«…Мәселе сонда, сол шұрық тесікте. Бір тесіктен кірген жел лып етіп екінші тесіктен шығып кетеді. Ал жылу өзімде қалады», – деген екен Алдар Көсе байды алдап.

Қазір жастарымыздың көбі шұрқ-тесік шалбарды жақсы көреді. Осындайда жыртық шапанын байдың ішігіне айырбастаған Алдар Көсенің әрекеті есіме түседі. Әрине әркімнің талғамы әртүрлі. Бірақ қазіргі жастарға Алдардың жыртық шапаны сияқты шұрқ-тесік, ит талағандай джинсы неге қадірлі?
Адам киімді денесін ашпай-шашпай жабу үшін киеді. Тіпті сондай жыртық шалбарды салқын мезгілде киіп, тізелері суықтан қып-қызыл болып жүргендерді де көресің. «Сұлулық құрбандықты талап етеді» деп те жатады. Егер денсаулығыңа зияны тиіп, ертең болашағыңа балта шабылып жатса, онда сұлулықтың кімге қажеті бар?
Негізі джинсы шалбар әлемдегі ең сұранысқа ие киім екен. Оны жас та, кәрі де киеді. Әсіресе қыздарымыз джинсы шалбар кигенді ұнатады.
Естісеңіздер джинсы шалбар қыздардың денсаулығына зиян екенін дәрігерлер айтып жүр. Өйткені джинсы шалбары созылмайтын қатты материалдан тігіледі. Бұл қыздарға құрсақ көтеріп, ана атануына зиянын тигізеді. Қыз бойжеткен соң, буындары өскен сайын босап, ішкі организмі құрсақ байлауға дайындала бастайды. Ал, егер де джинсы секілді немесе басқа да тар киім киетін қыздарда бұл үрдіске қарсы әрекет жүреді. Себебі, әлгі тар киім босайтын буынды керісінше қатырып тастайды. Қазіргі кездегі ана мен бала өлімінің көбеюі осыдан болса керек. Мейлі аман қалғанның өзінде дені сау ұрпақ әкелмесе, қайтеміз?
Ұлдарымызға да джинсыдың тигізетін айтарлықтай зияны бар. Егер тар джинсы шалбар кисе, онда белден төмен орналасқан тамырлар қысылып, қалыпты жұмыс жасауын тоқтауы мүмкін. Біз қазір өзімізді өркениетті дамыған заманда өмір сүріп жатырмыз дейміз. Бірақ бабаларымыз қандай қиын замандарды бастан кешсе де, дәл бүгінгі дамыған замандағыдай шоқпыт-шоқпыт жыртық киім кимеген екен. Тым құрығанда жамау жамап киген. Әсіресе қыз балаларға жыртық киім кигізбеген. Ұяты, ары, намысы сол жыртықтан ұшып кетеді дейтін. Қала берді, қыздың ибасы мен иманы бүтін киімде ғана сақталады емес пе? Жыртық киім кию қазақ санасында жоқшылықты, кедейлікті шақыру болып саналды. Сондықтан да, «ескі жамағанның есі шығады» десе де ескіні жамап кигізген еді.
Бабаларымыздың «жыртық киім киме», «сынған ыдысты пайдаланба» деген сөздердің өзі бүтін емес нәрсенің жақсы емес екенін дәлелдеп тұр емес пе? Психолог ғалымдар, киімнің жыртығынан адамның денсаулық энергиясы сыртқа «ағып» кетіп, нәтижесінде кісі ауруға шалдығатынын тұжырымдаған.
Ендеше, қазағымның «Киімнің сұлуынан жылуы жақсы» деген сөзін ескеріп, ұрпағымыздың денсаулығына көңіл бөлейік.

Тұрар Саттарқызы,
«Қара шаңырақ» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі,
қоғам белсендісі

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз