Дидар Қайрат Шет тілдер және іскерлік карьерасы университетінің Филология және журналистика факультетінің III курс студенті. Оның  «АРАНДАҒАН АР КЕСКІНДЕМЕСІ» атты мақаласы республикалық баспасөздегі алғашқы шығармашылық қадамын танытып, сәтті аяқ алысын айқындап тұр. Көзбен көріп, көңілмен түйсінетін сурет өнерінің құдіреті мен сыр-сипатын нәзік ұғынып, полотнодағы бояу құбылысы, штрихтардың құрсаудағы ар бұлқынысын,және сюжеттің саяси астарын, рухани эстетикалық әсерін Дидар Қайрат қарындасымыздың қабылдауы мен талдау талғамы қуантады. Сондай-ақ, әрбір картинаға қатысты эпилогтың таңдалуы мен мақаланың композициялық құрылымы да өткен мен бүгінгі ақиқатты астастырып, кеңестік қызыл ашаршылық пен қызыл қытайдың нақақтан-нақақ түркітекті нәсілге жойқын геноцидін бір-біріне егіздеп, паралель жасағанын көреміз. Қылқаламның классигі, жарықтық Әбілхан Қастеевтің де заманында екі бүйірден қысқан қос империяның қасіретін шегіп, ашаршылықтан бас сауғалап қытайға қашып, абақтыға тұтылып, ауыр жұмысқа жегіліп кете жаздаған шақта Тәңірдің қалауымен құтылғанын шәкіртіміздің жазғанынан біліп отырмын. Дидар, айналайын, қиындығы мен қызығы қат-қабат шығармашылық жолың оң болсын!

Аманқос Мектеп-тегі,

Шет тілдер және іскерлік карьерасы университетінің доценті.

Қараған сайын көрерім де біреу-ақ.

Ол — аранды темір қоршау.

Ол – бізбен бостандық арасына құрылған аранды қоршау,

 одан көз айырмауымыз керек…

Silvestre L. Tagarao

«Аранды темір қоршауда»

    Саяқ жүретін данышпандар, арындаған ақындар көбімізге өзгеше әсер қалдырып, «өнер адамдарының» ерекшелігі деген қасаң пікірлерді қалыптастырды. Қылығымен қызықтырып жүрсе де, қолынан шыққан туынды құны бес тиын болуы мүмкін. «Бақаның бағынан сұңқардың соры артық» деген. Заманнан заман өтсе де өз дәуірінің үнін жеткізіп, адамзат құндылықтарын көтеріптұрған ғажайып шығармалар бар. Мән мен мағынаға ерекше назар аударып, әлдебір ережелер қалыптастырған дәуірде өнердің бір қалыппен жүргеніне тарихтан куәміз.

Кеңес үкіметі кезіндегі XX ғасырдың басында болған нәубет –ашаршылық қазақ халқының басына зобалаң әкеліп, талай қаракөзді жалмады. Бұл зобалаң қазақтың сурет өнерінің негізін салушылардың бірі – атақты суретші Әбілхан Қастеевтің отбасын айналып өтпеді. Ол азық іздеп шекарадан Қытайға өтіп, қытай түрмесіне қамалып, ауыр жұмысқа жегіледі. Өз еліне әупіремдеп оралған ұланның сурет өнеріне өз еңбегі сіңді. Алайда ол өмір сүрген кеңестер кезінде шығармашылық еркіндік былай тұрсын, жүріс-тұрысың мен сөйлеген сөзіңе дейін құрсауда болды. Бұл құрсау біздің әдебиетіміз бен өнеріміздің дамуын барынша тежеді. Тарихтың өн бойына үңілсек қазақ халқының мәдени-рухани жәдігерлерінің көбі құрып, тарихымыз бұрмаланып, руханиятымызға үлкен қастандық жасалған. Тәуелсіздік алған жылдары қайта жаңғыру лебімен өз мәдениетіміз бен түп-тамырымызды іздедік. Руханияттың қаншалықты маңызды екенін түйсініп, енді-енді бойымызды тіктеп келеміз. Бүгінгі тәуелсіз елдің сурет өнерінің жоғары эстетикалық деңгейге көтерілгенін мен бір кескіндемешінің шығармаларынан байқадым.

Қазақстандық Алмас Нұрғожаның картиналары Кипрдегі заманауи өнер музейіне қойылмақшы. Қазіргі заманауи кескіндеме бағытындағы картиналарының өн бойынан қазақтың болмысы менмұндалап тұрған Алмас Нұрғожаның шығармашылығына назарым ауды.

 

«Сандық тартылыс» атты мына картинадан нені аңғардыңыз?

Қазіргі қоғамдағы, әсіресе заманауи технологиялар қарыштап кеткен шақта адамның орны қандай? Интернет – тікелей ақпарат алуға, алысты жақын етуге, виртуалды «өмірді» сүруге мүмкіндік берді. Алайда интернет пен әлеуметтік желіге байланған адамның қолы ұзарғанымен, адам ретінде, ішкі құндылықтары жағынан, білім мен парасаты жағынан ол қаншалықты биіктейді? Автор шарықтап дамыған заманның шырмауына адамды асып қою арқылы сізге нендей ой тастады?

Жан-жақтан торыған Ажалды жолатпай Қорқыт-Ата қобызын күндіз-түні тебірентіп-ақ келіп еді…Әттең-ай, бір сәтке қалғып кетіп, қобыздың үні өшіп қалғанда, қасиетті бабаны жылан шағып өлтірді. Сол қобыздың шын аты — Руханият.

 Шерхан Мұртаза (Егемен Қазақстан газеті)

 

Әлемді құрсаулаған коронавирус індеті талай жанның өмірін қиды. Осы тақырыпта 2021 жылы жазылған «Жоқтау» атты Алмас Нұрғожаның картинасының мәніне бойладық.

Суретшінің тереңнен толғап, алыстан астарлап әкелетін шығармаларының қай-қайсысы болмасын көркемдік-эстетикалық тұрғыдан өте шебер жазылған туындылар.  Қорқыттың қобызы жайлы естімеген қазақ кемде-кем.

Картина ажал әбжыланы таяған мезетте жан-таласа қыл қобызды сарнатқан  ақ киімді «абзал жанның» арпалысы, әбігерлігі мен қозғалысы… және бір мезет үзіліп кеткен қобыздың қылы.

Мұндай метафоралық әдістен үзілген қобыздың қылы арқылы адамның қыл үстінде тұрған өмірі жайлы суретшінің толғанысы, кемерінен асқан көңілі, ішкі күйзелісі анық сезіледі.

Бір сәт үзіліс, іш тартып, үнсіз қалған бір мезет.

Қобыз шалқып, үзілген ішек сол күйі ауада қалқып қалғанда сахнадағы қозғалысты баққан жанның жүрегі оқыс ыршып түсуі бек мүмкін.

 

АРАНДЫ ТЕМІР ҚОРШАУДА

Мына бір картинаның атауы – «Қытайдағы зұлмат». Қазіргі таңдағы Қытай Халық Республикасында орналасқан концлагерлердегі төрүк ұлыстарына жасалған қиянатты әспеттейді.

Бұндай ауыр зобалаң жайлы ойды Алмас Нұрғожа ашық жаза салмаған. Ерекшелігі осында, ондағы абстрактілі көрінген дүниенің метафоралық мәніне қарасаңыз аранды темір қоршауға асылып, бірі бұлқынып, бірі сұлық жатқан адамдардың жан кешті хәлін көресіз.

 

Сурет өнерінің бұл қырына, мәні мен мақсатын айтпаған күннің өзінде, автор жұмыс барысында адамның тұлғалық еркіндігін, бас бостандығын, құрсаудағы аянышты дәрменсіздігін көрсеткісі келгендігін көзі қарақты жандар пайымдап та үлгерген болар. Фонның қара түсті болуы өзгеше әсер береді. Аранды темір қоршауда қалған жандар сол қараңғылыққа жұтылып бара жатқадай сезімде қалдырады.

210×700 сантиметрдей көлемді шығармада бояудың қалақшамен оқыс әрі өткір жағылуы қатыгездікті көрсетсе, жоғарыдан түскен темір сымның тік сызықтары әлдебір кеңістіктегі адамдар «қуыршақты» жіппен басқарғандай көз алдымыздағы қорғансыздандарды билеп төстеуде. «Қуыршақтардың» «жіптің» ырқына көнбеске шарасы қалмаған.

Символикалық тұрғыдан керемет шыққан туындының шарықтау шегі – автордың тек Қытайдағы түркі халықтарына ғана[қазақ, қырғыз, ұйғыр, татар, өзбек] қысымы емес, әлемдегі ғасырлар бойы күштінің әлсізге көрсеткен қорлығын әспеттеп-ақ тұр.

Бұндай өткір мәселені мойнына алып, сәтті аяқтаған шебердің батылдығын мойындау керек.

Картинаның оң жағында  қараңғылыққа сіңіп бара жатқандай жандардың сұлық жатқан жансыз бейнесі, енді бірінің мүрдесі аранды темірге ілініп салбырап тұр. Туындының тура ортасында кірпіштен қаланған қабырғаға сүйеніп, темір сымды сол қолымен ұстап, төзімі таусылып, жігері құм болып, жаны қиналған шарасыз жан отыр. Оның көкке қарай жайылған алақанынан ұшқан екі ақ көбелек бостандықтың нышаны, үміттің сәулесі іспеттес. Шығарманың сол жақ қапталында аранды темірден шығып кетуге талпынған, алайда жараланып, қаны төгілсе де, қасарысып, темірді барынша жібермеуге тырысқан адам кейіпін байқауға болады. Бірақ оның да қалжырағанын сезу қиын емес. Осы сірескен сұлбасына қарап үмітсіздікке әлі бой алдырмаған немесе ашынып, күйініп, ішқұса болып баратқан кейіп деп топшылаймыз.

Егер осы адамдардың денесіне мән берсек, ашыққаннан жауырыны, буындары мен бірінің сәл бүгілген шынтағынан еті қашқан, шетінен жүдеу адамдар. Автор адам анатомиясын жіті зерттеп, мұндағы кейіпкерлердің ракурстарын, түрлі қозғалыстағы бұлшық еті, еңкейіп, иілгені, отырысын өте шебер кескіндеген. Дене мүсініне зер салып антикалық үлгінің мақамын байқаймыз. Шығармадағы ерекшелік – мұнда темір қоршауға асылып, шырмауға түскен адамдар ғана емес,  кейіпкерлердің сезімі, қалжыраған жай күйі, өлім күйі, жан дәрмен қасарысқан күйі бейнеленген.

Міне, Алмас Нұрғожаның картинасында қатыгездік пен әділетсіздікке қарсы үн жатыр. Бұл қазақ сурет өнеріне келген азаттық пен адамсүйгіштік идеясын арқалаған туынды.

Дидар ҚАЙРАТ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз