Астана да ЭКСПО қарсаңында Алматы облысының мәдени күндері тойланды. Бұл өзі дәстүрге айналған шараның бірі. Жыл сайын әр облыс өз көрмесін өткізіп, «біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп жалпақ жұртқа жар салатын. Биыл осы дәстүр ЭКСПО көрмесіне дөп келіп тұр. Сонымен, Алматы облысының мәдени күндері «Қазақстан» орталық концерт залында Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының жəне «Алатау əуендері» өнер ұжымының «Жетісу – жұмақ мекенім» атты концертімен салтанатты түрде ашылды.
Шараға Алматы облысының əкімі Амандық Баталов, Астана қаласының əкімі Əсет Исекешев, Мəдениет жəне спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы арнайы қатысып, ең алдымен зал фойесіндегі облыс суретшілері мен қолөнершілерінің көрмесімен танысты.
Концертте М.Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрі, «Алтынай» мемлекеттік халықтық би ансамблі, «Сазген», «Адырна», «Құлансаз» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдері, «Талдықорған əуендері» ансамблі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген əртістері Қанат пен Айтгүл Құдайбергеновтар, Ұлжан Айнақұлова жəне басқа да əншілер өнер көрсетті. Мазмұнды шарада Жетісудың бай өнері мен мəдениеті, көпэтносты халқының бірлігі паш етіліп, «Экспо» көрмесіне арнайы жазылған «EXPO мереке» əні мен «EXPO» биі де көрермендер назарына ұсынылды.
Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлім еткендей, жалпы Алматы облысының Астанадағы Мәдениет күндеріне Жетісу өңірінен 400-ге жуық әртіс, суретші, спортшы, қолөнер шеберлері және басқа да өнер иелері келген.

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
Атыңызды енгізіңіз