«Ұйғыр ауданы» деген атауды ауыстыру мәселесін өткен ғасырдың соңына таман көтерген біраз ағаларымыз армандарына жете алмастан о дүниелік болып кетті. Олардың жазған арыз-шағымдары мен өтініштері қандай да бір белгісіз себептермен жауапсыз қалып жатты. Дегенмен, жергілікті халық арасындағы өзара күңкіл-сүңкіл мен ара-тұра жоғарыға хат жазу сияқты үдерістер тоқтаған жоқ. Тіпті кейінгі жылдары пісіп, жетіліп келе жатқан қоғамдық ой-пікірлер мен әлеуметтік проблемалар ашық айтыла бастады. Оған себеп те жоқ емес…

Сөзіңе пейілің сай болсын, қарадалалық адаш!

Рас, бұл аймаққа 19 ғасырдың екінші жартысынан кейін аяғы тиген ұйғыр ағайындар (тараншылар) тіршілікке бейімділіктерімен, еңбекқорлықтарымен, өзара сыйластықтарымен ерекшеленетін. Десек те, кейінгі жылдары тату-тәтті тұрып жатқан қазақ ұлты мен ұйғыр диаспорасы арасында ара-тұра кикілжіңдер туып, түсініспеушіліктер жиі орын алатын болды. Олардың біразынан республика жұртшылығы да, билік те хабардар. Мәселен, ана бір жылдары ай-жұлдызды көк туларын көтеріп, көшеге шығатындар, «жер — сендердікі, билік — біздікі», — деп төбелесетіндер, тағы басқа да жайттар айрандай ұйып отырған тұрғындар арасында іріткі тудыра бастады. Ал олардың бұлай істеуіне кімдер түрткі болып отыр? Әрине, ұйғыр халқының өз отаны болуы керектігін аңсап, сол жолда геосаяси күрес жүргізгісі келетін сыртқы бір арандатушы күштердің әсері болуы бек мүмкін. Бірақ, бұл мәселе Қазақстанның, қазақ елі мен қазақ жерінің есебінен шешілмеуі керек екенін, үй ішінен үй тіккісі келетіндер түсіне бермейтін сияқты. Оның үстіне, бүтіндей бір ауданның «Ұйғыр ауданы» деп аталуы да аталмыш ұлт өкілдерінің кеудесіне нан пісіріп, қолтығына жел беріп тұратынын енді түсініп жатқан жайымыз бар. Тіпті, келешекте Ұйғыр ауданы емес, «Ұйғыр автономиясы» болуды армандайтындар үшін, ауданның бұл атауы да, жері де өте қолайлы болып тұрған жоқ па?!

Әрине, «автономия құрғыларыңыз келе ме?» деген сауал қойсаң, ауданның әкімінен бастап, қарапайым ұйғыр ұлтының өкілдеріне дейін: «Бізде ондай ой, ондай мақсат жоқ. Біздің бір ғана Отанымыз бар. Ол — Қазақстан» — деп, ант – су ішетіні анық және дәл осы жауапты тек қана ұйғыр ағайындар емес, дүңген, орыс, түрік, тағы басқаларынан да еститініңізге күмәніңіз болмасын. Егер осы сөз шын ниет пен пейілден, жүректен шықса ғой… Біресе – санақ, біресе – сайлау кедергі.

Жарайды, сонымен әңгіменің тоқ етеріне көшсек, былтыр 2020 жылдың 16 маусымында, Шонжы ауылында он шақты жастың пышақтасып, төбелескені Алматы облысының әкімінен бастап, біраз адамдарды дүр көтерген болатын. Әрине, төбелестің астарында жоғарыда айтқан «ұлтшылдықтың ұшығы» жатса да, билік бұл оқиғаны да әдеттегідей тұрмыстық жанжалға әкеліп тіреп қойды. Сол оқиғадан кейін аудан орталығына жедел жеткен Алматы облысының әкімі Амандық Баталов тұрғындармен өткізген кездесу барысында, негізінен жиналғандар ауданның атын өзгерту керектігін талап ететіндіктерін, өйткені болып жатқан келеңсіз оқиғалардың, төбелестердің артында осы мәселе тұрғанын түйсініп, бұл өтінішті көп кешіктірмей мемлекет басшысына жеткіземін деп уәде берген болатын. Бүтіндей бір облыстың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып, шашау шығармай басқарып отырған, әрі әкімдер арасында рейтингі де жоғары, әрі қайсыбіреулер сияқты арқадан қағып, алдаусыратуды білмейтін облыс басшысына сол жолы халық та сенді және зор үміт артты. Бекер обалы қане, өңір басшысы бұл мәселені жеткізетін жеріне жеткізген болуы керек, бірақ Абай атамыз айтпақшы; «…одан да шықты жаңғырыққа» ұқсас жауап алып, халықтың талабы тасқа соғылған сияқты. Тек қана жоғарыда айтқан Шонжыдағы кездесуден кейін, төрт ай өткенде, Астанада өткен брифингте А.Баталов мырза аудан мен көше атауларының алдағы болатын парламент сайлауына байланысты тоқтап тұрғанын мәлімдеген болатын. Ал бұған дейін, облыс әкімінің орынбасары Б.Байжұмановтың 2019 жылдың 13 желтоқсанында аудан атын өзгерту туралы хат жолдаған аудан тұрғындарына берген : ЖТ-Ұжым-4104, 4104/1 жауабында: «…Осы орайда, соңғы жылдары Ұйғыр ауданының атауын Шарын, Қарадала секілді тарихи жер-су атауына өзгерту туралы ұсыныстар жиі түсуде.

Аталған ұсыныстар орынды. Алайда, келер жылы өтетін халық санағына байланысты әкімшілік – аумақтық бірліктер мен елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру және оларды қайта атау туралы жұмыстар тоқтатылатын болады. Сондықтан, аудан атауын өзгерту мәселесі бойынша санақ аяқталғаннан кейін, яғни 2021 жылдан бастап тиісті аумақ халқының пікірін ескере отырып, белгілі қоғам қайраткерлері мен тарихшылардың, өлкетанушыларды қатысуымен халық арасында толыққанды, дәйекті түсіндіру жұмыстары жүргізіледі» делінген. Демек, аудан атын өзгертуге санақ пен сайлау кедергі болыпты-мыс. Енді қандай кедергі тосып тұрғанын топшылай беріңіз. Сондай-ақ, хатта жазылған: «2021 жылдан бастап аумақ халқының пікірін ескере отырып» деген сөздер қаншалықты әділдікке саяды? Ал егер аумақ халқының 80-90 пайызын өзге ұлт өкілдері құраса ше?! Ондай болса, жергілікті мемлекетті құраушы ұлттың, яғни қазақтың мүддесі мен тарихи ерекшеліктері ескерілмеуі тиіс пе?

Қысқасы, әшейінде Астанадан бастап, еліміздің облыс орталықтарындағы көшелерге дейін бір-ақ күнде ауыстырып тастаған билікке, шындығында Ұйғыр ауданы дегенді — Қарадала деп, аудан орталығы Шонжыны — Әлмерек деп өзгерте салу аса қиынға соғып отыр. (Әлмерек атауы жайлы төменде әңгімелейтін боламыз).

«Бақырауықтар» балаша сеніп отыр

Айтпақшы, жуырда әлеуметтік желілердің бірінен Алматы облысы ның әкімі Амандық Баталов мырзаның журналист Рашит Асқарбекұлына берген сұқбатын тыңдадым. Керемет, жақсы сұқбат болған екен. Онда жоғарыда атап кеткендей, облыстың ішкі өңірлік дамуы, экономика, өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, туризм, тағы басқа салаларда атқарылып жатқан көңіл толарлық жұмыстар мен жетістіктер жайлы айтылады. Сондай-ақ, сұқбат барысында коронавирустан қайтыс болған аяулы жандарды, әріптестерін қабырғасы қайыса отырып еске алған әкім өзінің де індетті қалай жұқтырып алғанына тоқтала кетеді. Сіздерге әкімнің сол жөнінде айтқан сөздерін жып-жырғасыз, еш өзгеріссіз ұсынайық: «Ұйғыр ауданына барғанда төрт жарым сағат отырдық. Алматыдан келген, басқа өңірлерден келген адамдар, анау актовый залдың ішінде, 400-ден астам, 500-дей адам. Біреуінің маскасы бар, біреуінің маскасы жоқ. Ол кезде масковый режим дегенді біреулер түсінбейді. Сонда солармен әңгімелесіп отырып. «Ана жағдай болды ғой, ұйғыр – қазақтың арасында, сонда шалдар бар, жастар бар, анау не, патриот деген өздерінше келіп алып, бақырауықтар бар, солармен отырғанда, сонда үшеуміз де ұшып түстік».

Облыс әкімінің бұл сөздерін тыңдап отырып, әрине оның ауру жұқтырып, ауырып қалғаны қабырғамызға батты. Бірақ, әңгімесінің соңына таман «бақырауықтар» деп кекесіндеу айтқан сөзінің кімдерге арналғаны түсініксіздеу болып қалды. Сол жерге талап-арыздарын айтпақ болып барған халықты айтқаны ма, әлде өзіне ауру жұқтырғаны үшін, айтар өкпесін жекелеген біреулерге бағыттағаны ма, әйтеуір әкім мырзаның сөзінен кекесін мен менсінбеушілік байқалатындай. Сонда халық не істеуі керек еді? Жиынға барып, өз талап-тілектерін айтпауы керек пе еді? Әлде бақырауық түйелерше, «бақырып-шақырып» қана қоя салмай, баса көктеп, басқалай әрекеттерге барғаны дұрыс па еді? Аймақ басшысының бұл сөзі Қарадала өңірінің елім, жерім, ұлтым деп жүрген кез келген азаматының намысына тиері сөзсіз. Қалай десек те, Қарадала өңірінің қарапайым халқы ақылына парасаты, ісіне іскерлігі сай әкім А.Баталов мырзаның: «Жоғарыға, мемлекет басшысына жеткіземін» деген уәдесінен кейін, оған үлкен үміт артып, ортақ істі орта жолда қалдырмас деп сенім білдіріп отыр. Сондықтан, сенім болсын, сенімді ақтар пейіл болсын деп тілейік.

Қаулы тиісті орындарға неге жіберілмеді?

Ал енді «әлқисса!» деп, Алматы облысы, Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы ауылына әулие Әлмерек батыр бабамыздың атын беру туралы мәселеге ауысайық. 2018 жылдың 6 сәуірі күні, біздің халықаралық «Қазақстан-Zamany» («қазіргі «Qazaqstan dauiri») газетінің ұйытқы болуымен, аталмыш ауданның орталық мәдениет үйінде: «Батыр бабаларымызды ұлықтау парызы» атты ғылыми конференция өткен болатын. Конференцияға арнайы қатысқан аудан әкімі Нурахунов Шухрат Турдахунұлы келушілерге арнап, құттықтау сөз сөйлеп, шара шымылдығын ашса, аталмыш іс-шараны аудан орталығында өткізуге көп еңбек сіңіріп, ұйымдастыра білген аудан әкімінің орынбасары Деменбаев Дәулетжан Модинұлы жиынды жүргізіп отырды. Н.Ә.Назарбаевтың: «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында ұйымдастырылған бұл алқалы жиынға Алматыдан арнайы келген қонақтар арасында: Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының қызметкерлері, атап айтсақ, аталмыш институт директорының қоғаммен байланыс жөніндегі орынбасары, т.ғ.к,. – Ә.Шашаев; Рһ(D) докторант – Р.Оразов (баяндама: «Жаркент уезінің құрылу тарихы); ғылыми қызметкерлер: Қуаныш Мырзаходжаев, Аман Дәулетұлы; жазушы, профессор О.Қауғабай (баяндама: «Әз Тәуке хан және Әлмерек би»); саясаттанушы, қоғам қайраткері Дос Көшім; ҚазҰПУ доценті, т.ғ.к. Ш.Тілеубаев (баяндама: «Қалша батыр Мүсірәліұлы туралы тарихи деректер); тарихшы М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бөлім меңгерушісі Т.Әлібеков (баяндама: «Қазақ ұлттық тарихи қолжазбалары тарихи дерек ретінде»); ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Б.Айнабеков, БҰҰ Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, Халықаралық психология академиясының академигі, Халықаралық құқық қорғаушылар бірлестігінің мүшесі, э.ғ.д. — Д.Телбаев; ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, «Атамұра» баспасының аға редакторы, жазушы — Қайранбай Жұмабай; ҚР ҰҒА президентінің көмекшісі — Темір Апендиев; қоғам қайраткері, философ – саясаттанушы Әбдірашит Бәкір, «Егемен Қазақстан» газетінің Алматы облысы бойынша арнайы тілшісі Қалмаханбет Мұхаметқали, «Өлке тынысы» ЖШС төрағасының орынбасары Болат Абаған, «Қазақстан» ұлттық телеарнасының журналисі Қуаныш Серікханов және «Қазақстан-zamany» газеті мен «Мөлдір бұлақ» республикалық балалар журналы Бас директорының орынбасары Жанбақыт Борантаев болды. Конференция барысында баяндама жасаған тарихшы – ғалымдар мен жарыссөзге шыққан ауыл ағалары әрі әулие, әрі батыр болған Әлмерек бабамыздың он сегіз жасында қалмақ батыры Шонжымен жекпе-жекке шығып, басын алған жерінің жергілікті халық арасында «Шонжы өлген» аталып, уақыт өте келе соңындағы «өлген» сөзі түсіп қалып, «Шонжы» аталып кеткенін, сондықтан, осы тарихи Қарадала шайқасына қатысқан бабалар ерлігіне және олардың аруағына құрмет көрсете отырып, аталмыш аудан орталығына Әлмерек баба есімін беру туралы ұйғарым жасап, Қаулы қабылдаған болатын.

Арзиев Абайдан артық па еді?

Сол кезде жиынға келген ұйғыр ағайындар арасында, бұл мәселені дұрыс не бұрыс деп жақ ашқандары болмады. Тек қана екі-үш күннен кейін естерін жиғанда барып, қарсылықтарын ашық білдіріп, әлеуметтік желілерді шулатып жатты. Бұл конференция келешекте күрделене түсетін даудың басы ғана болғанмен, ақиқаттың бет пердесін аршып, талайлардың тарихи шындыққа тура қарап, ашық та батыл айтуларына жол ашты. Айта кетерлік жайт: кейіннен сұрастырып білсек, осы конференция соңында қабылданған Қаулы тиісті мекемелерге, атап айтсақ, ең алғашқы ашар есігі саналатын, Алматы облыстық Ономастикалық комитетіне де жетпепті. Демек, Ұйғыр аудандық әкімдігінен шықпаған деген сөз. Бұны қалай түсінуге болады? Ол құжат неге тиісті орындарға жіберілмеген? Оны тиісті мекемелерге жібертпей, ұстап қалу заң бұзушылыққа жатпай ма? Мұндай арамзалықтың артында кімдер тұр? Рас, бүгінде аудандағы ақылшы ағаларымыз бастаған азаматтарымыз қолдан келгенше біраз шаруалардың басын қайтарып жатқан жайы бар. Солардың бірі, қазіргі Шонжы ауылының кіреберісіне Әлмерек бабамыздың еңселі ескерткішін орнату болса, екіншісі, Қарадала шайқасы болған жерде ескерткіш орнату. Әрине, бұлардан өзге де атқаратын шаруалар шаш етектен. Олардың бәрі де кезең – кезеңімен атқарыла берер еді-ау, егер аудан мен аудан орталығының аттары өзгерсе.

Айтпақшы, жуырда аудан орталығындағы екі-үш көшенің атын қазақшалап, Әл-Фараби, Абай, Мұқағали есімдері беріліп жатыр деп естідік. Әрине, қуанышты жаңалық, бірақ ол көшелер сол ғұламаларымыздың атына сай ма? Мәселе сонда болып тұр. Мысалы, Алматыдан тура барып кіретін бұрынғы Алматы көшесіне «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» деген ағайындар, көп жылдар ауданды басқарып, еңбегі сіңген деген желеумен А. Арзиевтің есімін бергелі біраз жылдың жүзі болыпты. Негізінде, ол кісі жайлы ел ішінде неше түрлі жағымсыз пікірлер айтылғанымен, оны ұйғыр ағайындар өз ұлтының адал азаматы, «батыры» деп қабылдайды. Сондықтан олар орталық көшені Әл-Фарабиге немесе Абайға қия қояды деп ойламаймын.

Жанбақыт МЕРЕКЕҰЛЫ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз