Ел қауіпсіздігі үнемі назарда жүруі тиіс. «Жау жоқ деме, жар астында» дейді бабалар тәмсілі. Осыны берік ұстанған Ел президенті Ақорда да Қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізді. Отырыста киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету мен терроризмнің алдын алу жөніндегі өзекті мәселелер талқыланды. Қазақстан Президенті қазіргі кезде цифрлық технологияларды енгізудің маңыздылығына тоқталып, бұл ретте кибер қауіп-қатерге және ақпараттық технологияларды заңсыз пайдалануға қарсы тұру қажеттігін атап өтті.
Осы жерде анықтап өтейік, Елбасы алқалы отырыста киберқауіпсіздік мәселесінің мазмұнын ашуға тырысқаны байқалады. Оған арнайы тоқталып өтуге арқау болған фактор – жеке және құпия хат-хабар алмасудың қауіпсіздігі мен манипуляцияға қарсы әрекеттер секілді. Қоғамның, «цифрленудің» жемістерін пайдаланғанымен, оның кемшіліктерімен де санасуға тура келетіні Қауіпсіздік Кеңесінің тақырыбына айналғаны, бұл салада проблемалардың бар екенін білдіріп отыр.
«Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар адам өмірі мен мемлекеттің барлық саласында кездеседі. Сондықтан мен Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауда цифрлық технологияларды дамыту мақсатын қойдым. Оның пайдасы зор, бірақ оны енгізумен бірге кибершабуылдар жасау қаупі де туындайды. Сол себептен Қазақстан оған дайын болуға тиіс», – деген Елбасы, – жиынға қатысушылар назарын еліміздегі және әлемдегі террористік топтардың деструктивті әрекеттерінің салдарларына аударып, осы бағытта тиімді жұмыстар жүргізуді бір жолға қою қажеттігін нақтылады.
Осы жерде біздегі бүгінгі ахуал қандай. Елбасы көтеріп отырған мәселе несімен өзекті. Осы орайда еліміздегі IT-маманы Ерлан Оспанның жазбасына арнайы тоқталғалы отырмыз. «Бүгінгі Қазақстандағы «киберахуалға» бір сөзбен «өсу кезеңі» деген баға беруге болады. Және онда біз келесідей екі мәселені байқаймыз. Біріншісі – киберкеңістіктегі азаматтардың әрекет мәселесі. Жоғарыда атап өткеніміздей, жекелеген азаматтың онлайн-казиноға мыңдаған доллар ұтылып қалуы немесе бойжеткеннің мұхиттың ар жағындағы бейтаныс мачоға кредиттік картасының нөмірін беріп, тақыр кедейге айналуы – киберқауіпсіздіктің мәселесі емес. Бұл – тек сауаттылықтың мәселесі ғана. Дегенмен, оқтын-оқтын осындай жағдайлар орын ала қалса, әлеуметтік желіде «билік қайда қарап отыр?» деген сипаттағы орынсыз пікірталас болып жатады. Адамның еңбекпен ақша табуы, оның қандай Конституциялық құқығы болса, одан өз еркімен айрылудың да тап сондай ажырамас табиғи хақы екенін атап өтейік. Сондықтан, жеке бастың «компьютерлік гигиенасы» мен құқықтық, ақыр аяғы кісілік сауаттылығы (ашкөздік немесе шамадан тыс мырзалық) мәселесін алдағы уақытта мемлекеттік құпияның қолды болуына телудің қажеті жоқ. Бұл орайда, пассивті (ештеңеге мәжбүрлемейтін) түсіндірме жұмыстары (мекемелерде, банктерде, қоғамдық өмірде – жекелеген азаматтың жауапкершілігі бітіп, мемлекеттің жауапкершілігі басталатын шекараларды анықтайтын бюллетеньдер, шолулар тарату сияқты) жүргізілсе деген тілек бар. Ал енді мемсектордағы киберқауіпсіздік мәселесін бұлайша бірыңғай сипаттай алмаймыз. Сұрақ көп. Айталық, меморгандардың ақпаратты құпиялап өзара алмасуына жауапты «Зерде» инфокоммуникациялық холдингі соңғы кездері басы дауға қалып отыр. Инсайдерлік ақпараты бар БАҚ-тың айтуынша, қабылдау кезіндегі аудит кезінде, сайып келгенде – мемлекеттің киберқауіпсіздігіне тікелей қатысы бар өрескел әлде қателіктер, әлде заң бұзушылықтар анықталып отыр».
Маманның сараптамасына көз жүгірте отырып, Елбасының киберқауіпсіздікті бекерге сөз етпегенін түсінуге болады. Демек, «Сақтансаң ғана сақтаймын» принципін ұстанатын кез жеткен секілді.
Ақорда да өткен жиын соңында Мемлекет басшысы жауапты шенеуніктерге бірқатар нақты тапсырмалар берді. Олардың қандай нәтиже шығаратынын уақыттың еншісіне қалдырдық.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз