Ресейдің бұрынғы Мәдениет министрі Владимир Мединский депутаттарына: «Украина, Қазақстан, тіпті Беларус құрамында орыстың жерлері қалай қалып қойған?!» – деген сауал тастап, бұл жөнінде ойлануға тапсырма берген көрінеді. Мұны арандату демей, не дерсің? Мұның алдында ресейлік депутаттар Никонов мен Федоровтар да осы тақылеттес мәлімдемелер жасаған еді, енді, міне, шовинистер шеруін Мединский жалғастырып отыр. «Бұл Ресей азаматтарының жеке пікірі ме, әлде солтүстік көршіміздің ұстанып отырған берік ұстанымы – сыртқы саясаты ма?» – деген сауалға қоғам қайраткері Дос Көшім: «Бұл Путиннің: «Біздің көп жерімізді басқа республикалар сыйлық ретінде алып кетті»,– деп жазда айтқан сөзінің жаңғырығы. Президент осылай десе, Ресей Федерациясының сыртқы саясатының нақты бағыты осы деп білемін. Бұрын мұндай сөздерді Лимонов, Жириновский сияқтылар айтып келсе, енді осы пікірді ұстанған адамдардың мамандығы да өзгеріп отыр.
Ұлттық бағыттағы бірдеңе айтсақ, азаматтық қоғам бізді қолдамайды. Қолдамақ түгілі, үдере түрегеліп қарсы шығады. Қазақстан азаматтарының бір бөлігінің Ресейге бүйрегі бұрып тұратыны да шындық. Бұл бағытта бізде ештеңе жасалып жатқан жоқ. Мен осыны Президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаевқа да жаздым, барлық жерде айтып жүрмін. Бөлінген гранттар болсын, жасалып жатқан бүкіл жұмыстар болсын, тек қана орыс тілінде өтетініне таңғаламын. Біз өзіміздің ұлттық негізімізді нығайтпай отырмыз. Біз екіге жарылған, орыс тілді және қазақ тілді қоғам болсақ, қауіп екі есе төнеді. Әліппенің ешбір елінде қос тілді, қос билікті мемлекет жоқ. Орыс тілін мемлекеттік тілмен теңестіріп қойғандықтан, бүгіндері сол тіл арқылы Кремльдің идеологиясына бүйрегі бұратындар көп. Бұған Украинадағы жағдай жақсы мысал бола алады. Бірақ қауіптің алдын алатындай билік тарапынан нақты жасалған қадамдар байқалмайды. Баяғы жартас – бір жартас. Ұлт болып ұйыспай, әлі де болса, орыс, қазақ болып бөлініп отырған елге әрқашан қауіп бар», – деген уәж айтады. Саясаткер сөзінің жаны бар-ау осы…

Ермек САХАРИЕВ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз