Жер комиссиясы құрылыпты дегенді естігенде Мұхтар Шаханов көкемнің «Желтоқсан көтерілісіндегі тіл мүддесі және «Жемократия» атты өлеңіндегі:

«… Желтоқсандағы үміт пен сенім гүлдемей жатып солғандай

Құрдымға сіңгендей үлестеріміз,

Сол кезгі барлық күрестеріміз,

Горбачевтармен, Крючковтармен тірескеніміз,

Күреске айналып сормаңдай,

Терещенколарға миллион гектар жер әперу үшін болғандай….» деген шумақ есіме түсті…

Жуырда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Жер кодексі жобасының нормаларын талқылап, ұсыныстар әзірлеу үшін жер реформасы бойынша Комиссия құрылды және жер реформасы бойынша комиссия құрамы бекітілді. 80 адам. Жер реформасы жөніндегі комиссия Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Жер кодексі жобасының нормаларын талқылап, ұсыныстар әзірлеу үшін құрылды.

Комиссия төрағасы ҚР Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов, төрағаның орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, комиссия хатшысы – АШМ Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов.

Комиссия құрамында Сенат пен Мәжіліс депутаттары, облыстардың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары әкімдерінің агроөнеркәсіп кешені мәселелеріне жетекшілік ететін орынбасарлары, ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшелері, фермерлер, салалық бірлестіктер мен фермерлер одағының, «Атамекен» ҰКП-ның өкілдері, қоғам қайраткерлері, саясаттанушылар, журналистер мен блогерлер бар.

Бірден айтайық, комиссия құрамында елдің сөзін сөйлейтін азаматтар баршылық. Бірақ оларды «Көп қорқытып, терең батырып жіберуін» ешкім жоққа шығармайды. Егер ондай атты күн туса жағдай қиындай түседі. Өйткені жер комиссиясы құрамында жүздеген мың жерді иеленіп отырған латифундистер де отыр. Олар қайткен күнде де өз мүдделерін ойламай қоймайды. Онда ұтатын кім, ұтылатын кім?

Ел арасында қазақтың жері – қазаққа ғана керек деген сөз айтылып жүр. Ащынғаннан шыққан ащы запыран ғой бұл. Анығын білгісі келген жан әлеуметтік желіге бір көз салса жетіп жатыр. Ол жақта қоламтадағы шоқ бықсып қояды. Күндердің күнінде қоламтадағы шоқтың қою қара түтінді жалынға айналмасына кім кепіл!

Расында «Біреудің жоғын біреу ән салып жүріп іздейтінін» кім жоққа шығармақ. Байлыққа белшеден малынған қай өзге ұлттың өкілі, қазақтың тілі мен жері үшін ақырып теңдік сұрапты! Олай болса қазақтың жерін сату және жалға беру туралы комиссия құрамында мына кісілер не істеп жүр? (Иә, олар қазақстан азаматтары. Бәлкім Ресейдің де төл құжаты төсқалталарында жатуы мүмкін. Бірақ қазақтың жеріне жандары аши қояр ма екен?). Сауэр Иван, Терещенко Сергей, Касицин Александр, Зенченко Генадий, Жабяк Игорь, Хильниченко Александр. Бұлардың барлығы да ірі шаруа қожалықтарының басшылары. Яғни, латифундистер десе де болады. Қасқырға қой бақтырып қойған жоқпыз ба, осы?

Негізінен жер мәселесі – латифундистер мен фермерлер шешетін дүние болмауы керек еді ғой. Бұл ұлт тағдыры! Тұтас ұлттың мәселесі! Ұзын –арқау, кең тұсауға салып, сәби – халықты алдай береміз дейтіндер болса қатты қателеседі. Өйткені халық қазір шамырқанып тұр, ширығып тұр…

Көптің аузына қақпақ қою қиын. «Билік жер комиссиясын құру арқылы халықты алдаудың екінші қойылымын бастады» деп жатқандар бар. Бұл күмәннің бұлтын сейілту үшін жер комиссиясы құрамындағы азаматтар елдің сөзін сөйлесе құба – құп. Көптің көңілінен шығу қиын екенін білеміз. Тек, шынайылықтың үлгісін көрсетіп, халыққа арқасын сүйегенде ғана комиссия жұмысы нәтиже береріне сенім мол. Әйтпесе «Күлтөбенің басында күнде жиын» кімге керек? Айтпақшы, жер реформасы жөніндегі

комиссияның бірінші отырысының өзінде 50 – ден аса ұсыныс түсіп, түрлі тілек пікірлер айтылды. Комисcия мүшелері енді олардың бәрін жеке-жеке қарастырмақ. Сондықтан, әр сенбі сайын сағат 10-да жиналып, күрделі мәселелерді ортақ талқыға салады. Демек, жер мәселесі ұзаққа созылатын түрі бар. Өйткені бұл саладағы былық пен шылық, ақиқат пен аңыз, өтірік пен өсек ордалы жыландай оратылып жатыр…

Жер реформасы жөніндегі комиссияның алғашқы отырысынан көңілге не түйдік? Кім не деді? Сол жайлы тарқата отырайық.

Комиссия мүелерінің қарқыны қатты

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: – «Меніңше, Қазақстандағы А/Ш жерлер тек жеке меншікке емес, тек мемлекеттің құзырында болуы керек.

Біріншіден, А/Ш көлемі бойынша Қазақстан әлемде 6-шы орынды алады. Ал, егістік алқаптары бойынша жан басына шаққанда Автстралиядан кейін 2-ші орындамыз. Яғни, бір адамға шамамен 1,3 гектар егістік жер келеді. Басқаша айтқанда бізде халық тығыздығы өте төмен. Сондықтан ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін біздің жер ресурстарымыздың жеке меншікте емес, тек қана мемлекеттік меншікте болғаны маңызды. Жер тек қана жалға берілуі тиіс.

Екіншіден, қазіргі уақытта Қазақстан экономикасы негізінен жер асты пайдалы қазбаларының арқасында дамуда. Бірақ, олар бір кездері аяқталатын ресурстар. Сол кезде бізге А/Ш жерлерін пайдалану қолжетімді болуы керек.

Үшіншіден, бүгінде А/Ш жерлерге жеке меншіктің болмауы аграрлық салаға инвестициялар тартудың басты тежегіші болып табылады деген пікір бар. Шынында да, агроөнеркәсіп саласына инвестиция тарту жағынан әлемнің жетекші елдерінен көп артта қалып отырмыз.  Жер ресурстарын жүйелі бақылауды қамтамасыз ету үшін мемлекеттік жер инспекциясының вертикалін қалпына келтіре алмадық.    Ауылдың малын жаюға 32 млн.га дан астам жер жетіспейді. Бұл Үкімет қарауына 2016 жылы ұсынылған. Бірақ, әлі шешімін тапқан жоқ».

Ауылдардағы жайылым, шабындық жерінен айырылып, мал бағатын, шөп шабатын жер таппай жүрген адамдар проблема, ұсыныстарын комиссияға, комиссия мүшелеріне ұжымдық хатпен жолдауы керек. Егер қоғам жаппай көтерсе мәселені шешуге жақсы мүмкіндік туып тұр деп ойлаймыз. Бұл ауылдардағы ең үлкен проблеманың бірі.

Мұхтар Тайжан, саясаткер: – «ҚР азаматтығын беру тәртібін қатаңдату керек. Өйткені халықаралық тәжірибе бойынша, азаматтық алу үшін кейбір елдерде мемлекеттік тілден, сол мемлекттің тарихынан емтихан тапсыруы қажет. Кемі 5 жыл тұрып, сол елге деген берік ұстанымын дәлелдеу керек. 2016 жылы халық көшеге шыққан кезде, Жер ешкімге сатылмасын деп айтты. Сондықтан біз ҚР азаматтарына да жеке меншікке жерді бермеуіміз керек. Мен қазір А/Ш арналған жерлерді айтып отырмын. Яғни, Қазақстанның 80 пайыз жері туралы айтып отырмын. Тағы бір айтарым, Жер кадастры ашық болуы керек. Жер кімнің қолында, кім игеріп жатыр, кім пайдаланып жатыр деген ақпараттар халыққа айқын болуы тиіс. Кейбіреулер бұл жеке мәлімет туралы заңға қарама-қайшы дейді. Олай емес. Себебі, жердің ауылшаруашылыққа арналған 99 пайызы ол мемлекеттің меншігі. Сондықтан, бұл жеке мәлімет туралы Заңға қайшы емес. Біздің халқымыздың тең жартысы – ауылда тұрады. Бәрімізге мәлім, кез-келген ауылға барсаңыздар, «жайылым жер жоқ», «шабындық жер жоқ», «егістік жер жоқ» дейді. Біреулердің қолында. Қазір Үкімет, мемлекет өзінің осы қатесін түзетуі керек. Ауыл маңындағы жерлерге қатысты келісім-шарттарды бұзуымыз керек…».

Ал «Алаш жолы» қозғалысының өкіл Айдын Егеубаев: – Бұл отырысқа Ел мен Жер қозғалысының атынан ұсыныстар берілген болатын. Неге сол қозғалыстан азаматтар қатыстырылмады?

Екінші. Тәуелсіздік үшін өмірлерін қиған Желтоқсан көтерілісінің ардагерлері неге орталарыңызда жоқ?

Үшінші. 2016 жылы Жер тағдырына алаңдаған, қудаланып, сотталып келген азаматтардың еңбегін қалай жоқ деп айта аласыздар? Неге сол азаматтар орталарыңызда жоқ? Неге мың жылдық тарихымызды зерттеп жүрген тарихшыларымыз жоқ? Жер кодексінің 171 бабының бүгінгі халық алаңдап отырған нормаларына нақты ұсыныстарды мен жазбаша түрде беремін. Сосын, комиссия өз жұмысын бірнеше топқа бөліп жүргізсе: Бірінші жұмыс тобы – Жер заңнамасы деген арнайы топқа, екінші – құқық нормаларын талқылау деген арнайы топ, үшінші – тарихи, саяси талқылау әдісі деген топтарда құрастырсақ. Сол бағытта жұмыс жасасаңыздар. Тағы бір айтарым, менің қолымда Ресей, Кипр, Қытай азаматтарының жерімізді жеке меншікке алғаны туралы құжаттар бар. Осыларды талқылап, шешіңіздер!» деді.

Белгілі саясаткер Расул Жұмалы: Келесі мәселе – жердің шет елдіктерге жалға берілмейтіні, сатылмайтыны айтылып жатыр. Дұрыс-ақ. Бірақ, бұған дейінгі мәселелерді қайтеміз? Мәселен, тек қана Ресейдің Қазақстаннан полигонға алып отырған аймағы 8,6 млн.га. Орасан зор аумақ. 2016 жылы естеріңізде болса, Қытай 1 млн.га жер алуы мүмкін дегенде бүкіл ел өре түрегелді. Ал, мынау 8 есе көп аумақ. Ал, бұған төленген өтемақы 20 млн.доллар ғана. Полигоннан бізге қанша зардап келіп отыр? Осы мәселені қарастыру да жөн сияқты. Тағы бір мәселе – 10 сотық жер. Ол шет елдіктерге жалға беруге бар екен, латифундистерге бар екен, бірақ, 1,5 млн. адамға жер жетпей әлі кезекте тұруы да ойланатын мәселе.

Бақытбек Смағұл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: – «Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен Жер реформасы бойынша комиссия құрылды, бүгін оның құрамы да бекітілді. Бұл комиссияға мен де мүше болып кіріп отырмын. Комиссия Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жаңа Жер кодексі жобасының нормаларын талқылап, ұсыныстар әзірлеумен айналысады. Айта кету керек, алдыңғы Жер реформасы жөніндегі комиссия осы бағытта біраз іс тындырды, сол кезде елді алаңдатып, қазақтың тынышын кетірген біраз мәселені шешуге, халықтың көңілін орнына түсіруге септесті. Алайда содан бергі 5 жыл ішінде тағы да біраз мәселе қордаланып қалғаны мәлім. Жаңа комиссия жерге қатысты түйткілді мәселелерді түпкілікті шешуі қажет. Мысалға, өзім ауыл-аймақты аралағанда біраз жайтқа қанықтым. Соларды комиссия аясында көтермекпін. Айталық, біріншіден, азаматтар жер алу мәселесі күрделі екеніне шағымданады. Жер телімдерін онлайн режимде рәсімдеу ісі көп елдімекенде жолға қойылмаған.

Екіншіден, жұртшылық ауыл шаруашылығын жүргізуге жарамды суғармалы жерлерді өзге мақсаттарға пайдалануға бермеуді сұрайды. Әйтпесе, қалалардың айналасы бірнеше шақырымға дейін құрылыс және басқа компанияларға таратылып жатқан жайттар бар. Ал қазіргі заманда, өзге елдерде қала шаруашылығы ауыл шаруашылығымен кіріге, біріге жүргізіледі. Мысалы, бауырлас Түркияның ірі қалаларының айналасы толған жылыжай-теплица.

Үшіншіден, қазақстандықтар жалғыз ауыл шаруашылығы ғана емес, сондай-ақ басқа да жерлерді шетелдіктерге және олардың қазақстандық серіктеріне сатуға тыйым салынса дейді. Басқа да толып жатқан мәселе бар. Оны комиссия аясында көтермекпін. Өзге мамандармен ақылдаса отырып, нақты шешімдері табыларына сенімдімін» – деп отыр ауған соғысының батыры.

Әлеуметтік желідегі жазбаларға үңілген кім бар?

Жер комиссиясында отырғандарға әлеуметтік желіден алынған Мырзан Кенжебай мырзаның мына бір сауалын жолдамақпыз. Оқып жатса азаматтар жауабын бере жатыр: «Ресейдің полигондарына, Байқоңыр ғарыш айлағына, Торғайдың Жанкелдин ауданында Ресей зымырандарын құлатуға берілген жерлерді қайтпексіздер? Қытайға беріліп жіберілген жерлерді ше?…».

Тағы бір белсенді азамат Серік Тулекбаевтың мына пікірін ашық көрсеткенді жөн көрдік: – «Жер комиссиясына неге, шынайы жер жанашырлары кірмей қалды. Менің ойымша, Балташ Тұрсынбай, Рысбек Алтынбай, Еркін Рақышев, Арман Шораевтар кіруі керек еді, әттең олай болмады. Үкімет жер мен ойнауды қайта бастады, бұл өте қауіпті. Бірінші отырыстан ақ жердің, қазақстандықтарға жекеге берілуін, оның бағасын шығаруды қолдайтын латефундистердің арам пиғылы көрініп қалуда. Жер сатылмайды, жер жекеге берілмейді, жер қазақ мемлекетінің меншігі, деген бірақ ауыз сөз керек. Бос жатқан жер, жау шақырады дегенді айтуда, қай облыста, қай ауылда бос жер бар? Жер саудаға салынып кеткені қашан, барлық жер әкім қаралардың ацналасында, тек сатып алатын адамын күтіп отырғандар. Сондықтан жер мемлекетке қайтарылсын, жермен жұмыс істейтіндерге, шынайы, шаруаларға мемлекеттік көмек берілуі керек. Сатылымды, жерді кепілге қоюды тез арада тоқтату керек. Кешегі, Иволго холдингтегі миллион гектар жердің, Рессидің Сбербанкіне кепілдікке берілгені неге айтылмайды. Әлде тағы құйтырқылық пен қазақтың жерін жекеге беруге мен қарсымын. Егер жердің бір гектары жекеге сатылса, барлық халық болып алаңға шығу керек. Сыртан келген инвесторларға Арабтардың тәжірибесі мен жұмыс істеу керек» деп өз ойын ашық жазыпты.

Әлеуметтік желідегі белсенді азаматтың бірі Жеңіс Оспановтың «ЖЕР ДАУЫ» атты жазбасы көңіл аударарлық: «Жә, жер комиссиясының жекелеген мүшелерін талқылау – өнбейтін іс. Дүйім жұртқа 100% жағатын 90 адам табам деу сағым қуалаумен бірдей. Басты проблема осы комиссияның құрылуында жатыр. Меніңше, бұл топтың жұмысы жемісті болады деу – бос үміт. Неге? Комиссия құрамы әркелкі және әрқайсысының жер мәселесіне қатысты өз көзқарасы, өз пайымы бар. Олар тек бір нәрседе ортақ келісімге келуі мүмкін. Ол жерді шетел азаматтарына сатпау мәселесі. Онда да, Терещенко секілді латифундисттер бос жатқан жерлерін шетелдіктерге қуана-қуана сатуға келісер еді. Ал негізінен көп тұста комиссия мүшелерінің пікірлері қарама-қайшы. Біреулері жерге жеке меншік сақталғанда ғана экономика дамиды дейді, екіншілері жерді мемлекет меншігіне қайтаруды ұсынады, үшіншілері жеке меншік болсын, шетелдіктерге тек ғана жалға беруге болады деп шығады. Ақыры аяғында бір-бірімен қырылысып, бірі комиссиядан шығып, екіншісі кіріп, түптің түбінде жаңа жер кодексі кезекті, қарама-қайшылықтарға толы заң болып шығады.

Оны болдырмаудың бір ғана жолы бар. Ол – жалпы халықтық референдум. Онда екі ғана сауал болуы тиіс.

  1. Жерге жеке меншік сақталсын. Шетел азаматтарына жеке меншіке де, жалға да берілмесін.
  2. Әрбір қазақстандыққа тиесілі, бау-бақша өсіріп, үй салуға арналған 10 соткадан бөтен жердің бәрі мемлекет меншігіне қайтарылсын. Қазақстан азаматтарына 10-49 жылға дейін жалға берілсін.

Осы екі сауалға қазақ елінің әрбір азаматы жауап берсін. Референдум нәтижесінде қай шешім өтеді, соны мемлекеттік комиссия негізге ала отырып жаңа Жер кодексін дайындайды. Алгоритм солай жасалса ғана нәтиже болады. Алдымен референдум, сосын комиссия жұмысы. Сонда ғана комиссия мүшелері әркім өзінің пікірін тықпалауды қояды.

Негізгі принципі қабылданды, сол бойынша жұмыс істейді. Мың жерден ақылгөй болса да, тұтастай елдің тағдыры ат төбеліндей азғантай адамға байланысты болмау керек. Мемлекеттің біртұтастығы мен қауіпсіздігі бәске түскенде жалпы халықтық шешім қажет. Әрі-беріден соң бұл билікке де тиімді қадам. Референдум оларды келер ұрпақтың алдындағы жауапкершіліктен босатады. Сонда келешек алдында жалғыз ғана билік емес, бүгінгі мына тұрған бәріміз жауап береміз. Қылқылдап та, үркітіп, қорқытып та қазақ жерін сұрап жүрген шетелдіктерге биліктің жауабы дайын тұрар еді. Кешіріңіздер, біздің қолда тұрған ештеңе жоқ, бұл халықтың ұйғарымы дейді де жүре береді. Беттері ашық. Соны қалай ұқпайтынына таңым бар. Ал референдумға қаражат жоқ деген жәй сылтау.Талай кезектен тыс Президенттік, Парламенттік сайлауларды өткізгенде таптық ғой қаржыны. Бұл жолы да табуға болады».

ТҮЙІН: Қазақ – қазақ болғалы жесір дауы, жер дауы бір басылмаған. Бұл ағайын арасындағы текетірес. Бірін – бірі ықтыру, бірін – бірі бұқтыру еді. Иә, кейде кісі өлімі де болып тұрған. Соны санасына сіңірген қазақ ұрпағы, жер мәселесі ушыға бастағанда (2016 жылы Қытай 1 млн.га жер беріледі дегенді естігенде) «аттандап» көшеге шықты. Астамсыған шенділерді тәубесіне келтірді. Құтырынған шетелдіктерді сабасына түсірді. Істің насырға шауып бара жатқанын көрген сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев халықтың алдына өзі шығып жерге бес жылға мораторий жариялады. Сөйтіп «құда да тынышталып, құдағи да сабырға келген». Енді міне, сол шектеу де мәреге жетті. Қауіптің басы қайта қылтия бастады. Үміт те жоқ емес. Бұл жолғы «жер мәселесі» қалай шешіледі? Ел дүрлігіп, жер күңіреніп кетпей ме?

Әркім өз ойын айта алатын қоғамда өмір сүріп жатқандықтан бізде көппен бірге, ең әуелі тұтас жеріміз бұрынғыша МЕМЛЕКЕТ МЕНШІГІНЕ толық қайтарылуын қалаймыз! Онсыз мына комиссияның құны көк тиын. Осы мәселені бүгіннен бастап алға қоймасақ, тағы да өкінеміз әрі алданамыз. Әрине жерді мемлекет қарамағына қайтаруды ұланғайыр аймақты су тегін алып «бауырына басқан» Терещенко және басқа да латифундистерден бастау керек. Әйтпесе «қой терісін жамылған қасқырлар» үстемдігін жүргізіп, заңның осал тұсынан сытылып шығып кете беретіні анық! Ал қазақ халқында «Шыдамның да шегі бар» деген тәмсіл бар.

Тағы бір қосарымыз, қазақстанда ұлттық мүдде мен қазақи намыс қалыптаспайынша жерді мемлекеттің меншігінен шығаруға болмайды. Жерге меншік құқығын енгізу, мемлекеттің күйреуіне әкеліп соғатыны айдан анық! Өйткені меншік иесі бай-бағыландар ойына келгенін жасап, күндердің күнінде жерді банктерге қойып, миллиардтаған несие алып, «Маңғыт, аузыңа саңғыт» деп кетсе қайтеміз?!

PS: Жер комиссиясының отырысы толықтай Қазақ тілінде және жария түрде өткені қуантты. Бұл – тілге құрмет, елге ізет деп түсіну керек. Енді бірен-саран ресми тілге жүгінгендерге көңіл бөлмей – ақ қоялық. «Көш жүре түзеледі». Әйтседе халықтың көңілін аулау үшін осындай әрекетке әдейі барып отырса биліктің өзіне сын! Себебі «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам».

Нағашыбай Қабылбек

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз