Мұғалімдер, оқушылар «Наурыз мерекесіне арналған ашық сабақ немесе тәрбие сағаттары керек» деп жиі сұрайды. Бүгін біз осындай шаралардың ең үздігін сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Мақсаты:

1. Қазақ халқының ежелден сақталып, атадан балаға мұра етіп қалдырған салт-дәстүрін, наурыз мейрамының мәнін түсіндіру, әрі дамыту және көркейту.
2. Оқушылардың ойлауын дамыта отыра, ой-қиялын, өрісін, іздену негіздерін дамыту.
3. Оқушыларды ұлтжандылыққа, имандылыққа, инабаттылыққа, халқымыздың
салт-дәстүрін қастерлеуге, сақтауға
тәрбиелеу.

Барысы:

1. Таныстыру
2. Тапсырмасы ( салт – дәстүр)
3. Мақал-мәтел жарысы
4. Сұрақ-жауап
5. Ата-салтың – қазынам
6. Қорытынды

Ұйымдастыру:

Ұстаз:– Армысыздар, құрметті ұстаздар және оқушылар! Сіздерді қазақтың ұлттық мерекесі – Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймыз! Бүгінгі біздің онлайн сабағымызда сыныпта жыл басы Наурыз мерекесіне орай ұйымдастырылып отырған Ұлыстың Ұлы күні НАУРЫЗ-көктемнің жаңару мерекесі! атты ашық тәрбие сағатымызды бастаймыз!

1-қатысушы: Әл-Фараби

– Құрметті ұстаздар, оқушылар атааналар! Сіздерді келіп жеткен көктем мерекесімен құттықтап, сіздерге шаттық тілей отырып, Онлайн мерекелік тәрбие сағатымызды ашық деп жариялаймыз. 

2- қатысушы: Ақжан

Шапағатын аямай бұл жақта аспан,
Жадырайды әр адам мұң шақпастан.
Наурыз көже, құрт-қатық, бұршақ қосқан.
Наурыз келсе, құт келгені, халайық!

3-қатысушы: Дәурен

Ұлы күні кәрі-жас,
Құшақтасып көріскен.
Жаңа ағытқан қозыдай,
Жамырасып өсірген.
Наурыз той құтты болсын!

Наурыз – қазақтың шын мағынасындағы
ұлттық мейрамы.

22-ші наурыз, дәл осы күні күн мен түн теңеледі, қыс өтіп көктем келеді. Тіршілік басталады. Қазақ халқы үшін үлкен мейрам – Жаңа жыл Наурыз мерекесі.

Наурыз мейрамы – өте ерте заманнан бері халықтар тойлап келе жатқан тұрмыстық мереке. Ол парсы халқының «Наурыз» жаңа күн деген сөзінен шыққан. Бұл жөнінде халқымыздың кемеңгер ұлдары Абай, Шәкәрім, Мұхтар Әуезов, Ахмет Байтұрсынов сияқты қауым біршама деректер жинаған. Күн мен түн теңелген, мал төлдеп, адамның аузы аққа тиген, жер бусанып, малдың аузы көкке тиген ырыстың басын қазақ елі – «Ұлыстың ұлы күні» деп атайды екен.

4- қатысушы: Аяжан

Келіңдер, Наурыз тойға бәрің бүгін,

Аямай өнерпаздар ән мен жырын.

Тойлайық халық тойын Наурызымның,

Шуағын жерге төккен бақыт күнін, – дей келе, тойымызға өз өнерімен, әнжырымен келген оқушылардың өнерлерін тамашалайық.

Наурыз жырын жырлаймыз,
Онымен де тұрмаймыз.
Шыңдалып жеткен бұл күнге
Ел дәстүрін сыйлаймыз!
Ниеттеріңіз ақ болсын,
Наурыздың ақшақарындай.
Бастарыңа бақ қонсын ―
Шаштарыңның санындай.
Тыныш болсын даламыз,
Түгел болсын нуымыз.
Таза болсын ауамыз,
Тұнық болсын суымыз!

5- қатысушы: Нұр

«Наурызда Самарқанның көк тасы да жібиді» деген сөздің астарында үлкен мән жатыр. Наурыз тек күн мен түн теңесіп, тіршілік атаулыға жан бітетін мейрам емес. Бұл бірлік пен еңбектің, мейірімділік пен ізгіліктің, достық пен татулықтың мерекесі. Наурыз мейрамында бұрын ренжісіп жүргендер өкпе-ренішін ұмытып, татуласады, бір-біріне кешіріммен қарайды. Таң атысымен бір-бірінің үйіне кіріп, құтты болсын айтады, үйлерінің алдын, аулаларын кір-қоқыстан тазартып, ағаш отырғызады, гүл егеді. Әр жерде көкпар, қыз қуу, қазақ күресі секілді ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылады, ән шырқалады, би биленеді, қыз-жігіттер алтыбақан тебеді.

Күреп алтын күрекпен,
Қарды еріткен Наурыз!
Жатыр көктем түлетіп,
Бүрлеп бақша – бауымыз.
Ұлы күні ұлыстың
Күн мен түнді теңеген.
Тәтті дәмін ырыстың
Таттық Наурыз көжеден.

6-қатысушы: Әмина

Наурыз көже – наурыз тойына тән көпшілікке арналған мерекелік дәм. Оны әр үй жеті түрлі дәмнен жасап оған, қазы, шұжық сияқты сыйлы мүшелер қосып, мереке құттықтауымен келгендерге ықыласпен ұсынады. Ол адамдарды татулыққа, ұйымшылдыққа, бірлікке шақырады.

7- қатысушы: Өтесін

Жүріңдер наурыз тойда басып аяқ.
Қалыс адам болмасын некен-саяқ,
Ән шырқап, би билейік қауым болып,
Тұрмайтын уақыт келді өнерді аяп .

8- қатысушы: Алтын

Салт-дәстүрді сыйлаймыз, салтдәстүрлерге байланысты өлең жырымызды
бастайық.

1-топ: тұсаукесер
Тұсау кесер дәстүрі мағыналы,
Атам қазақ салтының ағын әні.
Бата беріп сәбиге аталары,
Болашаққа тілекпен апарады.
Аяғына жіп байлап одан кейін,
Тұсау кесер ауылдың апалары.
Жіппен кесу мәнісін жаттап алғын,
Дұрыс болар есіңде сақтағаның.
Ақ әжелер айтады жас балаға,
Ала жібін ешкімнің аттамағын.

2-топ: бесікке салу
Таусылмайды салтымның асқар әні,
Соның бірі бесіктен басталады.
Әшекейлеп жан жағын үкілеумен,
Бесігіне салады жас баланы.
Бесіктің де ерекше танымы бар,
Күлкісіндей сәбидің таң үні бар.
Пышақпенен нан қойған бас жағына,
Шошымасын дегендей нанымы бар.
Салтымыздың бұл түрі жаңғырып кең,
Сәбилерсіз жалғанда тақ күліппе ең.
Тәрбие басы – тал бесік, деген бар ғой,
Ұрпақтары жалғассын мәңгілікке!

9- қатысушы: Арсен

Енді, келесі ойынымыз мақал -мәтел
жарысы.

1. Жаздың бір күні
Қыстың мың күні
2. Шағала келмей жаз болмас
Шаңқаң болмай боз болмас.
3. Жер құтты болса
Мал сүтті болады
4. Жері байдың
Елі бай
5. Арпа бидай ас екен
Алтын күміс тас екен
6. Көктем көктен
Нұрын төккен
7. Ел ұлсыз болмас
Жер гүлсіз болмас
8. Егінші жерін мақтайды
Балықшы көлін мақтайды
9. Әке – асқар тау
Ана – етегіндегі бұлақ
Бала – жағасындағы құрақ
10. Жақсы адам ел ырысы
Жақсы жер жанның тынысы

10-қатысушы 22 наурыз мейрамының шығу тарихы туралы айтып береді. «Салтын сүйген, Халқын сүйген», – демекші, сұрақ-жауап салт-дәстүрге байланысты.

Ұлттық ерекшелігімізді айқындайтын белгілер халқымызда көп-ақ. Киіз үй, домбыра, той-думан, ойын, тіпті адамгершілік қасиеттері жайлы сауалдар береді. 

11, 12-қатысушылар Наурыз, Қыдыр ата, тілек бата жөнінде сұрақтарын қояды. Наурыз кеш өлеңмен түйінделіп, соңында Қыдыр ата батасын береді.

Ақлима Қазақбаева,
А.Жұбанов атындағы
дарынды балаларға арналған
РҚМММИ мұғалімі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз