Жер реформасы жөніндегі комиссияның үшінші отырысы

«Сәуір болмай – тәуір болмас» деген бабалар танымы расқа айналып тұр. Биылғы көктем солтүстік өңірлерде жер бауырлап жатып алды. Ағайынға өкпелеп, болмаса билігіне өкпелеп бұрқылдап жүретін бүгінгі қазақ секілді. Тіпті қара жердің өзі мароторийдің біткенін біліп «ендігі тағдырым не болар екен дегендей» бусанып жатыр.

 

Алпауыт латифундистерден қалай құтыламыз?

Иә, бүгінгі қазақ қоғамы үшін жер мәселесі өзектілігін жояр емес. Қазақ, қазақ болғалы екі мәселеде атқа қоныпты. Оның бір жесір дауы болса, екіншісі жер дауы. 2016 жылы соның бір ұшқыны лап ете жаздап барып өшкені есте. Одан сабақ алмау бүгінгі билікке сын! (ВРЕЗКА)

Ұлан байтақ жеріміз бар дейміз, одан қараша халыққа ұлтарақтай жер бұйырмаса кім кінәлі? Ел қызығын көрмесе ол жердің игілігін кім көрмек? Қазыналы қара жердің байлығын бұқара жұрт пайдалана ала ма? Бір өзі сан мыңдаған гектар жерді иеленіп алған латифундистерден қалай құтыламыз? Көп ауылдың халқы жайылымдық жерге зәру. Қайда барса да көретіндері – Қорқыттың көрі. Бұл аз айтылып жүрген жоқ. Бұл – өте маңызды мәселе.

Тау-тастың бәрін жекешелендіріп алғандардың аты-жөнін анықтап, алған жерлерін қалай, қайтіп, не мақсатта пайдаланып жатқанын білу уақыт талабы. Сондай-ақ миллион гектар жерді меншіктеп алған Терещенко, т.б дөкейлердің жер комиссиясында жүруі де ақылға сыйымсыз. Тағы бір күйінішті жайт, мемлекеттен миллиондап тендер алатын орыс тілді баспасөз жер проблемасына келгенде тым шабан. Мәселені ту қылып көтеруге құлықсыз. Қазақ билігі мұны да есте ұстағаны абзал. Кімнің жақын, кімнің күні үшін жүргенін білу үшін…

Сонымен өткен аптада ҚР Парламенті Мәжілісі жерді шетелдіктерге беруге біржола тыйым салуды көздейтін заң жобасын мақұлдады. Оған ел бір мәз болып қалды. Президент Қ. Тоқаев та өз көзқарасын білдірді. Оған да халық риза. Сөйте тұра жер комиссиясының жұмысы – кәрі малдың етіндей тайқазанда қайнап жатыр. Енді қанша қайнайтыны да белгісіз.

Жер реформасы жөніндегі комиссияның үшінші отырысы несімен есте қалды? Қандай мәселе көтерілді? Кім не деді?

Күрішбаев көтерген 6 мәселе

Басынан бастайық. Жер реформасы жөніндегі комиссияның үшінші отырысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақылбек Күрішбаев Жер реформасының экономикалық мәселелері бойынша жұмыс тобының қараған сұрақтарына тоқталды.

Ескерте кетейік, экономикалық мәселелер бойынша жұмыс тобының екінші отырысына 33 адамның 25-і қатысты. Отырыста 7 мәселе талқыланды. Бірінші мәселе – жерге орналастыру және геодезиялық жұмыстарды лицензиялау.

Жоғары оқу орындарында осы мамандықтар бойынша оқыту стандарттарына қойылатын талаптарды жоғарылату. Жұмыс тобының мүшелері салаға лицензия беру туралы ұсынысты қолдамады. Бұл мәселенің кейін арнайы

комиссия немесе комитет құрылған кезде мемлекетіміздің саясатына сәйкес, бәсекелестікті дамыту негізінде қаралғаны дұрыс деп шештік, – деді ол.

Депутат көтерген екінші мәселе – орман қоры жерлеріндегі орман шаруашылығы үшін пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы алқаптарын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер санатына ауыстыру және жергілікті халықтың мал жаюы үшін сол жерлерді жалға беру мүмкіндігін кеңейту.

«Орман қоры жерлерін азайтуға топ мүшелері қарсы болды. Өйткені Қазақстанда орман алқабының үлесі 5% ғана. Керісінше, біз ормандарымызды сақтап, оның көлемін ұлғайтуымыз қажет. Ал, орман қорындағы жайылымдарды жергілікті халықтың мал жаюына тиімді пайдалануына көп кедергі бар екеніне көз жеткіздік. Мысалы, Қазақстанда орман қорларының және ерекше қорғалатын аймақтардың алқаптары 41 млн гектарға жуық. Соның ішінде 10 млн га жайылымға берілген. Бұл үлкен мүмкіндік. Бірақ, өкінішке қарай, жайылымдарда жергілікті халыққа жалға беру мәселелерінде бюрократия өте көп. Мемлекеттік органдар және әкімшілік тарапынан бұл мәселелер тиісті деңгейде бақыланбайды. Біздің ұсынысымыз – халықтың жайылымдық жерлерге деген қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында ҚР Үкіметіне орман алқаптарынан жайылымдар мен шабындықтарды жалға беру жөніндегі заңнаманы жетілдіру, – деді ол нақтылап.

Үшінші мәселе – 1942 жылғы құпия координаттар жүйесін пайдаланудан бірыңғай координаттар жүйесіне ауысуымыз қажет. Спикер бұл мәселе жер қатынастарын цифрландырудың негізі екенін атап өтті. «Қазіргі таңда ТМД мемлекеттері ішінде 1942 жылғы ескі координаттар жүйесінде қалған Тек Түркіменстан мен Қазақстан екен. Бұл мәселеде біз кейін қалып отырмыз. Ұсыныс жер ресурстарын басқаруда 1942 жылғы құпия координаттар жүйесін пайдаланудан бірыңғай – координаттар жүйесін пайдалануға тезірек көшу, – деді ол.

Төртінші мәселе – ҚР Салық кодексіне ауыл шаруашылық жерлерінен түскен салықтарды төртінші деңгейдегі бюджетке аудару бөлігінде өзгерістер енгізу.

Бұл сұрақты күн тәртібінен алып тастауды ұсынамыз. Өйткені аталған мәселеге қатысты тиісті заң жобасы Мәжілісте қаралып жатыр.

Бесінші мәселе – ауылдық аумақтарды дамыту мәселелерін үйлестіру үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан ауылдық аумақтарды басқару комитетін құру мәселесін қарастыру. Бұл сұрақ тікелей жер реформасына тиісті болмаса да, ауылдық елді мекендерді дамытуға байланысты, – деді депутат.

Алтыншы мәселе – экономикалық талаптарға сәйкес ауыл шаруашылығы жерлерін қалпына келтіру жөнінде шаралар қабылдау.

Жетінші мәселе – жер реформасы бойынша комиссия мүшелері министрліктерден ақпарат, есеп сұратқан. Депутат бұл шараларды уақытында орындау керегін ескертті.

Әрине жер мәселесінде шешілмеген түйін жетерлік. Оны тарқата берсек, таңға ұласады. Алаңдап отырған халыққа уақыттың өткені емес, жердің халықтың меншігіне өткені керек.

Халық айтса қалып айтпайды ғой ешқашан. Негізінде жер мәселесін «ұзын арқан, кең тұсауға» салып, әр сенбі күні өткізудің артында үлкен қауіп барын айтып жүргендер көп.

Таяуда ҚР президенті тапсырмасы бойынша құрылған Жер комиссиясының бірнеше мүшесі арнайы мәлімдеме жасап, ауыл шаруашылығы мақсатына арналған жерлерді шетелдіктерге ғана емес, Қазақстан азаматтарына да сатуға қарсы екендіктерін жариялады.

Түйін:

Жер сатылмасын, жалға да берілмесін!

Ресми мәлімдемеде: «Біз, Жер комиссиясының мүшелері, Қазақстанның ауыл шаруашылығына арналған жерлерді ҚР азаматтарына да жеке меншікке сатуға қарсымыз! Жер мемлекет меншігінде қалуы керек. Азаматтарымыз жерді жалға алып жұмыс істесін. Жер комиссиясының басқа да мүшелерін бізге қосылуға шақырамыз!», – деп жазылған.

Демек, жер комиссиясының өзінде екідай пікір қалыптасқан секілді. Ол – жерді сату немесе сатпау! Біздің білуімізше халықтың көп бөлігі жердің сатылуына қарсы. Тіпті жалға беруге де!

Жер комиссиясының мүшесі Жәнібек Қожық: – Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер Қазақстан азаматтарына да сатылмасын дейтініміздің басты себебі – Қазақстанда 8 жер категориясы бар. А/Ш мақсатындағы жерлер соның ішіндегі ең үлкені. Қалғандары орман-тоғайлар, қалалық және өндірістік жерлер, әскери сынақ алаңдары т.б. жерлер. Ал ең үлкені осы А/Ш жерлері.

Президент: «Шетелдіктерге сатылмайды, шетелдіктерге жалға берілмейді», – деп нақты шешімін шығарды. Ал Жер комиссиясында қаралып жатқан мәселе көп. Соның бірі – А/Ш жерлері Қазақстан азаматтарына сатыла ма, жоқ па деген мәселе. Ол жерде біз дауысқа салатын болсақ, азшылық болып, жеңіліп қаламыз. Сондықтан, халықтың қолдауы өте қажет!» деп отыр. Олай болса ағайын құр босқа шуылдай бермей, жерім деп жүрген азаматтарды қолдауы керек сияқты.

«Қазақстан Республикасының Жер кодексі» бойынша мәжілістің жұмыс тобының мүшесі болған, үкіметке талай ұсыныстарын айтқан экономика ғылымының докторы, профессор Тоқтар Есіркепов: «Егер жер жекешеленетін болса, сол құнарлы жерлер кімдерге тиетінін ойлай беріңіз. Мұның қазақ үшін зардабы үлкен. Егер сол заң қабылданғанда біз тарихи әділетсіздікті заңдастырар едік. Сол кезде біз «алдымен ішкі көші-қонды реттеп алуымыз керек» дедік. «Халқы тығыз қоныстанған, жұмыссыздары көп ОҚО, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан елді жүйелі түрде көшіріп барып, жерді жекешелендіруге кірісу керек» деген ұсыныс жасадық. Бұл мәселе қазір де өзекті. Әсіресе соңғы геосаяси қақтығыстарды еске алсақ, оның маңыздылығы тіпті арта түседі. Ал енді «үкімет сол кезде неге ішкі

көшті бастап жібермеді» деген сауалға келсек, менің ойымша, олар сол құнарлы жерлерді халыққа, дәлірек айтсақ ауыл тұрғындарына, бөліп бергісі келмеді. Олар сол жерлерді өздері иеленгісі келді. Олар сол мақсаттарына жетті де. Оның дәлелі – сол облыстарда пайда болған астық компаниялары. Олар кейіннен алпауыт латифундистерге айналды. Олардың әрқайсысында қанша жер бар?» деген мәлімет біздің елде әлі күнге дейін жабық информация. Баспасөз беттерінен кейде ондай мағлұматтар белгілі болып жатады. Қазіргі кезде 1 миллион гектар жері бар компаниялар бар» дейді.

Мекемтас Мырзахметұлы, профессор:

– Жерді мемлекет нық ұстап тұру керек. Жер ешуақытта сатылмайды. «Сатты» деген сөз – шаруаң бітті деген сөз. Біздің ел мен жерге қалай кіреміз деп өңмеңдеп отырған жұрттар бар. Осының бәрін бақылап, мемлекет шегараны мықтап бекітіп, артық адамдарды мемлекеттен шығару керек. Өзге халықтың өз жеріңде тайраңдап, еркінсіп жүруі жұрттың наразылығын тудырады. Бұрыннан ата-бабамыз ұлтарақтай жер үшін сүйегін беріп, жауласып та, дауласып та келеді. Шегарада сүзгінің болуы – маңызды мәселе. Тәртіпсіз болмайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жердің шетелдіктерге сатылмайтынын, жалға да берілмейтінін нықтап айтты. Парламент арнайы Заң да қабылдады. Ендігі мәселе – осы жерді дұрыстап пайдалану, игеру. Жер – мемлекеттің ең құнды қазынасы, игере алатын әр адамға үлестірілуі тиіс. Әрбір жер алған адам сол жерді дұрыс пайдалануға, жақсы кәсіп орнатуға жұмыс істеуі керек

«Мәлім.кз» сайтына берген сұхбатында ақын Дәулеткерей Кәпұлы: «Қазіргі әңгіме – Жер комиссиясы қарап жатқан негізгі мәселе – ауылшаруашылығы, жайылым жерлерге қатысты болып тұр ғой. Шетелдіктерге мүлде берлімесін де, сатылмасын да деген президент шешіміне бәріміз екі бастан разымыз. Бұл заң жобасында шетелдіктер мен қандастарға қатысты мүлде берілмейді деп нақты айтылған. Ендігі комиссияның міндеті – жерді қазақстандықтарға жеке меншікке сатуға бола ма, жоқ па деген мәселені бір жақты ету. Мен өзім жер мүлде ешкімге сатылмасын, ол мемлекеттің меншігі болу керек деген ұстанымдамын. Менің азаматтық ұстанымым. Өйткені, тағы да сол, «аспаннан киіз жауса да, құлға ұлтарақ тимейді» дегендей, сол баяғы көп көбейе береді, жоқ жоғала береді, қолында билігі, ақшасы бар адамдар, алпауыттар алады да, қарапайым халыққа ештеңе қалмайды деген әңгіме. Сондықтан, жер Қазақстан азаматтарына жалға ғана берілу керек. Меніңше, комиссия осы мәселені алып шығады деп ойлаймын. Комиссия құрамындағы азаматтар да осы мәселемен бұрыннан айналысып, бұрыннан бас қатырып жүрген азаматтар. Жалпы халықтың пікірімен санасып, елдің көңілінен шығатын шешім қабылдауға әрекет жасайды деп білем. Бұл қай жағынан да тиімді, біріншіден жер ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпейді, екіншіден, жалға алған жерлердің арендасы тағы бар. Бұл мемлекет үшін де тиімді болады» депті.

Қытай қарызының өтеуіне жер сұраса не істейміз?

Саралап қарап отырсақ «Күлтөбенің басында күнде жиын» әлі көпке созылатын тәрізді. Өйткені жерге қатысты ел білетін, ел білмейтін, тіпті

үкіметтің өзін тығырыққа тіреп отырған проблемалар шаш етектен. Дәл қазіргі қазақ билігі «Былай тартса өгіз өледі, былай тартса арба сынадының күйін кешіп отыр. Себебі бүгінге дейінгі кейбір саяси қателіктер, «Бармақ басты, көз қысты әрекеттер» үлкен қоғамдық резонанс тудыруғы жеткілікті…

Бірден айтайық, қазақ қоғамында жерге қатысты ұстаным екіге жарылып тұр ғой. Біреуі жер ешкімге сатылмасын, жалға да берілмесін дейді, екіншісі қазақстандықтарға сатуға болады дейді. Бірақ, екі жақтың да негізгі мүддесі – жер шетелдіктерге сатылмасын, жалға берілмесін деген ұстанымда. Бұл мәселені қоғамдық пікірді, азаматтардың ұсыныстарын ескере отырып, бір жақты етіп шешу – комиссияның басты міндеті.

Ел арасындағы қорқынышты да айта кеткен жөн. Өзгені қайдам, біздің ел қарызды Қытайдан көп алғаны жасырын емес. Әлі де алып жатыр. Оның өтеуі болатыны да шындық. Қалай? Қайтіп? Күндердің күнінде пайызы өскен несиелерді жермен төлеуге мәжбүрлесе қайтпекпіз? Ең үлкен қауіп – осы ғой. Жақында әлемдік және аймақтық БАҚ «сыртқы қарызын өтей алмаған соң, Тәжікстан аумағының бір бөлігі Қытайға жалға берілді» деп жазды. Қандай қорқынышты ақпарат! Осыны қаперден шығармайықшы.

Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК

 

Жириновскийдің кезекті «сандырағы ма», әлде…

Анда-санда негізсіз деректерді тілге тиек етіп, елдер арасына іріткі салуды әдетке айналдырған біздің бұрынғы «жерлесіміз», қазіргі Ресей Мемлкеттік Думасының депутаты, білдей бір ЛДРП атты партияны басқаратын Владимир Жириновский ескі әдетіне басып, ТВ эфирінде әлеуметтік желіні шулатты. Бұл жолы меңдуана жегендей «сандырақтаған» Жирик: «Қазақстанда билік басындағылар Павлодар қаласындағы 30 көшенің атын ауыстырғалы жатыр: ондағы орысша атауларға қазақшаға атау берілмекші. Бұл — заңға қайшы. Сіздер, қазақтар, ең алдымен өздеріңіздің қазақ қалаларыңызды тұрғызып, сол жерде қазақ көшелерін атаңыздар. Басқа біреудікін не істейсіздер? Петр I кезінде тұз өндірушілерді қорғау үшін Коряковский форпосты құрылды. Ол кезде ешқандай мемлекет болмады. Рас, дала, кейбір жерлерде көшпелілер жүрді, ал тұз жақын жерде — Орынборда және Павлодарда, болашақ қала болған жерде болды. Әу, Қазақстан, 300 жыл бұрын қайда болдыңыздар? Сіздер ол кезде болмадыңыздар, жоңғар тайпалары болды, бірақ тайпалар – «Жоңғария» елі болмады»,— деп «көсемсіді». Ресейлік саясаткердің айтуынша: «Бұл — Қазақстан тұрғындарының «адамзат бәрін ұмытады және бәрі қазақтарға қалады» деп сенуімен байланысты. Ешкім ештеңені ұмытпайды. Орыс әлемі, орыс кеңістігі өз шекараларын қалпына келтіреді және тәртіп орнайды»,— деп дөңайбат көрсетті. Еске сала кетейік, сәуір айының басында БАҚ-та Павлодарда 30 көшеге жаңа атау беру жоспарланып отырғаны хабарланған. Жергілікті қоғамдастық қала билігін бұл мәселені талқылауға қала тұрғындарын шақырмағаны үшін сынға алған.

Айта кетерлігі, Қазақстан территориясына қатысты шетін пікірлер соңғы кездері орыс шовинисері тарапынан жиі айтылатын болып жүр. Мұның тамырына балта шабу үшін, біздің құзіретті билік органдары (мәселен, СІМ) мұндай «жаптым — жала, жақтым — күйе» сынды арандатушылыққа тыйым салып, ол үшін Ресейдің билік тарапынан ондай «мейманасы» тасқандарды орнына қойып, оларды заң алдында жауапқа тартуды талап еткендері жөн болар еді. Қазақта: «Бұға берсең — сұға береді»,— деген қанатты сөз бар. Құрбандыққа шалынған тоқты да өлерінде тұяғын бір серпитін еді ғой. Біздің биліктің сол құрлы қауқары жоқ па, әлде, «Сен тимесең, мен тимен, бадырақ көзім»,— деген бейтарап саясат ұстанған ба? Қалық қауымның билікке қояр басты сауалы да, міне, осы…

Ермек САХАРИЕВ

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз