– Ассалаумағалейкум, Қазеке! «Qazaqstan dauiri» газеті ұжымы атынан жаңа қызметіңізбен құттықтаймыз!

– Рахмет, Алла жар болсын! Халық қолдауының арқасында мандатқа ие болып отырған соң, халық аманатын орындау басты парызымыз.

– Көпті қызықтыратын бірінші сұрақтан бастайын: депутат болған қалай екен? Өзіңізді қалай сезініп жүрсіз? Еркіндікті сүйетін, «ноқтаға басы сыймайтын» азаматтың «тордағы сұңқардай» кепке түсіп қалуы мүмкін бе?

– Әрине, Парламент Мәжілісі депутаты жоғары мемлекеттік қызмет болғандықтан өз ерекшеліктері бар. Менің еңбек тәлімім 37 жыл екен. Соның алғашқы 7 жылы мектепте мұғалім болғандықтан белгілі уақытпен жүріп-тұру екені белгілі. Ал қалған 30 жылы өз еркім өзімдегі, уақытқа тәуелсіз еркін қызметтер екен. Яғни, сен айтқандай еркіндікті сүйетін, «ноқтаға басы сыймайтын» азаматтың «тордағы сұңқардай» кепке түсіп қалуы деп осы депутаттық қызметтегі белгілі уақыттар жүйесімен жүруді айтпаса болады.

ТІЛ БАСҚАРМАСЫНА БАҚЫЛАУ ФУНКЦИЯСЫН ҚАЙТАРУ КЕРЕК

– Сізді жұрт бұған дейін ақын, тіл жанашыры, журналист деп танып келді. Енді депутаттық қырыңыздан өзіңізді қалай көрсетіп жүрсіз? Өткір тіл мұқалып, жарқ-жұрқ еткен айбалта – сынның жүзі майырылып қалған жоқ па?

– Депутаттық қырыма келсем, күнделікті сайлаушылар талабын қарап, тиісті мемлекеттік органдарға жауап беруге жіберіп жатамыз. Олардың көбісі оң шешілуде. Парламенттің алғашқы жұмыс күні-ақ 18 қаңтарда жаңа үкімет мүшелерін тағайындау талқылауында бір вице-премьер мен 5 министрге ел көкейіндегі сұрақтарды қойып, олардың жауаптарын алдым. Бұл мәселелер баспасөзде жазылды. Жалпы, негізі 4-5 заң жобасының жұмыс тобы мүшесі ретінде Парламент жұмысына өз үлесімді қосуға құлшынысым бар. Оның ішінде Парламент Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетіндегі «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы бірінші оқылымда мақұлданды.

Бұл заң жобасы нағыз менің тақырыбым десем де болады. Сондықтан ол заң жобасына белсене араласудамын. Жұмыс тобы мүшелері, біз 40-қа жуық ұсыныстар жасадық. Ол енді екінші оқылымда қаралады.

Қазір мысалы, басқасын айтпағанда, күнделікті дүкендерде тауар бағаларының қазақ тілінде жазылмауы көп дау тудыруда. Бұл мәселені бұрын жергілікті әкімдіктердің тілдер басқармасы бақылайтын. Бұл бақылаушылық функция 2013 жылы енгізіліп, «екі
жылда ешқандай шағым түспеген» деген сылтаумен 2015 жылдан бері Кәсіпкерлік кодексінен алынып тасталған. Ал 2018 жылдың алты айы ішінде елімізде жарнама мәтіндерін заңнама талаптарын бұза отырып, рәсімдеудің 13 мыңдай фактісі анықталған. Соңғы жылдары көрнекі ақпараттың дұрыс рәсімделмеуіне қатысты азаматтардың уәкілетті және жергілікті атқарушы органдарға өтініштерінің саны өсуде. Айталық, 2018 жылы – 12 886 өтініш, 2019 жылы – 12 900, 2020 жылы – 1050 өтініш (карантин кезеңіне байланысты азаюы).

Жиі заң бұзушылықтардың арасында мыналарды бөліп алуға болады:

1) көрнекі ақпаратты тек бір тілде, әдетте, орыс тілінде орналастыру;

2) көрнекі ақпарат мәтіндері аудармасының мағынасы, мазмұны бойынша сәйкес
келмеуі.

  Сурет: jasqazaq.kz

Бұлар әлеуметтік желілерде мазаққа айналып, халықтың ашу-ызасын туғызуда. Мысалы: Еркек қорқақтар/Мужские трусы (дұрысы: еркектер іш киімі); Темекі тауық/ Цыпленок табака (дұрысы: тауық балапаны); Баспасөз үшін сарымсақ /Пресс для чеснока (дұрысы: сарымсақ ұсақтағыш), Төмен бағалармен қасиет техникасы/ Качественная техника по низким ценам/ (дұрысы: төмен бағадағы сапалы техника); Еркек киімнің салоны/ Салон мужской одежды (дұрысы: ер киімдер салоны); Тілек қосуға болады /По желанию (дұрысы: қалауы бойынша); Салмакка киім/ Одежда на вес (дұрысы: өлшеулі киім); Сапалы әйелдер және еркектер іш киімі/Качественное женское, мужское нижнее белье: (дұрысы: әйелдер мен еркектердің сапалы іш киімі), және тб.

3) орфографиялық қателердің болуы. Мысалы: ашык, дукен, коше, уй, уялы телефон, томен багамен, токыма бүйымдары және тб.

Мұндай сорақы фактілерді азаматтар Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабында бекітілген өз құқықтарына нұқсан келтіреді деп санайды. Бұл қоғам тарапынан мемлекеттік тілге деген құрметтің төмендеуіне алып келеді. Осыған байланысты деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру бөлігінде Қазақстан Республикасының тіл туралы заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды көздеу және оны жүргізу жөніндегі құзыретті жергілікті атқару органдарына (ЖАО) беру қажет. Бұл деректемелер мен көрнекі ақпаратты орналастыру жөніндегі талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылықты көздейтін Қазақстан Республикасының Әкімшілік
құқық бұзушылық туралы кодексінің 75-бабының әлеуетін пайдалануға мүмкіндік береді.

КОМПАНИЯ МЕМЛЕКЕТТІҢ ЖҰМЫС ТОБЫН КІРГІЗБЕЙ ҚОЙДЫ

– Кешіріңіз, сөзіңізді бөлейін, басқа – басқа, ел аңғара бермейтін заңнамалық қателіктер туралы тарқатып айттыңыз. Жалпы тіл басқармасы заңнамалық қателіктерді бақылауға алып, тілдік қолданысты қадағалып отыруы керек емес пе?

– Қазір жергілікті атқару органдарының, яғни әкімдіктердің Тілдер басқармалары бұл заңнамалық қателіктерді бақылай алмайды. Ондай құзіретті жоғарыда айтқанымыздай, 2015 жылы Кәсіпкерлік кодекстен алып тастаған. Енді сол тіл басқармаларына бұрынғы бақылау функциясын қайтармасақ, жағдай қиындап келеді күннен күнге. Заңды қадағалау орындарынан қайыр болмағасын Мемлекеттік тілдің көпшілік орындарда қолданылуын талап етуді халық өз қолына алуда. Астанамыз Нұр-Сұлтан қаласында да, Алматыда да, Павлодар, Өскемен т.б. қалаларда дүкендерде бағаның мемлекеттік тілде жазылмауы және сол дүкендер мен емханаларда, жолаушылар көліктерінде Қазақ мемлекетінің мемлекеттік тілі қолданылмауына байланысты наразылықтар әлеуметтік желілерде көбейіп тұр. Павлодарда Руза Бейсенбайтегі, Өскеменде Жұлдызай Форт. Нұр-Сұлтанда Жасұлан Иса, Оғыз Доған, Мұқағали Балқыбай және т.б., Алматыда Қуат Ахмет, Садық Жанықұл, Жанар Жахат секілді тіл қорғандарының қайрат-қарекеттері «Қазақ үні» ұлттық порталы бастаған көптеген сайттарда да жиі жазылуда.

Алматыдағы Гранд Парк сауда орталығы тіпті Алматы қаласы әкімінің тапсырмасымен құрылған Мемлекеттік тілдің қолданылуын қадағалау мониторингтік жұмыс тобының өзін кіргізбей, бір сағаттан аса шу болғаны туралы видео барлық жерде тарап кетті. Ал бұл жұмыс тобы құрамында аудан әкімі орынбасарларымен бірге Алматы қаласы Ішкі істер департаменті басқарма басшысы да, қалалық прокуратура басқармасы басшысы орынбасары да бар. Ендеше мұндай құрамдағы комиссияның жағдайы осындай болғанда, мемлекеттік тілді талап еткен жекелеген тіл жанашырларының жағдайы тіпті қиын екенін, сондықтан да дау басылмай тұрғанын біле беріңіздер. Біз бұл оқиғаны Ұлттық Кеңестегі кездесуде Ішкі істер министрі Е.Тұрғынбаевқа да, депутаттармен кездесуде Алматы қаласы әкімі Б.Сағынтаевқа да айттық. Айта кету керек, Алматы қаласы әкімдігінде құрылған Мемлекеттік тілдің қолданылуын қадағалау мониторингтік
жұмыс тобы еліміздегі барлық әкімдіктер тарихындағы тұңғыш әкімдіктің тілге байланысты шара қабылдауы екен. Осыдан-ақ Тіл басқармаларының өздерінің аз да болса бақылаушылық функцияларынан неге айрылып қалғандарын біле беруге болады…

Көп жерде осындай заңды талапты орындамай, дау тудыруға себепкер болған дүкен иелері өздерінің кінәсін білмей, бірден полиция шақырады. Ал жетіп келген біздің полиция тұтынушының талабы заңды екенін өздері де білмей, сатушыға қосылып «Бізде – екі тіл» деп жалған айтып, тұтынушыны полиция бөлімшесіне сүйрей жөнеледі. Орыс тілі біздегі тіл заңы мен Конституция бойынша тек «Мемлекеттік мекеме мен жергілікті басқару органдарында ресми тіл ретінде қолданылады. Ал дүкендер мен жеке емханалар, жолаушылар көліктері мемлекеттік мекеме емес, сондықтан оларда тек Мемлекеттік тіл ғана қолданылуы керек екенін түсіндіріп бере алатын деңгейге біздің полиция да, жекеменшік кәсіпорындар мен мекемелер басшылары да жеткен жоқ. Ал Тіл басқармалары қолдарындағы ондай бақылаушылық құзіреттен айрылып қалған.

Сондықтан да мұндай заңдылықтың бұзылуына байланысты даулы істердің ішінде жүргендіктен, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасының 1 ақпандағы бірінші отырысында бірден Кәсіпкерлік Кодексіне Тілдер басқармасының 6 жыл бұрын айрылып қалған кәсіпорындарды бақылау функциясын қайтаруды ұсындым. Бірден қолдап, қостаған заң жобасы жетекшісі, ұлтшыл қайраткер Берік Әбдіғалиұлына көп рахмет! Заң жобасына өзгерістер мен толықтыруларға бұл ұсынысымызды бірінші етіп қосыпты. Сонымен қатар жұмыс тобына қатысып отырған министрлік өкілдеріне қарата: «Елімізде тіліміз осылай күлкіге айналып келеді. Бұл қателікті түзеуіміз керек! Бұл ең алдымен Ұлттық намыс мәселесі» – деп мәлімдеді.

Қолдау жасаған депутаттар Жанарбек Әшімжанұлы, Мақпал Тәжмағамбетова, Тілектес Адамбеков, Қазақстан Халқы Ассамблеясынан сайланған дүнген ұлтының өкілі Ілияс Буларовтарға ризашылығымды білдіремін. 

Бұл жаңадан қосылар бап жұмыс тобына қатысып отырған министрліктер мен мемлекеттік органдары және «Атамекен» ұлттық палатасы өкілдерінің сұрауымен Үкімет қорытындысын алу үшін жіберілді. Үкімет оңды қорытынды беріп, үшінші отырыста бұл ел күтіп отырған маңызды бап Кәсіпкерлік Кодексіне қайта қосылады деп сенеміз.

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ МӘРТЕБЕСІ ЖАЙЛЫ ЕКІ САУАЛ ЖОЛДАДЫМ

Тағы бір дау тудырған бап «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» 2016 жылғы 7 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу болды. Заңға «ақпаратты қазақ және орыс тілдерінде» беру деген сөздермен толықтырылсын; «Осы бапқа сәйкес берілуге жататын ақпарат «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасы Заңының талаптарына сәйкес жазылады» деген баптар ұсынылды. Депутат К.И.Мұсырманның негіздемесі бойынша «Іс жүзінде көптеген жағдайларда уәкілетті компаниялар ақпаратты тек орыс тілінде ұсынады. Ақпарат қазақ тілінде берілген жағдайда, ақпарат орыс тіліндегі мәтіннің көлемі, сапасы және теңтүпнұсқалығы бойынша сәйкес келмейді. Осыған байланысты, «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» ҚР Заңының нормаларын «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» ҚР Заңының талаптарына сәйкес келтіру қажет.

Бұл өзгеріске Әділет министрлігі өкілі Диас Шәріпбай өз қарсылығын білдіріп, Тұрғын үй құрылысына қатысты құжаттардың көлемі үлкен болатындықтан, кәсіпкерлерге қиындық тудыратынын алға тартты. Бұған депутат Берік Әбдіғалиұлы: «Қазір елімізде миллионнан астам қандастарымыз бар. Олар орыс тілін түсінбейді де, кейде орны толмас өкінішке, үлкен шығындарға ұрынып жатады. Ал құжаттар мен келісім-шарттар қазақ тілінде де болса олар оқи алады да, көздері жетіп, түсініп барып қол қояды», – деп қарсы болды.

Біз де өз қарсылығымызды білдірдік: «Мен Әділет министрлігі өкілі Диас Шәріпбай мырзаның кімдердің мүддесін қорғап отырғанын түсінбедім. Тұрғын үй ұсынатын кәсіпкерлер екі тілде құжат жасауға қиналады деп, біз қалың халықтың мүддесін аттап кетеміз бе сонда? Жаңа депутат Берік Әбдіғалиұлы айтқандай, орыс тілін түсінбейтін миллиондаған қандастарымыз бар, өзіміздегі миллионнан аса ауылдықтар бар, олар сіз мүддесін қорғап отырғандардан бірнеше есе көп. Ендеше біз көпшіліктің мүддесін қорғауымыз керек емес пе? Егер екі тілде құжат жасауға қиналатын болсаңдар онда бір ғана тілде – мемлекеттік тілде жасайық!» – деп тосқауыл қойдық.

Диас Шәріпбай мырза бұдан соң өзінің бұл бапқа қарсы еместігін білдірді. Бірақ Үкімет өкілі Әсима ханымның сұрауымен бұл бап та Үкімет қорытындысын күтуге тура келетін болды…

Бұл туралы мен өткен жұмада Ұлттық арнаның «Ашық Алаңның» «Қазақшаң қалай, жарнама?» хабарында да толық айттым.

Екі депутаттық сауал жолдадым. Бірі – Мемлекеттік тіл мәртебесін жеке дара анықтайтын уақыт жетті» атты ҚР Премьер-Министрі А. Маминге, екіншісі «Алаш қайраткерлерін ұмыт қалдыру – саяси әділетсіздік» атты вице-премьер Е.Тоғжановқа жасалған депутаттық сауал. Ол екі депутаттық сауал да барлық дерлік БАҚ-та жарияланып, әлеуметтік желіде резонанс туғызып, қатты талқыланды.

6 ЖЫЛДА ЕКІ АДАМ ҒАНА ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ БЛАНК ТАЛАП ЕТКЕН

– Қалай десек те Парламент Мәжілісі заң шығарушы құзырлы орган. Бірақ елдің бетке ұстар биік мінберінен халықтың сөзін айтады дейтін депутаттар неге ресми тілге жүгінуге құмар? Неге? Әлде бұл халықтың емес, партиялық сайлаудың салдары ма? Бұған көзқарасыңызды ашып айтсаңыз?

– Алдымен «бұл халықтың емес, партиялық сайлаудың салдары ма?» деген сұраққа келейік. Парламент Мәжілісі депутаттарын республика халқы сайлайды. Ел халқы сайлайтын екі-ақ лауазым бар бізде. Оның біріншісі – Президент сайлауы, екіншісі Парламент Мәжілісі сайлауы. Ал бізде 2007 жылдан бастап сайлаудың пропорционалды жүйесі бойынша сайланады. Яғни халық мажоритарлы жүйедегі сайлаудағыдай жеке үміткер адамға емес, партияға дауыс береді. Сайлау қорытындысы бойынша 7 пайыз жинаған партия өз арасындағы іріктеуде мандат иелерін анықтайды.

Биылдан, 2021 жылдан бастап, жергілікті мәслихаттар депутаттары да пропорционалдық сайлау жүйесіне өтіп, партиялық тізіммен сайланды. Қазақстанның демографиялық-географиялық жағдайында бізге осы партиялық тізіммен сайлау тиімді болып тұр.

Ал негізгі сұрағың – мемлекеттік тіл мәселесіне келер болсақ, бұл қазір өте өткір де, өзекті мәселе болып тұр. Сондықтан да жоғарыда депутаттық сауалымда айтқандай, Мемлекеттік тілді міндеттеу туралы заң қабылдамай, бұл мәселе ешқашан шешілмейді. Қазіргі заңның бұл мәселені шешетін қауқары жоқ.

Қазақстан Президенті болып сайланғанда «Ең бастысы – Қазақ тілі» деп мәлімдеген Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Халқына жасаған алғашқы жолдауында:

«Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек» деп атап көрсеткені, еліміздің үмітін оятты. Биыл 5 қаңтарда «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Мемлекеттік тілді білу – Қазақстанның әрбір азаматының міндеті» деп нақты атап көрсетіп берді. Ал 2018 жылы Елбасы: «Парламент пен Үкіметтің жұмысы тек мемлекеттік тілде жүргізілуі тиіс» деп, нақты тапсырма берді.

Бірақ іс оңалды ма? Өзің айтқандай депутаттар да, министрлер де мемлекеттік тілімізді аттап өтіп, Ресей тілінде сөйлеуде. Мемлекеттің министрлері мен депутаттары бастап, мемлекеттік қызметкерлері Мемлекеттік тілде сөйлемейтін Қазақстаннан басқа елді әлемнен тауып бере аласыз ба?

Енді Елбасы да, Мемлекет басшысы да тапсырған мемлекеттік тілдің өз атына сай болу талабын кейінге қалдыруға болмайды. Өйткені қазіргі кезде 1989 жылғы қазақтың саны 39 % кезінде қабылданған алғашқы Тілдер туралы заңнан бері демографиялық өсіміміз екі есеге өсті, қоғам да мемлекеттік тілдің барлық салада қолданылуын талап етуде, уақыты да келді. Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесін мен ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңестің 2019 жылғы 6 қыркүйекте өткен бірінші отырысында да көтердім.

Қазір халқымыз 19 миллионға, оның ішінде қазақ ұлты 78%-ға жетіп қалды. Ресми мәліметтер бойынша қазақ халқы мен қазақша түсінетіндерді қосқанда. жалпы саны – 88,7 пайыз болып тұр. Ал сол халыққа қызмет көрсететін мамандардың мемлекеттік тілді білмеуі тұрғындардың сапалы қызмет алу құқығын аяқасты етіп отыр. Тәуелсіз Қазақ Елін аңсап келген миллионнан астам қандастарымыз және ауылдық миллиондаған қаракөздеріміз қанша жылдан бері жапа шегумен келеді. Халықпен етене араласып жұмыс істейтін мемлекеттік қызметкерлердің, әсіресе жоғары шенділердің мемлекеттік тілге немқұрайлы қарауы халық пен билік арасындағы алшақтықты көрсетуде. Мысалы, тек қазақша сөйлейтін қандастарымыз мемлекеттік органдар мен қызмет көрсету мекемелеріне барғанда, мемлекеттік тілде қызмет ала алмағаны баспасөзде талай жазылды. 

30 жылдан бері әлі күнге мемлекеттік қызметшінің мемлекеттік тілді білуі туралы талап жоқ. Мемлекеттік тілді білу талабы қазір жаңсақ айтылып жүргендей, азаматтың жеке басын тіліне қарай кемсіту емес, мемлекеттік қызметшілерге, бар болғаны 100 мыңға жуық адамға қойылатын кәсіби біліктілік талабы болуы тиіс. Сыртқы істер саласының мамандарынан шет тілін білуді қалай талап етсе, немесе көлік жүргізушіден жүргізуші куәлігін қалай талап етсе, сонымен бірдей міндет бұл.

Қазір мемлекеттік тілді еркін меңгеру туралы талап тек Президентке үміткерлерге ғана қойылған. Сонда 14 миллион-дай (78%) мемлекет негізін құраушы қазақ ұлты 100 мыңдай ғана (0,5%) мемлекеттік қызметшіден (оның 90% астамы қазақ ұлтының өкілі!) қызметті не ақпаратты мемлекеттік тілде ала алмауы нағыз парадокс! Сонда жарты пайыз мемекеттік қызметшілер 78 пайыз халыққа заңсыз үстемдік жасап келеді.

Мемлекеттік тілдің мәртебесін жеке дара анықтайтын уақыт жетті! Себебі, Тілдер туралы алғашқы заң қабылдаған 1989 жылы Қазақстан Кеңес Одағы құрамынан әлі шықпаған кезі еді. Бұл кезде қазақтар елімізде ең көп ұлт болғанның өзінде 39 пайыз болатын. Сондықтан ол кезде бұл заңдылық болып қабылданды. Кейін де 1997 жылғы «ҚР Тіл туралы заңымыз» да осы ескі сүрлеумен, Кеңес империясы кезіндегі талаппен кетті.

Ал қазір Тәуелсіздігімізге 30 жыл толып отырғанда мемлекеттік тіл туралы өз статусын толыққанды атқара алмаған заңымыз демографиялық және демократиялық заңдылықтармен өз күшін жойып отыр…

Суға түспей жүзуді үйрену қандай мүмкін болмаса, мемлекеттік тілді міндеттемей, оны үйрену де сондай мүмкін емес! Ал ешбір заңда не бағдарламаларда, мемлекеттік органдарда міндетті түрде мемлекеттік тілді білу туралы норма (!) жоқ. Сондықтан да парламентте «Ақ жол» партиясы фракциясы жасаған депутаттық сауалда біз:

1) мемлекеттік қызметшілердің, құқық қорғау органдары қызметкерлері мен соттардың және көпшілікке қызмет ету мекемелері қызметкерлерінің міндетті түрде мемлекеттік тілді білуі туралы стандарт енгізу;

2) мемлекеттік қызметшілердің мемле-кеттік тілді меңгеру деңгейін анықтаудың жүйесі мен тәртібін белгілеу, оның қажетті механизмдерін жасау;

3) заң актiлерi мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлерді, мемлекеттік органдардың құжаттары мен хаттарын, ақпараттары мен есептерін, іс қағаздарын және т.б. рәсімдеудің негізгі нұсқасы – тек мемлекеттік тілде жүзеге асуы тиіс» – деп, Біз осылай Үкіметке нақты талаптар қойдық.

Негізі мемлекеттік тілді тек парламент пен үкіметте ғана емес, әркім күнделікті кез келген жерде талап ету керек. Қай ұлт өкіліне болса да қазақша амандасыңыз. Банкіде, банкоматта болсын, барлық жерде қазақ тіліндегі нұсқасын пайдаланыңыз. Сонда ғана нәтиже болады. Балтық бойы елдері осындай талаппен тілдік майданда жеңіске жетті.

Мысалы, қазір біз Президенттің Іс басқармасына қарасты медициналық орталық емханасында дәрігерлік байқаудан өтудеміз. Маған өткенде бір ем алуда үш бланкі толтыруға тура келді. Қарасам, бәрі орыс тілінде. Мен әрине, әдеттегідей мемлекеттік тілдегі нұсқасын сұрадым. Өзге ұлт өкілі, әйел дәрігер қазақ депутаттың өзге тілдегі нұсқадан бас тартып, қазақ тіліндегі нұсқаны сұрап отырғанына таңғалып қалды да, компьютерінен біраз іздеп, өзгелерге хабарласып жүріп, әйтеуір қазақша нұсқасын тауып алып, шығарып берді. «Не болды, бұрын ешкім қазақша нұсқасын сұрамаған ба?» – деп сұрадым одан. «Шынымды айтайын, осы емханада істегеніме 6 жылдан асты. Ұмытпасам, осы уақытқа дейін екі-ақ адам сұрады. Сіз үшіншісіз. Барлығы, жасы үлкен ағалар мен апалар да орысша сұрайды. Ешкім қазақша сұрамайды, тіпті одан ағылшынша сұрайтындар да көп» деп ағынан жарылды. Мен ішімнен: «Қазақшаны талап еткен ол екі-ақ адам Мұхтар Шаханов ағам мен Оразгүл Асанғазы апайым болар» деп ойлап қойдым.

Мен талап еткен соң менен кейін кірген жұбайымнан: «Қай тілдегі нұсқасы керек?» деп дәрігердің өзі сұрапты. Көрдіңіз бе, менің жай ғана мемлекеттік тілді талап етуім, дәрігердің жұмысына оң өзгеріс әкелді. 

Бұл Президенттің Іс басқармасына қарайтын емханаға келетіндер кімдер? Кілең Үкіметтегі, Парламенттегі, Президент әкімшілігіндегі мемлекеттік жоғары лауазымды қызметкерлер! Ол үкімет мүшелері, министрлер мен депутаттар бастаған мемлекеттік қызметкерлер неге мемлекеттік тілдегі нұсқаны сұрамайды?!. Ол мемлекеттік қызметкерлердің бәрі мемлекеттік тілді білмейді (әлемде тек біздің елде ғана кездесетін
масқара) делік. Ал осы емханаға тіркелген Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері атағы иелері ше? Фонограммамен екі ән айтса, есіріп, төрт ән айтса төбеңе шыққысы келетін, бірақ әннің сөзін де, әнін де өздері жазып алғандай, ән авторларының аттарын
айтқысы келмейтін әншілеріміздің көбісі осы атақ иелері. Әлеуметтік желілер мен экраннан елге ақыл айтқыш олар неге мемлекеттік тілдегі нұсқаны сұрамайды? Қазақ тіліндегі шығармалары арқылы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері атанған ақын-жазушыларымыз неге қазақ тілінің мүддесін ойлап, қазақша нұсқа талап етпейді? Композитор, суретші, кино-театр әртістері, көптеген өнер қайраткерлері ше?

– Ант қабылдау кезіндегі кейбір әріптестеріңіздің бір ауыз сөзді айта алмай «тілдерін шайнап», елге күлкі болғанын өз басыңыз қалай қабылдадыңыз?

– Біріншіден, бұны жауапсыздық деп білуге болады. Екі-үш сөйлемді он қайтара оқып шықсаңыз, мүдірмей оқу түгілі, жаттап алуға да болады. Мысалы, мен екі беттік Мемлекеттік тіл туралы депутаттық сауалымды 5 минутқа сыйғызуды тексеру үшін қайта-қайта оқимын деп, жаттап алдым. Екіншіден, сол антты жаттап алайын деген жақсы ниеттегілер де, парламент мінберіне бірінші рет шығып тұрғандықтан әрі өте жауапты сәт болғандықтан, толқығандықтан шатасып қалды деп ойлаймын.

Ант қабылдап шыққасын жеделсатыда жолыққан белгілі журналист, депутат Артур Платонов елдің көзінше менің қолымды алып, «Антты ең жақсы айтқан сіз болдыңыз» деді. Әрине, көңілім көтеріліп қалып, рахмет айттым.

ҚАЗАҚТЫҢ ҰЛТТЫҚ КОДЫН БҰЗАТЫН ДЕМОКРАТИЯ КІМГЕ КЕРЕК?

– Ашық ойлы азаматсыз ғой, айтыңыз-шы, біздің қоғам демократияның даңғыл жолына түсті ме? Түсе алмай жатса не кедергі? Еркін ойлы азамат ретінде сайлау туралы заң жобасына көңіліңіз тола ма?

– Талай жыл Ұлыбританияның үкіметін басқарған әйгілі Уинстон Черчильдің: «Демократияның кемшіліктері көп, бірақ оның ең құндылығы сонда – бұдан артықты бүгінге дейін ешкім ойлап тапқан жоқ» – деген белгілі сөзі бар.

Мен жалпы, демократия болсын, басқа болсын, ең алдымен ұлттық мүддеміз тұрғысынан қараймын.

Бізде былай қарасаңыз, демократиялық институттар бар, қалыптасып келеді. Бірақ біздің ең көп айтатын сөзіміз, «Демократия жоқ» деген сөз. Неге? Өйткені өзің сұрағандай, Сайлау туралы заң әділеттілікті толық қамтамасыз ете алмай тұр. Ол заңды барынша демократиялық әділеттілік тұрғысынан жетілдіру керек. Менің сайлау туралы заңымыздың осалдығына талай көзім жеткен.

Бізде осы уақытқа дейін әкімдер мен соттар сайлауы жоқ еді, енді ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың бастамасымен биыл ауыл, одан кейін аудан әкімдері сайлауы болады. Бұл негізі дұрыс. Баяғыдан бері хан сайлаған, кейін би, болыс сайлаған халық енді неге 30 жылдан бері президент сайласа да, ауыл әкімін сайлай алмай келеді?!. Біздің «Ақ жол» партиясының сайлауалды бағдарламасында аудан, қала және облыс орталықтары мен мегаполистер әкімдерін сайлау да ұсынылған.

Егер демократияны 8 наурыздағы Алматыда өтіп, елді шошытқан феминистер шеруі деп ойласақ, бұндай демократияның қазаққа керегі жоқ! Ұлттық негізімізді құртатын «демократия» ол.

2020 жылы 15 желтоқсанда, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында «Ақ жол» партиясы Мемлекеттік тілді қолдау туралы митинг өткізбекші болғанда, билік пандемияны желеу етіп, рұқсат бермеді. МЕМЛЕКЕТ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІН ҚОЛДАУ МИТИНГІСІНЕ ҚАРСЫ БОЛДЫ. Негізі Тәуелсіздік алғанына 30 жыл болса да Мемлекеттік тілін қолдау үшін митингі сұрап, депутаттық сауал жасап жүрген ел әлемде жалғыз Қазақстан ғана! Ал сол күні ресми рұқсат берілмесе де, митингіге шыға беруге билік рұқсат беріп қойған әдеттегідей үйреншікті сценариймен кезекті «штаттағы» оншақты адам шықты… Ол да «демократия».

Ал Алматыда гендерлік теңдік тақырыбымен әйелдер құқын қорғауға арналған шеруге келейік. Әрине, әйел құқын қорғау қашанда маңызды. Қазақ халқы о бастан үкілеген қызын төрге отырғызып, аяулы ананы ардақтап, асыл жарын құрметтеп өскен халық. Бірақ, ешуақытта қазақ әйелі пір тұтатын ерімен өзін теңестіріп, ерсілік жасамаған, әйелге тән әдебімен, пайым-парасатымен қасиетті саналады. Қазақтың батырлар жырын алсаңыз да, Алпамыс батырмен бірге Гүлбаршын, Қобыландымен Құртқа, Ер Тарғынмен Ақжүніс қатар айтылып, дәріптеліп келе жатыр.

Бірақ кешегі шеру ішіндегі «жатырымыз өзіміздікі, оны не істейтінімізді өзіміз шешеміз» деген ұрандар көтерген құрамы күмәнді топтарды көргенде намысы бар елдің қаны қайнауда…

Шеруде бір жыныстылардың бір-біріне үйленуін үндейтін, жезөкшелердің құқын қорғауға шақырған жын-жыбырлардың жалаулары да
жалбырап жүр екен…

Қазақ әйелдерінің қолынан «Менің жатырым – менің ережелерім», «Күштің жынысы жоқ», «Ана болу міндет емес»» деген ұрандарды көру қандай қасірет еді?!. Бұл сорақы ұрандарды не еркекке, не әйелге ұқсамайтын ұсқындары қорқынышты біреулер ұстап жүр…

«Бүгінгі акцияны ұйымдастырған «Феминита» феминистік бастама тобының негізін қалаған белсенділер Жанар Секербаева мен Гүлзада Сержан Қазақстанда лесби, бисексуал, квир, трансгендер қауым өкілдері, жыныстық қызмет көрсететін әйелдер құқығы қорғалмай, қорғансыздың күйін кешіп келе жатқанына көпшіліктің назарын аударды» деп жазды кейбір БАҚ-тар бар дауысымен алақайлап.

Яғни, Тіл шеруіне жол жоқ – жын шеруіне жол көп болып тұр, шындығын айтқанда. Ұлттық негізімізді, Ділімізді құртатын, Ұлттық кодтың тас-талқанын шығаратын шеру ғой бұл! Ата-бабамыз сан ғасыр армандап, қолы зорға жеткен қасиетті Тәуелсіздіктің 30 жылдығын – Тәуелсіздік бесігі болған Алматыда осындай Ұлттық ұғым мен салт-дәстүрімізге жат масқара шерумен бастап қарсы алудамыз!.. Осы біздің елде Ұлттық идеология деген бар ма?

Азаттықты асқақтататын, Ұлтты сақтап қалатын Ұлттық идеологияны қашан қолға аламыз?

«АҚ ЖОЛ» ҰЛТТЫҚ ҰСТАНЫМДАҒЫ ЖАЛҒЫЗ ПАРТИЯ

– «Ақжол партиясы» туралы ел ішінде әңгіме көп. Сол әңгімелердің ақ-қарасын ашуға көмектесер деп сұрап отырмын: «Ақ жол» оппозициялық партия санатына жата ма?

– Біріншіден, «Ақ жол» партиясы о бастан өзін конструктивті оппозиция деп жариялаған партия. Келесі жылы құдай қаласа, партиямызға 20 жыл толады. Конструктивті оппозиция деген не? Ол билікті сынап қана қоймай, өзінің баламалы ұтымды ұсыныстарын ұсыну, соған қол жеткізу үшін күресу деген сөз. «Ақ жол» бұл бағытта тиімді жұмыс істеп келе жатыр. Жалпы, саясат дегеніміздің өзі келісімге келе білу арқылы жетістікке жете біліп, елге пайдаңды тигізу ғой. Екіншіден, «Ақ жол» партиясы Президенттік басқару жүйесінен Парламент-тік Республикаға көшуді ұсынып, саяси жүйені өзгертуді ұсынып отырған жалғыз партия.

2012-2016 жылдары «Ақ жол» депутаттары Үкімет пен фракциялардың арасында тең қарым-қатынас қағидаларын қалыптастыру үшін көп күш салды. Осы қағидалардың бірі – біз әзерлеген, сегіз жылдан кейін қабылданған «Парламенттік оппозиция туралы» заң іске асырылды.

2013 жылы «Парламенттік оппозиция» туралы заң жобасын ЕҚЫҰ жоғары бағалады. Бірақ қазақ үкіметі өткізбеді.

2019 жылы Ұлттық Кеңестің екінші отырысында бұл мәселені Президент Тоқаев көтеріп, ол былтыр 2020 жылы қаңтардан бастап талқыланып, мамыр айында қабылданды. Заң жобасын жасаушы «Ақ жол» партиясы болды.

Бұл заң оппозицияны құрып бермейді – бұл заң Парламенттегі азшылық партияға қосымша кепілдіктер береді. Яғни, алғаш рет біздің заңнамаға «парламенттік оппозиция» ұғымын «Ақ жол» енгізіп отыр.

«Ақ жолдың» заң жобасын жасағанына қарап, «ойбай, парламенттегі оппозициялық партия тек «Ақ жол» болады екен» деп кейбіреулер шулап кетті. Олардың ішінде кәдімгідей саясаткер боп жүргендер, сақа журналистерді көргенде күлкің келеді. Парламенттегі оппозициялық партия болып парламент сайлауында екінші орын алған партия саналады.

«Ақ жол» еліміздің барлық азаматтары алуы тиіс базалық зейнетақыны енгізуді ең алғаш ұсынған партия. Ал қазір базалық зейнетақыны тек «Ақ жолдықтар» алып жатқан жоқ қой, барлық ел азаматына тиесілі.

Иә, құдайға шүкір, биылғы парламент сайлауында «Ақ жол» екінші орын алып, 12 мандатқа ие болды.

АЛАШ ҚАЙРАТКЕРЛЕРІН ҰМЫТ ҚАЛДЫРУ – САЯСИ ӘДІЛЕТСІЗДІК!

– Көпшілік жұрт «Ақжол партиясы» Алаш қайраткерлерінің заңды жалғасы деп жатады. Онда неге «Алашорданың 100 жылдығы», алашордаға қатысты өзге де мерекелік іс-шаралар үкіметтік деңгейде тойланбай жатыр. Кім кінәлі? Әлде насихаты аз ба?

– «Ақ жол» партиясының өзге партиялардан айырмашылығы – біріншіден, ұлттық мүддені қорғауымыз, ұлттық саясатты ұстануымыз. Біздің партия тұңғыш рет 2007 жылы Ұлттық саясат концепциясын қабылдаған, 2012 жылы «Алаш» бағдар-ламасын ұсынған жалғыз партия! Ұсынып ғана қоймай, соған байланысты жұмыс істеп келе жатқан партия. «Ақ жол» партиясының арқасында Қазақ Парламенті тарихында тұңғыш рет 2007 жылы Алаш арыстарының аттары аталып, ұлағатты істерін ұлықтау, мәселесі көтерілді.

«Ақ жол» мемлекет көңіл аудармаса да, Алаштың 95 жылдығын да, 100 жылдығын да атап өтуді парламентте көтерді. 2012 жылы Алаштың 95 жылдығын, 2017 жылы 100 жылдығын өз филиалдары арқылы еліміз бойынша атап өтті. Алаштың 100 жылдығына арнап Халықаралық мүшәйра өткізді. Содан бері Алашқа арнап бірнеше рет республикалық ғылыми конференциялар өткізіп, мерекелік медаль шығарды.

2012 жылы парламентте «Ақ жол» партиясы фракциясы құрылғалы бері Алаш бағдарламасын қабылдады. «XXI ғасырдағы Алаштың Ақ жолы» жалпыұлттық байқауы биыл оныншы рет өтеді. Бұл дәстүрлі байқау аясында жас Алаштанушылар шоғыры пайда болды.

2015 жылы Қазақ хандығы 550 жылын атап өтуді «Ақ жол» ұсынып, Елбасыға хат жазды. Қазақ хандығына арнап халықаралық мүшәйра өткізіп, мерекелік медаль шығарды. «Ақ жол» партиясы – Қазақстан Республикасының азаматтығын қазақ тілін, ҚР Конституциясын және Қазақстан тарихын білуі жөнінен емтихан тапсырғаннан кейін беруді заңнамалық тұрғыдан бекітуді саяси бағдарламасына жазып қойған жалғыз партия!

– Айтпақшы, «Ақ жол» партиясы атынан, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойының қарсаңында, Алаш қайраткерлерінің қасиетті есімдерін мәңгілік есте сақтап, ономастика тұрғысында қолдану үшін аталған тізімді Қазақстан Республикасы Премьерминистрінің орынбасары Е.Тоғжановқа депутаттық сауал етіп жолдадыңыз жуырда. 

– Биыл 30 жылдығы аталып өтетін Қазақ Елі Тәуелсіздігі жолындағы ғасырлар бойғы жанқиярлық күрестердің ішінде Алашорданың орны айрықша!

Орта Азияда алғашқы заманауи саяси партия құрып, Алашорда автономия-сын жариялаған Алаш арыстары Азат-тық жолындағы ұлы күресте ұлт бола-шағы үшін саналы түрде құрбандыққа бара білуімен қандай құрметке де лайықты.

Басты Ұраны – Жерді сатпау, Елді сақтау, Тілді сақтау болған Алаш арыстарын ұлықтауды Президенті Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласында бастап берді: «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында Тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды.Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек» – деп, атап көрсетті.

Сонымен қатар Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі комиссияның мемлекеттік деңгейдегі іс-шаралар қатарында Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның 155 жылдығы да бар екені көңілге қуаныш ұялатады.

Сондай-ақ, Қарағанды қаласының Октябрь ауданына Әлихан Бөкейханның атын беру жөніндегі шешімді халық зор қуанышпен қарсы алды. Октябрьді Алаш ақыры жеңді! Октябрь аты өшіп, Әлихан ауданына айналды. Алашқа Алла жар болсын!

Соңғы кезде Алаш тақырыбы ел арасында кең тарала бастағаны өте қуанышты тенденция. Ел тәуелсіздігі жолында жанын пида еткен Алаш қайраткерлерінің асқақ рухын қастерлеп, есте қалдыру шаралары (көшелерге, мектептерге, елді мекендерге есімдерін беру, ескерткіштер қою, т.б.) елорда мен өңірлерде тиісті дәрежеде жүзеге асуы қажет.

Алайда, Алаш десе қарапайым көпшіліктің есіне тек Алашорда үкіметінің көрнекті көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы секілді бірнеше тұлғаның есімдері ғана келеді. Шын мәнінде бұл тізім әлдеқайда ауқымды.

Еліміздің түкпір-түкпіріндегі Алаш ұстанымын насихаттаған, сол үшін құрбан болған жергілікті Алаш қозғалысы қайраткерлерінің ерліктері ескерілмей, есімдері әліге дейін белгісіз болып отырғаны өкінішті. Бұлардың бәрі Тәуелсіз Қазақ Елі үшін құрбан болғандар! «Әруақ риза болмай, тірі байымайды» деген дана халқымыздың сөзін ұмытуға болмайды.

Сол себептен 2019 жылы «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев Сұлтан Хан Жүсіп басқаратын «Алаш» институтымен бірлесіп, бұрын белгісіз болып келген 700-ден
астам тұлғаны құрайтын жергілікті Алаш қайраткерлерінің тізімін дайындады. Алаштанушы ғалымдардың зерттеулерінің негізінде жасалған тізімге көпшілік қауымға есімдері ұмыт болған әр өңірдің жергілікті Алаш қайраткерлері енгізілді. Әрбір облыс, қала әкімдеріне сол жерге қатысы бар, сол жерден шыққан Алашшыл азаматтардың тізімі жіберіліп, олардың аттарын жергілікті жердегі көше, мектеп, т.б. нысандарға беруді ұсынған болатынбыз.

Алайда, алынған жауаптар көңілге қонбайды. Көбінесе жауаптар жалтарма сипатта, бұған дейін Алаштың ел аузындағы жиырма шақты танымал басшыларының есімдерін атаумен ғана шектелген.

Сонда біздің шенеуніктер Алаш идеясын бүкіл қазақты оятатын, біріктіретін ұран емес, кейбір жекелеген адамдардың көзқарасы ғана деп көрсеткісі келетін сияқты. «Ақ жол» партиясы, әрине, бұндай кертартпа әрекеттермен келісе алмайды.

Мысалы, біз Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің өзіне ғана Алаш арманы үшін айқасқан 125 адамның тізімін жібердік! Атап айтсақ, Тұрағұл Абайұлы, Биахмет Сәрсенов, Хамит Тоқтамысов, Жахабай Әтікұлы, Жұбандық Болғанбайұлы және т.б. Олардың барлығы еліміздің азаттығы үшін өз өмірлерің саналы түрде құрбан етті. Осы 125 батырдан бір адамның аты ескерілді ме? Жоқ.

Ең өкініштісі, осындай жағдай барлық облыстар мен қалаларда да қалыптасып отыр. Бұндай әділетсіздікті біз үлкен саяси қателік деп санаймыз. Оған жоғарыда аталып кеткен мемлекет басшысының мақаласы да нақты дәлел.

Жалпы, бізде мемлекет тарапынан бекітілген тізім бар, соған енген тұлғалар ғана әлгідей құрметке ие бола алады. Ол тізімге көп Алаш қайраткерлері кірмеген. Президенттің аталмыш мақаласындағы Алаш туралы талапты ескере отырып, сол мемлекеттік арнайы тізімді қайта қарау керек. Бізге енді Тәуелсіздіктің 30 жылында Рухани жаңғыру бағытындағы мемлекеттік мүдде мен ұлттық идеология талап ететін сындарлы саясат пен нақты іс-әрекет қажет.

Сол себептен, «Ақ жол» партиясы, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдық мерейтойының қарсаңында, Алаш қайраткерлерінің қасиетті есімдерін мәңгілік есте сақтап, ономастика тұрғысында қолдану үшін аталған тізімді Үкіметке жібердік.

Осыған байланысты, «Ақ жол» фракциясының депутаттары вице-премьер Е.Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалда 2019 жылы біз жолдаған хаттарды жергілікті әкімдіктерге қайта көтеруді тапсырып, Алаш көсемдерімен бірге мыңдаған жергілікті Алаш қайраткерлерінің қасиетті есімдерін ұлықтау шараларын бақылауға алуын сұрадық.

ҚАЗАҚ БАСЫЛЫМДАРЫНА ҚОЛДАУ ҚАЖЕТ

– Былтырғы жылы қазақ тілді БАҚ басшылары (16 редактор қол қойған) ҚР Президентінің атына, Үкіметтің назарына деп баспасөзге жазылудың қиындығы жайлы (10 шақты мәселе көтерілген. Ішінде мектептер мен кітапханаларды баспасөзге жаздыру т.б бар ) үшбу хат жолдаған еді (Ішінде өзіңіз де барсыз). Сол хабарсыз кеткен хаттың «жоқтаушысы» болып сұрастырып көрмедіңіз бе? Қанша дегенмен ол жаққа бір табан жақын тұрсыз ғой?

– Иә, «Qazaqstan dauiri» газеті бастамашы болған қазақ баспасөзіне қолдау көрсетуді сұрап, Президентке жазылған Ашық хатқа «Қазақ үні» газетінің атынан өзім де қол қойғанмын. Бұл Ашық хат туралы былтыр Аида Балаева Ақпарат министрі болып тағайындала салысымен, Алматыдағы БАҚ басшыларымен кездесуде де сұрағанмын. Өткенде жоғарыда айтқан 18 қаңтардағы жаңа үкімет мүшелерін тағайындауды талқылауда тағы да: «Былтыр қазақ баспасөзі басшылары пандемия кезінде жағдайлары қиындап кеткен қазақ басылымдарына қолдау сұрап Президентке Ашық хат жазды. Биыл қазақ басылымдарының жағдайы қалай болады?» – деп сұрақ қойдым.

Аида Ғалымқызы қазақ басылымдарымен қоян-қолтық жұмыс істеп келе жатқанын, мемлекеттік тапсырыстың жаңа ережесі бекітілгендіктен биылғы жылы да олардың жағдайы дұрыс болатынын нақты мысалдармен баяндап берді. Негізі, сол БАҚ басшыларының Ашық хатындағы ең ұтымды ұсыныс – еліміздегі әр кітапханаға жазылым ұйымдастырса қазақ баспасөзі еңсесін көтеріп қалар еді.

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫ ҮКІМЕТТЕ ӘЛІ ҚОЗҒАУСЫЗ ЖАТЫР

– Қазеке, былтыр сәуір айында «Қазақ үні» газетінде «Қазақ тілін қолдамайтындар – қазақты да қолдамайды» атты мақала жазып, 125 мыңнан аса қол жинап «КОНСТИТУЦИЯДАН 7-БАПТЫҢ 2-ТАРМАҒЫН АЛЫП ТАСТАП, МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАУ КЕРЕК!» деп Президентке АШЫҚ ХАТ жазуға бастамашы болып едіңіз? Сол хаттан не хабар бар?

– «Қазақ үні» ұлттық порталында Мемлекеттік тіл туралы заңды талап етіп, ҚР Президентіне жазылған Ашық хатқа еліміздің әлемге әйгілі тарландары Әбдіжәміл Нұрпейісов, Дулат Исабеков, Асанәлі Әшімов, Қабдеш Жұмәділов, Мекемтас Мырзахметов, Төрегелді Шарманов, Камал Ормантаев, Нұрғали Нүсіпжанов, Төлен Әбдік, Амангелді Айталы, Смағұл Елубай, Сәбит Досанов, Ғаббас Қабышев, Темірхан Медетбек, Бексұлтан Нұржекеев, Исраил Сапарбай, Ұлықбек Есдәулет және т.б. қол қойған болатын. Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап еткен бұл Ашық хатты былтыр елдің сұрауы бойынша 2020 жылы 9 сәуірде қайта жаңғыртып фейсбуктағы парақшама қойдым. Бір жарым айда 125 мыңнан астам адам қол қойып, бұрынғы межелерден 1000 еседей көп тарихи рекордтық деңгейге жетті. Ұлт мүддесі үшін бұрын мұншалықты қалың қол жиналған емес. Бұлар тек интернетке қолы жеткендер ғана. Бұл 125 мыңнан астам Ел патриоттары артында смартфон пайдалана алмайтын миллиондаған халық тұрғаны айқын. Бұл қалың қол ішінде тек қазақтар ғана емес, әртүрлі ұлт өкілдері де (50-ге жуық) жеткілікті. Белгілі журналист, қоғам қайраткері Максим Рожин бастаған көптеген орыс ұлты өкілдері де Мемлекеттік тілді талап еткен Ашық хатты қолдап, қол қойып, нағыз отаншыл патриоттықтарын көрсетті.

Яғни, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау күн тәртібіндегі күннен-күнге күшейіп келе
жатқан ең өзекті мәселе болып тұр. Сондықтан да «Қазақ үні» порталында бұл Ашық хатты 902 мыңнан аса адам оқып, 2000-нан аса пікір жазылып қолдау білдірді. Әлеуметтік желілердегі қаптаған қолдаушылардың санын есептеу мүлде мүмкін емес.

Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесін жоғарыда айтқанымдай, оның алдында
ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңестің 2019 жылғы 6 қыркүйекте өткен бірінші отырысында да көтердім. 2020 жылы 28 желтоқсанда Ұлттық Кенес мүшелерімен кездескенде ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова бұл ұсынысымыздың өндіріске алынып, бүгінгі заман мен қоғам талабына сай толыққанды Мемлекеттік тіл туралы заң жобасы тұжырымдамасын жасалып, 2020 жылы тамыз айында Үкіметке жіберілгенін мәлімдеді. Яғни, ол заң тұжырымдамасы әлі Үкіметте жатыр қозғаусыз. 30 жылдық Тәуелсіздігімізде Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдамаған ТМД елдерінің ішіндегі жалғыз ел Қазақстан болып тұр. Мемлекеттік тіл туралы заң қашан қабылданады?

Бұл Президентке жазылған Ашық хатқа (петицияға) қол қойған, артында миллиондар тұрған 125 699 адамның сауалы! Мемлекеттік тіл туралы заң Тәуелсіз-дігімізге 30 жыл толып отырған кезеңде қабылданып жатса, бұл Азаттығымыздың да айқындығы деп білеміз.

ҰЛТТЫҚ КЕҢЕС ЕЛ СЕНІМІНЕ ИЕ БОЛУДА

– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне мүше екеніңіз белгілі. «Сенім кеңесі» елдің сенімінен шыға алып жатыр ма?

–2019 жылы 6 қыркүйекте елордадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен алғашқы отырысы өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің биыл 25 ақпанда бесінші отырысы өтті.

Сонда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық кеңестің ұсынысымен былтыр 13 заң қабылданып, 9 заң дайындалуда екенін атап өтіп, кеңес ел мүддесі үшін ерекше маңызды шешімдер қабылдайтын құрылымға айналғанын айтты.

«Заң шығару жауапты әрі күрделі жұмыс екені баршаға белгілі. Осы тұрғыдан алғанда кеңес мүшелері ауқымды жұмыс атқарды. Ұлттық кеңес алғашқы кезеңде өз қызметін консультативті-кеңесші орган ретінде бастады. Ал бүгінде жаңа реформалар ұсынатын маңызды құрылымға айналды. Кеңестің әрбір мүшесіне белсенді қоғамдық қызметі үшін ризашылыымды білдіремін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Ұлтық кеңес төрағасының орынбасары Президент Әкімшілігі басшысы Ерлан Қошанов. Есімі елге белгілі саясаттанушы, ҚР Президентінің көмекшісі Ерлан Қарин бүгінде Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің хатшысы ретінде Ұлттық кеңес ұсыныстарының іске асуы жолында көп күш салуда. Ұлттық кеңес мүшелері былтыр бір жылда 13 министрмен кездесіп, есептерін тыңдап, көптеген құнды ұсыныстар берді.

Еліміз үшін ең маңызды мәселелер шешімі қазір алдымен Ұлттық кеңестен басталатыны дәстүрге айналды. Мысалы, соңғы, бесінші отырысты ғана алсақ, мемлекет басшысы халық үшін өте маңызды жер мәселесіне нүкте қойылатынын мәлімдеді. Ұлттық кеңес құрамында ротация жасалып отырады. Мәжілістің жаңа құрамында Ұлттық кеңестің 9 мүшесі бар.

Яғни, Ұлттық кеңес ел сенімінен шығып келеді деп айтуға нақты негіз бар.

Сұхбаттасқан — Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК,
ҚР Ақпарат саласының үздігі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз