Өткен аптада, әлем назары Суэц каналында бөгеліп қалған алып кемеге ауды. Тайванның «Evergreen Shipping» тобы жалдап алған контейнер тасымалдаушы «Ever Given» атты кеме Қытайдың Шынжаң қаласындағы Яньтянь портынан шығып Нидерландтағы Роттердам портына кетіп бара жатқан. 23 наурыз күні түстен кейін Суэц каналынан өтіп бара жатқан кеме жол ортада көлденеңдеп тұрып қалған. Бұл «кептелістің» кесірінен каналдан өткелі тұрған неше жүз кеме Қызыл теңіз бен Жерорта теңізінің порттары аумағында зәкір тастауға мәжбүр болды. Суэц каналы басқару мекемесінің басшысы Усама Рабие өткен сенбі күні мәлімдеме жариялап, кеме «техникалық немесе адами қателіктердің кесірінен тұрып қалған болуы мүмкін» дегенді айтты. «Бұған сол кездегі құмды боранның да кесірі тиген болуы мүмкін» дейді тағы бір сарапшылар. Бұл кезде кемені шығарып алудың түрлі жолдарын қарастыру маңызды болғандықтан, кеменің тұрып қалуы себебін анықтау ісі екінші кезектегі мәселеге айналған еді. Алты күндік арпалыстан кейін 29-наурыз күні «https://www.egypttoday.com» сайтында «Суэцты бөгеп қалған» алып кеменің қауіптен құтылғандығы туралы хабар таралды. Ендігі әңгіме бұл «кептелістен» туындаған шығынның төңірегіне ауысты…

Суэц каналы Еуропа мен Азияны жалғайтын маңызды сауда жолы есептеледі. Египет экономикасының маңызды қайнар көзі болып табылатын бұл каналмен жер бетіндегі халықаралық жүк тасымалының 12 пайызы өтеді екен. Осылайша әлем назары Суэц каналына ауып тұрған шақта Иранның Ресейде тұратын елшісі Казем Жалали 27 наурыз күні әлеуметтік желідегі парақшасында «басқа жол іздеу» керектігін жазды. Яғни осыдан 21 жыл бұрын ортаға қойылып, Үндістан, Ресей, Оман сұлтандығы қатарлы елдер мақұлдасқан аса ірі жоба «Солтүстік-Оңтүстік халықаралық дәлізі» құрылысына назар аударуды ортаға қойған. «Суэц каналын тереңдету өте қиын, тасымлдаудың бағытын өзгерткен жөн. Мұндайда «Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәлізі» тәуекел деңгейі төмен әрі тиімді альтернатива ретінде қолдануға болатын ыңғайлы жоба болып табылады. Егер Суэц каналы арқылы өтетін жүктерді «Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізі» арқылы тасымалдайтын болса, Иран арқылы 20 күн ішінде Еуропаға жете алатындығы белгілі. Осылайша жолға кететін шығынды 30 пайызға төмендетуге болар еді. Демек, бұл Суэц каналына жақсы балама» – депті дипломат Жалали мырза. Осылайша ирандық саясаткер халықаралық ұйымдардың Иранға қаратқан санкциялары кесірінен тоқтап тұрған маңызды жобаны қолға алудың орайы келгендігін еске салды.

«Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізі» жобасы 2000 жылы ресми түрде талқыға түскен болатын. Ол Үндістаннан басталып батыс Еуропаға дейін созылатын «Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәлізінің» жалпы ұзындығы 7200 шақырымдық ұзақ жолды құрайды. Мақсат Үндістаннан, Ираннан және Парсы шығанағындағы өзге елдерден Каспий теңізі арқылы, Солтүстік және Батыс Еуропаға, Ресейге дейін жүк тасымалын, жолаушылар тасымалын алып баруды көздейді. Ол өз кезегінде теңіз арқылы тасымалдауға кететін уақытты анағұрлым қысқартады. Яғни Мумбайдан шыққан жүк, алдымен Иранның Бандар-Аббасына жеткізіліп, онан соң теміржол және автомобиль жолдары арқылы Иранның солтүстігіндегі Энзели және Амирабад порттарына, одан кейін Каспий теңізі арқылы Бакуге, Ресейдің Астрахань және Санкт-Петербург қалаларына жеткізіледі. 2000 жылы Ресей, Үндістан және Иран жаңа көлік дәлізін салу туралы байламға келді. Бұған көп өтпей Орталық Азия елдері де қосылды.

Қазақстан бұл жобаға 2003 жылы 4-шілдеде ресми түрде қол қойған болатын. Өйткені Азияның порттарынан тиелген жүктер Мәскеуге және Батыс Еуропаға дейін су жолы арқылы соңғы нүктеге жеткізілгенше 40 күн уақыт кетеді екен. Егер «Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәлізі» жүзеге асатын болса, бұл бағытпен жүк тасымалдау 14 тәулікке қысқарады. «Әрі көлік шығындарын 30 пайыздан 60 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік туады» дейді халықаралық басылымдар. Алайда БҰҰ-ның Иранға салған санкцияларына байланысты аталмыш жоба уақытша тоқтап қалған еді. Қазақстан «Солтүстік-Оңтүстік көлік дәлізі» жобасындағы маңызды қатысушылардың бірі саналады. Бұл өз кезегінде ішкі құрлықтық мемлекеттің халықаралық тасымал саласындағы бәскелестігін арттыруға, елде жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал ететін пайдалы жоба еді. Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі бұл жобаның маңыздылығы туралы «Солтүстік-Оңтүстік халықаралық көлік дәлізі» әлемдегі ең ірі тұтыну нарығы Үндістан бағытында, оның ішінде қазақстандық тауарлар мен қызметтер үшін, сондай-ақ Солтүстік Еуропа елдері бағытында тасымалдарды дамытудағы негізгі бағыттардың бірі болып табылады. Бұл жобаға қатысу Қазақстан аумағы арқылы транзиттік жүк ағынының қосымша көлемін арттыруға және Парсы шығанағы порттарына шығуға мүмкіндік береді» деген болатын. Ал Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтің бастамасымен іске асырылған «байырғы Жібек жолының қайта жаңғырған баламасы» ретінде мойындалған «Батыс Еуропа-Батыс Қытай автокөлік дәлізі» қазіргі таңда өз әлеуетін көрсете бастады. Қытайдың ішкі өлкелерінен Қорғастағы құрғақ портқа жеткізілген жүк, Қазақстан аумағымен 2787 шақырымды жүріп өтіп, Ресейге онан ары Батыс Еуропаға дейін жетуге мүмкіндік береді. Бұл халықаралық жобаның да Қазақстан экономикасы үшін мол пайдасы бар екендігі үнемі айтылып келе жатыр.

Дегенмен ұзақ уақыт бойы қалыптасып қалған су жолы тасымалы қазірше «Батыс Еуропа-Батыс Қытай дәлізіне» ауыса қойған жоқ. Дегенмен болашақта бұл жобаның тиімділігі дәлелденетіндігіне сенім мол. Кезектегі Суэц каналындағы кеме кептелісі және оның әлемдік саудаға келтірген шығын туралы экономистер пікір білдіре бастады. Бір сарапшылар «Ever Given» кемесінің иесі Жапониялық «Shoei Kisen Kaisha» компаниясы бұл кемені сақтандыруды өз жауапкершілігіне алған Ұлы Британиялық «International Group of P&I Clubs»-тан миллиярдтаған доллар шығын өндіріп алуға құқы бар десе, енді біреулер Суэц каналында іркіліп қалған 300-ден астам кеменің межелі жерге кешігіп жетуінен келген шығынды толық есептеу үшін әзірше нақты болжам айтуға ерте деп отыр. Қалай болғанда да бұл жолғы оқиғадан әлемдік сауда саласы біраз шығынға бататындығы анық сияқты. Ал бұл өз кезегінде қазақ еліне аса ауыр шығындар әкелмейді дегенмен де шикі мұнай бағасында уақытша өзгерістер болады деген күдік бар. Жоғарыда сөз болған ирандық дипломат Кезам Жалалидің пікірі Ресей мен Қытай БАҚ-тарында көптеп талқыланып жатыр. Бұл өз кезегінде біздің ел үшін де маңызды болар еді. Қазіргі таңда еліміздің 5 облысын басып өтетін «Батыс Еуропа-Батыс Қытай тас жолы» мен Қазақстан теміржолдары арқылы тасымалданатын жүктердің көлемі артатын болса, ол өз кезегінде ел экономикасына пайда келтіретіні сөзсіз. Алдағы жылдарда «әлемдік саудадағы жүк тасымалының қомақты бөлігі қазақ жері арқылы тасымалданады» деп нық сеніммен айтатын күн де алыс емес сияқты.

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз