Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында көктем мерекесі – Наурыз мейрамының мазмұнын байыта түсетін тұжырымдама жасауды ұсынған болатын. Президенттің ұсынысына сәйкес Үкімет елімізде Наурыз мейрамын 10 күн бойы атап өту туралы тұжырымдама жасады.

Тұжырымдамада «Мейрам кезінде ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында халық жаппай ұлттық киімдерімізді киіп, төл ойындарымызды ұйымдастырып, көпшілік орындарда (сауда орталықтары, вокзал, әуежай, қонақүй т.б.) ұлттық музыка ойнатылуын қамтамасыз ету, салт-дәстүрімізді жаңғыртып, жас ұрпаққа Ұлыстың ұлы күнінің маңызы жөнінде өсиет, өнеге айтылуы маңызды»,- деп жазылған. Сондай-ақ тұжырымдамаға сәйкес14 наурыз – «Көрісу күні», 15 наурыз – «Жайлау күні», 16 наурыз – «Шежіре күні», 17 наурыз – «Тарихқа тағзым күні», 18 наурыз – «Игі істер күні», 19 наурыз – «Шымырлық пен шеберлік күні», 20 наурыз – «Зияткерлік күні», 21 наурыз – «Ұлттық тағамдар күні», 22 наурыз – «Ұлыстың ұлы күні», 23 наурыз – «Жоралғы күні» деп белгіленген.

Бірақ қазір халық арасында «Көрісу» неге мерекеге айналып кетті деген сұрақ туындап жатыр. Өйткені қазақта «Көрісу» қаралы үйде әйелдердің қайтқан адамды жоқтап, көңіл айтуға келген адаммен жылап көрісетін салт-дәстүр бар. Алайда еліміздің батыс аймағы бүгінге дейін жалғастырып, ежелден қолүзбей тойлап келе жатқан 14 наурыз «Амал» мерекесінде халық Отпан таудың басында от жағып, алыс-жақын ағайын бір-бірімен құшақтасып, көрісіп, шұрқырап қауышып жатады. Осыған байланысты ма Үкімет 14 наурызды «Көрісу күні» деп бекіткен екен. Бұл күннің атауы әлі де зерттеліп, зерделеніп нақтылана жатар. Негізі батыс қана тойлайды деп айдар тағып жүрген 14 наурыз «Амал» мерекесі бар қазаққа ортақ халықтың әдет-ғұрыпында ежелден бар мереке екеніне күмән болмауы керек деп ойлаймын. Себебі этнограф, зерттеуші Серік Ерғали: – Ұлыстың ұлы күнін 7-9 күн тойлауды мен ойлап тапқан жоқпын. Қазақта бұрын болған салт. ХІХ ғасырда ескіше 1-8 наурыз (жаңаша: 14-21 наурыз) аралығында Наурыз мейрамы 8 күн бойы той­ланғанын ғұлама Мәшһүр Жүсіп Көпеев «Наурыздама» атты еңбегінде «Жиырма тоғыз жасымда Бұхарай-Шәрифте Ғабдалахыд ханның наурыздама тойының сегіз күн ішінде болдым…» деп жазған. Сонымен бірге ол Төле би заманында қазақтың наурыз­дама­сына көршілердің ешқайсының мерекесі теңесе алмағанын ай­тады. Едіге бидің 100 жолдасымен Сәті байға Наурыздама жасатуға барғаны жайлы әңгімені келтіреді. Ең қызығы, «нау­рызнама» деп емес, «наурыздама» деп жазған. Қисынға салсақ «наурыздату» деген жеке ұғым шығады. Тойлату сияқты» дейді.

Яғни батыс аймақтарда 14 наурызда тойланатын «Амал» мерекесі осы наурыздаманың жұрнағы ма? Ашық дереккөздерде көрсетілгендей 1914 жылы 9 наурызда шыққан «Қазақ» газетінің 53 санында «Наурыз» деген зерттеу мақала жарияланыпты. Онда «…төрт тоқсанның ішінде жылдың жасарып, жаңалайтын кезі – жаз. Сол тоқсанның басы 9 наурыз болғандықтан, бұл күн – «наурыз» айы, «жаңа күн» деп аталады» деп жазылған. Яғни, жаңа күнтізбе бойынша 14-15 наурыз мерекенің басы саналған. Этнограф Досымбек Қатыранұлы бұрын көрісу амалының шығыста да, орталықта да болғанын жазады. Ал Шоқан Уәлиханов болса 14 наурызда Күн мен Тоқты жұлдызының «көріскендей» сипатын сызып қалдырған. Астрономиялық тұрғыда осы күні Күн мен Тоқты шоқжұлдызының «маңдайындағы» Қамал (арапша – хамале, парсыша – хамал) жұлдызы жерден қарағанда беттескендей болады. Осы құбылыс көктем мезгілін келтіреді. Сонда бұл күн – әрі жыл басы, әрі көктемнің алғашқы күні. «Самарқанның көк тасын» ерітетін күн. Ол тас ортаазиялық астрономдардың мұз бен тасты қатырып, арнайы орында бақылауынан шықса керек.

Шәкәрімнің ұлы Ахаттың жазбаларында: «14-март – ескіше 1-март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1-март, қазақша жаңа жыл, ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты — Наурыз, бұл парсы тілі. Жаңа күн деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, құрбан, ораза айттарын ұлыс күні дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты – ұлыс. Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» -деп жазылған екен. Демек, қазақ тарихында көрісу дәстүрі ХІХ аяғы мен ХХ ғасырдың басына дейін тойланғаны белгілі.

Ал Ахаттың жазбаларында «14-март – ескіше 1-март» дегенге тарихи деректерге сүйеніп түсініктеме берер болсақ, «1918 жылдың 24 қаңтарында «Батыс Еуропа күнтізбесінің Ресей мемлекетіне енгізілуі туралы» В.И.Ленин қол қойған декрет қабылданды. Бұл кезде юлиан және григорий күнтізбелерінің арасындағы алшақтық 13 күнге жеткен еді. Декретте көрсетілгендей, 1918 жылдың 31 қаңтарынан кейінгі күн 1 ақпан емес, 14 ақпан болып есептелді. Соның әсерінен бұрын 1 наурызда Жаңа жыл – Ұлыс күнін тойлайтын қазақ елі 1918 жылдан бері қарай 14 наурызда көрісу мерекесінің күнін ауыстырған».

Демек, биыл Үкімет жасаған тұжырымдамаға сәйкес елімізде аталып өткен «Көрісу күні» – бабалар салтының озығы, Наурыз – жаңа күннің, жаңа жылдың, яғни табиғат ананың «ұзақ ұйқыдан» оянып, қыс бойғы мұз құрсаудан босап, құрт-құмырысқа, жан-жануар, тіршілік атаулының жанданатын уақытымен астасуында бабалар білген бір сыр бар. Ел аузындағы әңгімелерге сүйенсек, қыс бойы ұйқыда жатқан балпақ оянып, інінің аузына шығып, басын қылтитып далаға қарайтын көрінеді. Осы кез 14 наурызбен тұспа-тұс келеді екен. Амал мерекесі немесе көрісу – ағайын-туыс татулығы, ел бірлігінің бір көрінісі іспетті. Өйткені, бұл дәстүр ағайын арасындағы түсінбеушілікті жойып, татуластырып, табыстырады. Арадағы өкпе-ренішін кешіріп, араздықты ұмыттырады. Тек бір-біріне жақсылылық тілеп, алғыс айтады.

Дәстүрге сәйкес көрісуде ер мен әйелге шектеу қойылмайды. Ер адамдар қос қолын ұсынып көріссе, әйелдер жағы бір-біріне алақанын тосып, әуелі оң иығын, сосын сол иығын түйістіреді. Ал атасы немесе қайынағалары келіндерімен қол алысып көрісуге болмайды. Жатжұрттық деп саналатын, ұзатылған қызға ағайын-тумасы үлкен болсын, кіші болсын артынан іздеп барып, арнайы көріскен.

Көрісу немесе Амал мерекесінің бүгінгі қоғамдағы маңызы өте жоғары. Бірлік пен татулықты, ынтымақ-ырысты ту еткен мереке – қазақ халқының бауырмалдық салтының бір көрінісі екені анық. Көне тарихымызға зерделей көз салған кез келген адам да мазмұны әр кезеңдерде әрқалай өзгергенімен, маңызы өзгермеген көктем мерекесінің ежелден бүгінге жеткен, ертеңімізбен сабақтасатын ұлттық мейрамымыз екеніне күмәнднбасы анық. Тағы бір көңіл аударатын мәселе  этнограф, зерттеуші Серік Ерғали наурыздың 14-і мен 22-сі аралығын өз зерттеулерінде «14 наурыз – Көктем күні, 15 наурыз – Алас күні, 16 наурыз – Өніс күні, 17 наурыз – Береке күні, 18 наурыз – Иіс күні, 19 наурыз –  Жайнау күні, 20 наурыз – Шаттық күні, 21 наурыз –  Үйлесім күні, 22 наурыз – Бастаңғы» күні деп атапты.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз