Түркістан қаласында бокстан Сидней олимпиадасының чемпионы Бекзат Саттархановты еске алуға арналған жастар арасында кезекті халықаралық турнир аяқталды.
Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын халықаралық жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен және Қытай мен Өзбекстаннан 130-ға жуық былғары қолғап шеберлері қатысты.
Тартысты өткен сайыста 60 келі салмақта өнер көрсеткен түркістандық Сағын Арман турнирдің жеңімпазы атанды. Ал, 46 келіде шаршы алаңға шыққан Жамбыл облысының спортшысы Бекзат Абдраманов алтыннан алқа тақты. Өзінің талантымен көпшілікті тəнті еткен 49 келідегі маңғыстаулық Жарас Комшабаев жеңімпаз атанса, 52 келі салмақта жұдырықтасқан павлодарлық Ғаббас Дюсекенов жеңістің шыңын бағындырды.
Одан бөлек, 56 келі салмақта Түркістан өңірінің оғланы Мадияр Қыдырəлі жеңімпаз атанып, турнирдің «Ең үздік боксшысы» номинациясын иеленді. Ал, шымкенттік Абзал Серік 64 келіде алтыннан медаль тақты. Түркістандық Əділжан Жандарбек 69 келі салмақта үздік атанса, Нұр-Сұлтан қаласының келген спортшы Арнұр Төлеубек барлық қарсыластарын тізе бүктіріп, алтын алқа еншіледі.
Сонымен қатар, түркістандық Рахат Жаңабек 81 келіде жеңімпаз атанды. Ауыр салмақтағы былғары қолғап шеберлері арасында 90 келі салмақта жұдырықтасқан елордалық Темірлан Аманбек алтын алқаны қанжығасына байлады. Талай қарсыластарын қапы қалдырып, шаршы алаңда тамаша өнер көрсеткен Түркістан облысының тағы бір дарынды спортшысы Диар Роман ауыр 91-ден жоғары салмақтың чемпионы атанды.
Турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері медальдер мен дипломдармен марапатталды. Шаршы алаңда топ жарған жеңімпаздар сəуір айында Польша елінде өтетін əлем чемпионатында қатысып, ел намысын қорғайды.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз