«ЕЛЕКТІҢ БАСЫ ЕСЕНБАЙ» деген сөзді бала кезімізде ақсақалдардың аузынан жиі еститінбіз. Жыртолғауларда да айтылатын. Електің Мұғалжар тауларынан басталатынын карта арқылы білетін едік!

ЕЛЕК – ағыны бір қалыпты терең, таза, балығы да, суы да мол дала өзені. Өн бойында қаншама елді мекендерге жан бітіріп, әр беріп, қан жүгіртіп, жандарын рахатқа бөлейтіні бір бөлек! Табиғаттың ерке жануарлары да сусыз өмір кеше алмайтынын ескерсек, біз Құдайдың берген осындай нығметтеріне қаншалықты ұқыпты қараудамыз?! Бала кезімізде ЕЛЕК тасығанда барып тамашалап қараушы едік! Жал-жал толқындар нән-нән мұздарды қақпақылдап, әрі-бері лақтырып ойнап, ойыны қанған баладай ойыншығын жағаға итере салатын немесе төмен қарай көз ілеспес шапшаңдықпен сүйрей жөнелетін. Кей-кейде мұздықтар кептеліп, су арнасынан асып, елді мекендерге қауіп төндіріп, елді де әбігерге салатын еді. Елді мекендер су астында қалмасын деп, қыруар қаржы жұмсап дамбалар тұрғызды. Бір қызығы, сол салынған дамба-жарлар өзен бойларында жайқалып өскен талдарға аса көп зардабын тигізген емес. Осы салаға жауапты адамдардың біліктілігі мен табиғатқа жанашырлығынан да болар. Қазір жазғы уақытта елге барғанда міндетті түрде Елекке баруға тырысамын. Алға шәрінің тұсында өзеннің шығыс жағалауында әскери база болатын. «Солдатский» және «Офицерский» деген суға түсетін орындары (жағажай) бар еді. Біз сонда шомылып жүрдік. Суы мөлдір әрі терең еді. Қазіргі жағдайы мүлдем бөлек, су әбден тартылған, тізеден ғана келеді. Сол тұста көпір болатын, қазір жоқ. Біздің бала кезімізде қой жайып жүрген шалдар күрек-саймандарымен-ақ өзен жағалауындғы бұлақ көздерін ашып жүретін. Тап-таза, мөлдір, ішкенде сусыныңды қандыратын бұлақтар өзенге құйылатын. Қазір ол бұлақтардың орнын да таппайсың. «Бұлақ көрсең көзін аш» деген халық мәтелі ұмытылған тәрізді! Бұл көптен ойда жүрсе де осы жылдың 10 наурызында «zakon. Kz» сайты Ақтөбеде шығатын «Диапазон» газетіне сілтеме жасап, «Экологическое бедствие предрекли Актюбинской области» деген мақаланы жарыққа шығарды. Жанайқай ретінде жазылған бұл материалдың авторы – «Адалдық Алаңы» экологиялық жобасының жетекшісі, биология ғылымдарының кандидаты, экология кафедрасының доценті (Қ.Жұбанов атындағы университет) Ақылжан Телеуов. Ол Шалқар көлінің мәселесін өте орынды көтерген. Дәлірек айтсақ, он бес метр тереңдіктен үш метрге шейін тайызданып кеткен Шалқар көлінің басты нәр берушісі Қауылжыр өзенінің не себепті, тартылғанын білмек ниетпен Бершігүр тауына барып, сол дарияның бастауына табан тіреген екен. «Көрген көзде жазық жазық жоқ» демекші, Бершігүр тауының аты барда, затының қалмай бара жатқанын аса қынжылыспен нақты дәлелдермен тұжырымдапты. Шебін алу мақсатында бір кездері аласа тау жынысы болса да, өзіндік көркі, көркіне сай аң-құстары, шағын-шағын тал-тоғайлары бар әсем тау «жыртқыштың» құрбанына айналуда. Жүздеген алып техника ары-бері жүріп жатыр. Қопарылып, жарылған нән-нән кесек-кесек тастарды уатып, тау ішіне тартылған шойын жол арқылы жеткізілген вагон платформаларға тиеліп күні-түні тасылуда. Басын сол таулардан алатын өзендердің көздері бітеліп, бітелмегендері адамдардың қолымен арналарынан жаңылысып, басқа жаққа ағып жатыр. Тас уатудан ұшқан шаңның зияны Арал теңізінен ұшқан тұздардың зиянына пара-пар болмақ. Бір кездері мол сулы Қауылжыр өзенінің жағасында тұрып, өкініштен өзегің өртенеді екен. Түбінде су жоқ! Шалқар көлі қалай тартылмасын?! Дала өзендерінің негізгі су көздері қарға байланысты екені белгілі. Бірақ та, өзеннің өз көздері бар. Ол – бұлақтары! Оны білетін жергілікті адамдар қалды ма екен? «Судың басында отырғандар су ішеді, аяғында отырғандар у ішеді» деген осындайда айтылған шығар…

Қытайдың көксегені не?

Бір сапарымда мұнай саласында жұмыс істеген жігіттің әңгімесін жазып алып едім. Ақиқатын бір Алла біледі дегенмен, айтқаны ойландырып, тіпті алаңдатып қойды. Жазба сізді де бей-жай қалдырмайды деген оймен, назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдім. «Каспий маңы ойпатының шығыс ернеуі маңындағы ірі мұнай-газ конденсат кен орындарының бірі Жаңажол деп аталады. Мен сонда жұмыс істеп жүріп, «қара алтынның»

айналасында келеңсіздік көп екенін естідім де, көрдім де. Айтар сөзімді әріптес жігіттер де қуаттайды. Жер астындағы су, мұнай мен күкірт, бәрі-бәрі Қытайға қарай әйдік тұрбалармен ағылып жатыр. Сондықтан Елек, Жем һәм Каспий жағында жердің астынан қысым болмағасын жер бетіне су шықпайды. Баяғыда басқаша еді, жер астынан қысым болғандықтан бұлақ көздерінің бірі бітелсе де екінші жерінен тесіп шыға беретін. Өзен-көлдің ернеуі толатын. Барлық гәп қытайлар келгенде басталды…

Жаңажолда сепарат цехы болды. Жердің астынан шыққан заттарды айыратын. Содан кейін суды қайтадан кері айдап, бос қалған жерлерді толтыратын. Күкірт пен мұнайды судан айырып бөліп алатын еді. Қытайлар келіп «сепарат цехының қажеті жоқ» деп жауып тастады. Өздерінің елінде сепарат цехтарын салған шығар, бәлкім. Су да, күкірт те, мұнай да ұрланып, бір тұрбамен кетіп жатыр. Қаржыны жалғыз мұнайға ғана төлейді. Су мен күкірт тегін қытай асуда. Мұнайшы болып істеген жергілікті халық мұның бәрін біледі. Кеңес кезінде, жердің астын 1,5 мың метрге, әрі кетсе 2 мың метрге шейін бұрғылайтын еді. Бұрғышы жігіттердің айтуынша, қазір қытайлар 10-15 мың метр, тіпті одан да тереңге шейін бұрғылап тесіп жатыр екен. Байғанин, Мақаттан да әрірек аудандарды да бұрғылап тесіп жатыр. Бұл аумақтарды киіктер қыстап, лақтайтын көрінеді. Сол себепті, даланың ерке жануарлары амалсыз қоныстарын тастап Қостанай, Қарағанды облыстарына ауа көшіп жатыр. Қаншамасы қырылып қалды. Атам заманнан бері Үстүрттің үстінде қыстап, лақтап, сонда көбейетін еді. Жаңажол жақта Көкжиде деген жерде мол жер асты суы бар-тын. Оны да Қытайға айдап жатыр деген әңгіме бар. Бұрынғы артезан сулары қазір жоқ… ГПЗ деген зауытта істегенімде, мұнай мен күкіртті айырып жатушы еді. Күкіртті сұйық майға ұқсап келетін арнайы жабдықталған алаңдарда

кептіріп, тау-тау қылып вагондарға тиеп, әкетіп жататын. Алға қаласындағы Химзауытта осы күкіртті сұйылтып, күкірт қышқылын шығаратын еді. Енді ойлаңыз: жер қойнауындағы кендер алынып бос қалған орындар немен толуы мүмкін? Әрине, жер бетіндегі өзен сулары физикалық есеп бойынша жер астындағы бос қалған орындарға ағып кетуде. Өзен, көлдердің тартылып құрғауы осыған байланысты болып отыр. Мұны білетіндер дабыл қағуда. Олар ертеңгі күнге алаңдаулы. Өлі аймаққа айналу қаупі бар. Оған не дейсіздер, көзі қарақты ағайын?

Амангелді Жұмашұлы

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз