғы күні». Қазақ халқының дәстүрінде таңды қарсы алу «Бастаңғы» ғұрпымен жүзеге асқан. Бұл күні жұрт ұйықтамастан таңғы сағат 7:00-де Бас таңды қарсы алады. Таңмен таласа барлығы күн шапағын қарсы алатын 10 сағаттық «Бастаңғы» таңды қарсы алу шарасы өткізіледі. Жұрттың бәрі таңды қарсы алуға арнайы киім әзірлейді, костюм киеді. Ерте тұрып таңды қарсы алып, Жаратқанға
құрмет көрсетеді. Ақ пен жарық мол болсын деп бір-бірін құттықтайды. Осы сәтте, Қазақстан Республикасының Президенті құттықтау сөз сөйлейді. Президенттің құттықтауы телеарналардан, интернет кеңістікте беріледі. Қазақстан Республикасының Президенті Халықтық мейрамда Отандастармен бірге болуы, оларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, мерекенің өз жөн-жоралғысымен құттықтауы – бұл халықтың бірлігін одан
әрі арттыруына септігін тигізеді. Жалпыхалықтық тойлау жиындары Қыдыр атаның келіп, ізгі тілек айтып, ақ батасын беруімен басталуы керек.

– Наурыз туралы Елбасының да Президентіміз Қ.Тоқаевтің да жақсы нұсқаулары бар. Алайда «Амал күні» мен «21 наурыз» екеуін бөліп қарастыру етек алып бара жатқандай. Осы жағын қалай ретке келтіру керек деп ойласыз?
– Осы арада айта кететінім – біздің батыстағы кейбір ағайындарымыздың шатасып жүргенінің де өзіндік себептері бар. Бұл аймақтарда 14 наурыз үзілмей тойланып келді. Ал 1988 жылы Колбиннің мақұлдауымен, ресми мереке 21-22 наурызға белкітілді. Осыдан келіп шатасу пайда болды. Батыстағы халық наурызды тойлауды 14-нен бастайды. Ал ресми мереке 21-22-не бекітілген. Сосын барып бүкіл елде «наурыз мерекесі 21-22 күндерінде келеді» деген ұғым қалыптасып қалды. Шын мәнінде ол 14 наурыз күні еді. Осыдан келіп журналистер сұрайды «бұл қандай мереке?» – деп. Олар
наурыз деп айта алмайды. Себебеі ресми мереке 21-22-не көшіп кетті. Осылайша «амал мерекесі», «көрісу күні» деді. «Көрісу» мереке емес, ғұрып болады. Жаңа жылды осылай қарсы алады деп бірін-бірі құттықтаған түрі. Жалпы құттықтау бұрын да «көрісу» болып есептелген. «Көрісу» тек наурызда ғана емес, жазда 22 маусымда келетін «сабатой» деген болған. Сол кезде де адамдар көріскен. Мұны сахалар «сах, ұлыңқы» деген атаулармен өздерінің жаңа жылы ретінде атап өтеді. Біз де сол «сабатойды» қалпына келтіруіміз керек. Оның тұжырымдамасы дайын.

Мен біраз жылдан бері наурыз мерекесі жайлы зерттеп келе жатырмын. Наурыз туралы 2009 жылы алғаш рет тұжырымдама жасадым. Биыл 12 жыл болады. 2012 жылы наурызға қатысты зерттеулерден жинақталған «Нау мен Ырыс» деген кітабым шықты. 2012-2015 жалдар аралығында ОҚО-да, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың жетекшілігімен қатарынан үш жыл «Наурыз фестивалі» жоғары деңгейде өтті. Осылайша бұл тұжырымдамадағы жобалар оңтүстік жұртына сіңісті болды. Елбасы Н.Ә. Назарбаев 2015 жылы Наурыз мерекесіне қатысып ризашылығын білдірді.

Қазір «Рухани жаңғыру» орталығымен бірлесіп, менің жасаған тұжырымдамам негізінде Үкіметке жоба ұсынып жатырмыз. Бұйыртса қабылданады деп ойлаймын. Бұл жерде әртүрлі көзқарас бар. Біреулер «3 күндік мереке жасайық» деген ұсынысты ортаға қойып жүр. 3 күнге ешқандай наурыз мерекесі сыймайды. Жаңа жылымыз 14-не кіретін болса, 22 наурыз – күн мен түннің теңелген күні. Бұлардың арасындағы 6 күнді қайда тастаймыз? Және де бұларды мерекелеу үшін демалыстың барлығын қаптатып керегі жоқ. 14 наурыз бен 21-22 наурызды демалыс күні ету керек. Басқа күндері кәдімгідей кете береді. Ондағы шаралар екі топқа бөлінеді.

Жалпы азаматтардың өздерінің отбасында, ағайын-туыстың ортасында өткізетін мерекелік шаралары мен ресми мекемелердің ұйымдастыратын шаралары. Осы жерде ерекше ескерте кететіні – кейбір Ұлттық компаниялар мен ЖОО-лар наурыз мерекесін сәуір, мамыр айларында өткізіп мазақ етіп жүр. Бұл мемлекеттік мерекелер туралы заңды бұзу болып табылады. Оған заңмен тыйым салуымыз керек. Мысалы қандай қақаған аяз болса да күнтізбелік жаңа жыл 1 қаңтарда ғана өткізіледі ғой. Ол басқа күндері аталмайды. Наурыз да сол секілді.

– Уақыт бөліп, құнды пікірлер айтқаныңыз үшін рақмет!

Сұхбаттасқан – Ерқазы СЕЙТҚАЛИ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз